Перуашев пен Тілеуханға тағы бір жылауық бала қосылды

Батыр ЖАСҰЛАН

14.01.2021, 09:44

7865

Саяси додада алғашқы үштікке ие болып, парламентке баратын депутаттардың есім-сойы белгілі болды. Бірақ қашанда жеңілістің дәмі ащы болады. Мұны жеңістің салтанатымен салыстыру қиын.

                   «Нұротандық» Мәди Ахметовтің көз жасы

        Бұл жолы мәжіліске біраз жылауық қайтадан барды. Елбасы қызметінен кеткенде, кемсеңдеп, бет-жүзіндегі эмоцияны жасыра алмаған  Азат Перуашев пен Бекболат Тілеухан тағы да депутаттық мандатты иеленді. Бәрінен қызығы, олардың қатарына тағы да жылауық бала қосылды. Жасы 25-ке енді толған, «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының Алматы бойынша төрағасы Мәди Ахметов жалпы тізімнен өзінің аты-жөнін көргенде, қуаныштан анасына хабарласып, жылап жібергенін журналистерден еш жасырған жоқ. Қайтсін енді, баз біреулер 25 жасында оқуға түсіп, үйленіп немесе кейбіреулері ауылда жұмыссыз жүргенде, 1995 жылғы Мәди Ахметовтің қуанышы, шын мәнінде, болашаққа апаратын бас айналдырар баспалдақ. Ойлап көр, 25 жасында депутаттық мандатқа ие болып, миллионға жуық айлық алып отырса және депутатқа қажетті мемлекеттік барлық жеңілдіктерді пайдаланатын болса… Шын мәнінде, бақыттан басың айналатын карьера емес пе?

        Расында, жағдайы жоқ, айлығы аз немесе жұмыссыз жүрген қарапайым халықтың көз жасы мен Мәди Ахметовтің қуаныштан жылаған көз жасының айырмасы жер мен көктей. Әрине, жас баланың ертең парламентте не істейтінін, не істей алатынын уақыт көрсетеді. Мәжіліске баратындардың ішінде экс-президенттің алдында бірнеше рет өлең оқып, тұңғыш президенттің көзіне жас алдырған, елордада 28 миллион теңгеге шығармашылық кешін өткізген Мақпал Мыса да бар.

        Байқағанымыз, «Nur Otan» фракциясы  70 пайызға жаңарған. Депутаттардың орташа жасы – 49. Тізімдегі 36 кандидат – праймериз жеңімпаздары, 40 кандидат саяси кеңес бюросының квотасы бойынша бекітілген. Мәжіліске келгендердің 40 пайызы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастар.  Мұнда жасы  70-тен асқан  Қуаныш Сұлтанов пен Гүлжан Қарағұсова, Владимир Божко сияқты шал-шауқан мен кемпір-сампырлар жоқ. Ендігі біздің байлам: ұйықтап отыратындар азайып, ұлт үшін ұйықтамайтындар көбейсе дейміз.

                             «Ақжолдық» Перуашевтың көз жасы

        Өздерін «Алаш қайраткерлерінің ізбасарымын» деп жариялаған «Ақ жол» партиясы бұл жолы мәжілістен 12 мандат алды. Енді «Ақ жолдың» 12 депутаты өзін алдағы уақытта қалай көрсетеді, ол уақыттың еншісінде. Енді «ақжолдықтар», өздері айтқандай, шын мәнінде, қоғамды коммунизм дертінен арылтуға ықпал ете ме? Жоқ әлде Ақорданың айтқанымен үнсіз келісіп отыра ма? Дәл қазір бәрін дөп басып, айту қиын.  

       Бұрынғы сайланған депутаттардың арасынан үш-төртеуін қайтадан қатарына қосқан «ақжолдықтар» жастар мен әйелдерге берілетін 30 пайыздық жеңілдікті елең қылмаған сияқты. 12 депутаттың ішінде екеуі ғана  әйел. Бірі президенттік сайлауда бағын сынаған Дания Еспаева болса, екіншісі – «Ақ жол» демократиялық партиясы орталық кеңесінің хатшысы, парламенттік фракция аппаратының басшысы Айгүл Жұмабаева. Өкініштісі, депутат болғандардың ішінде Еуразия университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы жоқ. «Ақжолдықтар» нағыз алашшыл азаматты қажет кезінде тізімге енгізбегені түсініксіз. Өздерінің партиялық бағдарламасында парламенттік республикаға көшуді қалайтынын айтқан «ақжолдықтар» бұл жоспарларын жүзеге асыра алады деу қиын.

                        Ассамблеядағы «тоғыз этностың» көз жасы

       Ассамблеяның 351 мүшесінің дауыс беруінің нәтижесінде сайланған тоғыз депутаттың қуанышы шексіз. Енді ше, оларды халық сайлаған жоқ. Тоғызды ассамблея мүшелері ғана сайлады. Қазақстан халқында жоқ мүмкіндікті пайдаланып отырған ассамблея  мүшелерінің қарапайым халықтан артықшылығы көп. Өйткені олардың мәртебесі бар. Заңмен бекітілген. Бұл жолы да, сөйтіп, Қазақстандағы тоғыз этностың өкілі мәжілістен мандат алды. Ассамблея  – біздегі этнос өкілдерінің басына  қонған бақ. Мұны төмендегі мына бір пікірмен түйіндеуге болады.

«Ассамблея Қазақстан құрамындағы бөлек автономия ма? Егер Қазақстан Республикасының барлық азаматтары ассамблея атынан өтетін тоғыз депутатқа дауыс бермесе, олар қалайша парламент мәжілісінің депутаттары болады? Әлде ассамблеяға мүше бір этнос өкілінің дауысы 100 қазақстандықтың дауысына тең бе? Сонда бұл тоғыз депутат мәжілісте қазақтың мүддесін қорғай ма, әлде өздеріне дауыс берген этностардың мүддесін қорғай ма? Ең бастысы, моноұлтты Қазақстанның негізі – біз, қазақтар, осы тоғыз депутатқа дауыс бермесек, неге олар мәжілісте төрт жыл біздің есебімізден миллиондап жалақы алып, депутаттық мандаттың қызығын көруі керек?! Ассамблея атынан түскен тоғыз үміткердің қатарында ұзақ жыл «Егемен Қазақстан» газетін басқарған Сауытбек Әбдірахманов жүр. Сонда ол қазақ емес пе? Ол қай этностың өкілі? Ешбір мемлекетте жоқ, тек Қазақстанда ғана үстемдік етіп тұрған бұл қандай заң?» – деп жазды журналист Азамат Тасқараұлы.

Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Қысқасы, жүздері бал-бұл жанып, ассамблеядан барған тоғыздың қуанышты көз жасы түрік болса да, қазақтың  тілі үшін тіресіп және  күресіп жүрген Оғыз Доғанның көз жасындай бола алмайды.

       Ал биліктің көмегімен парламент төріне озған қызыл коммунистердің қуанышты көз жасы туралы сөз ету, тіпті, артық.

Тегтер: сайлау саясат партия бірлік мәселе оппозиция ішкі саясат реформа

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ КЕМЕҢГЕР 13:32
Жағымпаздық үшін қылмыстық жаза керек
Амангелді СЕЙІТХАН 11:59
Ақылдың ісі емес, тілдің ұшы
Сайт әкімшілігі 10:59
Тоқаев сегіз лауазымды тұлғаны қызметінен босатты
Данияр МАҚСАТ 10:00
Қала әкімдігінде қазақтың тағдыры шешілмек
Дос КӨШІМ 09:11
Цирк кетті, үміт пен күдік қалды
Сайт әкімшілігі 18.01.2021, 18:24
Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын бекітті

Аңдатпа


  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    09:15
  • Бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны мыңнан асты
    18.01.2021, 10:57
  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33
  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01