Қоғамға керегі мешіт пе, мектеп пе?

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

16.08.2022, 08:25

1350

Кеше ғана еліміздің бас қаласында Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің ашылу салтанаты өтті. Әзірге, мешіт құрылысына қанша қаржы жұмсалғаны айтылмай отыр. Алайда «Әр есігі1,5 тонна салмақ тартады», «Мешіт мозаикасы 25 млн алуан түсті шынымен безендірілген», «үлкен залындағы аспашамның диаметрі – 27 метр, салмағы 20 тонна», «Мешіт кілемінің жалпы ауданы – 15 525 шаршы метр» деген суреттеулерден-ақ талай қаржыны жұтқаны байқалады. Бірақ дәл қазір елімізде «басқа сәніміз келіп», тек Нұр-Сұлтан қаласының бас мешіті ғана жетіспей тұр ма еді?!

Бір нан 250 теңгеге жетіп, халықты қымбатшылық қысып, «шықпа жаным, шықпамен» ашынып отырған халыққа, әлеуметтік мәселелері ушығып кеткен тұрғындарға «20 тонналық хрусталь аспалы шамнан» пайда бар ма?! «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей, бәлкім, отыз жылдың ішінде халықтың жағдайынан гөрі, өз жағдайларын жасап алғандарға қазіргі қымбатшылық әсер ете қоймас. Баласы шетелден білім алып жатқандарды еліміздегі апатты мектептердің жағдайы да, шекара асып емделетіндерді, еліміздегі тұралаған медициналық қызметтің деңгейі де ойлантпауы мүмкін. Алайда ең болмаса, аста төк, тым ысырапшылдықпен халықты ашындырмаса етті. Шындығында, мешіттің ашылуында талтаңдап жүргендер қазақты құдайын қарғайтын деңгейге жеткізіп кеткені ақиқат. Сондықтан «Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт елімізде ашылды» деген хабарға халықтың наразылығын да түсінуге болады.

Қаңтар оқиғасынан соң, саяси сахнадан көрінбей кеткен көп шендіні мешіттің ашылуынан байқап қалдық. «Қымбатшылықты айтамыз» деп жүздеген адамынан айырылып, бүгінгі күні оны кімнен көрерін білмей отырған халыққа сән салтанатты мешіттің аса жаға қоймағаны сезілді. «Мешіт ашып, халық алдындағы күнәсінен арылмақшы ма?», «Ақшаларын қайда шашарын білмей жатыр ғой», деген көп пікірден соны аңғардық.

Осы орайда, айта кетсек, елімізде 169 мектеп – үш ауысымды екен. Онда 301 мыңнан астам бала білім алуда. Дамыған елдерде тек бір ауысымды ғана мектептер бар екенін ескерсек, біздің елімізде қалыпты жағдай саналып кеткен екі ауысымда 5068 мектеп білім беріп жатыр. Былтыр оқу жылында еліміздегі қазақ мектептерінде «ю», «я» сыныптарына шейін ашылғанын айтып, шулаған едік. Бүгінде бір сыныпта қырық баладан қысылып, қымтырылып, білім алып жатқан мектептер жетерлік. 45 минутта ұстаздың қырық балаға көңіл бөліп үлгере алмасы анық. Сондықтан кейбір баласының біліміне жаны ашыған ата-аналар балаларын ақылы мектептерге алып қашуда. Бұған «бір сыныпта оқитын балалар саны жиырмадан аспайды», деген жарнамасы жер жарған жекеменшік мектептердің қаптап кетуі де дәлел. Сондай-ақ елімізде 35 мектеп апаттық жағдайда болса, 60 ауылдық, 9 қалалық мектептің әжетханасы далада орналасқан көрінеді. Атап айтсақ, 2019 жылы мектептің даладағы әжетханасында педофилдің құрбаны болған 12 жасар қыздың оқиғасынан соң, еліміздегі мектептердің әжетханасы жаппай ғимарат ішіне көшіріле бастаған болатын-ды. Алайда үш жыл өтсе де әжетханаларды әлі толық көшіріп біте алмай жатқанымызды статистика аңғартып отыр. Тіпті, балалар жылында балаларымызды тегін үйірмелермен қамтамасыз ете алмай, «қаржы жетпейді» деп, несібесінен қағып отырғанымыз да жасырын емес. Биылғы жылды балалар жылы атағанымызбен, сол бауыр етімізді жарылқайтын еш шара қолға алынбады.

Әлеуметтік жағдайымыз осынша ушығып, қоғамдық мәселелеріміз қордаланып тұрғанда, «адамзатқа пайда келтіріп, сауап жинаудың бір ғана жолы — мешіт салу» деп ұққан экс-президент бастаған, кеше ашылуында топырлап жүрген шенділердің бар фантазиясының жеткен жері сол болғаны өкінішті-ақ!

Ақтөбелік журналист Индира Керееваның мына пікірі де көп нәрсені аңғартады.

«Қызым барып жүрген Қызылжар орта мектебі ескі. Былтыр оқу жылы аяқталмай жатып, апатты деп жауып, балаларды басқа мектептерге тентіретіп оқытты. Биыл қайда барып оқитынымыз белгісіз. Ақтөбенің шетінде мемлекеттік бағдарламамен жаңа қалашық ашты, ел арасында Нұр Ақтөбе, ресми Есет батыр деп аталады. Бұл қалашықтың қазірдің өзінде бес шағын ауданы бар. Бала көп, мектеп жоқ. Бар мектепте үш ауысыммен оқиды балалар. Көктемде №2 шағын аудандағы мектептен №3 шағын аудандағы үйіне қайтып келе жатқан оқушы қызды ит талады. Одан кейін дәл осы жерде 13 жастағы баланы иттер талап өлтірді. Мен көшіп келген 2018 жылы үйдің жанында бір мектептің құрылысы басталға-дын, сол мектеп әлі ашылған жоқ. Құрылысы тоқтап тұр. Есесіне, Нұр Ақтөбе қалашығында даңғарадай болып мешіт салынып жатыр. «Демеушілер, жамағат салып жатыр», дейді. Жерді кім бөлген сонда? Айтпақшы, бұл қалашықта бала баратын бір стадион, бассейн, үйірме деген атымен жоқ» дейді журналист.

Дәл қазір бүкіл еліміздегі ахуал дәл осындай болып тұр. Апатты мектеп, үш ауысымды мектеп жетерлік. Балалар спортпен, шағырмашылықпен айналысатын үйірмелер мүлдем жоқ. Есесіне, мешіттер еселеп салынып жатыр. Күн сайын мектепке барып, білім алатын балаға мектеп тауып бере алмай отырып, аптасына бір рет жұма күні толатын мешітті қаптатып салып жатырмыз. Намазды үйден де оқуға болады, ал баланы үйден оқыта аламыз ба?! Қалталыларға осыны түсіндіретін мемлекеттің идеологиясының да ақсап тұрғаны жанға батады.

          Блогер Өркен Кенжебек жаңа мешіттің түр сипатын «күмбездің биіктігі 83,2 метр, диаметрі 62 метр. Бұл дегенің… ө-өт-ее үлкен. Мысалы, Ердоған алты жыл бойы ай сайын өзі қадағалап, салдыртқан Ыстамбұлдағы Чамлыджа мешітінің күмбез биіктігі 72 метр де, диаметрі 32 метр ғана. Расымен де, әлемдегі ең үлкен күмбездердің бірі мынау. Төрт мұнарасының әрқайсысы 130 метр биікке шаншылып тұр. Мысалы, қасиетті Меккедегі әл Харам мешітіндегі мұнаралардың биіктігі 95 метрден аспайды. Айтпақшы, бір мұнарасына лифтімен көтерілуге болады екен. Ақылы қылу керек. Мешіт ақша табуы керек. Енді мешіттің кіреберіс есіктері әлемдегі ең биік ағаш есіктердің бірінен саналады. Африканың тропикалық белдеуінде өсетін ироко деген өте тығыз ағаштан, қолмен ойылып жасалған. Әр есігі 1,5 тонна салмақ тартады. Михраб тұстағы қабырғада Алла тағаланың 99 көркем есімі жай жазылып тұрған жоқ. Ол және сол қабырға 25 млн түрлі-түсті шыныдан құралған. Мозаика ғой. Едендегі кілемнің көлемі 15 525 шаршы метрденасады. Ол да әлемдегі қолмен тоқылған ең үлкен кілем деген атаққа таласып тұр. Жаңа Зеландиялық қойдың 100% жүнінен тоқыпты, ой, пәлі… Төбедегі бас люстраның салмағы 20 тонналық хрусталь. Қысқасы, әлемнің қанша мешітінде болып жүрмін ғой, мынау сол әлемдік деңгейдегі ғибадатхана болыпты, рас», деп суреттеуі мешіт салуда қалталылардың ештеңеден аянбағанын көрсетеді.

Отыз жыл бойына жіліктің майлы басын ұстағандардың мешіт салуда қанша шашылса да халық көңілінен шықпай, керісінше, аста-төк пиғылы ашындыратындай деңгейде. Шын мәнінде, жиырма тонналық аспашам мен 1,5 тонналық есіктердің халықтың рухани дүниесінің байып кетуіне әсері болмайтыны анық. Тіпті, Мұхаммед пайғамбардың тым қарапайым өмір кешіп, құлшылығы да зәулім мешітсіз болғанын қайтіп түсіндірерсің. Тек беталды шашылған қазақтың қайран ақшасы дейсің, еріксіз. Халықтың аузынан ақ май ағып, күніне бес уақыт мешітке шапқылап жүрсе, жағдай түсінікті. Ал күнделікті жейтін тамағын қайтып табамын, деп тентіреп жүрген халыққа 235 мың адам бір уақытта құлшылық жасай алатын 10 гектар аумаққа орналасқан мешіттің керегі шамалы еді.

Шынына келсек, бізге мынау елді дамыту үшін білімді, сапалы қазақ керек! Білімсіз адам бәрін сатып алуға бейім тұрады, ал жемқорлық елдің түбіне жетеді.

Айтпақшы, Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт Қазақстанда болса, ең үлкен автокөлік құрастыру зауыты Өзбекстанда екен. Біріншісінде, о дүниеде қалай жақсы өмір сүруге болатындығы жайлы әңгімелер айтылса, екіншісінде, бұл дүниеде халықтың жақсы өмір, жайлы тұрмысы үшін жұмыс жасалады...

Тегтер: мешіт дін құрылыс пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 09:53
Бүгін Қазақстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну басталды
Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 08:57
ҰҚК Қазақстан мен Ресей шекарасында қалыптасқан жағдайды түсіндірді
Әділ АҚЫЛБАЙ 23.09.2022, 08:47
Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 16:16
Прокурор Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:53
Сайлау-2022: бюллетендерде барлығына қарсы дауыс беру мүмкіндігі болады
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 13:48
Қазақстан президенті үміткеріне қойылатын талаптар айтылды

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41