Қуанышалинмен қоштасу

Қанат ТІЛЕУХАН

23.05.2023, 09:40

2399

                                                     «Өлейін деп өлмейді өлерлік жан»

                                                                                                               АБАЙ

Алматының орталық мешітіне аса көп адам жиналмады. Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалин жайлы қаралы пост жазып, оған лайк басып, пікір қалдырған әлеуметтік желінің қалың қара нөпірі көрінбейді. Интернет-активизм мен өмір мүлде бөлек.

Жиналған көпшілік топ-топ болып тұр. Шаршаған, қажыған азаматтық белсенділер. Кейбірін митингіде көргем, кейбірін сөзінен кім екенін аңғарасың. Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы, Қазақ Пен клубының басшысы Бигелді Ғабдуллин, актер Бекжан Тұрысты көзім шалды. Аспан бұлттанып тұр. Пушкин көшесінде аздаған кептеліс. Жол полициясының эвакуаторға арналған көлігінің артына мопед мінген бір жас жігіт соғылыпты. Басындағы каскасы ұшып кеткен. Құдайға шүкір, аяқ-қолы сау. Арқасына «доставка» деген жазуы бар қорапты артып алған… Мешіттің қақпасына кіреберісте бет жүзін әжім басқан кәрі кемпір қайыр тілеп тұр… Жолдың арғы жағында бір топ жас жігіт өткен-кеткендерге «сотка аламыз, сотка сатпайсың ба?» дейді...

Бір мезетте «жаназа намаз, жаназа намаз» деген дауыс шықты. Сапқа тұрдық. Табытта Жасарал аға жатыр. Үстін жасыл түсті плюш матамен жапқан. Әйелдер жағы сөзін тыя бастады. Тек мүгедектер арбасында отырған саясаткердің жары, ақын Айсұлу Қадырбаева солығын баса алмай, үнсіз ғана жылап отыр.

Алғаш рет Жасарал аға мен Айсұлу апамызды Алматыдағы үйсіздердің көтерілісінен кейін бір жылға жуық өткен «Шаңырақ сотында» көрдім. Қуанышалин – қоғамдық қорғаушы. Екі көзінде от ойнаған, шашын әдемілеп төбесіне түйіп алған Айсұлу апамызбен өзін қашан да байсал ұстайтын ағамыздың жұбы жазылмайтын. Қатар жүреді, қатар тұрып сұхбат береді. Тек дәлел, дәйекпен ғана сөйлейді. Әлі есімде, сотта Қуанышалин: «Билік – қылмыскер, ал мына сотталып жатқан жігіттер нағыз қаһармандар» деп еді.

«Шаңырақ ісі бойынша 25 адамға жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, билікке бағынбады, адам өлтірді» деген айыптар тағылды. Арон Атабек, Құрманғазы Өтегенов, Ерқанат Тараншиев, Рүстем Тұяқовтар алды 18 жылдан 12 жылға дейін сотталды. Сырттай сотталғандар да болды. Жадыра Нұрымғожина толық ақталып шыққан еді. Сегіз айға жалғасқан сот процесінен Жасарал аға бір рет те қалған жоқ. Жиырма бес адамның жиырма бірінің босатылуы осы Жасарал аға ортасында жүрген сол кездегі оппозициялық күштер мен журналистердің еңбегі болатын. Күрес бұнымен тоқтаған жоқ, Жасарал аға соңына дейін төрт азаматқа араша сұраумен болды. Жиырма үш жасында он екі жылға «Шаңырақ ісі» бойынша сотталып, жазасын толық өтеп шыққан Рүстем Тұяқов бостандыққа шыққанда осы Жасарал ағамызды сұрады. Оған куәміз. «Түрмеде отырғанда Жасарал, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов бастаған ағаларымыздың көмегі көп тиді. Қорғаушының ақшасы, түрмедегі керек-жарағымызға дейін алып берді. Жасарал ағаның өткір-өткір сұхбаттары мен мақалалары бізге тура мағынасында қорған болды. Түрме қызметкерлері артық тиісе алмайтын» деп еді бір әңгімесінде Рүстем құрдасым.

Жасарал аға табиғатынан компромиске бармайтын саясаткер еді. Келісімпаздық дегенді білмейді. Айтқанынан қайтпайтын күрескерлер санатынан. Тәуелсіз журналист Алдан Айымбетов, диссидент Кәрішал Асанов, режиссер-диссидент Болат Атабаев төртеуін осы мінез жақындастырды. Жарықтықтар-ай… Енді төртеуі де арамызда жоқ. Келісімпаз, ымырашылдар қаптаған кезде «қайраса қайта жетілетін» ағаларды сағынасың.

Қуанышалин компромиске баруды принципсіздік деп түсінді. Құбыла кететін, тиянақсыз, ыңғайшыл саясаткерлерге жаны қас болды. Тек өз оппоненті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның элитасын ғана емес, оппозицияның өзін де аямай сынады. Демократиялық күштердің Қуанышалинге теріс қараған кезі де болды. Бірақ олар Жасарал ағаның, соның ішінде өзін де сынағанын түсінбеген сияқты.

Бойдағы қайтпас мінез, сөзден айнымайтын қасиет әке бойынан дарыған сияқты. Олай дейтінім – саясаткердің маған берген сұхбатындағы әкесі жайлы әңгімесі.

Минажадин ақсақал екінші дүниежүзілік соғыс бастала сала майданға аттанған екен. Беларусь жеріндегі кескілескен бір ұрыста контузия алып, тұтқынға түскен. Алғашында фашистердің Польшадағы концлагерінде отырыпты. Германия жаулап алған басқа елдердің қалаларында да жазасын өтеген. Неміс әскері шегінгенде Францияның Альби және Тулуза деген қалаларындағы концлагерьде кезек-кезек отырыпты. Тұтқындар грузин, қырғыз, қазақ ұлтының өкілдері болған екен. Шымкенттік Ахмет Бестаев, жамбылдық Жаманқұлов дейтін азаматтармен тізе қосып тұтқыннан босап шығады. Содан оңтүстік Франциядағы бірінші партизандық полкын құрып, ұрысқа түсіпті. Бұл полк француздардың МАКИ деп аталатын неміс фашистеріне қарсы көтерілген қозғалыстың құрамына кірген. Соғыс аяқталғанда НКВД Жасарал ағаның әкесін көп сүйрелепті. Майдангерді партизандық соғыстағы ерлігі үшін берілген Шарль Де Гольдің алғыс хаты аман алып қалыпты. Жасарал аға Де Гольдің алғыс хатының арқасында әкем аман қалып, біз дүниеге келіп едік деп еді.   

Саясаткер тым қарапайым тұрды. Мәншүк Мәметова мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйдің бірінші қабатында бір бөлмелі алақандай ғана пәтері болды. Қазір есімде, қалғаны жерде үйіліп жатқан кітаптар, газет пен журналдар және кішкентай үстелдің үстінде шаң басып тұрған ноутбук. Видеотүсірілім жасауға қолайсыз еді, сондықтан үнемі үйінің артына шығып, сұхбат алушы едік. Қашан да нақты сөйлейді. Өзін барынша сабырлы ұстауға тырысады. Эмоциясы, екі көзі көзілдіріктен шығып кете жаздап, бет жүзі дірілдеп білінетін. Менімше, Жасарал аға тіршілікке бейім болмаған сыңайлы. Тіркелмеген «Алға» партиясының басында тұрған Мұхтар Әблязовты ақшасы үшін жағалап, содан пайда сауғандар да болды. Жасарал аға алғалықтардың қатарында өз саяси идеясын іске асыру үшін жүрді. Көзінде сол баяғы көзілдірік, иығында көз үйренген көнетоздау кәстөмі түскен жоқ.

Марқұмның сүйегін қабірдің басына апарғанда қатарымыз тіпті селдіреп қалды. Оппозиция ақсақалына Кеңсай-1 ден орын бұйырыпты. Қоғамдық белсенді Ғабиден Жәкей: «Жерлейтін орынды алу қиын болды. Марат аға Тоқашбаевты алдыға салып әрең алдық», – деді аз-кем әңгіме арасында. Алматы әкімдігі жерді жарқабақтан берген екен, кезектесе тұрып топырақ салдық. Құран оқылған соң ешкім сөйлеген жоқ. Қаралы топ қабірстанда көп аялдамай, етекке қарай түсті. Ағаның нәзіріне барғымыз жоқ. Аспан әлі бұлттанып тұр. «Азаттық радиосындағы» әріптестермен төменге түспей, жас молаға бет сипап, жоғары көтерілдік. Жері тегістелген алаңқайда бес-алты зират тұр. Шетінен еңселі, көк мәрмәр тастан соғылған. Видеокамера орнатылған, арнайы қарауылдың үйі тұр. Бұл жерге қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жерленіпті. «Жатқан жерлері жайлы болсын» деп, іштей дұға жасап келеміз. Алдымыздан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаевтың моласы шықты. Иегін қолына сүйеген Айсұлтанның суреті бізге қарап тұр. Көк таста «Мен ұйықтап жатқаным жоқ, өлгенім де жоқ. Бекерге көз жастарыңызды төкпеңіздер» деген жазу жазылған. Ал Жасарал аға төменде жатыр. Жаңбыр жауған жоқ...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 16.09.2023, 12:33
Ет туралы ертегі
Жарас Кемелжан 16.09.2023, 10:20
Нұрбек «мәселенің қараңғы түрін» біле ме?
Айгүл Баба 16.09.2023, 09:30
Сазда жатқан Ким балшықта отырған Путинге келді
Сайт әкімшілігі 15.09.2023, 10:30
Сот Арыстанбек Мұхамедиұлының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 10:30
Ұлттық басылымдарды жабылудан сақтап қалған Алтынбек еді...
Қуаныш Қаппас 14.09.2023, 10:00
Өрісі кең, жолы тар қазақ ураны

Аңдатпа


  • Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
    16.09.2023, 13:50
  • Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен 2 адам ұсталды
    16.09.2023, 13:15
  • Алматыда Астана алаңы мен Сәтбаев көшесінің бір бөлігі жабылады
    16.09.2023, 12:52
  • Ет туралы ертегі
    16.09.2023, 12:33
  • Біздің қоғам шындықтан қорқады
    16.09.2023, 10:55