Параны Kaspi Gold арқылы алу жемқорлықтың жаңа түрі ме?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

04.05.2021, 09:47

1032

Білім беру ұйымдарына мамандарды арнайы бағдарлама арқылы қабылдау кейінгі кездері жаппай қолданысқа еніп жатыр. Ондағы мақсат айқын – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мектепке мейлінше білікті мамандарды қабылдау. Осы тәжірибеге сәйкес, соңғы жылдары Түркістан облысында «Mektep.Sitcen.kz» бағдарламасы жұмыс істей бастаған. Алайда пара дәметкіш директорлар мұны да айналып өтіп,  ақша беруге мәжбүрлеудің жолын тапқан сияқты.

   Жуырда Кентау қаласындағы мектептердің бірінің директоры пара алғаны үшін сотталды. Сотталушы И.Спатаева директор лауазымына былтыр тағайындалған.

Соттың шығарған үкіміне қарағанда, былтыр шілдеде жас маман «Mektep.Sitcen.kz» интернет желісі арқылы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі қызметіне жарияланған байқауда бағын сынап көреді. Ол тестіден жақсы балл жинап, сынақтың келесі кезеңі – сұхбаттасу сатысына өткен. Комиссия төрағасы И.Спатаева жас маманның «жолын жасамайтынына» көзі жеткен соң, сұхбаттасу кезеңінде оған теріс баға береді. Алайда жас маман комиссия мүшелерінің оң бағасымен жұмысқа орналасуға қорытынды алады. Осыдан кейін директор қитұрқылыққа барған.

Ол дереу қаладағы балабақшалардың бірінде жұмыс істейтін ағылшын тілі маманынан мектепке мұғалімдік қызметке ауысу туралы өтінішін жаздырып алады. Тіпті сол күні-ақ әлгі маманға ауысу тәртібі бойынша жұмысқа қабылдау туралы бұйрықты да шығарып үлгерген.  Тамыз айында комиссияның оң қорытындысын алған жас маман директордың алдына бірнеше мәрте кіреді. Бос орынды «брондап» қойған директор оны  жұмысқа қабылдамау үшін әртүрлі сылтаулар айтып, шығарып салған. Дегенмен  И.Спатаева комиссияның шешімін орындамаудың ақыры өзіне қиын соғатынын түсінген. Ол 1 қыркүйекте жас маманды кабинетіне шақырып алып, оны жұмысқа уақытша қабылдағанын, қаңтарда орнын босататынын айтып қорқытады. Шарасыз жағдайға түскен жас маман осы  мектептегі ағылшын тілінің мұғалімі Э.Теңлесбаевадан көмек сұраған. Бұдан кейін Теңлесбаева параға делдал болу қызметіне кіріскен.

Ол жұмысқа тұрақты түрде қабылдану үшін директордың 500 мың теңге сұрап жатқанын айтады. Алайда жас маман мұншама қаражатты тауып беруге шамасының жетпейтінін алға тартады. Ақыр аяғында директор ставканы 200 мың теңгеге түсірген. 15 қыркүйекте жас маман директордың өзінен пара талап етіп жатқаны жөнінде антикорға арызданады. 17 қыркүйекте директор параның 50 мың теңгесін делдал арқылы алған. Осы жерде 100 мың теңгені 21 қыркүйекте әкелу, ал қалған 50 мыңды кейінірек жалақыдан беру жөнінде келісім жасалған.  21 қыркүйекте директор 100 мың теңге параны сіңлісінің Kaspi Gold-ына аударып жіберу қажеттігін ескертеді. Жас маман бұл талапты орындаған. Кейіннен Kaspi Gold-тың терминалы арқылы салынған қаражат айғақтық зат ретінде құжаттандырылған.

Тергеу барысында И.Спатаева мен Э.Теңлесбаева өздерінің кінәларын толығымен мойындап,  прокурормен процестік келісім жасаған. Осы себепті сот үкімімен директорға алған парасының 30 еселенген мөлшерінде, яғни 4 миллион 5000 теңге көлемінде, ал параға делдалдық жасаған Э.Теңлесбаеваға 250 мың теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды.

Кентаудағы жағдайдан өзге білім ұяларының директорлары ғана емес, «Mektep.Sitcen.kz» бағдарламасының кереметтігін жиі мысалға келтіретін басшылар да сабақ алуы тиіс деп ойлаймыз.    

Осыған ұқсас оқиға Шымкент қаласында кездесті. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы С.Түзелов мердігер компанияның қабылдау актісіне қол қойып және алдағы уақытта жалпы қамқорлығына алу үшін 60 мың теңге пара сұраған. Шенеуніктің айтуымен пара оның қызының Kaspi Gold-ына аударылған. С.Түзелов те тергеу барысында кінәсін толығымен мойындаған. Сот үкімімен оған 3 миллион теңге айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды.

Сотталушыларға айыппұлды төлеуге бір ай мерзім берілді.

Параны Kaspi Gold арқылы алу сыбайлас жемқорлықтың жаңа түрі ме, кім білсін?! Әйтеуір, оңтүстікте шенеуніктер арасында осындай бір әдіс-тәсіл қолданысқа ене бастады.

Тегтер: пара жемқорлық сыбайлас жемқорлық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 09:18
Тілі 7-бапқа байланған ел
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.05.2021, 07:41
Билік транзиті болмады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 12.05.2021, 07:03
Ким қазақты қайтсін...
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 15:28
Өзін «ақпын» деп ресми тілде ақталған Жоламанова қазақ тілін менсінбей ме?!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 11:39
Мұхтар Түменбай: Бұл әзілдейтін нәрсе емес!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 10:08
Риддердегі өрт: полиция тергеу бастады

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06