Қан жүктеген қарыз

Жарас КЕМЕЛЖАН

23.09.2021, 11:18

1275

Айдың күні аманда бес азаматымыздан айырылып қалдық. Алматының «Ақбұлақ» шағынауданында екі кештің арасында атыс болып, оқиға орнында бес адам қаза тапты. Оққа ұшқандардың екеуі – қызметтік міндетін атқаруға барған полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев. Ал үшінші адам – сот орындаушы М.Әбенов. Марқұм болған төртінші азамат жеке кәсіпкер Нұрахмет Тұрғанов болса, бесінші адам куәгер ретінде барған кәсіпкердің досы екен. Қаза тапқан адамдардың бәрінің артында әйелі мен бала-шағасы қалды.  

Сонымен, оққа ұшқандар белгілі болды, ал оқ атқан кім? Адам қаны төгілетіндей олардың арасында қандай қақтығыс болды екен? Атыс-шабыс кино желісіне қатты ұқсайтын Ақбұлақ оқиғасын өзімізше тарқатып көрдік. 

Осыдан он жыл бұрын, яғни 2011 жылы Игорь Дужнов пен әйелі Анаида Демирчян банктен Ақбұлақтағы үйін кепілдікке қойып, несие алған көрінеді. Қарызын уақытында қайтара алмаған. Ал кепілге қойған үйін бағалаушылар әуелде 121 млн теңге деп есептепті. Кейін үйді қайта бағалап, мүліктің құнын төмендетіп, банк баспананы 88 млн теңгеге бекіткен. Борышкер оны да қайтара алмапты. Содан не керек, банк үйді аукцион арқылы сатады. Оны Нұрахмет Тұрғанов есімді кәсіпкер жігіт алған. Бірақ үйдің бұрынғы иесі баспананы беруден бас тартып, осы уақытқа дейін созып келіпті.

Қазанның 20-сы күні кешкі сағат бестерде сот орындаушылары мен полиция қызметкерлері және үйдің иесі бар – бес адам даулы баспанаға барған. Үйді босату туралы сот шешімін көрсетіп, баспанадан шығуын талап етеді. Оқиға сол жерде шиеленіскен. Қандықол үйіне кіріп кетіп, іле-шала аңшы мылтығын алып шығыпты. Сол жерде «шақырылмаған қонақтарды» бір-бірден ата бастаған. Ешкімнің қашып құтыла алмағанына қарағанда, оқиға қас пен көздің арасында болған көрінеді.

Айтпақшы, адам атқыш  Игорь Дужновтың өзі де кәсіпкер екен. Оның атына «Нано Плюс» кәсіпорны тіркеліпті. Жұбайы Анаида Демирчянның атында «Идеал Сервис» деген компания бар. Атыс кезінде ерлі-зайыптылардың үш баласы үйде болыпты. Алматы кешін лаңдаған бас «қаһарман» ұсталды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның бәрі уақыттың еншісінде. Ал уақытқа бағынбайтын бір ақиқаттың беті ашылды. Ол – қоғамның жанды жерін сыздатқан шиқан сияқты ащы шындық, халықтың ашу-ызасы.  

Соңғы жылдары сот орындаушыларға қызметтік құқығын асыра пайдалана алатын ерекше мәртебе берілгенін білесіздер. Соның кесірінен қазір банкке берешек қазақтың бәрі сот орындаушылардан әбден ығыр болған. Екі күннің бірінде екі адамның бірін іздеп жүрген, қоңырау шалып қорқытып-үркітіп, бопсалап жатқан сот орындаушыларын көреміз. Аты айтып тұрғандай, әлгі сот орындаушылар қарызға батқан талай жанның баспанасын тартып алып, мініп жүрген көлігін ұстап, жұмыс орнына барып, берекесін қашырып жатады. Олардың мәдениетті түрде сөйлеспейтіні өз алдына бөлек әңгіме. Ақбұлақтағы атысқа себеп болған оқиға да  шарасыздықтан туған осындай қылмыс екені көрініп тұр.

Біз қылмыскерді ақтап отырған жоқпыз. Оқ атып, адам қанын жүктеді ме, онда жазасын өтеуі керек. Мәселе – қылмыстың салдарында емес, себебінде.  

Демек, біздің қоғамда банкке қарыз, несие беретін компанияларға берешек, тіпті 20-30 жыл ипотекаға «жалданған» азаматтар баршылық. Олар қоғамның едәуір бөлігін құрайды. Ендеше Ақбұлақтағы атыс ертең сабыры сарқылған тағы бір жерде бұрқ ете түспесіне кім кепіл? Ипотека жабамын деп, жарты өмірі жоқшылықпен өткен адамның төзімі таусылмасына кім уәде береді? Сондықтан Ақорда жедел түрде сот жүйесін қайта қарап, қарыз берешегі бар азаматтардың мәселесін сот орындаушылармен емес, басқаша шешудің жолын тапқаны абзал. Бұл – ескерту емес, жарылғалы тұрған қоғам дертін жауапты азаматтардың қаперіне салу. Бұл – қарызға белшесінен батқан адаммен адамша сөйлесудің қажет екенін жеткізу. Бұл – төзімі таусылған адамның қолынан келетін шарасы қылмыс қана болатынын түсіндіру. «Қарыз күліп кіріп, жылап қайтады» деуші еді. Бұл бір емес, бес әулеттің туын жығып, туырлығын тіліп қайтты-ау…   

Тегтер: оқиға қылмыс тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.10.2021, 09:08
Халық санағы: «қолбала» мұғалімдерге жұмыс табылды
Олжас ҚЫЛЫШ 21.10.2021, 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 21.10.2021, 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Алмас НҮСІП 21.10.2021, 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31