Қонаев кімнен кем еді?

Бақдәулет БЕРЛІБАЕВ

05.05.2022, 17:30

2703

Бұлар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, бүгінде Алаш зиялыларымен қатар қоятын заманымыздағы түркі әлемінің заңғар тарихи тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бетіне болсын, болмасын жөнсіз топырақ шашып, кешіруге болмайтын ата жауына өкпесі бардай, бір жақты қаралау жағына шығып алған. Олар – ел тарихына ақиқаттың қажеттігін айтқансып, өздерінің жазушылық тіл мен жағына сүйенумен, сол ақиқаттан аттап кетіп жүр. Осы «кемеңгер» жазушыларға ақиқат керек болса, Д.А. Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» ( 1992. «Санат», РГЖИ «Д»уір», МГП «Ынтымақ».), («Ақиқаттан аттауға болмайды» (Естелік-эссе), Алматы, «Санат», 1994.) деген өмірдеректері мен «Елу жыл ел ағасы» (2002 ж.) деп аталатын С. Әбдірайымұлының еңбегі мен І. Балтағұлұлының «Ғұмырнамасын» (2006 ж.) немесе 2008 ж. Алматы қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен бірнеше қоғам және мемлекет қайраткерлерінің араласуымен шығарылған «Дінмұхамед Қонаев және Алматы» деп аталатын қомақты кітаптары мен қарапайым ел басқарушысы бола жүріп, Д.А.Қонаевтың адамгершілік қасиеттері туралы Көбес Ақылбаевтың 2003-ші жылы жазған «Ұмытылмас Ұлы адам» деген естеліктер жинағын дұрыстап оқуды ұсынамын!

 Табиғатынан текті әулеттен шығып, ешкімнің ала жібін аттамаған Д.А. Қонаев, өзінің естелік кітаптарында басқаны былай қойғанда, ата сақалы аузына шығып тұрып, өтірік әңгімелерді ойдан құрастырмаған болар. Немесе жылдар бойы Д.А. Қонаевтың жанында жүріп, ол туралы естелік еңбек жазғандарға өмірден қапаланған күйі өткен адамға арнап, оны жөнсіз мадақтаудың да қажеті бола қоймаған болар. Мұндай құбылыс, тәңір талаптары мен шариғат заңдарына жүгінсек, кез келген аруақты жөнсіз мадақтаудың, немесе өкпе-шерін айтып, өмірден қайтқан адамды балағаттап, қаралаудың адамшылыққа да, мұсылмандыққа да жат көрініс екендігі белілі. Ал мұсылмандар болса, қайтыс болған адамның жаназасын шығарарда, тек «жақсы» деген бір ауыз сөзді хормен айтып, арғы дүниеге аттандырады. Мұсылман адамның баласы өлгеннен кейінгі еске алу рәсімдерінің бәрінде оның тек жақсы жағындағы қасиеттерін айтып, еске алатын болсақ, өмірден озғанына келесі жылы 20 жыл толатын Д.А. Қонаевтың да аруағын сыйлап, құлағын шулатпаған дұрыс шығар.

 Қазақта «Бес саусақ бірдей емес», «Биеден ала да, құла да туады», «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды», деген ғибраты мол қанатты сөздер бекер айтылмаса керек. Осыған қарағанда, Шыңғыс хан, Абылай хан, Кенесары хан, Ә. Бөкейханов пен Қ. Сәтбаевтың жіберген кемшіліктерін айтар болсақ, олардың әрқайсысы өзінше, бөлек айтатын толып жатқан тарихи шындық болатын. Бірер ғана мысал: Қараңыз, Қазақстан тарихы оқулығын жазушы «мықтылар»: «1758 жылғы қазақтар мен жоңғар арасындағы ақтық соғыста Абылай жоңғарларға күйрете соққы беріп, жоңғарларды тарихи аренадан кетіруге мәжбүрледі» десе, өмірбойы өз тарихын қағазға жазып, қалдырып келе жатқан бүгінгі қытай деректерінде: «1758 жылғы, Аякөз маңындағы қазақтар қолдаған жоңғарлар мен қытай арасында болған соғыста жоңғарлар дүркірей қашып, қазақтың Абылай сұлтаны оң жақ аяғының жіліншігін сындырып алды», делінген. Демек, «Әлін білмеген әлек» дегендей, шама-шарқына қарамай, өзінің сүйікті қалмақ әйелінің бауыры Әмірсана деген балдызын қолпаштап, ата-жауымыз жоңғарларды қолдап, айдаһарға қарсы шығу — Абылай бастаған қазақ қолына мүлде керек емес болатын. Сол сияқты, 1847 жылы алақандай қырғыздан жеңіліп, басынан және маңайындағы қас батыр сұлтан  Наурызбай батыр мен одан бөлек, тағы да 12 сұлтаннан айырылған Кенесарының соғыс тактикасындағы басты қателігі – сарбаздарының аттарын таулы жердегі соғысқа бейімдеп, оларды жаздық тағамен тағаламау сияқты болар-болмас нәрсе болатын. Немесе Ә. Бөкейханов «Алаш» партиясын құрарда, осыған дейін Керенский басшылық еткен «Конституциялық демократиялық» (Кадет) партиясына бекер мүше болғанын мойындаса, ол да пенде ретіндегі Ә. Бөкейхановтың бір жолғы қателесуі болатын. Соған бола бүгінде, сол Ұлы тұлғаны тарихтан ығыстырған жоқпыз ғой. Ал Қ. Сәтбаевқа келер болсақ, көп жылдар бойы Ғылым академиясының президенті болып істегенде, өзі туып өскен бір ғана ауылдан 17 адамды жұмысқа алып, жалғыз Баянауыл ауданынан 25 академик шығаруға қол жеткізсе, (қайтыс болғанға дейінгі және одан кейінгі мерзімді қосып есептегенде) мұны протекционизмнің қандай түріне жатқызуға болады? Егер сол академиктер, соншалықты елін ойлайтын ғұлама ойшыл, қоғам және мемлекет қайраткерлері болса, бүкіл елді қоя тұрғанда, ең болмаса, өздерінің өңірлерінің бас қаласы Павлодар қаласының атауын бүгінге дейін өзгертуге жарамаса, «керемет» ғалымбыз деп жалтақтап жүріп, елді арқа тұтумен, жарапазан айтудың не қажеті бар? Кім болса да, ең алдымен, өзінің туып-өскен жерінің бағасын біліп, қастерлеп, әр кезде соған қамқор болу керек емес-пе? Олай болса осы тарихи тұлғалардың өз өмірлерінде жіберген қателіктері сияқты жұмырбасты пенде болғасын, Д.А. Қонаевтың да кемшіліктері болуы әбден мүмкін. Бірақ кеңес дәуірінде КОКП ОК-і Саяси Бюросының мүшесі дәрежесіне дейін көтеріліп, 3 дүркін Социалистік еңбек ері атағына ие болған, 8 рет Ленин орденін алған ондай адамды естімедік. Ендеше, Д.А. Қонаевтың осы жетістіктерінің өзі сол кездегі Қазақстан үшін үлкен абырой емес пе?! Тіпті, бүкіл әлем білетіндей, КСРО сияқты алып империяның құлауына дәнекер болған 1986-шы жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісі тікелей осы тұлғаның беделінен барып туындаса, онда Д.А. Қонаевпен қызметтес болған еңбек ардагері Бекен Көкішұлының осы газеттің биылғы жылғы 31-ші наурыз күні жазған «Ел риза» деген мақаласына соншама кіжінудің реті жоқ.

 Осыдан 31 жыл бұрын тәуелсіздігімізді алып, астана Ақмолаға көшетін тұста, Абылай хан кезіндегі 3 марқасқа билерге арнап қойылатын ескерткіштің астына «Үш пайғамбар» сөзін жазбақшы болған бұрыннан дауға құмарлығымен көзге түсуді ойлайтын асыра сілтеушілер де табылған. Абырой болғанда, оған дер кезінде тосқауыл қойылды. Әйтпегенде, қазақ халқы, бүкіл жер бетіндегі мұсылмандарға масқара болар едік. Ал Д.А. Қонаевтың халық алдындағы орасан зор беделін сыйлап, бүгінде оған «біртуар» деген бір ауыз сөзді қимасақ, бұл сөз жер әлемнің бәрін «нұрландырған» сөздерден әлдеқайда қарапайым естіліп, өзіне лайық адамды тапқандай, болып көрінеді. Оның есесіне, орыс патшаларын болсын-болмасын, қанша жерден әулиеге теңегенімен, бүгінде қайсы біреулер байбалам салып жүргендей, Д.А. Қонаевтың әділдігін айтушылар жағы, қазірге, ондай әбестік байламға келе қойған жоқ. Сондай-ақ екі оттың қайнаған ортасында билік еткен оны мадақтау, еріккеннің ермегі емес. Бұдан біреулерге жағынып, пайда іздеп, ұпай жинайын деп отырғандар да жоқ. Кім де болса, жақсының жақсылығын айтып, одан ұрпағына, одан қалса, Еліне нұр мен шапағат іздегісі келеді. Табиғаттың заңы бойынша көзден кеткен тұлғаның қоғамдық және саяси тұрғыдағы қызметі мен адамшылық қасиетін әділ көрсету, жағымпаздық пен мадақтауға, немесе табынуға жатпайды. Ол тек, оған құрмет көрсетудің белгісі ғана. Қарап отырсақ, аузын айға балап, езуін алты қарыс созса да, АҚШ елінің абыройын ойлаған президенттер кемде-кем. Бірақ олардың бәрі бірдей елдің президенті болғаны үшін ғана биік таулардағы президенттер аллеясына қашалып, тарихта мәңгі қалып келеді. Онда барған туристер, әлгі тұлғаларды көріп қана, үлкен ләззат алып қайтып жүр. Ал бізде1920-шы жылдан бері екі оттың ортасында жүріп, ел тізгінін ұстаған 5 қана қазақ бар. Шыны керек, олардың ішінде ширек ғасырға жуық ел басқара жүріп, абыройын таптатпай, Қазақстанды биік шыңға көтерген Д.А. Қонаевтан басқа ешкім емес. Солай болса да оларды бөле жармай, өз діліміздегі рухани жетістіктерімізге сәйкес, құрмет көрсету – болашақтың ісіне жатқызылса, нұр үстіне нұр жауып, бүкіл қазақ болып, ұйысуға қадам басар едік. Бұрын өз ішімізден «халық жауы» атандырып, кейін «Үш арыс» немесе «Бес арыс» деп әспеттеген тұлғалар, қазір бізде жетіп жығылады. Бұлардың қасында елді басқару, оңай іс болмаса керек.

 Д.А.Қонаев «42 қала салып, оны орыстармен толтырды» дегенмен, сол қалаларды Д.А. Қонаев қалтасына салып өзімен бірге арғы дүниеге әкетпеді немесе бөтен біреулер көшіріп әкетпей, әлгі қалалар бәрібір Қазақстан жерінде бой көрсетіп тұрған жоқ па? Ендеше, оны, біртуар деп айтудың еш артықтығы жоқ және ол ешкімнің тақиясына да тар келе қоймас. Д.А. Қонаев билік еткен кезде бір емес, он емес, бақандай «42» қала салатындай, өндірістік қауқарымыз болса, онда Д.А.Қонаев, ауыл шаруашылығы мен ғылымды, мәдениетіміз бен білімді, басқа да бүкіл әлеуметтік мәселелерді дамытуды ұмытып, тіпті, тұтастай экономиканы дамытуға мән бермей, тек словян тектестер үшін қала салумен айналысқан тұлға болып шықпай-ма? Әрі-беріден соң, Д.А. Қонаевтан 100 жыл бұрын өмір сүрген қазақтың бәрі дерлік, қазақ үйін тігіп алып, далада көшіп, қонып жүргенін қалай ұмытуға болады (Ұлы Абайдың өзі де сондай үйде тұрған жоқ-па еді?). Мен, Д.А. Қонаевтың кезінде өсіп-өніп, қазақтан басқалар тұрмайтын ауылда ер жетсем, ол ауылдан бірде-бір қазақтың киіз үйінде, тіпті, тоқал тамда тұрған отбасын көрмедім. Мәдениет үйі, екі қабатты мектеп, балабақша, аурухана, тұрмыстық комбинат үйі, диірмен, котел, қырман, қой қырқатын мекеме, ауыл шаруашылық техникаларының бірнеше түрі сиып кететін гараж болса, қазір қираған Сталинградтағы алапат соғыстың белгісі ретінде естелікке қалдырылған «Павлов үйі» сияқты, мектеп пен ауруханадан басқа ештеңе қалмаса, бұған Д.А. Қонаев кінәлі емес болар?

 Осы газеттің 5-ші сәуіріндегі ел сыйлайтын қадірі бар, ата сақалы аузына шыққан Ғаббас Қабышұлы дейтін жазушы ағамыз, «Көзді жұмып, құлақты бітеп алып...» деген әлі жалғасы бар сияқты көрінетін мақаласында, Д.А. Қонаевтың атына лайықсыз пікірлер айтқан сыңайлы. Әсіресе, оның Қаныш Сәтбаевтың ең сүйікті шәкіртінің бірі – академик Шахмардан Есеновтің өзінің адалдығын айтып, Д.А. Қонаевқа жазған арызын талдағаны көңілден шыға қоймады. Оның айтысында, хатты оқыған бойда ай-шайға қарамаған бірінші хатшы, өзінің қызмет бабын пайдаланып, Шахмардан Есеновті Қаныш Сәтбаевтың ең сүйікті шәкірті болғандықтан, партиядан шығарып, қатаң сөгіс беріп, қызметін төмендетуге дәнекер болған көрінеді. «Ол дейді, – әйгілі жазушы, «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас!», Ол – Қаныш Имантайұлының танымал дарынды шәкірті, Совет Одағындағы және шет елдердегі әріптестері жоғары құрметтеуші Шахмардан Есеновті Ғылым академиясының президенті қызметінен босатуды ашық көздегендік. Одан өткен қиянат болмас».

 Иә, Шахмардан Есенов өз дәуіріндегі білікті де танымал академик болғаны рас. Оның сондай дарыны мен талантын жоғары бағалаған кешегі Сталиндік сыйлықтың лауреаты, бүнде тоқсанның төріне шығып ортамызда жүрген қарт геолог Кенжебай Көдеков ақсақал былай деп еске алады: «Мен Шахмардан Есеновтың қарауында істеп жүргенімде, 1970-ші жылдардың соңы болу керек, Кетебаев дейтін гос. планның бастығы Л.И. Брежневтің атына Д.А. Қонаевты жамандаған арыз түсірген екен. Бұл арыздың мәтіні «қырағы» тіміскілеушілердің көмегімен Шахмардан Есеновтің хатшысы Алла дегеннің жазу машинкасымен терілгені мәлім болған. Л.И. Брежнев болса, арызды Д.А. Қонаевтың қарауына жібереді. Өз кезегінде Қонаев, Шахмардан Есеновты жалақор Кетебаевпен сыбайластықта түсініп, қызметін өз мамандығы бойынша төмендетіп жіберді». Сонда қарап отырсақ, бұл жердегі мәселе Д.А. Қонаевқа емес, Кетебаев пен Алла дегендерге қатысты болып тұр. Оның бер жағында, Д.А. Қонаевтың өте жауапты қызметте жүрген Шахмардан Есеновқа қатысты төңірегін қожыратып, басшыға тән ұйымдастыру ісінде салаға ие бола алмағаны туралы жаңағыдай, қатал шешім шығаруы дұрыс деп ойлаймыз. Осы арада жазушы ағамызға айтарымыз, шындық керек болса, әлгі жалақордың жазған арызын мұрағаттан тауып, халықтың талқылауына ұсынсын! Сонда бүкіл жұрт кімнің-кім екенін, яғни Д.А. Қонаевтың халық үшін істеген қызметінің ақ-қарасын анық білетін болады. Жазушы ағамыз, өзінің сол мақаласын «түбегейлеп біліп, әділ сөйлеу, ақиқаттан аттамау, әрқайсымыздың азаматтық парызымыз екенін ұмытпайық! деген ақсақалдық ақылымен аяқтаса, мақаласының орта тұсында «Татар жігіт». Түсінікті» деген мысқыл сөзі арқылы Д.А. Қонаевтың ұлты татар дегенді меңзеген сарабдал жазушы, әлгінде өзі айтқан «ақиқатының» үлгісін көрсетуден жалтарып кетеді. Ондай жұмбақ теңеудің шешімін математиктер таппаса, мен шеше алмадым. Сол сияқты Д.А. Қонаевтың Қаныш Сәтбаевқа түрпідей, қадалуының сырын айтуды да жұмбақ күйінде қалдырып, ерекше тұлғаларды біріне-бірін қарсы қоюы да жазушының ақсақалдық пәтуасына лайық емес деп білеміз.

 Ойда жоқта, аяқ астынан КСРО сияқты алып империяның билігіне «Бос жатқан жер» деген жымысқы саясатты ойлап тауып, «Тың игеру» дақпыртын жүзеге асырумен отарлау мен орыстандырудың ең қитұрқы, да ең жеңіл амалын тапқан Н.С. Хрущев келген кезде ол, республиканың басшылығында жүрген Д.А. Қонаевтың халық алдындағы беделіне бола, оны республиканың басшылығынан мүлде аластауға батылы жете қойған жоқ. Н.С. Хрущевтың «жылымық» кезінде Қазақ КСРО министрлер кеңесінің төрағасы бола жүріп, елге қамқор болу – Д.А. Қонаев сияқты текті, әрі көреген адамның ғана қолынан келетін іс екенін «жүгеріші көсем» жақсы білді. Ал сол уақытта Өзбекстан КСР-на өтіп кеткен жер мәселесін, тура осы кезде Қазақ КСРО атқарушы комитетінің бірінші хатшысы болған, ұлты жағынан ұйғыр болып келетін Исмайл Юсуповтың орыс-ұйғыр-өзбек болып келетін үштік саясатынан іздеген дұрыс. Себебі, бәріміз білетіндей, бүкіл кеңес әскерлері «Жеңіс маршалы» деп қадір тұтқан, 4 дүркін Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген Г.К. Жуковтың өзін тырп еткізбеген Н.С. Хрущевқа Д.А. Қонаевтың сөзі қалай өтеді? Осыны біле тұра, біздің жазушымыз, Өзбекстанға екі ауданымыздың территориясы өтіп кеткенде, Қонаев бұған қарсы тұра алмады дегісі келеді. Оның әлгі «далбасасының» төркіні де осында. КСРО-ның билігіне Л.И. Брежнев келетін тұста жазушы айтатын: «ішек қарнымен араласып кеткен достар», сондағы жер дауын ішінара Қазақстанның пайдасына шешсе, бұл «далбаса» көрінеді. Кешіріңіз! Бұл – тұлғалы адамға қаратып, негізсіз айтылған және ақсақал адам үшін тұрпайы қолданған, әрі бұрынғы қазақтар мүлде қолданбаған өте ауыр да, қарабайыр сөз. Егер Д.А. Қонаевтың басқаға кеткен жеріне жаны ашып, жүрегі ауырмаса, жазушы айтатын әлгі «Ильич» атты жан досының бүйрегі Д.А. Қонаевқа қарай бүлк етпеген болар еді. Оны былай қойғанда, біздің белгілі жазушымыз, КСРО кезіндегі азаматтарға Ерен еңбегі үшін берілетін ең мәртебелі белгінің қадірін түсіріп, қасиетін кетіріп сөйлей келеді де, «Димекең үш Алтын жұлдызды Ильичтің қолынан алды»,… Лекең досынан несін аясын!» деген мысқыл сөзге қарағанда, Л.И. Брежнев сол жұлдыздарды өзінің жекеменшігі болғандықтан, жан досына қалтасынан суырып бере салған сияқты. Мен айтайын, мұныңыз тіпті, шектен шығушылық. Д.А. Қонаев ондай құрметті белгіні көніңіз, көнбеңіз, КСРО-ның сол кездегі талабына сәйкес, өзінің табан ақы, маңдай терімен алған болатын. Егер, сол кезде Қазақ КСР-і Одақтастар ішіндегі кеңестік экономикадағы жалпы көрсеткіш бойынша 3-і орыннан түспеген болса, бұл жетістік, бүкіл КСРО халқының көз алдында болған тарихи құбылыс еді. Біле білсеңіз, жазушы жолдас! Дос дегендер тарихтағы Жамұха мен Темужин сияқты ант беріп, төс қағыстырып жатады. Ал Л.И. Брежнев пен Д.А. Қонаев болса, өзіңіз айтқандай, елдің алдында бірінің ішегін екіншісінің қарнына жалғайтын салтанатты рәсімді өткізбеді. Әуелі бұл үрдіс, баяғы Абылай сұлтанның Әбілмәмбет ағасымен бірге барып, Ресейге бодан болатын сорақы достығына мүлде ұқсамайды. Керісінше, бұл үрдіс түсінген адамға, елінің болашағы үшін ретін тауып, тігісін жатқыза жүріп, орыс патшасының тікелей өзімен достасқан дипломатияның жоғарғы түріне жатады. Бұл арада ешкімге алты аласы, бес берері жоқ, оқ пен оттың ортасында қан мен тер кешіп, сұрапыл соғысты басынан өткізіп келіп, Қазақстанның Д.А. Қонаев сияқты дара тұлғасына үнемі қамқор болған Л.И. Брежневті сыртқа тебудің ешбір қисыны жоқ. Ол бар болғаны, сол кездегі бақа түскен батпақпен лайланған «тотолитарлық» деп аталатын суға түсіп, содан тұншығып шыға алмай қалған көптеген қара басты шабақтардың бірі ғана болатын.

 Ғаббас Қабышұлы, Д.А. Қонаев жазушы Әнуар Әлімжановты қудалады дегенді айтса, онда сол жазушының 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне баға берген «Қазақ әдебиеті» газетінің 1987 жылғы 9 қаңтардағы «Алматыда не болды?» деп аталатын мақаласын оқығанда, Д.А. Қонаевтың Әнуар Әлімжанов туралы, өз кезегіндегі, ұстанған позициясының дұрыстығына көз жеткізуге болады. Бірақ ол біздің қарт жазушымыз айтып отырғандай, әдейі ұйымдастырған «қудалауға» жатпайды. Ол – кадр таңдауда кісі тани білетін сарабдал басшының көрегендік әрекетіне көбірек ұқсайды. Енді сондағы мақаласында Әнуар Әлімжанов не айтқан екен? Оның мақаласынан мынандай жалғандықтар мен көтеріліске шыққан жастарға лағнет айтуды байқаймыз. Ол айтады: «Бәрі де Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы өткен күннің ертеңінде басталды. Пленум шешімдерін коммунистер мен еңбекшілердің көпшілігі негізді де заңды деп қабылдады, деп толық сеніммен айтуға болғаны. Сөйткенмен кейбіреулердің азғыру, алдап, арбау және қорқыту арқылы өмір тәжірибелері жоқ, саяси сауаты төмен жастарды көшелер мен алаңдарға алып шығуға қолы жетті. Өмірдің өзі әлдеқашан сызып, лақтырып тастаған, тарихтың ең тұнжыр қойнауынан суырып алынған ұлтшылдық ұрандар пайда болды. Бұл тобырға бұзақылар, маскүнемдер, мен қоғамға жат пиғылды адамдар келіп қосылды. Металл, білік таяқ, таспен қаруланып, шектен шыққан бұзақылар азаматтарды ұрып-соғып қорлады… магазиндерді, жатақханаларды және басқа да қоғамдық үйлердің терезелерін қиратты». Осыған қарап, Әнуар Әлімжановты жалақор демеске шара жоқ. Дәл осы жазушының әріптестері, тіпті, Желтоқсан көтерілісіне тікелей қатысқан кейбір жазушысымақтар, Д.А. Қонаевты жатта кеп кінәлап, бас-көз жоқ қаралауға әбден бойын үйретіп алғанына қарағанда, кезінде Д.А. Қонаевқа есесін жіберіп алған, өкпесі қара қазандай, кекшілдердің бейшаралық әрекері-ме деп қаласың!?

Тегтер: тұлға естелік парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:05
«Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:00
Не істеу керек?
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 17:36
ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 16:30
Ораз Жандосов Бағдат Мусиннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 15:27
Тоқаев Қырғызстанға барады
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 18:47
«АМANAT» партиясы референдумды қолдау мақсатында Қонаев қаласы тұрғындарымен кездесті

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56