Қазыларымыз неге жиі қателеседі?

Елеусіз МҰРАТ

15.04.2021, 10:35

1326

        Қарапайым халықтың  сот төрелігіне деген өкпесі қара қазандай. Жұрт сол баяғы   қазылар қауымының  көзге  көрініп тұрған ақиқатты  бұра тартып, шындықты жерлейтін   әділетсіз  шешімдері мен үкімдеріне наразы. Төменгі сот сатыларының  шешімдері мен  үкімдеріне  келіспей, әділдік іздеп шырылдағандардың қара-құрасы  осы отыз жыл ішінде бір азайған емес.    Апелляциялық сатыдағы соттардан   тауы шағылып,  тауаны қайтқандар әлі күнге  кейін  жоғарғы соттың  кассациялық сатысына шағымданып, Нұр-Сұлтан мен  екі ортаны  шаңдатып жүр.

        Соңғы жылдары   жоғарғы соттың  қоржынына  еліміздің түрлі өңірлерінен  төменгі сот сатыларының  әділетсіз үкімдеріне  қатысты   жазылатын   шағымдар тіптен   молайып  кеткен. Не істеу керек?  Аудандық, облыстық соттар азаматтардың арыз-шағымы мен  қылмыстық істерді  заң талабына сай қарап, әділ  шешім қабылдаса, жұрттың  қаржысын шығындап  Нұр-Сұлтанға аттандап тұра  шабатындай  не жыны бар?   Бар кілтипан төменгі сатыдағы соттардың  тіпті   қарапайым істерді қарау барысында  қарадай шатасып,    жоғарғы соттың судьяларын «басы» артық жұмыспен  әуре-сарсаңға салып қоятынында   болып отыр.  Сол себептен де  аса күрделі істерді ғана қарап, төрелігін айтуға тиісті жоғарыдағы қазылар қауымы  алтын уақыттарын    төменгі сатыдағы соттардың   үкімдерінен кеткен ұсақ-түйек  кемшіліктерді түзеп-күзеуге жұмсап,  солардың жыртықтарын жамап, жасқап отырғаны. Алайда жұртты жылдап  алашапқын жүгіріске салып қоятын  төменгі сатыдағы  судьяның  үкімі мен шешімі  Нұр-Сұлтанда бұзылып жатса да,   кінәлі  қазының қателігін бетіне басып, ұялту қиын.   Ол  кемшілігін мойындамақ тұрмақ,  өзі  әуре-сарсаңға түсірген тараптан кешірім  де сұрамайды,  бар  айтатыны – «мен оған жазықты емеспін,  бәріне кінәлі «солай шеш» деп бұйырған ішкі пайымым» деп қарап тұрады.

        Көптеген судьялардың ойынша,  ішкі пайым деген түсінік  қолданыстағы  заң талабына бағынбайтын, одан тысқары тұратын   мүлде басқа нәрсе сияқты.  Ал әрбір судья басшылыққа алуға тиісті   жоғарғы соттың  2002  жылғы  15  тамыздағы «Сот үкімі туралы» №19  нормативтік қаулысының  2-бөлігіндегі  тәртіп  мүлде басқа. Онда  жоғарғы сот   «Заң талаптары сақтала отырып жиналған және тікелей  сот отырысында  толық, жан-жақты  және объективті тексеріліп, талданған, тиісті  баға берілген  дәлелдемелерге негізделген, тұжырымдары  дәлелденген үкім негізді болып табылады» дейді.  Мына қағиданың  талабына сүйенсек,  судьяның ішкі пайымы  оның сәттік  көңіл күйіне емес,  тек істегі дәлелін тапқан тұжырымдарға ғана бағынуы тиіс.

         Осы жақында Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұлтымызға тіл тигізген  славян  өкілдерін  сабады деп айыпталған   екі қазақ жігітінің бірін – 19, екіншісін 20  жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Судьяның  істі қарау барысында  өрескел  заңбұзушылықтарға жол беріп,  куәлардың    құқықтық тұрғыдан бағасын алмаған   жалаң  жауаптарына сүйеніп,  ауыр үкім шығарғанын  адвокаттар қауымы да ашық  айтып жүр.  Теміртаудағы  жағдайды  Алматы қаласындағы  Аяжан Еділованы  аса қатыгездікпен  өлтірді деп айып тағылып отырған  күдіктінің қылмысымен  салыстырып көрсек,  бұл оқиғалардың сипатында    жер мен көктей айырмашылық бар.  Теміртаудағы жәбірленушілер дін аман,  ал Аяжан Еділованың көзі жоқ,  оны  өлтірді деген айыппен күдіктінің үстінен  іс қозғалып отырған   Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінде    мұндай қылмыс үшін   сотталушының мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жыл  мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыратын қатаң жазаға  тартылатыны  қарастырылған.

         Сот тәжірибесінде судьяның  көп жағдайда жазаның жоғары шегін тағайындай бермейтінін ескерсек,  Аяжан Еділованы өлтірген айыпталушының он бес жыл мен жиырма жыл аралығындағы жазаға тартылып кетуі де бек   мүмкін.   Ал енді жасалынған қылмыстық әрекетінің  ауырлығы дәл осындай,  Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында  алдымен    бойжеткенді зорлап, соңынан  денесін өртеп жіберген  қылмыскерге  соттың 13 жыл,  жәбірленушілері тірі  теміртаулық жігіттерді  19-20 жылдың аралығында жазаға тартқаны  қалай?  Неге жаза мерзімі әртүрлі?  Қазылар қауымы  үкім кесер кезде  Қылмыстық  процестік кодекс пен  жоғарыдағы жоғарғы соттың нормативтік қаулысының  талаптарын неге негізге алмаған?  Әлде қазыларымызға  Ата заңымыздың  77-бабындағы «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады» деген қағиданың күші   жүрмей ме?   Егер тасқа басылған мына қағиданың талабына  жүгінсек,  көптеген судьяларымыз  негізге  алдым деп ақталатын  қазының ішкі пайымы   істегі құқықтық бағасын алған нақты дәлелдерге  ғана бағынуы тиіс. Өкініштісі,  осы талап  үкім шығару барысында  басшылыққа алына бермейді.  Әлде кейбір судьяларымыз осы баптың 2-бөлігіндегі «Сот төрелігін іске асыру  жөніндегі  соттың қызметіне  қандай да болсын  араласуға жол берілмейді және ол  заң бойынша жауапкершілікке  әкеп соғады. Нақты істер бойынша  судьялар есеп бермейді» деген тұжырымның мазмұнын басқаша  түсіне ме екен?

           Рас,  үкім шығарар кезде  қазы бейтарап, қара қылды қақ жара отырып әділ төрелігін  айтатын судьяның ішкі тірлігіне араласуға болмайды,   солай бола тұрса да,  осы сөйлемнің соңын ала берілген  «Нақты істер бойынша  судьялар есеп бермейді» деген тұжырыммен келісу қиын. Егер судьяның үкімі   әділ  болса, онда  ол  не үшін мұндай байламға келгенін  тараптарға түсіндіруден жасқанады?  Шынын айту керек, Конституцияның 77-бабындағы сот жұмысына  қатысты  талаптар  қағаз жүзінде қатып тұрғанымен, тәжірибе жүзінде    орындала бермейді.  Сот біртұтас жүйе болғандықтан,  оның  жұмысына  ашық болмаса да, тұс-тұстан   астыртын  әмірлерін  беріп, араласатын күштер көп. Қажет десеңіз, екінің біріне  айтыла бермейтін  мұндай  тәртіп соттардың  өздерінде де бар.  Мәселен, бастапқы сатының судьясы  қараған ісі бойынша  қандай үкім шығаратынын    алдын ала сот төрағасымен, ал ол өз кезегінде  күні ертең  бұлар  шығаратын үкім апелляциялық тәртіппен қаралған кезде өзгеріп, бұзылмау үшін міндетті түрде  алқаның басшысымен  келісіп алады. Көптеген  шала-жансар үкімдердің   кем-кетігі  соңында шұбырып жатқанына қарамастан,  апелляциялық сот сатыларынан қамшы салдырмай  өтіп кететінінде  осындай  құпия бар.  Әйтпесе жоғарғы соттың   жоғарыдағы  нормативтік қаулысында  үкім шығарудың жай-жапсары мен тәртібі түгел толық көрсетілген емес пе?!  Соған қарамастан,    көптеген судьялар  оқиғаға    заңдық тұрғыдан емес, көңіл күй ауаны аралас ішкі пайымымен біржақты  баға беремін деп жүріп  қателеседі.

       Бір өкініштісі, ондай судьялардың  нақты қандай жауапкершілікке тартылатыны   қолданыстағы заңнамаларымызда  нақты  көрсетілмеген.  Кейбір заңдарымызда    қазылардың  өрескел қателік жіберген жағдайда ғана жазаға тартылатыны айтылған.  Заң шығарушы органның  жалынан ұстатпайтын   «өрескел қателік» деп отырғаны  қандай қателік?  Ата заңымыздың 77-бабының 2-бөлігіндегі «Нақты істер бойынша  судьялар есеп бермейді» деген талаптың өзі  де  сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейтеміз деп отырып, оны   халықтан алыстатып жібергенімізді  аңғартады.   Көптеген  қазыларымыз   «судьялар  нақты істер бойынша есеп бермейді» деген   тұжырымның түп-төркінін өздерінің    халықтың қолдауымен емес,  мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалатынымен  сабақтастырып,    ешкімге  тәуелді емеспіз деп санайды.  Десе де, осы тәртіп   сот жүйесін   халықтан алыстатып,  оны тек  биліктің  сөзін сөйлеп, сойылын соғатын күшке айналдырған тәрізді.

Тегтер: сот шешім үй қамақ министр экс-министр

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 09:18
Тілі 7-бапқа байланған ел
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.05.2021, 07:41
Билік транзиті болмады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 12.05.2021, 07:03
Ким қазақты қайтсін...
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 15:28
Өзін «ақпын» деп ресми тілде ақталған Жоламанова қазақ тілін менсінбей ме?!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 11:39
Мұхтар Түменбай: Бұл әзілдейтін нәрсе емес!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 10:08
Риддердегі өрт: полиция тергеу бастады

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06