Қырғыз-Тәжік қақтығысы

Есбол ҮСЕНҰЛЫ

21.09.2022, 13:00

595

Ши төрағаның келуімен Орталық Азияда қақтығыс орын алды. Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында тағы да оқ атылды. Ежелгі дұшпан Әзербайжан мен Армения да соғысып барып тоқтады. Кеңес одағын қайта қалпына келтіруді аңсап отырған Путинге Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысын бастаған ШЫҰ-ның ақы иесі Ши төрағамен, саммитке бақылаушы ел ретінде қатысқан, Әзербайжанның артқы тірегі Ердоғанмен Украина тақырыбынан басқа талқылайтын әңгіме табылды. Қырғыз-Тәжік қақтығысы Батысқа қарсы жаңа одақ құруды көздеген Қытай басшысы үшін де, самитке қатысып отырған екі ел президенті үшін де ыңғайсыз оқиға болды.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, атыс салдарынан Қырғыз жағынан қайтыс болған адамдар саны 37-ке жеткен. Арасында антына адал шекара жауынгерлері де, мектеп, балабақша өрендері де бар. Қырғыз президенті Садық Жаппаров марқұмдардың отбасына көңіл айтып, аза тұту күнін белгіледі. «Қанында Манас батырдың қаны тулаған қырғыз жұрты бір шаршы метр жерін де жауға бермейды», деп мәлімдеді. Қырғыз тарабы Тәжіктердің соққылау аумағының көлемділігіне қарап, бұл жолғы қақтығысты «Агрессиялық әрекет» деп бағалап отыр. Шекара дауын көптен назарда ұстап келе жатқан Қырғыз депутаттары шегенделмеген ауылдарда діни ұшқары элементтер мен әсіре ұлтшылдардың әрекет ететінін айтуда. Әлеуметтік желіде автомат асынған, жеңісін тойлаған, әскери форма кисе де шені жоқ сақалды тәжік азаматтарының видеосы өріп жүр. Мәскеуде де Тәжік-Қырғыз мигранттары арасында жаппай төбелес орын алған. Тәжік тараптың да өз уәжі бар.

Қос тарап Шанхай Ынтымақтастық ұйымына да, Ұжымдық Қауіпсіздік шарты ұйымына да мүше. Бірақ бұл белсенділік екі елді тығырықтан, шекара дауынан шығара алмай келеді. Алдынғы сәрсенбі күні басталған екі елдің мемлекеттік тұтастығына ғана емес, аймақтың тыныштығына саятын кезекті жанжалға байланысты күні бүгінге дейін ШЫҰ-да, ҰҚШҰ-да, бауырлас түркі елдері «Түрік кеңесі» атынан да болмаса «Орталық Азия елдерінің ынтымақтастық келісіміне» қол қойған ел ретінде де ешкім пікір білдірген жоқ. Есесіне, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш мырза ерекше алаңдаушылық танытуда. Екі тарап қажет еткен жағдайда келісім нүктелерін тауып, шекара дауын түбегейлі шешуге атсалысатынын айтуда.

Кеңес кезінде социалистік үлкен семьяда басы қосылған Қырғыз, Өзбек, Тәжік еңбекшілері Ферғана аймағында малын бірге жайып, ортақ суаттан суғарып, коммунистік партияның бесжылдық жоспарын артығымен орындаушы еді. Өз алдарына шаңырақ көтеріп, егемендік алғалы бері шұрайлы жайылым мен су арнасын бөлісе алмай келеді. Орыс тарихшылары Шар патша жаулап алған Бұхара, Қиуа, Қоқан хандығына қараған отырықшы өзбек, тәжік, ұйғырларды «Сарт» деп, көшпенді қырғыз, қазақты «Киргиз» деп, ұлттық тегін тектемей, бір шыбықпен айдағаны белгілі. Ұлттар теңдігін желеу еткен коммунистер дүниеге әкелген аталмыш кеңестік социалистік республикалардың территориялары этностардың тарихи ерекшеліктерін ескермей, халықаралық заң нормаларын негізге алмай, саяси-экономикалық мүддені көздеп, бір жақты шешіммен бекітілді. Ұлт шекпенін жамылған мұндай қитұрқы әкімшілік бөлініс бүгінгі үй ішінен үй тігілген берекесіздікке, соғысқа себеп болып отыр. Кезіндегі кеңес басшылары мәселенің мәнін білсе де әдейі созбалаңға салып отырған. Сталин Ұлы отан соғысын, кейінгілері қырғиқабақ соғысты сылтауратқан.

Қытай сарапшылары жиілеген шекара дауын экономикалық фактордан деп санайды. Қазақстан мен Өзбекстанға қарағанда, энергия көзі тапшы екі ел тұрғындарының негізгі күнкөрісі – егіншілік пен мал шаруашылығы. Олардың ойынша Қытай-Қырғыз-Өзбек теміржолы іске қосылса, тұйықта қалған шекара аттаған ауылдар мен ұшпа жерлердің (Анклав) мәселесі оң шешімін тауып, аймақ экономикасына серпіліс әкеліп, ұлтаралық қақтығыстар да бәсеңдемек.

Тарихқа көз жүгіртсек, Польша мен Украин халқы да орыс өктемдігі кезінде бір-бірімен көп жауласқан еді. Гитлер мен Сталин саяси мақсаттарына жету үшін жоқ жерден сылтау ойлап тауып, екі елді өзара қырқыстырған. Кеңес одағы құлап, демократия орнағаннан кейін ғана саяси ойынның құрбаны болған екі ел тарихи шындыққа көз жеткізіп, өзара кешірім сұрасып татуласты. Қазір Путиннің агрессиясына қарсы күш біріктіріп, бір-біріне қолғанат болып отыр. Орталық Азияны шекара дауынан экономика құтқара ма, демократия құтқара ма, оны уақыт көрсетеді.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 16:22
Қазақстан Абай облысы арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салады
Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 12:00
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды
Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 11:45
«Ұлы дала жорығы»: «AMANAT» партиясының қолдауымен бәйге-додасы мәреге жетті
Әділ КЕМЕҢГЕР 30.09.2022, 08:34
Даниалдар «дань» төлемейді!
Жарас КЕМЕЛЖАН 29.09.2022, 08:37
Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
Еркежан АРЫН 28.09.2022, 12:39
Республика күнінің маңызы зор

Аңдатпа


  • Даниалдар «дань» төлемейді!
    30.09.2022, 08:34
  • Билік халыққа жау ма?!
    30.09.2022, 08:50
  • «Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
    30.09.2022, 08:49
  • Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
    30.09.2022, 08:48
  • Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
    29.09.2022, 08:37