Қазақстанға санкция салайық!

Әділ КЕМЕҢГЕР

23.11.2021, 09:00

2512

Орыстар «АҚШ қазақтың қолымен Ресейдің түбіне жетеді» деп ойбайлап жатыр

«Қазақстанда АҚШ-тың тағы бір биологиялық лабораториясы салынады екен» деп, ресейлік журналист Любовь Степушова байбаламға басты. «Бұл биозертхана қауіптілігі жағынан Қытайдың Ухань қаласындағы зертханадан қалыспайды, сол үшін бұл сатқын Қазақстанның сазайын беріп, оны Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымынан (ОДКБ) шығарып тастауымыз керек», – деп кіжінеді ол.

      Ресейді шошытатын жағдай сол – АҚШ Ресей шекарасына жақын жерлерде биологиялық зертхана салуын жиілетті. Америка мұны «қауіпті аурулармен күрес орталығы» деп атайды. Әлгі журналист «сол зертханалардың жанында тұратын адамдар бұрын-соңды болмаған, сол жердің табиғатына тән емес ауру түрлерімен ауыра бастады» деп жазады. «КСРО күйрегелі бері қу АҚШ деген біздің маңайымыздағы Украина, Армения, Грузия, Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстанда осындай биологиялық зертхана ашып қойды», – дейді ол. «Әсіресе, АҚШ зертханасын ашуға Қазақстан құмар, бұлар енді тағы бір жаңа зертхана құрылысына кіріспек», – делінеді мақалада.

        Қазақстанның әр қадамын аңдып отыратын әлгі ресейлік журналист былай депті: «Қазақстанда техникалық-экономикалық негіздеуді қажет етпейтін бюджеттік инвестициялық жобалар тізімін бекіту туралы Қазақстан үкіметінің қаулысына өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Оған кеше ғана «Биологиялық қауіпсіздік, қауіпті және аса қауіпті штамдар коллекциясын жер астында сақтауды қамтамасыз ететін жоғары деңгейлі ғылыми зертхана құрылысы», деген бап қосылды. Сөйтсек, Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Гвардейский ауылында қауіпті және аса қауіпті штамдарды жинайтын және сақтайтын жерасты қоймасы бар БСЛ-4 биоқауіпсіздік зертханасы салынбақ екен. Жобалау мен құрылыс 2022 жылы басталады, нысан 2025 жылы салынып бітуге тиіс. Құжатта жобаны жүзеге асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді делінген. Ақшаның қайдан келетіні айтылмайды. Өйткені ақшаны АҚШ беретіні анық.

Қазақстан билігі АҚШ-тың сынақ алаңына айналғанын ашық мойындаудан ұялады. Күні кеше Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанда АҚШ салған зертханаларды Пентагон бақылайтынын жоққа шығарды, қағаз жүзінде олар қазақстандық салалық институттар мен министрліктерге қарайды.

        Алайда Ұлттық ғылыми орталықтың Айқымбаев атындағы Алматыдағы референс-лабораториясының бұрынғы директоры Бақыт Атшабар ақшаның АҚШ қорғаныс министрлігінен аударылып келгенін мойындады. 2019 жылы бұл зертханаға АҚШ-тың әскери құрылымдары мен НАТО елдерінің ғалымдарынан құралған үлкен делегация келген. Енді оларға қауіп деңгейі одан да жоғары, Уханьдағы зертханадай, биоқауіптілігі төртінші деңгейдегі тағы бір зертхана қажет болып отыр.

        Ресейлік ғалым Владимир Прохватиловтың айтуынша, Қазақстан өзін орыстар мен орыстілділерге қысым жасап отырсыңдар, деп орынды айыптайтын Ресейдің агрессиялық ниетінен қорғану мақсатында АҚШ-тың «Ресейден қорғаймыз» деген уәдесін алып, оның осындай қауіпті бағдарламаларына басын тығып отыр. Орталық Азиядағы барлық республикалардың арасында осы Қазақстан ғана батыспен терең сыбайластық орнатып жүр, олар, тіпті, батыспен бірлесіп әскери оқу-жаттығу өткізеді. Қысқасы, қазақ элитасы Американың қармағына ілініп қалды», – дейді ол.

       «ТМД елдеріндегі биозертханалар Ресейге тікелей қауіп төндіреді. Күні ертең Ресей шекарасында жақын жердегі зертханада байқаусызда боп қалды дегендей, аса қауіпті микроб табиғатқа тарап кетіп, Ресей мен оның маңайындағы елдердің адамдары жаппай қырылуы мүмкін. Қазақстан солай бізді «қадап кетпесіне» кім кепіл?

        Сондықтан Қазақстанды Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы мүшелігінен шығарып тастау керек. Анау Украина өзіне «Джавелин» мен «Байрактарды» кіргізіп алды. Оны, әрине, Ресейге қарсы дайындап отыр. Қазақстан да вирус шығаратын зертханасын Ресейге қарсы салып жатыр.

       Ресми деңгейде біздің Қазақстанмен арамыз тату-тәтті, бәрі керемет секілді. Бұл біздің билігіміздің, ең алдымен, тым жұмсақ сыртқы істер министрлігі мен қорғаныс министрлігінің қателігі. Қазақстан ашықтан-ашық АҚШ пен НАТО елдерімен ынтымақтасып жатыр, бұған мүлдем жол беруге болмайды», – делінеді мақалада.

Тегтер: санкция экономикалық блокада Қазақстан Ресей Украина

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жеңіс ТЕМІРХАН 03.12.2021, 08:49
Деміккен демократия: Қалай қазақыланамыз?
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 15:50
14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 10:05
Сауранда бірнеше жүк көліктері соқтығысты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 02.12.2021, 09:05
Тәуелсіздік күнін неге үреймен күтеміз?
Әділ АҚЫЛБАЙ 02.12.2021, 09:02
«Оператор РОП» халықтың «үнін өшірді»
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 08:26
30 жылдың қорытындысы: Қарағандылық археологтар қазақ даласының қандай құпияларын ашты

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00