Қазынаны қанайтын емес, жарылқайтын жобаға қашан жетеміз?

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

18.08.2022, 08:12

1900

Әлемдегі ең үлкен Құран немесе ең үлкен мешіт деген ұғымдар мақтангершілік үшін жасалатыны анық. Өйткені ысырапшылдықты Алланың сүймейтіні, исламға жат қылық екені жиі айтылады. Сондықтан Аллаға керегі «1,5 тонналық есіктер» мен «салмағы 20 тонналық аспашамдар» емес екенін исламды таныған кез келген жан ұғады.

Жалпы, қымбатшылықтан қысылған халықтың шектен тыс шашылу мен құр мақтан үшін жасалатын тірліктерден мезі болғаны аңғарылады. Осы орайда 235 мың адам бір уақытта құлшылық жасай алатын 10 гектар аумаққа орналасқан мешітті толтыратын жамағат Нұр-Сұлтан қаласынан табылар ма екен? Мұндай зәулім мешітті күтіп ұстау да оңай болмасы анық. Ал оны күтіп, баптап ұстауға қаржы қайдан бөлінеді? Он гектар аймақты, 15 525 шаршы метр кілемді кім тазалайды? Салынуының өзіне қыруар қаржы кеткен мешіттің ертеңгі күні күтіп ұсталуы да елімізге салмақ салмай ма?!

«Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт Қазақстанда» деп мақтануға жақсы ғой, алайда күтімсіз тоздырып досқа таба, дұшпанға күлкі болмаймыз ба?! Осы мәселелерді анықтау үшін ҚМДБ-ның ақпарат бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлымен хабарласқан едік.

«Қазіргі таңда ҚМДБ жаңа мешітті толықтай өз қарамағына қабылдап жатыр. Жақын уақытта Нұр Сұлтан қаласының бас мешіті ҚМДБ-ның қарамағына өтеді. Сол сәттен бастап, барлық шығынын, коммуналдық төлемдерін діни басқарма өз мойнына алады. Әрине, діни басқарманың ол мешітті күтіп, баптап ұстауға материалдық мүмкіндігі жетпейді. Ол анық. Сондықтан демеушілердің, жомарт жандардың берген көмегімен күтіп, ұстаймыз деген ойдамын. Мұндай үлкен мешітті суық қалада жылыту да оңай болмайды. Дәл қазір Діни басқармада арнайы жұмыс тобы құрылып, мешітті күтіп ұстау үшін жұмысшылар қабылдау, қалай күтіп ұстау секілді жұмыстармен айналысуда. Осы орайда, айта кетсем, бізде жоба бар, яғни осындай үлкен мешіттерді әкімдіктің меншігіне өткізу туралы ойластырып жатырмыз. Егер солай етсек, бізге үлкен жеңілдік болар еді. Әкімдік меншігіне өтсе – суы, жылуы, электр қуаты әкімдік есебінен өтеледі. Алдағы уақытта осы мәселе оң шешілсе, деген ойдамыз. Ал мешіттің күтіміне келер болсақ, жоқ дегенде, жүзге жуық адам күшейтілген режимде жұмыс істеуге қабылдануы керек. Үлкен мешіттің күзетін, күтімін, қауіпсіздігін, тазалығын қамтамасыз ету оңай емес. Қазір уақытша қаладағы мешіттердің әрқайсысынан екі-үш қызметкерден бөлініп, жаңа мешітке тегін қызмет етуде. Жуырда Бас имамы тағайындалған соң, әрі қарай басқа да қызметкерлер алынып, жеке мөрі жасалып, жұмыс істей бастайды. Айта кетер жайт, Түркияда мешіт қызметкерлерінің барлығы мемлекеттік қызметкер болып саналады. Оларға мемлекеттен жалақы төленіп, шығындары да мемлекет есебінен жабылады. Біз де осы жүйеге келсек, жақсы болар еді деген ниетіміз бар» –  дейді Ағабек Қонарбайұлы.

Демек, алдағы уақытта мешіттер қазына қаржысына салмақ салуы әбден мүмкін. Саясаттанушы Санжар Боқаевтың айтуына сенсек, «Нұр Отанның» бір күндік бюджеті – 18 млн теңге болған екен.  Күндік! Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, Білім және ғылым министрлігінің «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен жасалған келісімшартында 2022 жылғы оқу процесін ұйымдастыру үшін 35 442 720 000 тг көлемінде қаржы бөлу көзделген екен. Назарбаев университетінің де бюджеттік қаржыландырылуы бұдан асып түспесе, кем түспесі анық.

Енді оған Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт келіп қосылса не болмақ?! Жалпы, бұл жүйе халықты қашанғы қанай бермек?!

P.S: «Қайыр қылсаң бүтін қыл» деген сөз бар қазақта. Осы орайда экс-Президентіміз мешіттің сауабын бүтін алғысы келсе оның алдағы уақыттағы күтімін де мойнына алса жөн болар еді. Әйтпесе бұл дәу мешіттің қазаққа пайдасынан, зияны асып кетейін деп тұр. ҚМДБ-ны қол жаюға мәжбүрлейтін, мемлекеттің қалтасына салмақ салатын мұндай жобаны сүйреуге тым «жуан мойын» керек секілді...

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 09:53
Бүгін Қазақстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну басталды
Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 08:57
ҰҚК Қазақстан мен Ресей шекарасында қалыптасқан жағдайды түсіндірді
Әділ АҚЫЛБАЙ 23.09.2022, 08:47
Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 16:16
Прокурор Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:53
Сайлау-2022: бюллетендерде барлығына қарсы дауыс беру мүмкіндігі болады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:48
Қазақстан президенті үміткеріне қойылатын талаптар айтылды

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41