Қош бол, «Нұр Отан», қош, парламент!

Күлтегін БЕК

01.02.2022, 08:22

4271

Отыз жыл  тұяқ  серіппеген жүйенің көбесі сөгіліп, қоғамда бір жылымық  пайда болғандай...

Сенгің  келмейді.  Бірақ...                                                                                 «Көрмейін  десем  көзім  бар»  демекші, қаралы қаңтар бұлғағынан кейін елде бір өзгерістің өріс ала бастағаны сезіле бастады. Осы орайда, өзгесін қоя тұрып, билік партиясы  жөнінде сөз тарқатқанды жөн көрдік.

 Әдетте, алаулатып-жалаулатып өтетін «Нұр Отанның» бұл съезі  бұрынғысынан өзгерек болды. «Өзіңнен зор шықса, екі көзіңнің соры шығардың»  кері келгендей.  23 жыл партияның тізгінін  уысында ұстаған экс-президентНазарбаеворнын Тоқаевқа    босатты. Ол болса, «о тықыр мен бұ тықырдың жөні бөлек» екенін  аңғартты. Қысқасы, партияға көңілі толмайтынын астарлап  жеткізді.  «Нұр  Отанның» басшысы болып қала бермейтінін, күзге қарай бір өзгерістің болатынын, партияға реформа керектігін нақтылады. Мархабат! 

«Әлбетте, «Нұр Отан» халықтың сенімін ақтамаған партия. Жемқорлар да,  парақорлар да, жағымпаздар да, лауазымын пайдаланған шенеуніктер де осы партиядан шығып отыр. Демек,  қанша өзгерістер жасалғанымен «Нұр Отанға» сенім артатындардың саны енді өспейді.  Керісінше, кеми берері анық. Тіпті, Семей қаласында осы партияға мүше 150 адамның одан бас  тартуы соның бір көрінісі. Демек, саясат сахнасына жаңа  партиялар келуі тиіс. Жаңа партия, жаңа тұлға. Халықтың  күткені де осы. «Елде – бәсекелес партиялар салтанат  құрған кезде ғана,  әлділдік, ашықтық  орнайды.  Біз соған келуіміз керек!» – дейді  қоғам  белсендісі Азаматхан  Әміртай.

Таңқалатын, таңданатын жағдай мынау. Саясаттанушы, қоғам белсендісі Нұртаза Қадырниязов Фейсбуктағы жазбасында билік партиясы жұмысын жүргізу үшін мемлекет бюджетінен (2004 жылдан бері)  46 миллиард 981 миллион теңге (186 млн. 137 мың  доллар)  алғанын келтіріпті.  Тек – 2020  жылы 6 млрд. 563 млн. 794  мың  теңге (күніне  18 млн. 232 мың тенге)  мемлекеттік  бюджеттен алған. Аз қаржы емес. Өте қомақты. Бірақ осындай миллиардтарды  мемлекеттік бюджеттен «сорып» отырған «Нұр  Отан» халықтың сенімін ақтады ма? Қайдам? Бұқараның пікірі  керісінше? Сонда елдің сенімін ақтамаған осындай «қомағай» партия Тоқаевқа не үшін керек деген ой туады. Бұл партия алдағы уақытта Тоқаевқа да абырой әпермесі хақ. Айтпақшы, осы жолы «Нұр  Отанның» саяси кеңесінен біраз адам шығып қалды.  Олар – мәжіліс депутаты  Дариға  Назарбаева, экс-премьер-министр,  Асқар Мамин,  мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, мемлекеттік хатшы Ерлан Карин, ҚР Украина мен Молдовадағы елшісі Дархан Кәлетаев, бизнесмендер Болат Өтемұратов, Эдуард Огай, сондай-ақ Бауыржан Байбек, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да партиядан аластатылды.  Ал саяси кеңестің құрамына президент Қасым-Жомарт Тоқаев, сенат пен мәжіліс спикерлері Мәулен Әшімбаев пен Нұрлан Нығматулин, президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов енді. Бұл да партияға жасалатын реформаның алғашқы сатысы деуге болады. Дегенмен, «балапанды күзде санайды» демекші, президент Тоқаев  партияның кезектен тыс съезінде де, кеше «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында да «Нұр Отан» партиясы мен парламентте үлкен өзгерістер болатынын шым-шымдап айтып  қалды. Демек, көкжиек көрінді. Яғни, күзде парламент тарайтыны, жаңа сайлаудың өтуі ғажап емес. Сондай-ақ билік партиясында түбегейлі өзгерістер болатыны да анық. Тіпті, партияның атауы да өзгеруі мүмкін. Қазақтың «нұр» деген керемет сөзі қазір жұртқа түрпідей тиіп, кері әсер бере бастады. Бәлкім, партия енді өз атауын «Атамекен» немесе басқаша өзгерте жатар. Десек те, «Бейшараның тастаған таяғы, сорлыға тиіптінің» кері келмей, халықтың қамын жейтін парламент жасақталса, елдің сенімін ақтайтын партия қайта  құрылса, кәні! Онда – Тоқаевтың ел алдында берген уәделерінің  орындала бастағының куәсі боламыз, олай болмаған жағдайда «Баяғы жартас – сол  жартас», деп бас шайқап қалмасақ болғаны...

Тегтер: партия сайлау саяси партия саясат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 14:15
Алматы тұрғыны Әл-Фараби бойындағы тұрғын үй құрылысына шағымданды
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 10:38
Смайылов қант монополисінің қызметін тексеруді тапсырды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 15:56
Назарбаев елордада жаңа мешіттің ашылуына қатысты
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 13:39
Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Нигерия күдіктіні Қазақстанға экстрадициялауға әлі жауап берген жоқ
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 11:37
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы тағайындалды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 09:09
Бақытжан Сағынтаев жаңа қызметке сайланды

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49