Қылмыстық топ Қырғызстанды басқара ала ма?

Батыр ЖАСҰЛАН

20.10.2020, 03:43

2627

Кезінде жұртшылықтың назарын экранға телмірткен Ресейдің «Бандитский Петербург» деген детектив телесериалын бәріміз көрдік. Дәл бүгінгі Қырғызстандағы жағдайды осымен салыстыруға болады. Алты сағаттың ішінде Ақүйге басып кіріп, мемлекеттік төңкеріс жасаған қырғыздар билікке өзге адамды әкелді. Оған президенттік лауазымды қоса берді. Ол – Садыр Жапаров.

Заңды түрде халық сайланған Сороонбай Жиэнбековты де орнынан кетірген Жапаровтың жақтастары десек, артық айтпағанымыз. Қырғыздың оппозициялық тұлғаларының бірі Өмірбек Текебаевтың былай дегені бар: «Біз президент Жиэнбековтың кабинетіне кіріп, мәселені талқылап шыққанда, ол орнында қалатынын айтқан. Ал Жапаров және Ташиевпен  кездескен күннің ертеңіне бірден отставкаға кететінін мәлім етті». Демек, революциялық төңкерістен соң түрмеден босап, премьерлікке бір-ақ секірген Садыр Жапаровтың артында да үлкен күш тұр. Он күнге жетпей, президенттің өзін отставкаға жіберген мүдделі топтың ықпалы қазір күшті. Премьер болғаннан кейін Қырғызстанның мемлекеттің қауіпсіздік қызметінің басына Жапаровтың тікелей жақтаушысы келді. Жаңадан тағайындалса да, мәлімдемесі кеше өктем шықты. Ол – Қамшыбек Ташиев. Жапаровтың түрмеден босап, жедел билікке келуіне ықпал еткен де осы Ташиев деушілер бар. Текебаевтың жоғарыда айтқан сөзі де бекер емес. Жапаров пен Ташиев кабинетіне кіріп шыққаннан кейін  Жиэнбеков президенттік лауазымнан бірден бас тартқан. 2023 жылы президенттік өкілеттілігі бітетін Жиэнбеков алайда төңкеріс барысында қырғыз халқына оқ атпаған президент болып тарихта қала береді.

Алайда қырғыз қоғамын қылмыстық топтар жайлағанын Қамшыбек Ташиевтың мына бір пікірі дәлелдей түскендей. Өмірі арнаулы қызмет саласында қызмет істеп көрмеген  Ташиев «ә дегеннен» саяси алаңды  қылмыстық элементтерден тазартатынын мәлім етті.

— Құрметті бандиттер! Сіздерге аз ғана уақыт береміз. Заңды бұзбай өмір сүріңдер! Ал оған көнгілерің келмесе, отыратын орындарың –түрме. Енді ешқайсың екі-үш «Лексус» мініп, кортежбен жүрмейтін боласыңдар. Барлықтарыңа да қатаң ескерттім. Қырғызстан енді бандиттер білгенін істейтін ел болмайды. Бұл туралы  Қамшы Көлбаевқа та ескертілді. Егер ол заң бұзса, бірден түрмеге жабамыз! – деп мәлімдеді Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы Қамшыбек Ташиев.

Ал Қамшы Көлбаев кім? Ол – қылмыстық топтың басшысы, халықаралық терминмен тура айтатын болсақ, Қырғызстандағы №1 – «вор в законе». Қазақшалай айтқанда, қылмыстық топтың серкесі. Оның «Қырғызстанды ТМД аумағы бойынша бақылаушы» деген дәрежесі бар.

1990 жылдардың аяғында қырғыз елінде қылмыстық топтың басшысы болған Рысбек Ахматбаевты өлтіргеннен кейін ол ұсталған. Бірақ Ахматбаевтың бүкіл бизнесін иеленіп үлгерген деген ақпарат бар. Артынан ол 25 жылға қамалған. 2006 жылдың ақпан айында Қамшы Көлбаев Шу облысындағы Петровка еңбекпен колониясынан қашып кеткен. 2008 жылы Ресей және қырғыз баспасөзі Қамшы Көлбаевқа  Мәскеуде «вор в законе» титулы берілгені туралы жазды. Ол АҚШ-қа кетіп, артынан ұсталып Ресейге әкелінген атақты қылмыскер  Иваньковтың (Япончик) досы болған. 2008 жылдың көктемінде Япончикпен және (Дядя Хасанмен) және халықаралық қылмыстық элитаның 30-ға жуық серкелерімен Қырғызстанның «Кристал» сауықтыру кешенінде туған күнін атап өткен.

Қылмыстық ортада  «Коля – қырғыз» деген лақап атпен өмір сүрген Қамшы Көлбаев АҚШ-тың арнайы тізімінде тұрған. АҚШ-тың барлау қызметі оны наркобизнеспен айналысатын  халықаралық атышулы «Бауырлар тобының»  белсенді мүшесі екенін атап өткен. 2011 жылдан кейін Абу-Дабиде ұсталған Көлбаев  Қырғызстанда әкелініп, сотталған.  Көлбаев алайда көп ұзамай бостандыққа шығады. Қырғыздың еркін баспасөзінің кейбір жазбаларына қарағанда, ол қазір Шолпан атада тұратын көрінеді. Қырғызстандағы ең ықпалды және өте дәулетті адамдардың бірі. Мұны неге айтып отырмыз? Жаңадан қызметке келген  Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы Қамшыбек Ташиевтің жоғарыдағы сөзі бекер емес. Ол сөзін «Құрметті бандиттер?» деп бастады. Демек, Қырғызстанда бандиттердің өзі құрметті және ықпалды болып саналады.

Басқасын былай қойғанда, қазір премьер-министр болып, әрі президенттік лауазымды қоса атқарып отырған Садыр Жапаровтың өзі қырғыз заңымен 11,5 жылға сотталған адам. Түрме көрген қылмыскер. Бірақ ықпалың күшті болса, бір түнде-ақ бостандыққа шығасың. Таразылап қарасақ, қырғыз елінде мемлекеттік қызметте жүріп қылмыскер атанғандардың ешқайсы да аяғына дейін тиісті мерзімін өтемеген. Бас-аяғы екі жыл отырып, еркіндікке жіберіле берген. Ендеше «түрме көргендер елді түлетеді» дегенге  сенуге бола ма?

Қырғызстандағы ықпалды оппозициялық тұлғалар Өмірбек Текебаев пен  кезінде біздің  Елбасының қабылдауында болып батасын алған, бірақ президент бола алмай қалған Өмірбек Бабановтың да бұл жолы қос билікті қатар алған  Сабыр Жапаровқа әлі келмей қалған.

Ал биліктің қос тізгінін ұстаған Садыр Жапаров кеше үкіметтің құрамын  жария етті. 20 министрдің алтауы ғана өз орнын сақтап қалды, ал үкіметтің қалған мүшелері жаңадан сайланды. Үкімет құрамындағы ең жас министр –34-те. Үкімет құрамындағы министрлердің орташа жасы – 44. Алайда ең басты мәселе бұл емес.  Кеудесін революциялық мақтаныш сезімі билеп, бүгін билікке келгендердің  ғұмыры қаншалықты ұзақ?  Тағы бірнеше жылдан кейін қызыл тулы қырғыз елінде мемлекеттік төңкеріс қайталанып жүрмей ме? Әзірге парламенттік сайлау желтоқсан айында, ал президентік сайлау келер жылдың қаңтар айына жоспарланып отыр. Қос сайлауда кім жеңіске жетеді? Билікке бір түнде келген Жапаровтың жақтастары ма? Негізі қырғыздардың саяси температурасын өлшеп, болжап білуге болмайды. Қалай айтқанда да, жемқорлық пен қылмыстық топтардың ықпалы күшті Қырғызстанда екі қолын бос қойып, ешкім қарап отырмайды. Саяси жауырыншылардың жорамалына қарағанда, ендігі қырқыс Жапаровтың жақтастарына қарсы бағытталады. Алдағы уақытта елдегі қалған саяси күштер оған қарсы бірігуі мүмкін. Келер көктемге қарай тартыс пен бақталастық күшейе түседі. Өйткені Қырғызстанның саяси тарихы мен мемлекеттік басқару лауазымында ешкім бақытқа кенелген жоқ. Екі президенті елден қашты. Біреуі президенттік мерзімі аяқталған соң сотталды, тағы біреуі өкілеттік мерзімі аяқталмай жатып кеше орнынан кетті. Бұл – қылмыс жайлаған Қырғызстан. Десек те, бүгін билікке келген Жапаровты  жұрты қаншалықты сақтай алады? Ол – енді уақыттың еншісі...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ КЕМЕҢГЕР 09:13
Қазақ мемлекеттігіне жаһандық қауіп төніп тұр
Қайнар ОЛЖАЙ 09:05
Тіл комитетінің тісі қышып бара жатса...
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 18:42
Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 13:54
Азаматтық форум онлайн форматта өтуде
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 23.11.2020, 09:23
Сындырып, қиратудан бюджетке 48 миллион теңге шығын келген
Сайт әкімшілігі 22.11.2020, 14:49
Байбек: Nur Otan-ға 5 жыл ішінде 1,2 млн. адам жүгінді

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56