Қарағандыдағы праймериз үмітті ақтамады

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

19.11.2020, 11:36

855

Кешелі бері шахтерлер қаласындағы көзіқарақты, зиялы қауым арасында праймеризге қатысты дау туындады. Әлеуметтік желінің ормандай оқырмандары бір-біріне дем беріп, отты одан сайын лаулата түсуде. Осылайша кенді өлкенің халқы «Нұр Отан» партиясының тізгінін ұстап отырған  жергілікті басшылардың әділетсіз қадамын жария етті. Журналист Ботагөз Омарова қарағандылық Светлана  Пономарева праймеризге қатыспай, партияның іріктеу турынан өтіп кеткенін әшкере қылды. Қарағандыдағы «нұротандықтар» осындай көзсіздікке қалайша жол беріп қарап отыр? Сонда Пономарева ханым мұндай биік лауазымға қалайша оңайлықпен қол жеткізген деген сауал туындайды. Бәлкім,  «Сиқырлы гүл» ертегісіндегі Женияның кейпіне енді ме екен? Әріптесім айтқандай,  «Нұр Отан» партиясының тізімінде Светлана Александровнаның лауазымы «Әлеуметтік қызмет орталығы» қоғамдық кеңесінің төрайымы деп көрсетілген. Ақиқатында, ол міндетті Ирина Гарань атқаратыны мәлім болды.

Әлбетте, кәсіби міндет күн құрғатпай  ауыса береді, гәп оның қоғам алдындағы танымалдылығы маңызды емес пе? Шындап келгенде, Пономарева есімі айналасындағыларға болмаса, көпшілікке беймәлім. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген осы болар. Біздің өңірдегі праймериздегі былық мұнымен шектелсе жақсы еді. Саяси додада елдің елеусіз дауысын иеленгендердің аты озған. Қалт кеткен тұсы қайсы дерсіз? Мәселені тиянақтап зерттеген блогердің айтуынша, халықтың 395 дауысын жинаған  қоғам белсендісі Бейбіт Жұмабековтің  саяси додада бағы жанбады. Есесіне сайлаушылардың небары 94 ұпайын еншілеген «Шахтинск Водоканалының» директоры Нұрлан Рақымбергенов Айды аспанға шығарып, праймеризде жеңімпаз атанған.

Сенімді ақтамады… Сүндеталиев не дейді?

Қарағанды қаласы қоғамдық кеңесінің және «Нұр Отан» саяси партиясының жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты орталық кеңесінің мүшесі, мүгедектердің «Қамқор плюс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нияз Сүндеталиев сайлаушыларының алдына кідіріссіз шығып, байыпты бағдарламасымен көпшілікке танымал болды. Алайда арбаға таңылған айбынды жігіт те праймеризден өтпей қалды. Өктемдігін жасап отырған өңірдегі партия өкілдеріне оның  өкпесі қара қазандай. Налаға булыққан Нияз әлеуметтік желідегі жеке парақшасында праймеризге қатыспай, партияның жоғары лауазымдық  мүмкіндігін оңай иеленген Светлана Пономареваға кейіген.

«Ол облыс мүгедектеріне ел қазынасынан бөлінген 160 млн теңге қаржыны қалтасына басып, қолды еткені үшін бас бостандығынан айырылған Ивкиннің оң қолы болған. Пономареваның «Нұр Отан» партиясының Қарағанды қалалық бөлімшесінің тізіміне қалай еніп кеткеніне таңым бар. Осы істі үйлестіріп отырған  партияның жергілікті  жетекшілері К.Оспанова мен Ю.Бадинадан жауап күтемін», – деп, Сүндеталиев жеке парақшасында жазба қалдырған.

Билік партиясының өз құрамын жастармен толықтыру жөніндегі бастамасы  құптарлық іс. Алайда орындаушылар тарапынан  орашолақ олақтық байқалады. «Нұр Отан» партиясының Қарағанды қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Қадиша Оспановаға хабарласқанымызда бұл дауға катысты «праймеризге қатысқандар мен аз дауыс жинағандар қала әкімінің квотасына ілінген тұлғалар. Бұл туралы партияның ережесинде арнайы бап бар», деген уәж айтты.

Сұрақ туындайды: Егер праймеризге қатыспаған адам басқа емес, қала әкімінің квотасымен-ақ депутаттыққа ұсыныла беретін болса, онда, бүкіл жұртты дүрліктіріп, праймериз өткізіп не керек еді?..

Тегтер: партия сайлау таңдау алты партия билік саясат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ КЕМЕҢГЕР 09:13
Қазақ мемлекеттігіне жаһандық қауіп төніп тұр
Қайнар ОЛЖАЙ 09:05
Тіл комитетінің тісі қышып бара жатса...
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 18:42
Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 13:54
Азаматтық форум онлайн форматта өтуде
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 23.11.2020, 09:23
Сындырып, қиратудан бюджетке 48 миллион теңге шығын келген
Сайт әкімшілігі 22.11.2020, 14:49
Байбек: Nur Otan-ға 5 жыл ішінде 1,2 млн. адам жүгінді

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56