Қор болған тіл...

Күлтегін БЕК

14.10.2021, 09:05

744

Не деген маңдайының  соры бес  елі ел едік. Осылай  деп  айтпасқа болмай қалды. Міне, тәуелсіздікке 30 жыл деп   жатырмыз, бірақ саясат пен экономиканы айтпағанда, тіл  тәуелсіздігіне жете алмай отырған әлемдегі жалғыз ел Қазақстан  шығар. Қысқасы, рухани бостан ел емеспіз. Исі Алаш баласы үшін тіл мәселесі Абылай аспас сары белге айналғалы қашан! Тәуелсіздікке – 30 жыл. Не өзгерді? Түк те!

      Президенттің де, үкіметтің де, парламенттің де тілі теріскейдегі  көршінің тілі. Жарты құдай болып жүрген әкімқаралар ол бар. Отыз  жылда таза қазақ тілінде бір ғана заң даярланыпты. Қалғаны қай  тілде даярланатыны әмбеге аян. Әрине, англо-сакс тілінде емес.  Өз  жерінде, өз елінде қаймана қазақ сіресіп отырған ортада өз тілін қорғап шыр-пыр болып жүрген азаматтарды қуғындап, қамап  отырған да жалғыз Қазақстан.  

        Кеше ғана Павлодардағы «тілім, жерім» деп жүрген Руза  Бейсенбайтегі ұсталды. Қамалды. Бірақ жергілікті билік халықтың  дүрк көтеріліп кетуінен қорықты  ма, төрт-бес сағаттан соң   босатып жіберді. Өзге емес, өз тілін қорғап жүрген азаматшаның  ұсталуы нағыз масқара жағдай  еді. Бұл жөнінде белгілі журналист Ермұрат Бапи фб-дағы парақшасында: «Есуас билік қазақтың алдында сорақы жағдайда қалды. Масқара! Өз ана тілін қорғаған адам өз елі мен өз жерінде қамауға алынғаны естінің санасына сыймайтын есуастық!» – деп жазды. Бұдан асырып айту мүмкін  емес. 

       Оның алдында «Тіл майданы» жобасының басшысы Қуат Ахметов елден  қуылды. Тізе берсек, тіл жанашырлары соққының  үстінен  соққы  алып, теперіш көріп жатыр. Кім үшін, не үшін?  Қазақ тілі өз  жерінде өгейсімесін, мерейі үстем болсын,   ұлтаралық тіл болсын деп жүргендегі алған «сыйы» осы ма,  олардың?! Тіліміздің бағы жанбай  тұрғанына  кім  кінәлі?  Теріскейдегі көрші Ресейдің сұсы ма, әлде елімізде отырған  3,5 миллиондай  болатын славяндардың мысы  ма? Әрине, бұл  екеуінің де белгілі  деңгейде  әсері  бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ  одан да сорақысы – «Қарғайын десем жалғызым,  қарғамайын десем  жалмауызым»  демекші, тілі орыс қаракөз  қандастарымыз.

        Ана  тіліміздің, Ата заңда  мемлекеттік тіл деп көрсетілген тіліміздің өз  деңгейіне  көтеріле  алмай отырғанына осы орыстілді  өз  қазағымыз бөгет жасап отырғаны  анық. Олар үшін орыс тілі – әлемге шығатын «продвинутый» тіл,  қазақ  тілі – «ауыл  тілі»,  екінші сортты тіл. Сондай-ақ қазақ тіліне басымдық  берілсе,  өздері де,  орыс  тілінде  тілі  шығып, білім алып жатқан балалары да жейтін нанынан қағылады. Сондықтан қолдарынан келгенше  қазақ тілінің  өсіп-өркендеуін  тұсаулап  әлек. Бұлардың дені билікте отырғандар. Қысқасы,  биліктің  тілі – орыс  тілі. 

      Егер де  билікте қазақ тілінде сөйлейтіндер басым  болғанда  ана  тіліміз мұндай  масқара  деңгейге түспес еді. Айтпақшы,  онсыз да орыс  және  қазақ  тілі  болып  жарылып отырған ортаға май құя  түсейін  деді ме, билік латын әліпбиін енгізбекші. Жөн  тірлік. Дүниенің  төріне шығаратын жол – осы. Бірақ мұның өзін біздің  билік дұрыс жасап отыр деуге  келмес. Қазақтілді орта алдағы уақытта толықтай латын әліпбиіне көшпек.  Ал славянтілділер  кирилл  әліпбиінде  қала бермек.  Қысқасы,  тұтас  отырған  бір  мемлекетті  қақ  жармақ.

       Онсыз да  қазақ  және орыстілді  орта  болып отырған елге екі  әліпби жүретін  болса, оның түбі еш жақсылыққа әкелмесі хақ. «Тоқал  ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп сақалынан айырылыпты»  демекші, орыстілді ортаны қазақыландырамыз деп жүріп осы күнімізге зар болып қалмасақ нетті. «Қазір ұлтымыздың саны 70  пайызға  жетті, алдағы бес-он жылда 80-ге  жетіп қаламыз. Қазақ  тілі  ақырын-ақырын өз деңгейіне  көтеріледі. Айқайлап-шулап  жүйкені кетірудің қажеті жоқ. Тіл  мәселесі осылайша шешіледі»  деп басу айтатындар көп.  Дұрыс-ақ. Алайда биліктің тілі осылай  орыс болып қала беретін болса, мыңдаған таза орыс және  мыңдаған аралас мектеп тұрғанда қазақ тілінің көсегесі көгере қояды деу қиын-ау... 

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Олжас ҚЫЛЫШ 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Алмас НҮСІП 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?
Ақылбек КҮРІШБАЕВ 20.10.2021, 09:11
Халық кедей, квота аз – бала қайтіп оқиды?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 17:14
"Ауыл - Ел бесігі " ауылға пайда әкелді ме?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31