Қазақ қоғамына қандай оппозиция қажет?

Сайт әкімшілігі

16.09.2020, 09:19

823

     Бұл сауал күннен-күнге өзекті әрі күн тәртібіндегі көкейкесті мәселеге айналып келе жатқаны ақиқат. Өйткені алда парламент сайлауының дүбірі тұр. Бірақ басты мәселе – парламент сайлауына қай партиялар қатысады? Елді толғандыратыны да осы.

      Қазір еліміздегі жетекші партия «Nur Otan» праймериз өткізіп жатыр. Асылық айтпай-ақ қоялық, сөйлей білгеннің бәрі қазір депутат болғысы келіп, осы партияға жеделдетіп мүшелікке өтуде. Партия басшылығы осыны түсінген болу керек, партия билетін беруді уақытша тоқтатты. Бірақ  бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары «соңғы екі айда «Nur Otan» партиясына мүшелікке өткендердің саны 23 мыңға артты» деп жазды. Демек, қазіргі уақытта мансапқа жетудің жалғыз әрі төте жолы – «Nur Otan» партиясына мүше болу. Үміткерлер де көп – 10 990 адам. Олардың 36,9 пайызы – әйелдер, 29,6 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан 3090 азамат ұсынылса, ал өзін-өзі ұсынғандар – 7900 адам. Праймеризге қатысушылардың орташа жасы – 43.

      Бұл деректер нені білдіреді? Жас та, жасамыс та «нұротандық» болып шыға келді. Бірақ мәселе мынада – олардың барлығы да депутат бола алмайды. Бұл – партияішілік сайлау. Демек, қанша дауыс жина, бәрібір мәселені партияның саяси таңдауы шешеді. Келер жылы болатын парламенттік сайлауға «Nur Otan» қазірден бастап кірісіп кетті. Билеуші партияның саяси белсенділігі соңғы айда тіпті арта түсті. Жалпы, халық арасында «сайлаудың жақындағанын «Nur Otan» партиясының белсенділігінен біл» деген сөз бар. Праймериз де осы аламан доданың жарқын мысалы. Бірақ бәйгеге ат қосқандардың барлығы депутат бола алмайды. Белгілі бір бөлігі ғана. Ал қалғандары кадрлық және депутаттық резерв корпусына енеді. Праймериз де аяқталар. Бірақ праймеризге қатысқандардың арасында бұрын әкім лауазымын атқарған тұлғалар да барын ескерсек, қазірдің өзінде парламентке баратындардың есімі астыртын болса да белгілі.

       Енді ойлап қараңыз, атын ешкім білмейтін, жоғары оқу орнын бірнеше жыл бұрын бітірген, қара сирақ қара бала парламентте отырмайды ғой. Әрине, партия талабы бойынша 30 пайыз жастар мен әйел үміткерлердің арасынан іріктелер, бірақ негізгі топқа партиялық тізім бойынша таңдау қазірдің өзінде алдын ала жасалынып жатыр. Мәжіліс залында депутат болып отырғандардың бірсыпырасы тағы парламентке келеді. Бұл сөзсіз ақиқат. Бұдан шығатын тұжырым: қазірдің өзінде «Nur Otan» партиясы парламенттік сайлауға дайын. Ал қалғандары ше? Басқа партиялар парламенттік сайлауға дайын ба? Әрине, көп нәрсені Ақорда шешетіні рас.

       Жұртшылық митинг десе, әлі тіркелмеген Жанболат Мамайдың «Демократиялық партиясына» қарайды. Кеше олар Алматының Шоқан Уәлиханов алаңында рұқсат етілген митинг өткізді. Ұраны – «Халыққа несиелік амнистия жасалынсын, кредит кешірілсін!» Осыдан бір ай бұрын Ақордаға 100 мың адам қол қойған өтініш тапсырып, арқаланып қайтқан Жанболаттың бұл әрекеті бүкіл халықтың талабы емес. Халықтың екінші бөлігі несиелік амнистия жасауға қарсы.  Бұл мемлекетке экономикалық қаржылық жағынан да тиімсіз. Екіншіден, «Ешкім мәжбүрлемей, өз еркімен несие алған азаматтарға салық төлеп отырған менің есебімнен мемлекет неге жеңілдік жасауы тиіс? Бұл масылдыққа алып барады». Бұл – Жанболат Мамайға қарсылардың пікірі және ақиқатын айтсақ, қисынды пікір.  Сондықтан тіркеуден өтпей жатқан партияға «митингімен әрі несие кешіру  арқылы халықтың  сеніміне ие боламын» деу ақылға сыймайды. 

      Жалпы, Мамайдың «Демократиялық партиясы» митинг арқылы атын шығарды. Тіпті кейбір блогерлер қазір Мамайды мазаққа айналдыра бастады. Оны сол күйінде орысшалап келтірсек, былай дейді: «Раньше у нас в Алматы был қажы Амантай, теперь еще есть Жанболат Мамай». Жаны бар сөз. Бірақ талап-тілекті көшеге шығу арқылы білдіру демократиялық елдердің көрінісі десек те, «Демократиялық партияны» елдің белгілі бір бөлігі қолдайды деу сенімсіз. Өйткені Жанболат Мамай мен оның жақтастарының әрекетінде радикалдық сипат басым. Ал мұндай әрекетті, анығын айтсақ, билік те, халық та қолдамайды. Анығында, «Демократиялық партия» мен Мамайдың маңайында жүргендердің көзқарасы мен олардың митингідегі пікірлеріне қарасақ, онда Әблязовті жақтайтындардың элементтері бар сияқты.  Бұл әрекет – бүгінгі билікті тақтан кетіру. Қисынға келсек, «Мамай айтты екен» деп, ешкім биліктен кетпейді.

       Логикаға сыймайтын тағы бір нәрсе бар: Жанболат Мамай кешегі митингіде «Жер шетелдіктерге сатылмасын!» деген ұранмен шықты. Президент Тоқаев  бұрынғы сөйлеген сөздерінде, қыркүйектің басында Қазақстан халқына арнаған жолдауында да  жердің шетелдіктерге сатылмайтынын қадап айтты емес пе? Ендеше, халыққа айқын, белгілі фактіні қайталай берудің қажеті қанша? Бұдан шығатын тұжырым:  «Демократиялық партияда» айқын стратегиялық тұғырнама жоқ. Олар белгілі бір уақытта бір мәселені, екінші кезеңде тағы бір жайтты проблема етіп көтеруге тырысады. Бұл науқандық шара ғана. Сондықтан «тіркелген күннің өзінде, бұл партия парламенттен нық орын алады» деу сенімсіз. Өйткені ДП-ның әрекеттерінде радикалдық көзқарас басым және Мамайдың жақтастары елде күрт өзгерістердің болғанын қалайды. Бұл мүмкін нәрсе емес. Ал бізге революциялық емес, эволюциялық өзгерістер керек.  

      Мамайдың маңайындағыларға қарағанда жаңадан партия құруға талпынып жүрген Тоғжан Қожалиева мен Азаматхан Әміртайдың «Жасылдар партиясына» халық көбірек қарайлайды. Өйткені елдің саяси өмірі мен парламентке жаңашылдық керек. Осы топпен парламентке жаңадан барған белсенділер, мүмкін, саяси көзқарас пен парламентаризм институтын дамытуға септігін тигізер. Алдымен олар тіркеуден өтуі керек. Оның үстіне Тоғжан Қожалиева да,  Азаматхан Әміртай да саяси-әлеуметтік, экономикалық көзқарасын айқын әрі ашық білдіріп жүрген белсенділер. Дегенмен аламан дүбірде соңына саяси электоратты ерте ала ма, жоқ па, оны сайлау барысында көретін боламыз. Бірақ қалай айтқанда да, мойындайтын бір нәрсе: елдің саяси өміріне бәсекелестік қабілеті мықты жаңа партия керек. Ел «ескі» партиялардан шаршады.

      Ал сонда келер жылғы парламенттік сайлауда қай партиялардың бәсі жоғары болуы мүмкін? Ол – әрине, «Nur Otan». Екінші партия міндетті түрде «Ақ жол» екені сөзсіз. Өйткені Алаш ардақтыларын ардақтап, бизнестік топтардың мұратын жақтаған Азат Перуашевтың басқаруындағы партияның парламентке келуі билікке де тиімді. Өйткені оларда ЖСДП немесе ДП партиясы сияқты біржақты көзқарас жоқ. Бүгінгі билікті қолдайды және өзгерістердің де эволюциялық жолмен өрбігенін тәуір көреді.

      Ал парламенттегі үшінші партия болып отырған коммунистер келер жылғы сайлауда халықтың даусын ала ма, жоқ па, бұл күмәнді. Өйткені қазірдің өзінде елдің басым бөлігі коммунистерді парламенттен көргісі келмейтіні туралы пікірін ашық айта бастады. Ақиқатында, парламентте ұйықтап отыратын Косарев сияқты шалдар қазақ қоғамына қажет пе? Оның үстіне жақында олар коммунистерге  қатысты пікір айтып жүрген ұлтшылдардың мәселесін қарау туралы прокуратураға арыз түсірді. Ал бұл оқиға саяси еркін көзқарасы бар халыққа ұнай қойған жоқ. Ол аз болса, қазаққа коммунизм елесінен арылатын кез жетті. Мұны халық та айқын түсініп келе жатыр.

       Ал парламентте бірер ғана өкілі бар «Ауыл» партиясының келер жылғы сайлаудан үміті бар ма? Әрине, бар. Бірқатар саяси сарапшылар «қазіргі парламенттегі коммунистердің орнын  болашақта осы «Ауыл» партиясы басуы мүмкін» деген пікір айтып отыр. Бұл енді қисынға келеді. Біріншіден,  президенттік сайлауда өз үміткерін ұсынып, атын бір шығарып алған «Ауылға» алдағы уақытта жол ашылып тұр. Екіншіден, жақында «Ауыл»  «Бірлік»  партиясымен алдағы парламенттік сайлауда бірігіп жұмыс істеуден бас тартты. Демек, бұдан шығатын қорытынды:  «Ауыл» партиясы парламенттен орын алады.

      Ал кезінде Жармахан Тұяқбай басқарған  ЖСДП партиясына жұрт сенбейді. Саяси дода басталса бойкот жариялауға дайын тұратын партия қазіргі уақытта сайлауға түсуге қауқарсыз.

       Ойлантатыны, саяси электоратты соңына ерте алмаса да, бізде бәрі  парламентке барғысы келеді. Кеше тағы бір бастамашыл топ шықты. 1986 жылы алаңға шыққан азаматтар «Алаш, Желтоқсан» партиясын құрамыз» деп шешті. Бірақ олар партия болу үшін 20 мың қол жинай ала ма, халықты соңынан ерте ала ма, қаржылық жағдайы қалай, ол басты сауал болып қала береді.

       Ақиқатында, құрылып жатқан қозғалыс пен партиялардың көптігінен халық зиян шекпейді. Бірақ әңгіме неге байланысты? Сол саяси ұйымдардың басында тұрған жетекші тұлғаларға қатысты ма, жоқ әлде партияның сайлауалды тұғырнамаларына байланысты ма? Ал біздің саяси электорат үшін  көп жағдайда партия басында тұрған жетекші тұлға негізгі рөл атқарады. Сондықтан бізге бүгінгі уақытта қандай партия керек? Ақиқаты, еліміздегі жетекші партиямен бәсекелес болатын саяси ұйым қажет. Өкінішке қарай, ондай партия қазір Қазақстанда жоқ. Жетекші тұлғаның болмауынан да  саяси ұйымдар әлсіз.

       Ал көшеге шығу, митинг өткізу мәселені шешпейді.  Халыққа  конструктивті оппозиция қажет. Өйткені ондай оппозиция билікке сөзін өткізе алады. Халықтың та сөзін сөйлейді.  Демек, саяси көзқарасы мен бағыты айқын болмай жатып парламентке ұмтылғандардың осыны нақты түсінгені абзал.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:17
Қожахметов ДСМ ресми өкілі қызметінен босатылды
Сайт әкімшілігі 09:51
Қырғызстанның сыртқы істер министрі Қазақстаннан көмек сұрады
Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ 29.10.2020, 11:11
АЭС салу: пайда ма, әлде зиян ба?
Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 11:08
Лукашенкоға шегінетін жер қалмады
Нұрбол СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ 29.10.2020, 10:29
Сот әділ болсын десек
Әділ КЕМЕҢГЕР 29.10.2020, 09:06
Түркі әлемі дүр сілкінейін деп отыр

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04