Президенттің өзі осылай деп тұрса, кім қазақша үйренуге құлшыныс танытады?

Қайым-Мұнар Табеев

08.01.2021, 09:48

3431

      «Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал».

(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы қазақ тілін әлі күнге дейін жете меңгермеген қазақстандықтарға үндеуінен).

_________________________________

       Иә, үндеу деген жақсы. Қолдаймын. Бірақ тәуелсіз ел болғалы 30 жылдың ішінде мұндай үндеулердің қаншасы қабылданды? Санынан жаңылып қалдық. Сол үндеулердің бәрі жаңғырық секілді тау-тасқа, далаға сіңіп жоқ болды. Оған халық кінәлі емес. Мемлекет басшысының дұрыс айтқанын бұрыс еститін, тіпті құлағына қыстырмайтын биліктегі басшы, қосшылар кінәлі. Үкімет әлі күнге дейін босағадан сығалап жүрген қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне жетпеуінің нақты себебін анықтап, батыл шара қабылдамайынша, бұндай үндеуден ештеңе шықпайды.

Себеп біреу-ақ – қазақ тіліне деген қажеттіліктің жоқтығы.

          Ал қажеттілікті қалай туғызамыз? Біріншіден, тәуелсіз қазақ мемлекетінде топырлатып орыстілді мамандарды даярлап шығаруды тоқтатуымыз керек. Кеңес кезінен қалған бұл теріс үрдіс еліміздегі тұтас халықты (қазақтілді, орыстілді деп) екіге бөлетін қауіпті фактор екенін мойындаған жөн. Сонымен қатар «Қазақстан жүз ұлттың мекені» деген коммунистік жалған ұраннан арылатын уақыт жетті. «Алматыда екі модракан, екі эскимос, бір гагауз, бір пуштун тұрады» деген білім басқармасының ресми есебін оқудың өзі ызалы күлкі туғызады. Екіншіден, орыс (өзбек, ұйғыр т.б.) тілдерінде білім беретін мектептер мен колледждерді, жоғары оқу орындарын бюджеттен қаржыландыруды тоқтату қажет. Менің бұл пікірімнен «ұлтшылдық» іздемей, ақиқатқа тура қарай білейік. Бұл оларды жабу деген сөз емес. Еліміздегі неміс, француз, кәріс тілдеріндегі оқу орындары сияқты өзін-өзі қаржыландырып, білім беруді жалғастыра берсін. 2 млн қазақ тұратын көрші Ресейде қазақша бір мектеп жоқ. Өзбектер мен қытайлар қазақ тіліндегі мектептерді жауып жатыр. Олардың қарекетін теріс деп айта алмайсың. Мемлекет тұтастығын қамтамасыз ету үшін халқы бір ғана тілде сөйлеуге тиісті.

       Мысалы, Қазақстанда 19 ЖОО-да орыстілді журналист кадрлары даярланады. Оларды бітірушілердің көбі Ресейге кетіп, сорымызға қарай, ұлттық құндылықтарымызға қарсы шығуда. «Өзі су ішкен құдығына түкірген» ЛДПР серкесі Владимир Жириновскийден бастап, Ресей президенті баспасөз қызметі басқармасының жетекшісі Наталья Тимакова (Алматы), НТВ каналының тележүргізушісі Лера Кудрявцева (Өскемен) т.б. сияқтылар аз емес. Оларда «Қазақстан – менің туған жерім, менің Отаным» деген патриоттық сезім жоқ.

Ендеше бар күшті, материалдық ресурстарды қазақтілді (өзге ұлт өкілдерін қоса) білікті мамандар дайындауға жұмсағанымыз жөн.      Ресей мемлекетінде 153 ЖОО журналистика мамандығын оқытатынын ескерсек, орыстілді әріптестерімізге алаңдауға негіз жоқ. Бір қызығы, сол оқу орындарының бірде-біреуінде қазақ тіліндегі маман дайындалмайды. Ресей үкіметіне осындай талап қойсақ, олар бізге не деп жауап қайтарар еді?!.

      Сондықтан біз де бюджеттік қаржыны тек мемлекеттік тілде оқытатын оқу орындарына ғана бергеніміз жөн. Сонда ғана қалтаға салмақ түскенін сезген барша жұрт балаларын өздері-ақ қазақ тіліндегі тегін оқу орнына апарады. Сонда ғана біз Қазақстан атты унитарлы ұлттық мемлекеттің біртұтастығының негізін қалыптастырамыз.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл қазақ тілі мемлекеттік қызмет білім ақыл ана тілі лауазым мансап әлеумет

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ КЕМЕҢГЕР 19.01.2021, 13:32
Жағымпаздық үшін қылмыстық жаза керек
Амангелді СЕЙІТХАН 19.01.2021, 11:59
Ақылдың ісі емес, тілдің ұшы
Сайт әкімшілігі 19.01.2021, 10:59
Тоқаев сегіз лауазымды тұлғаны қызметінен босатты
Данияр МАҚСАТ 19.01.2021, 10:00
Қала әкімдігінде қазақтың тағдыры шешілмек
Дос КӨШІМ 19.01.2021, 09:11
Цирк кетті, үміт пен күдік қалды
Сайт әкімшілігі 18.01.2021, 18:24
Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын бекітті

Аңдатпа


  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15
  • Бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны мыңнан асты
    18.01.2021, 10:57
  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33
  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01