Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?

Еркенұр ҚОНЫСБАЙ

26.05.2023, 09:13

2664

Жергілікті жерлерде мәслихат депутаты деген мемлекеттік қызмет бар. Негізгі міндеті – халық пен билік арасында делдал болып, әкімдіктерге арыз айта барған халықтың мәселесін, мұң-мұқтажын шешуі керек. Яғни басты міндеті — азаматтар мүддесін қорғау, құқығы бұзылса, қалыпқа келтіруге тырысу.

Алайда елімізде мәслихат депутаттарының мұндай белсенділігі байқалмайды. Есесіне, олардың шешімімен жергілікті жерлердегі қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттағанын, коммуналдық қызметтер көтерілгенін естіп жатамыз. Тіпті соңғы кездері мәслихат депутаттары халықтың құқығын қорғамақ түгілі, қара бастарының құқық бұзушылығын, этикаға жат қылықтарын, құқыққа қайшы ісінен соң мандатынан айырылып қалғанын жиі естіп жатырмыз. Соңғы бір ай көлеміндегі еліміздегі мәслихат депутаттарына қатысты келеңсіз жайттарға шолу жасасақ көп нәрсені түсінеміз.

Депутат 457 миллион теңге үшін қамалды

Жақында Ақтөбе облысында мәслихат депутаты 457 миллион теңгеге алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің мәліметінше, ол заңсыз несие мен субсидия алған. Қазіргі таңда күдікті депутат ұсталып, қамауға алынды. «Шаруа қожалығының атынан өтінім беру арқылы ол іс жүзінде жоқ мал басы үшін заңсыз субсидия алды. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 600 бас ірі қара мал сатып алуға «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ берген несиені заңсыз алды. Залалдың жалпы сомасы 457 миллион теңге болады», – делінген Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі таратқан мәліметте.

Мәслихат депутаттары қай елдің сойылын соғып жүр?

Мамыр айының басында Алматы мәслихатының депутаты Анна Башинская халықтың наразылығынан соң мандатын тапсырды. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийдің Deutsche Welle-дегі мәлімдемесіне «Қырымның орнына Түркияға шабуыл жасауға» ұсыныс білдірген пікір қалдырған. Пікіріне халық наразылық танытқан соң депутат парақшасында ойланбай жасаған әрекеті үшін кешірім де сұрады. Артынша, мандатын тапсырған.

Башинская мандатын тапсырған соң іле-шала Петропавл қаласының мәслихат депутаты, Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің мұғалімі Павел Афанасьев Украинаның президенті Владимир Зеленскийді Тelegram-арнасында мазақ етіп жазба жариялаған. Арада көп уақыт өтпестен мәслихат депутаты әлеуметтік желідегі жазбасын алып тастаған. Жазбасын алып тастаған соң депутаттың әрекеті жазасыз, мандаты да өзінде қалды.

Жартылай жалаңаш депутат...

Осы айда мәслихат депутатының атын жағымсыз жағынан шығарған тағы бір оқиға болды. Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримованың әлеуметтік желідегі әрекеті халықтың наразылығын туғызды. Желіде тараған видеода жартылай жалаңаштанған депутат өзіне қарсы пікір жазған қыздарға «Мекенжайларыңа барып, күйеулеріңнің немесе ұлдарыңның, әкелеріңнің басын айналдырып алып кетемін», – дейді.

Даулы мәселеден соң Павлодар қалалық мәслихаты «шара қолданамыз» деген, бірақ мәселе жабулы күйінде қалды. Қалалық мәслихат төрағасы Қобланбек Қожин мәслихат туралы заңда депутаттардың киім үлгісі туралы жазылмағанын айтып, Даримованы ақтағандай болды. Ол кейде нәзікжанды депутаттар сессияға кеуделерін жартылай ашып, ашық-шашық келе беретінін де айтып салды.

Павлодар қаласындағы №8 сайлау округінен депутаттыққа түскен Гүлжайна Даримова бұл әрекеті үшін еш ұялмайтынын жеткізген. «Жазылып жатқан пікірлер мен үшін маңызды емес. Менің видеомды бір «есі дұрыс емес» жариялап жіберіпті, мейлі жаман жарнама да жарнама. Маған бәрібір. Қажет болса өз мандатымнан бас тартуға дайынмын», – деген.

Сөзінен өзін кінәлі сезіну мүлдем байқалмайды. Яғни мандаты үшін қиналып, халық алдында жауапкершілігінің салмағын сезініп тұрған депутат жоқ.

         

«Олар мәслихатқа бизнесін қорғау үшін барады»

Мәслихат депутаты өз жұмысын дұрыс істемесе не істеу керек, олардың жауапкершілігін қалай арттырамыз деген сауалды заңгерлерге қойып көрген едік.

Заңгер Руслан Қожахметтің айтуынша, мәслихаттар сайтында барлық депутаттың байланыс деректері, жұмыс кестесі және қабылдау орны көрсетілуі керек.

«Бұл мәліметтер болмаса не дұрыс көрсетілмеген болса, демек депутат өз міндетін орындаймай отыр. Заң бойынша депутатты жауапқа тарту керек. Жазаның екі түрі бар: сөгіс беру, немесе БАҚ арқылы халықтан кешірім сұрату. Алайда осыған дейін Қазақстанда біреу мәслихат депутатына шағымданды, органдар оны жауапқа тартып жатыр дегенді естімеппін. Тіпті заңнамада шағым беру тәртібін қандай орган реттейтіні нақты көрсетілмеген. Меніңше, шағымды мәслихат пен аумақтық сайлау комиссиясына тапсыруға болады», – дейді.

 Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов теҚазақстанда өз міндетін орындамаған мәслихат депутатын бақылау тетіктері қарастырылмағанын айтады.

«Депутатқа шағымдануға болатын жер де, адам да жоқ. Ресеймен салыстырсақ, Қазақстанда жергілікті өкілдер органдарында төраға жоқ. Тек хатшы бар, бірақ оған депутат бағынбайды. Сондықтан ең дұрысы — депутат болуға лайық үміткерді сайлау керек. Бұрын округ депутатын алып тастау тәртібі болған. Бірақ кейін ол жойылып, енді азаматтар өзі сайлаған депутатқа ықпал ете және оны мандатынан айыра алмайды. Қазір депутат өз қызметінен төрт жағдайда кете алады. Өз еркімен кетсе, партиядан шықса, партия өз қызметін тоқтатса, қылмыстық жауапқа тартылса; пленарлық отырысқа қатарынан үш рет келмесе», – дейді.

Яғни мәслихат депутаттарының қызметін барынша бақылаусыз қалдырып, жауапкершілік жүгін де жеңілдетіп тастаппыз. Осыдан кейін мәслихат депутаттарының бір айдың ішінде ғана осынша абыройсыздыққа ұрынуының да себебі де түсінікті секілді.

Мәселеге орай GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы Мақсат Халық мырзаның да пікірін тыңдап көрген едік: «Қарап отырсаңыз, мәслихат депутатына сайланып жатқан азаматтар көбінесе жергілікті жердегі өз бизнес көздерін қолдау үшін сол орынға барады. Өз бизнесіне қолайлы жағдай туғызу үшін әкімдіктермен байланыста болуды көздейді. Мұндай жағдайда оларды халықтың мүддесін қорғайды деп айта алмаймыз. Халықтың мәселесін шешуге тырысып жүргендері шамалы. Бюджетті бөлу кезінде өз бизнесін қолдауға мүмкіндік туғызуға тырысып жатады. Көп жағдайда әкімдіктерге де осындай адамдар қолайлы болып келеді. Сондықтан мәслихат депутаттарының әрекеті бақылаусыз қала береді. Сәйкесінше, олар да әбден еркінсіп алған», – дейді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:57
Қазақстанда ауа райы бойынша 53 жыл бұрынғы рекорд жаңарды
Сайт әкімшілігі 14:25
Тамара Дүйсенова премьер-министрдің орынбасары болды
Жарас ШӨКЕ 07.06.2023, 15:40
«Үңгірдегі» Абаев Қақпан қапты
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 13:50
Тоқаев: Асыл құндылықтарымызды аяқасты етуге жол бермейміз
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 10:33
Смайылов қазақстандықтардың шағымына үн қатты
Сайт әкімшілігі 02.06.2023, 15:22
"Әртүрлі Қазақстанда тұратын сияқтымыз". Депутат елдегі жалақы туралы айтты

Аңдатпа


  • 100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады
    10:12
  • Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
    09:37
  • «Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
    09:01
  • Біздің жауымыз – жалған статистика
    07.06.2023, 12:30
  • «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»
    07.06.2023, 11:00