Президент партияда БОЛМАУЫ КЕРЕК

Бифат Елтаева

28.01.2022, 10:48

3035

Еркін Рақышев:

Биылғы жылдың 28 қаңтарында «Нұр Отан» партиясы cаяси кеңесінің қаулысымен партияның кезектен тыс XXI cъезін өткізу туралы шешім қабылданған болатын-ды. Партияның атауында, құрамында өзгерістер бола ма? Әлде «баяғы жартас – сол жартас» болып қала бере ме? Президент Тоқаев қандай қадам жасамақ? Бұл туралы «Ел мен жер» қозғалысының белсендісі, кинорежиссер Еркін Рақышев өз ойымен бөлісті.

– Алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясының съезі өткелі жатыр. Сіз бұл съезден не күтесіз?

– Сайлау заңдарын өрескел бұзып, билікке қылмыстық жолмен келген партиядан не күтуге болады? Тіпті былтырғы парламент сайлауында үкімет ұлтшылдар мен оппозиция өкілдерінің бірде-бір партиясын тіркемеген соң, «Нұр Ота»н «халықты дауыс беру құқынан» айырған масқара сайлау арқылы жеңді. 30 жыл бойы халықты алдап келген бұл партияның съезінен еш жақсылық күтуге болмайды. Сол баяғы көзбояушылыққа негізделген бағдарламаларын ұсынатын шығар?

– Президент Қасым Жомарт Тоқаев төраға болуы мүмкін бе? Әлде бас тартады деп ойлайсыз ба? Өйткені өркениетті елдердің мемлекет басшылары партия басшысы не мүшесі емес. Сондықтан Тоқаевтың партиядан да, төрағалықтан да бас тартқаны жөн шығар...

– Егер Тоқаев шын реформатор болса, мұндай партияны басқармақ түгілі, оны таратып, үстінен қылмыстық іс қозғатуы керек. Бүгінгі еліміздің алапат саяси-экономикалық дағдарысқа ұшырап, халықтың көпшілігінің кедейшілік пен жоқшылықта өмір сүруіне осы партия кінәлі. Қазба байлықтарымызды тонаған да осы партияның басшылары. Халықтың несібесін ұрлап байыған миллиардерлер мен ұрылар да осы партияның мүшелері. Көп ұзамай, бұл партияның үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Сол үшін Президент мұндай партияға төраға болмауы керек. Бір ғана партияның мүддесін қорғамай, бүкіл халықтың мүддесін қорғауы тиіс.

– Сондай-ақ осы съезде партия атауынан «Нұрды» алып тастап, «Отан» немесе «Атамекен» деп өзгертуге қалай қарайсыз?

– Бұл партияның атын басында Отанмен байланыстырған дұрыс болмады деп ойлаймын. Отан – ол киелі, қасиетті ұғым. Бұлар оны алды да өздерінің былықтарына араластырып жіберді. Ол аздай, оған «Нұрды» жалғады. Қазақтың әп-әдемі сөзінің бүгінде қадірі кетті. Егер бұлар партия жұмысын жалғастырамыз десе, атын өзгерткендері дұрыс шығар...

– «Нұр Отанға» реформа жасағанда, партия мүшелерін міндетті түрде сүзгіден өткізіп, мүшелікке қайта қабылдау керек емес пе?

– Бүгінгі «Нұр Отанды» басқарып отырғандардың барлығы былыққа шалынғандар, оларды басшылық түгілі, мүшелікке қабылдауға болмайды. Сондықтан партия мүшелерін сүзгіден өткізіп, қайта қабылдаудан бұрын, алдымен басшыларының әрекеттерін әшкерелеп, сүзгіден өткізу керек. Жаңа партия басшыларының ниеттері дұрыс болғаны жөн.

– Осы уақытқа дейін «Нұр Отан» партиясына мемлекеттен ақша бөлініп келді. Енді ол тоқтатылатын шығар.

– Партияларға мемлекет тарапынан ақша бөлінгені дұрыс. Бірақ, «Нұр Отан» – сияқты былыққа белшесінен батқан партияға емес, әділетті сайлауда халықтың көп дауысын жинап, жеңіп шыққандарға бөлінгені дұрыс.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:05
«Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:00
Не істеу керек?
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 17:36
ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 16:30
Ораз Жандосов Бағдат Мусиннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 15:27
Тоқаев Қырғызстанға барады
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 18:47
«АМANAT» партиясы референдумды қолдау мақсатында Қонаев қаласы тұрғындарымен кездесті

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56