20.03.2023, 12:07
1760
Қарағанды қаласындағы сайлау учаскелеріне тәуелсіз бақылаушылар комиссияның жұмысына наразы болып, бірнеше рет полиция шақыртқан,-деп хабарлайды Жас Алаш.
Қарағанды қаласындағы сайлау науқаны бұл жолы дау — дамаймен аяқталды. Бірнеше сайлау учаскелерінде комиссия мүшелері сырттан келген тәуелсіз бақылаушыларды қысымға алып, ғимараттан шығарып жіберіп отырған.
Осының салдарынан тәуелсіз бақылаушылар бірнеше мәрте полиция шақыртқан. Сонымен қатар сайлау комиссиясының мүшелері сайлау барысында үзіліс жасап ғимаратты жуып тазалаймыз деген сылтаумен бақылаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдерін сыртқа шығарып жіберген.
Осының салдарынан заң бұзушылықтар орын алды дейді тәуелсіз бақылаушылар. Атап айтқанда Қарағанды қаласының жанындағы Ақтас елді мекеніндегі 13 мектептегі жағдай бүкіл желіге тарап кетіп халық наразылығын туғызып отыр.
Мұнда сырттан келген бақылаушыларды еденді жуып тазалаймыз деген мақсатпен сыртқа шығарып жіберген. Осы кезде бақылаушының бірі ұялы телефонын орындықтың үстіне сайлау жәшігіне қарама қарсы жерге қойып шығып кеткен.
Мектептегі сайлау комиссиясының мүшелері тығылып кіріп сайлау жәшігіне бірнеше қағазды салып үйіп тастаған. Сол жерге полиция шақыртылып бақылаушылар прокуратураға шағымданған. Қарағанды қаласында санақ барысында бірнеше сайлау учаскелерінде комиссия мүшелері бақылаушылар мен ұрыс шығарып оларды шығарып жіберуге тырысқан. Түн ішінде Қарағанды қаласындағы 35 сайлау участогі партия мен кандидаттардың атынан барған бақылаушыларды қуып шығып есікті жауып алған.
Соңында бақылаушыларға қаулыны бермеген. Осы жерге барған бақылаушылар мұны да әлеуметтік желіге салған. 85-ші участок санақ басталар кезде, пайдаланылмаған бюллитеньдерді жоюдан бас тартып бірінші санақты бастаймыз деп тұрып алған болатын. Бұл жерге барған тәуелсіз бақылаушылар заң нормасы бұзылған соң полиция шақыртқан. Осыған ұқсас жағдайлар көп болып сайлау орындарына полиция барып отырған.
Қарағанды қаласында орын алған сайлаудағы дау — дамайға қатысты Орталық Сайлау комиссиясы барлық ақпараттарды жинақтап кейін ресми мәлімдеме жасайтынын айтты. Сондай — ақ тәуелсіз бақылаушылар сайлау учаскелеріне келген сайлаушылардың саны 20-30 пайыздан аспады деп отыр.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР