Пандора жәшігі немесе Путиннің геосаяси мақаласын оқығанда туған ой

Әміржан ҚОСАН

15.07.2021, 09:31

6543

Президенттер күнде авторлық мақала жаза бермейді. Бұл жолы Ресей президенті Путин «Об историческом единстве русских и украинцев» деген тақырыппен көлемді дүние жариялапты.

         Ресейдің Украинаға қатысты аннексиялық саясатына біз өз қарсылығымызды о бастан жеткізгенбіз. Бір қуаныштысы – алуан түрлі пиғылды әрі пікірлі – билікшіл, оппозицияшыл, екеуіне де қосылмайтын  біздің қоғам ел тәуелсіздігі мен жер тұтастығына келгенде аузы бір.

         Путиннің мақаласын оқып отырып, ол орысқа бауырлас халық – украиндарға қатысты сес қана емес, постсоветтік кеңістіктегі біз секілді басқа да ұлттарға көрсетілген доқ па деп қалдым. Сөзім нақты болу үшін дәйексөздерге жүгінейін.

Мақаласының өне бойын Путин әртүрлі тарихи құжаттармен көмкеріп отырады. Мәтіннің денін құрайтын олардың бәрін тізбектемей-ақ қояйын. Әйтеуір, ежелгі құжаттар (оның ішінде «Повесть временных лет» секілді түпнұсқасы сақталмаған, авторлары белгісіз, тарихи даталары күмәнді, орыс тарихшыларының өзі даулы санайтын, әдеби шығармаға жақындау жылнама бар), автордың ойынша, орыс, украин және белорус халықтарының түбі бір («великоросс, малоросс және белорус») дегенге саятынын жеткізіп-ақ тырысады.

Ол ойының бір мақсаты сол: яғни тегіміз ортақ болса, жеріміз де ортақ деген ойды қорғаштау. Бірақ таяқтың бір ұшы кезінде Киев князьдығынан бөлініп шыққан (ол фактіні Путиннің өзі мойындайды) Мәскеу князьдығының өзіне тиіп кетеді. Яғни «Қырым орыстыкі» деп Мәскеу айтса, Киевтің солтүстік жағындағы бүгінгі ресейлік жерлерге ие болуға украиндықтардың да құқы бар боп шығады емес пе? «Таким образом, современная Украина – целиком и полностью детище советской эпохи. Мы знаем и помним, что в значительной степени она создавалась за счёт исторической России», – дейді Путин.

Бұл сөз «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегенге саятын сияқты. Яғни Украина секілді ежелгі елдің тарихын келте қайырып, 1917 жылдағы большевиктерден бастайды. Оған дейін ол халық, оның мемлекеті болмаған ба? Өзімен көршілес кез келген мемлекетке, соның ішінде Қазақстанға, ертең Ресей дәл осылайша айтуы мүмкін ғой.

Сөзін нықтай келіп, Путин: «Большевики относились к русскому народу как неисчерпаемому материалу для социальных экспериментов… произвольно нарезали границы, раздавали щедрые территориальные «подарки». Очевидно одно: Россия фактически была ограблена», – дейді.

Сонда одақтас республикаларды бір орталықтан басқарып, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген метрополия Мәскеу емес, Алматы не Киев болғаны ма?

«Хотите создать собственное государство? Пожалуйста! Но на каких условиях?» – деген Путин кезінде өзінің бастығы болған Собчактың 1992 жылғы мына сөзін келтіреді: «… республики – учредители Союза, после того как они сами же аннулировали Договор 1922 года, должны вернуться в те границы, в которых они вступили в состав Союза».

Ал 1922 жылғы аумағына келсе, басқа республикалардың, соның ішінде Қазақстанның Ресей жақтағы біраз өңірі туралы айтары аз емес қой. Ежелден қазақтар мекендеген Астрахан мен Самара, Саратов пен Челябі, Омбы мен Томбы, Алтай ше? Оны кімнен сұраймыз? Бұл деген Пандора жәшігін ашумен пара-пар ұсыныс емес пе?! Бас жаққа барыссақ, үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетуі де мүмкін ғой.

Әлде Путиннің діттегені де сол болып тұр ма? Қыркүйекте парламент сайлауы өтеді. Іс жүзінде 21 жылдан астам бас билікте отырған Путиннің рейтингі тым төмендеп кетті, халықтың оған деген сенімі азайды. Әлемдік оқшаулануға ұшырап, батыс санкцияларының астында қалған Ресей экономикасының жағдайы мәз емес. Халқы жадау-жүдеу. Осындайда саяси технологтар «шағын әрі жеңімпаз соғыс» әдісін ұсынады. Яғни елдің назарын ішкі проблемалардан сырт жаққа аудару керек және де бар кінәні сол жаққа арта салу қажет.

Мақалада Путин әдеттегідей қазіргі украин билігін жерден алып, жерге салады. О жағын тарқатып, талдамай-ақ қояйын: ол дегеніңіз күнде Ресей теледидарынан естіп жүрген Соловьев пен Киселевтердің сандырақтарының теориялық, идеялық негізі ғой.

Осы тезистерінің бізге қатысты бір тұсы бар. Путин: «Убеждён, что подлинная суверенность Украины возможна именно в партнёрстве с Россией», – деп, Еуроодақ, НАТО-ға бет бұрғысы келген Украинаның өркениеттік таңдауын шектеп қояды. Әлде дамыған елдермен әріптес болса, Украина өз егемендігінен айырылып қала ма? Және де «напрямую договорившись с ДНР и ЛНР при посредничестве России, Германии и Франции» деп, тәуелсіз және біртұтас ел ішіндегі Донбасс пен Луганскіде бүлік шығарып, іріткі салған сепаратистердің қолтығына су бүркіп, ашықтан-ашық қолдайды. Бұл дегеніңіз тәуелсіз мемлекеттің ішкі ісіне қол сұғу емес пе?

Путин: «Судя по всему, и всё больше убеждаюсь в этом: Киеву Донбасс просто не нужен. Почему? Потому что… жители этих регионов никогда не примут те порядки, которые им пытались и пытаются навязать силой, блокадой, угрозами». Қалайша басқа ел президенті Украина халқының бір бөлігінің өз даму жолын таңдауын алдын ала кесіп-пішіп, шешіп қояды? Әлде сол жаққа кезінде жіберілген «зеленые человечки» деген «бесінші колоннаға» сеніп отыр ма?

         Кез келген жазбаның бір қасиеті болады. Яғни ол тек қана тарихи құжаттар мен фактілерге негізделсе, оқырман оған иланады, сенеді, оны қабылдайды. Алайда оған таза саясат, ағымдағы конъюнктура, қазақша айтқанда, пендешілік араласып кетсе, ондай туындының қадірі болмайды: ғылымға саясат кірігіп кетсе, жазған нәрсе не өтірік, не жартылай шындық боп шыға келеді. Меніңше, Путиннің мақаласының ең кемшін тұсы осы.

Сөз соңында Ресей президентіне рақмет айтқым келеді. Өйткені ол мақаланың басында: «Славянские и другие племена на громадном пространстве – от Ладоги, Новгорода, Пскова до Киева и Чернигова...» деп қалады.

Владимир Владимирович! Осы сөзіңізге дән ризамын, алғысым шексіз! Өйткені сіз  славяндарға о бастан тиесілі түпкі тарихи мекеннің аумағын өз аузыңызбен тайға, яғни картаға таңба басқандай анықтап бердіңіз. Ол «громадное пространство»  қазақ жерінен мыңдаған шақырым алыста жатыр. Яғни біз, қазақтар, ешкімнен да сыйлық алмаған екенбіз ғой.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:15
«Самұрық-қазына» қорының 2021 ж. І жартыжылдығындағы қаржылық көрсеткіштері
Сайт әкімшілігі 12:00
Тоқаев БҰҰ саммитінде қандай мәлімдеме жасады?
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 08:55
Жолдау ма, алдау ма?
Батыр ЖАСҰЛАН 03:09
«Қазақстанды екінші Украинаға айналдырғысы келеді»
Сайт әкімшілігі 23.09.2021, 18:54
Байбек: Жекелеген сайлауалды уәделер бойынша жыл соңына дейін орындалмай қалу қаупі бар
Мариям МАҚСАТ 23.09.2021, 14:30
Былапыт сөздермен былғанған шенеуніктер

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39