Қонаевқа неге соқтыға береміз?

Табеевтің мақаласы: Біле тұра білмеген боламыз

Сәбетбек ЕРКІНБАЙҰЛЫ

14.04.2021, 09:08

2434

Журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеевтің 2020 жылдың 11 желтоқсанында «Қордайдағы қазақ-дүнген қақтығысы 86-жылдың жаңғырығы», 18 желтоқсанда «Камалиденов «маскүнемдер» мен нашақорларды» қолдан жасады» атты мақалалары «Қала мен дала» газетінде жарық көрді.

Қайым-Мұнар Табеев мақаланың «Қонаев? Оның тұсында 700-ден аса қазақ мектебі жабылды» атты бөлімінде былай деген: «… Алайда қанша жерден мақтап әспеттесек те, Қонаевтың руханият саласында тек «орыстандыру» бағытын ұстанғанын жасыра алмаймыз. Оның кезінде 700-ден аса қазақ мектебі жабылып қалғаны шындық. «Жаптырмаймыз» десе, билік қолында тұр еді ғой». Автор тағы бірқатар адамдардың тіл мәселесіндегі пікірлерін тілге тиек етіп, бәріне Қонаевты кінәлі етіп шығарыпты.

Мен соған дейін Қайым-Мұнарды тыңғылықты зерттеушілер қатарына қосып, өзіне сырттай болса да, құрметпен қараушы едім. Қателескен екенмін. Қазақ тарихтың қасіретті жылдарында ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай «мың өліп, мың тірілген» жоқ па?!  1928-29 жылдардағы тәркілеу кезінде қазақтың байлары құл-құтандарымен Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран асқан. Қалың ел жайлаған кең дала солай босап қалды.

1931-33 жылдардағы аштық 3 миллионға жуық қазақты жалмап кеткен жоқ па?! Ұлтымызға бұл қасірет аз болғандай, соғыс жылдарында шейіт болған 1 миллионға жуық қазақты қосыңыз. Арқаның даласы елден мүлдем босап қалған. 1960 жылы Қонаев билік басына келген кезде қалған қазақтың саны 2 млн 400 мыңдай ғана екен (1986 жылға дейін 6 млн 700 мыңнан асты). Республика тұрғындарының 18-20 пайызын ғана құрапты. Ұлан-ғайыр жерімізде олардың бар-жоғы да білінбеген. Жергілікті ұлт өкілдерінің саны мүлдем аз болған соң да, Хрущевтың жерімізге көз тіккені сол. Халықтың саны көп мәселені шешуде үлкен рөл атқарады.

Ұлты неміс, жаны қазақ болып кеткен жазушы Герольд Бельгер бір сұхбатында: «Бір жолы Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуміз Ленин даңғылының жоғарғы жағындағы шағын саябақта әңгіме-дүкен құрып отыр едік, жол шетіне бір ақ «Волга» келіп тоқтады. Кабинадан жеңіл киінген ұзын бойлы кісі шықты. Әбдіжәміл: «Қонаев ақсақал ғой, жүр, сәлем берейік», – деген соң, солай қарай беттедік. Ол жылы шыраймен амандасты. Үшеуміз ұзын арқалы орындыққа жайғастық. Әбдіжәміл сөз арасында 700-ге жуық қазақ мектебінің неге жабылып қалғанын сұрады. Ол 1950 жылғы КОКП ОК-нің «Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру жөніндегі» қаулысын айта келіп, мән-жайды арыдан түсіндірді. Айтқандары дәлелді болған соң, менің құлағыма кірді. Өйткені сол кездегі жағдай менің көз алдымда өтті ғой. Алапат аштық, сұрапыл соғыстың салдарынан қазақтың даласы қаңырап қалды емес пе?! Мен өскен Солтүстік Қазақстан облысындағы үш-төрт үйден ғана тұратын ауылдар аудан орталығынан 80-100 шақырым қашықтықта еді. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Сол үш-төрт үйлі ауылдарда жас құралыптары әрқалай үш-төрт бала ашық-тесік жайда оқитын. Бірі бірінші, екіншісі төртінші, үшіншісі жетінші сыныптың оқушылары. Мұғалімі де әйтеуір хат таниды демесең, сауаты шамалы біреу. Соғыстан кейінгі жылдарда үкіметтің сол ауылдарға дейін жол салып, электр желісін тартатын шамалары болған жоқ.

1954 жылы тың көтеріліп, сырттан еуропалық нәсілдегі жандар ағылды. Жаңа совхоздар мен аудан орталықтары бой көтерді. Әлгі шағын ауылдарды орталық комитет пен үкіметтің әлгі шаруашылықтарды ірілендіру қаулысына байланысты жаңа совхоздар мен аудан орталықтарына жинақтау жұмыстары жүргізілді. Қазақ балаларының саны мүлдем аз. Жеке мектеп ашуға келмейді. Оларды әр ауылдан аудан орталығындағы интернатқа жинап, балалар саны көп орыс мектептерінде оқытты. Солай үш-төрт үйден тұратын алыс-алыс ауылдардағы мектептер жабылды». 

 Жазушы Бельгер жалған сөйлейді деп айту ағаттық. Ол өз көзімен көргендерін баяндаған. Ел ішіндегі жағдай солай болса амал нешік. Сталин басқарған ОК қаулысын орындамай көр. Ал Табеевке сондай қияндағы үш-төрт үйден тұратын ауылдың жағдайын басынан өткізбеген соң қайдан білсін.

Дінмұхамед Қонаев өмірден өткен соң, ел ішінде әрқалай сөздер айтылып жатты. Тіптен қисық-қыңыр пікірлер ақпарат құралдарында да жарияланған. Солардың бірі 1962-64 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болған Исмаил Юсупов 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «С чистатой помыслов» атты кітабында: «Қонаев – ұлты бойынша татар. Қонаевты және оның ата-анасын менен басқа ешкім де білмейді десем, асыра айтқаным болмас. ...Қазақстан басшылығына ұлттық кадрды ұсыну жөнінде мәселе қозғалған кезде Д.А.Қонаев бір түнде өз төлқұжатын құртып, орнына «ұлты – қазақ» деп жазылған жаңасын алған».

Юсуповтың бұл сандырағын ескермей-ақ қоюға болар еді. Бірақ арамызда Қайым-Мұнардан басқа да оның осы сөзін малданып жүргендерді қайда қоясың? Оңтүстік Қазақстандағы үш ауданды өзбектерге бергізіп, қазаққа қастық қылған Юсуповтан цитата алғанын қайтерсің. Кавказ, Балтық жағалауындағы халықтар ондайларды ауыздарына да алмайды. Ешкім де өз тегін, өз сүйегін сатпайды. Қонаев өзінің қазақтығын, өз ұлтын жанындай сүйетінін адал ісімен дәлелдеп кетті. Өмірінің соңғы кезеңінде, жаны Алланың алдына біртабан жақын тұрған кезде жазған «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабының алғашқы бетіне Ақарыстан бастаған ататек шежіресін өз қолымен жазып қалдырды. Рас, арғы бабасы Қонай татарға үйленген. Содан Меңдіахмет туған. Ол Шелек ауылындағы Байырқызы Зәуре апамызбен тұрмыс құрып, Дінмұхамед өмірге келеді. Дінмұхамедтің сыртқы пішіні анасына тартқан. Ұлты татар деудің еш қисыны жоқ.

Қайым-Мұнар сөз орайында: «Біз осы күндері «жүзден аса ұлт тұратын...» деген жалған ұранды жиі жалаулатып айтамыз. Соның авторы кім екен деп жүрсем, ол да Қонаев болып шықты. 1977 жылы шыққан «Советтік Қазақстан» атты орыс тіліндегі кітабында бақытты ел қандай деп сауал қойып, соған жауап беріпті. «Это 19 областей, более 80 городов, 193 поселка городского типа, 248 сельских районов, где дружной семьей живут и трудятся представители более 100 национальностей и народностей». Ең өкініштісі, бұл қисынсыз өтірік осы күнге дейін жалғасып келеді», – дейді.

Қонаев қай облыста, қай ауданда жүрсе де, онда не айтса да, Мәскеу бәрін біліп отырған. Қысқасы, басқан ізі аңдуда еді. Іссапармен барған облыстардың еуропалық нәсілдегі бірінші не екінші хатшылары Мәскеуге сол бойда жеткізіп отырса ұлт жөнінде сөз айтып көр. Қонаев республикада қазақтың аз, кірменің көп екенін ешқашан есінен шығарған емес. Қайым-Мұнардың Желтоқсан көтерілісін зерттеп жүргенін білемін. 1986 жылы желтоқсанда біздің жастар империялық жүйе саясатына қарсы шығып бой көрсетіп еді, республикада тұратын өзге ұлт өкілдерінің бәрі славяндар жағына шыға келді. Жастарды қолдаған басқа бірде-бір ұлт өкілдері болмады. Сонда қазақ жастарының арандап қалғанын өзі де көрді.

Қайым-Мұнардың 2006 жылы «Дайк-Пресс» баспасынан шыққан «Қазақтың Желтоқсаны» кітабында: «… СССР бас прокуратурасының аса маңызды істермен шұғылданатын тергеушісі, генерал-лейтенант В.Калиниченко қанша тырысса да, Қонаевтың жеке басына қатысты қылмыстық істен еш нәтиже шығара алмады. Биік қызметте жүріп салдырған үйі, саяжайы, тіпті автокөлігі де жоқ. Қыруар тарту-таралғыдан бір сабақ жіп алмаған мұндай таза адамды ғұмырымда кездестірмеппін. Мысалы, өзінің 70 жылдығына бюро мүшелері сыйлаған жапонның қымбат теледидарын өзі отырған кабинетте қалдырып, шетелдік сапарлардан жинақталған сый-сияпаттың барлығын мұражайға өткізуі, академик ретінде мемлекеттен алатын 750 сом стипендиясын 25 жыл бойы №3 балалар үйіне аударып отыруы оның қарапайым жан ретіндегі тұлғасын асқақтата түседі», – дейді.

Қайым-Мұнардың бәрін біле тұра, бүгін өз пікірін бірден өзгерткені қалай?

Қонаев ұлт мүддесін ашық қорғап, қолдай бастаса болды – «ұлтшыл» атап, саясат сахнасынан тайдырып жіберетін еді. Сондықтан ұлт үшін үндемей жүріп үлкен істі тындырған. Бұл көзге көрінбейтін істер болатын. Оның жергілікті ұлттың саны көбейгенше ел ішінің тыныштығын ойлағаны сол. Оның «жүзден аса ұлт өкілдері тұратынын» айтқаны уақытша алдамшы амал ғана. Соны түсінбегендер оны орысшыл деп кінәлайды. Қазір де елде көп ұлт өкілдері тұрады. Араларында бұрынғы КСРО-ны аңсайтындар жетіп жатыр. Олардың тілімізді менсінбей жүргендері сол.

Мақаланың «Бір адам Қонаевтың кетерін күнібұрын білді» деп аталған бөлігінде Камалиденовтің «Аңыз адам» журналының 2010 жылғы №12 санында жарияланған сұхбатынан үзінді берген. «Желтоқсан оқиғасы – бұл Горбачевтың жіберген үлкен қателігі. Нақтылап айтсам, Қазақстанға Колбинді бірінші хатшылыққа жіберуінің өзі ағат қадам еді, себебі ол республиканы білмейді», – дейді Қайым-Мұнар.

Дұрысы – Горбачев қателескен жоқ. Ол Қонаевтың кезінде билікте жүрген ұлттық кадрлардың тым көбейіп кеткенін жақсы білді. Алматыда өткен тыңның 25 жылдық мерекесіне қатысқан, ОК-нің ауыл шаруашылығы жөнінде хатшысы ретінде Семей облысына іссапармен барған, 1985 жылы ОК-ке бас хатшы қызметіне сайланған соң, күзде Целиноградтағы ауыл шаруашылығы белсенділерінің жиналысына арнайы келген. Сол кездерде басшылықта жүрген кадрлардың 70 пайыздан астамы қазақтар екенін көріп-білді. Колбинді солардың санын қысқартып, империялық саясатты күшейту үшін жіберді. Бірақ жастардың қарсылығына ұшырап, дегені бола қоймады.

Автор мақаланың келесі бір жолында: «… Иә, болары болды. Өзі тәрбиелеп өсірген ізбасарларының жасы келген кезде жан-жақтан талағанына ренжіген ақсақал «Орныңызға лайықты кім бар?» деп Горбачев сұрағанда, ешкімнің атын атамауын енді түсіндік», – деп жазыпты.

Қайым-Мұнар, анау Талғат Айтбай екеулеріңнің илегендерің бір терінің пұшпағы. Басқалардың да жан жарасын сыздатқан Желтоқсан көтерілісі туралы азды-көпті материалдарын жинап, оқып-тоқығаным бар. Сондықтан да сенің мына айтқан тұжырымыңмен келісе алмай отырмын. Сен дәп осы жерде Горбачев пен Қонаевтың орнын ауыстырып жіберген сияқтысың. Керісінше, әлгіндей сұрақты Қонаев Горбачевқа қойған. Ақыр зерттеген екенсің, күніне қырық құбылған Горбачевпен ғана шектелмей, Қонаевтың кейінгі жылдары ақпарат құралдарына берген сұхбатына да зер салып барып ой қорытқаның жөн болар еді.

Қонаев 1986 жылы 11 қарашада Горбачевтың қабылдауында болып, қызметінен босату жөнінде өтініш берген. «В конце разговора спросил Горбачева о том, кто будет секретарем вместо меня. Он ответил: «Позвольте это решать нам самим» (Дінмұхамед Қонаев. «О моем времени». 265-б.).  Сен Горбачевтің сөзіне сенсең, мен Қонаевтың сөзіне сенемін. Біле білсең, Горбачев Қонаевтан пікір сұрауды арсынып, рухани жағынан алшақ кеткені қашан. Целиноградта өткен партия-шаруашылық белсенділерінің кеңесінде Горбачев Қонаевтың сөзіне құлақ аспай, жүре тыңдап, оғаш мінез танытқанын жұрт телеарналардан көріп, оның астамшылығын байқаған. Оны өзің де көрдің. Қонаев естелігінде сол жағдайды да айтқан.

Дана халық «Пендені танығың келсе қолына билік бер» дейді. Горбачев Ставрополь өлкесін басқарып жүрген кезінде Минводаға демалуға келген Қонаевты құрақ ұшып қарсы алып, қайтарында жолына құрбан болып кетердей жан ұшырып шығарып салатын. КОКП ОК бас хатшысы болып сайланысымен өңін айналдырып, мүлде басқа кейіпте шыға келді. Солай кеудесін керген Горбачев Қонаевқа иіліп, қалай жөн сұрай қойсын. Қисынға келмейді.

Сен осы мәселеге байланысты бір маңызды ақпаратты байқамай жіберіп алғансың-ау. Горбачев Қазақстанға кімді бірінші басшы етіп жіберуді Қонаевтың арыз бергенінен бұрын, сол жылы шілде айында-ақ шешіп қойған.

Зақаш Камалиденовтің 2010 жылы «Арыс» баспасынан «Өмір жолдары» атты кітабы жарық көрді. Содан әңгіме орайына қарай үзінді келтірген асылық болмас. «...1986 жылы шілде айында СССР Жоғарғы Кеңесі өтті. Жиналыс уақытында залда отырған жерімізден Н.Ә.Назарбаев, О.С.Мирошхин және мені М.С.Горбачев шақырып алды. Қабылдау бөлмесінде көптеген республика, облыс басшылары бар екен. Жекелеу тұрған бір кісі келіп, қолын беріп: «Мен Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Колбинмін», – деп өзін таныстырды. Біздің ойымызда ештеңе жоқ, тек кейін ғана түсіндім. Бізбен таныстырудың бір жолы екен...

Бір кезде қабылдау бөлмесіндегі жауапты қызметкерлерге микрофон арқылы шақырылған адамдарды біртіндеп кіргізу туралы айтқан М.С.Горбачевтің өз даусын естідік. «Казахов в конце» дегенін де құлағымыз шалды. Үшеуміз бір сағаттай қабылдау бөлмесінде кезек күтіп тұрғанда не айтамыз, қалай айтамыз деп, кезегімізді де келісіп алдық. Шақырған соң, әуелі Олег Семенович Мирошхин, сосын Нұрсұлтан Абишевич, ең соңында мен кірдім. Келісім бойынша әңгіме-хабарды Олег Семенович бастады. Орталық партия комитетіндегі қиыншылықтарды, Димаш Ахметович Қонаевтың республика басшыларына сенбестік көрсете бастағанын баяндады. Бір уақытта Нұрсұлтан Абишевич сөзге араласа кетті. «Қонаевпен жұмыс жасау қиындады. Мені бір облысқа жіберіңіз. Павлодарға бірінші хатшы болып барар едім», – деді. М.С.Горбачев оның сөзін аяғына дейін тыңдамастан: «Істей бересің», – деді. Осыдан кейін әңгіме қиюласпай қойды. Мен орталық комитеттің жұмысындағы ішкі қиыншылықтарды баядадым.

Бізді аз-кем тыңдаған соң, бас хатшы өз тұжырымын айтты. «Жұмыс істей беріңдер, ақсатпаңдар. Димаш Ахметович өтініш айтты. Тағы да 1  миллиард пұт астық тапсырайық, сосын өзім арыз беремін деді», – дегенді қосып айтты». (143-144 бб.).

Камалиденов осы кітабы жарыққа шығардан сәл бұрын «Аңыз адам» журналына сұхбат берген. Ол №12 санында жарияланды.

 Бұрын бұлар көріп-білмеген Колбиннің өзін қарадай тұрып таныстырғанында не гәп бар? Мансапқорлық. «Көп ұзамай сендерге басшы мен боламын» дегені ғой, шамасы. Солай да болды. Сол екі сағат қабылдауда Разумовский не сұрады? Камалиденов қалай жауап берді? Әрине, әңгіменің Қонаев жайында, Қазақстан компартиясы орталық комитетіндегі ахуал тұрғысында болғаны анық. Бұл – алтыбақан алауыздықты қоздыра түсу үшін билікке таласқан төртеуге итке сүйек лақтырғандай Кремльдің империялық Ресейден келе жатқан жымысқы саясаты. Біреуді қызметтен аларда «Правда» мен «Известия» секілді азулы газеттерге жеріне жеткізе сынатады. Ал біреудің лауазымын көтеретін болса, одақтық газеттерге аяқтарын жерге тигізбей мақтататын.

Содан көп ұзамай «Аргументы и факты» газетінде Колбиннің сұхбаты шығып, қайта құру саясатын қатал жүргізудің арқасында облыстағы тұралаған халық шаруашылығын даму жолына қойғанын мақтанышпен айтқан. Кейін арты ашылып, «Литгазетаның» ол туралы «Оқшантайдан шыққан адам» деген тақырыппен шыққан бір беттік мақалада өтіріктерін ашып, қатты сынап жазғанын жұрттың бәрі біледі.

Автор мақаласында: «Қонаев ел тағдыры сынға түскен ауыр сәтте ұлт қамын ойлаудан гөрі өзінің пендешілік пиғылынан аса алмапты», – дейді. Сонда не айтқысы келіп отыр? Әлде Колбиннің «Қонаев алаңға шығып, жастар алдында сөйлеуден бас тартты» дегенін малданғаны ма? Қонаев екінші хатшы Мирошхиннің телефон соғып, Колбиннің алаңға келіп, жастар алдында мән-жайды түсіндіріп берсін дегенін жеткізген соң, ОК-ке барған. «… Колбин екі адамға: Назарбаев пен Камалиденовке жастар алдында сөйлеуді ұсынды.… Араға аз-кем уақыт салып, Колбин барлық бюро мүшелерін жинап, оларға қосып мені де шақырды. Кірген бойда ол маған: «Сіз боссыз, демала беріңіз. Біз өзіміз-ақ тиісті шара қолданып, тәртіпке келтіреміз», – деді. Мен шығар алдында Мирошхиннен: «Не үшін шақыртты, неге сөйлетпедіңіздер?» – деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді: «Ақылдаса келіп, сізге алаңға шығып сөйлеуіңіздің қажеті бола қоймас деп шештік», – деді. 1987 жылы маусым айында Мәскеуде өткен КОКП орталық комитетінің пленумында маған алаңға шығып, сөз сөйлеуге рұқсат етпегенін Мирошхин тағы да растады» («Ақиқаттан аттауға болмайды». 428-б).

Бұдан артық қандай дәлел керек?

Қайым-Мұнар Табеев мақаласында біраз адамдардың Қонаев хақында айтқан пікірлерін жазыпты. Ал Қонаевтың асыл қасиеттері жайында өте жоғары пікір айтқан республикаға белгілі жандардың сөздерін тізе берсек, газет бетінде бос орын қалмас.

Қайым-Мұнар да жеті атасын жақсы біледі. Шежіре – тарих. Қазақ халқының да тарихы бай. Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрғаннан бері қаншама ғасыр өтті. Солардың жолын жалғастырып, ұлтты ұйыстырған хандардың еңбектері ерекше. Жоңғар мен қалмақтардан жерімізді қорғады. Бірақ кейінгі хандар Ресейге бодан болып қолтығына кірді. Санкт-Петербургке барып, шен-шекпен тақты. Ал Кенесары хан неге патша ағзаммен он жыл бойы соғысты? Сен осыны ойландың ба? Тарихшы Ермұхан Бекмаханов оның азаттық күресін тамаша зерттеп жазды.

ХХ ғасырдың басында патша өкіметі тақтан тайып, орнына большевиктер партиясы келді. Кеңестер Одағын құрып, ерікті елдер деп әлемге жариялады. Бірақ бұл қағаз жүзінде ғана болды. Большевиктер шын мәнінде патшалық өкіметтің империялық саясатын жалғастырды. Шексіз тоталитарлық билік Мәскеудің қолында болды. Ал Қайым-Мұнар соны біле тұра, бар билік Қонаевтың қолында тұрып, ұлтқа ештеңе жасамады дейді. Тарихтың сабағынан тәлім алсақ, кінәні арғы емес, сол патшадан шен-шекпен таққан бергі хандардан, бодан болғаннан бастап іздегені дұрыс болар. Дінмұхамед Қонаев халықтың өлгенін тірілтіп, өшкенін қайта жақты. Бар өмірін халыққа, ұлтқа қызмет етуге арнады. Ал халықтан алғаны алғыс қана.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 09:18
Тілі 7-бапқа байланған ел
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.05.2021, 07:41
Билік транзиті болмады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 12.05.2021, 07:03
Ким қазақты қайтсін...
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 15:28
Өзін «ақпын» деп ресми тілде ақталған Жоламанова қазақ тілін менсінбей ме?!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 11:39
Мұхтар Түменбай: Бұл әзілдейтін нәрсе емес!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 10:08
Риддердегі өрт: полиция тергеу бастады

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06