Қытайды қатарға қосқан реформатор

«Дэн Сиопин стратегиясы»

Рахым АЙЫПҰЛЫ

08.04.2021, 09:12

2059

Қытай Халық Республикасының ұлы реформаторы – Дэн Сиопин жөнінде аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Бірақ осы бір алып елдің кемеңгер басшысы, Қытай реформасының бас сәулетшісін, оның саяси стратегиясының барлық қыры мен сырын терең талдап таныстырған қазақ тіліндегі  сүбелі еңбекті өз басым әлі кездестірмеппін.

Рас 2015 жылы Қазақстан Республикасыдағы ҚХР Елшілігінің қолдауымен «Орхон» Баспа үйінен ҚКП орталық партия мектебінің доценті Шын Чуанляңның «Ұлы реформатор — Дэн Сиопин» деген кітабы жарық көріпті. Оның алдында кітап Бейжіңдегі «Ұлттар баспасы»  қазақ редакциясы тарапынан қазақ тіліне аударылып басылып шыққан. Аталған кітап Қытайдағы комунистік қатаң цензураның сүзгісімен қасаң тілде, үгіт-насихат мақсатында жазылғаны көзге ұрып тұр. Оның үстіне аудармашылар мен редакция ұжымы да ерекше сақтық танытып, түп нұсқаға қалтқысыз адалдықпен аударғандықтан, сол елдің саяси тарихын терең білетіндер болмаса түсініп оқу өте қиын. Тіке сөзбе-сөз аударылған саяси теминдер Қазақстандағы қазақ тілді оқырмандаға жат, тілі жұтаң, қызықсыз кітап болып шыққан.

          Дэн Сиопиннің саяси мұрасы, стратегиясы мен тактикасы терең зерттеуді қажет етеді. Себебі, ол комунист көшбасшыларының ішіндегі реформа жасап табысқа жеткен санаулы тұлғалардың бірі және бірегейі. Ол туралы шетел ғалымдары, әсіресе, батыстың салмақты сарапшылары мен саяси тұлғалары көптеген сүбелі зерттеулер жазып қалдырды.

         Реформа жасау еркін, демократиялы қоғам үшін дұрыс жолды таңдай білсе қиын да нәрсе емес. Ал комунистер үшін өз басынан биікке секірудей қияметтің қиыны. Марксізімнің догмалары оларға ажырғы салып кісендеп тастаған. Олар билік құрған елде шеңберден шығып, басқаша ойлау қылмыспен тең. Соған қарамастан, Дэн Сиопин амалын тауып, айласын асырып Қытай реформасын сәтті жүргізді. Оның табысты болғаны соншалық Қытай экономикасы 40 жылдан аса уақыттан бері үздіксіз дамып, әлемдегі № 2 экомикалық алыпқа айналды. Реформа қарсаңындағы 1978-жылғы Қытайдың жалпы ұлттық ішкі өнім мөлшері 149 миллиярд 500 миллион АҚШ доллар, ал, жан басына шаққандағы табыс көлемі небары 156 АҚШ доллары болатын. Ал, 40 жыл өткен соң 2018 жылғы жалпы ұлттық ішкі  өнім мөлшері бір триллин 361миллиарт АҚШ долларына жетіп, жанбасына шаққандағы табыс 9770 АҚШ долларынан асты. Бұл 1978-жылғы жан басына шаққандағы табыстан 63 есеге жуық көп. Бүгінгі күнде Қытай экономикалық жақтан толағай табысқа жетіп қалмастан, қоғамдық өмірдің барлық саласында айтарлықтай жетістікке жетті. Әрине, осынау ғаламат табыстардың бастауында  Дэн Сиопиннің тұрғандығы әлемге аян.

 Мен өзім Қытайда туып, сол елдің астанасында жоғары білім алғандығым себепті Қытайдың арғы-бергі тарихын, әсіресе, Дэн Сиопин дәуірін біршама жетік білетін маман болып қалыптастым. Менің жеке тағдырыма оның реформасы тікелей ықпалын тигізді.  Өз еңбегіммен Бейжіңде оқуыма жол ашты. Жастық шағым ол билік құрған дәуірмен тұспа-тұс келді. Сол себепті де өзімді  Дэн Сиопин мектебінің түлегі санаймын. Мен бұл еңбегімде ұлы реформатордың саяси стратегиясының қыры мен сырын өз әлімше  таныстыруды мақсат тұттым.

 Мао Цзэдун мен Дэн Сиопин

Қытай Халық Республикасы тарихында екі алып тұлғаның алар орны айрықша бағаланады¬. Олар – Мао Цзэдун мен Дэн Сиопин. Мао Цзэдун – басқан ізіне қан ұйып қалатын күллі коммунист көсемдер сияқты өз жауларынан айласын асырып, найзаның ұшы, білектің күшімен Қытай коммунистік партиясын билікке жеткізіп, Қытай Халық Республикасын құрды. Ол билік құрған ширек ғасырдан аса уақыт ҚХР тарихы ғана емес, тұтас Қытай тарихындағы қаралы жылдар саналады. Оның тұсында саяси және таптық қудалау салдарынан халықтың қаймағы саналатын миллиондаған зиялы қауым, ұлттық буржуазия және өндірісті ұйымдастырушы  үстем тап өкілдері атып-асылды, түрмелерге қамалды және өз тұрғылықты жерінде бақылау астында ауыр еңбекке жегіліп, итқорлықпен өмір сүрді. Тіпті олардың бей күна ұрпақтарының да толыққанды азаматтық құқықтары болған жоқ. Олар өз еркінен тыс қанаушы таптың отбасында өмірге келгені үшін жоғары және арнаулы оқу орындарына жіберілмеді. Мемлекеттік мекемелер мен завод-фабрикалардың есігі олар үшін жабық болды. Тіпті, ержеткен жігіттердің қалыңдық айттыруы, бойжеткен қыздардың күйеуге шығуы ең шешуі қиын қоғамдық мәселеге айналды. Ал, кедейлердің де шекесі шылқи қойған жоқ. «Зор секіріп өрлеу» деп аталатын апатты жылдарда жаппай темір балқыту мен ұжымдасып халық коммунасын құру кезінде асыра сілтеудің кесірінен бас-аяғы үш-ақ жылда болған аштықтан бейресми санақ бойынша 43 миллионнан аса шаруа қынадай қырылды. Салыстыру үшін айтар болсақ, сегіз жылға созылған Жапонға қарсы соғыста 18 миллион адам өлген болатын. Одан кейінгі «мәдениет зор төңкерісі» деп аталатын Қытайдың билеуші элитасының арасындағы бақталастықтың салдарынан туындаған саяси зобалаң Қытай халқын, тіпті оның билеуші элитасының аса ауқымды бөлегін азап пен тозақтың құйғанына аяусыз тұншықтырды. Әрине, осы азап пен тозақты ұйымдастырушы және өз қолымен қан қасап қырғын салушы қанқұйлы қарақшы топтың басында Қытай коммунистерінің көсемі Мао Цзэдун тұрды.

Енді шығармамыздың бас кейіпкері Дэн Сиопинге келейік. Қытай коммунистік партиясының екінші ұрпақ билеуші элитасының темір қазығына, пір тұтар көсеміне айналған Дэн Сиопин де аспаннан түскен жоқ. Дәл осы Қытай коммунистері деп аталатын жанкешті топтың ортасынан өсіп жетілді. Ол коммунизм деп аталатын адамзатқа айықпас апат әкелген қауіпті вирусты Мао Цзэдуннан да бұрын жұқтырғанға ұқсайды. 1920 жылдың 10 қыркүйегінде 16 жастағы Дэн Сиопин   тұңғыш рет шетел асып, Францияға оқуға аттанған болатын. Франция адамзат тарихында коммунистер алғаш рет билікті тартып алып, Париж коммунасын құрған жер ғой. Оның үстіне Ресейдегі қазан төңкерісі жеңісінің дақпырты жер жарып тұрған шақ. Коммунизм елесі кезіп жүрген Еворпаға алғаш қадам басып, арман қуған албырт жасты қызыл ұрандар бірден баурап алды. Ол кейіннен Қытай коммунистерінің көшбасшыларына айналған Жоу Ынлай, Ли Выйхан қатарлы жастармен бірлесіп 1920 жылдың маусым айында Қытайлық студенттерден құралған алғашқы коммунистік ұйымға (Бұл ұйым кейін келе Қытай коммунистік партиясы Европа бөлімшесі атанды) мүше болып, 18 жасқа толар-толмас шағында қып-қызыл коммунист атанды. Тағдырдың жазуымен оның 93 жас жасаған ұзақ ғұмыры коммунистік сана-сезімнің шырмауында өтті. Әрине, ол өзі өмірлік мұрат тұтқан осы жолға қалтқысыз сенді, және осы жолда жан аямай күрес жасады. Жанкешті еңбегінің арқасында жастайынан көзге түсіп биік белестердің бірінен соң бірін бағындыра білді. Ең соңында әлемнің төрттен бір халқы мінген алып кеменің капитаны, миллиардтардың көсеміне айналды.

Дэн Сиопиннің өмірі аса күрделі, қиян-кескі саяси тартыстарға толы болды. Ол Қытайдың коммунист көсемдерінің арасында өзінің саяси ғұмырында үш құлап, үш тұрған жалғыз көшбасшы. Қытайдың арғы-бергі тарихында, тіпті, күллі адамзат  тарихында да мүмкін дәл осындай мансап биігінен үш мәрте құзға құлап, артынан түк болмағандай қайта тұрып күресін жалғастыра берген саясаткер кездесе қоймайтын шығар. Бір ғажабы, ол әр рет жер болып жығылып, қайта тұрғанда бұрынғысынан әлде қайда биік тұғырға көтерілетін. Ол АҚШ-тың кино жұлдыздарымен болған бір кездесуінде; «Егер саясат сахнасынан сүрініп, қайта тұрғандардың арасында олимпиада өткізсе мен сөз жоқ алтын медальді қанжығалар едім», деп қалжыңдаған болатын. Енді саясаткердің саяси мансабының қыры мен сырын бір-бірлеп талдап көрелік.

Ұлы Абай: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек», деген болатын. Бұл сөз қазаққа ғана емес, барлық адамзат баласына арнап айтылса да жарасатын сияқты. Саясаткер болам, халқыма қызмет етем, елімді түзеймін деген адам сөз жоқ биік мансапқа қол жеткізуі керек. Әрі ол жолдың бейнеті, тәуекелі көп, қатерлі соқпақтарға толы болатындығын мықтап ескергені жөн. Сол дәуірдегі Қытайдың Дэн Сиопинмен замандас, білімді оқыған жастарға ортақ қасиет – олардың көбінде азып-тозған, мешеулік, қараңғылық қаптаған Қытайды ел санатына қоссам деген асыл армандары болды. Оның жолы өзі құп көрген бір саяси топтың қатарынан табылып, олардың көшбасшысына айналу еді. Дэн Сиопин мансап баспалдағында тым жастай көзге түсті. 1930 жылдың мамыр айында ол жаңадан құрылған қызыл армия қосындары 7 корпусының саяси комиссары болып тағайындалды. 26 жастағы жас жігіт үшін бұл шынында да биік мансап, ауыр міндет болатын. 1931 жылдың күзінде ол Қытай коммунистерінің бақылауындағы Жиаңши өлкесіндегі советтік аймақтың (өздері осы аймақты Қытай Советтік Республикасы атайтын)  астанасы саналатын Руйжің қаласының бірінші хатшысы болып тағайындалды. Тағдырдың жазуымен осы кезден бастап Қытай коммунистерінің көсемі Мао Цзэдунмен бірге болып, біте қайнасқан қырық жыл қырғынға толы саяси өмірі басталды. Мойындау керек Мао көреген көсем ретінде оның іскерлік дарынын бірден байқады және ерекше қолдау көрсетті.

Осы жерде мына бір мәселенің басын ашып алғанды жөн көріп отырмын. Мао да Сталин сияқты миллиондаған бейкүнә жандардың қан қарызын мойнына жүктеген диктатор екені даусыз. Бірақ, Сталин, Гитлер, Мусолони, Мао Цзэдун, Маркос, Саддамдардың қай-қайсысы да таланттан кенде болмаған. Олардың да адам сүйсінер ерліктері, көсемге тән көрегендіктері болды. Олардың барлығына ортақ трагедиялық тағдырын қалыптастыратын әлсіз тұсы – шектен шыққан өзімшілдік, мансап пен байлыққа тойымсыздық, астамшылдық пен атақ құмарлық, осылардың жолында қан қасап қырғын салу, керек болса мемлекет пен ұлттың тағдырын бәске тігу. Сол себепті де олар тірі кезінде-ақ ит өліммен өледі, не болмаса, өлген соң тарихтың қарғыс діңгегіне таңылып, қоқысқа тасталады. Олардың тағдырында басқа таңдау болу мүмкін емес.

Дэн Сиопиннің  Мао Цзэдунмен жақын қарым-қатынаста болып, оның бағыт-бағдарына қолдау білдіруі Кеңес одағында тәрбиеленіп, Мәскеу көрген, Коминтериннің тағайындауымен билік басына келіп, дайын асқа тік қасық болып жүрген Қытайлық жас большевиктерге ұнай қойған жоқ. Ол кезде Мао Қытай коммунистерінің ресми ең жоғары басшысы саналмайтын. Қытай коммунистік партиясының Мәскеулік қожайындары да, ол жақта білім алған жас большевиктер де оны мүлдем жақтырмайтын, ашығын айтқанда менсінбейді деген дәлірек болады. Себебі, Маоның Европалық білімі жоқ, бір де бір шет тілін білмейді. Бар оқыған-көргені өлке орталығындағы педагогикалық колледж. Керісінше ол Қытайды, оның халқын, әдебиеті мен мәдениетін, тілі мен салт-дәстүрін өте терең білетін. Жазу-сызудан да алдына жан салмайтын. Қан кешкен соғыс, қатігез тағдыр, өмірдің ащы шындығы оған қызыл ұрандардан гөрі қан майданның қатал шындығы қымбат екенін әбден ұғындырған болатын. Онда көсемдік көрегендік, қиыннан жол табатын қырағылық, айтқанынан қайтпайтын алымдылық та бар еді. Оның икемді әскери стратегиясы қызыл армия қосындарын үнемі жеңіске бастап отырса да Мәскеудегілердің оған мейірі түсе қоймады. Соның салдарынан партияның ең жоғары басшылық орындарына жайғасып алған Мәскеуден келген жас большеиктермен күресте Мао жеңіліс тапты.  Мәскеулік қожайындардың шешімімен Маоны әскери биліктен мүлде шеттетіп, оның бағыт-бағдарын партия ішінде қатаң сынға алды. Оған келіспегендер аяусыз жазаланды. Қатаң жазаға ұшырап, жер аударылғандардың ішінде Дэн Сиопин де болды. Ол тіпті Маошылдардың атаманы деп танылды. Дэннің жазаға тартылуының тағы бір себебі ол Мәскеушілдердің тобына жатпайтын. Францияда білім алған, бар-жоғы Мәскеуде қысқа уақыттық білім асырғаны ғана бар. Дүниеге көзқарасы, таным түсінігі олардан көп өзгеше болатын. Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады демекші, осы кезде өзінің құдай қосқан қосағы, алғашқы некелі жары мұны тастап, Мәскеушіл біреумен қол ұстасып кетуі жығылғанға жұдырық болып тиді. Жігіттің сыналар шағы осындай ауыр күн, сын сағаттардан тұрады. Дэн барлық сынақтарды салқын қабылдады, қайыспай көтере білді. Қателігін мойындап, кешірім де сұраған жоқ. Оның билік тармақтарында жүрген Францияда бір нанды бөліп жеген ескі достары, Мәскеушілдердің ішіндегі оны бағалап-сыйлайтын жанашыр жақындары да қарап қалған жоқ. Қол ұшын беріп, қолтығынан демеді. Оның жазуға шебер, майталман қаламгерлігін сылтау етіп, орталық комитеттің үні болған «Қызыл жұлдыз» журналына редакторлық жұмысқа тартып, азапты еңбектен аман алып қалды. Мао Цзэдун Дэн Сиопиннің осы бір ауыр күндерде өзімен бір майданда болғанын, бір беткей табанды күрескерлігін өле өлгенше ұмытқан жоқ, бағалай білді. 1935 жылы қаңтарда Мао қайтадан билікке келгенде Дэн бірден орталық комитеттің хатшылығына сайланды. Осыдан кейінгі ширек ғасырда Мао Цзэдун мен Дэн Сиопиннің ара қатынасы айтарлықтай жақсы болды. Тіпті, оған ерекше сенім артқаны сонша, 1944 жылы Мао Цзэдунның партия ішіндегі билігін түпкілікті заңдастырған Қытай коммунистік партиясының 7 құрылтайында Мао өз баяндамасын өзінің көптеген қаламы қарымды көмекшілері бола тұра Дэн Сиопинге жаздырған болатын. Ол да өз әлінше сенімді ақтап партия ішіндегі саяси қырқыста үнемі Маоның қасынан табылып, мансап баспалдағында тездетіп өсуге мүмкіндік алды.

     Гао Гаң мен Дэн Сиопин

 Қытайда ақтар мен қызылдар қырқысы қызылдардың жеңісімен аяқталған соң Мао Цзэдун қанды семсерін партия ішіндегі ықтимал бақталастарына қарсы сермеуге көшті. Оған себеп, Қытай коммунистік партиясында осы партияға жеңіс сыйлаған аса көрнекті көсемдер шоғыры болды. Олардың бірталайының партия мен армиядағы сіңірген еңбегі мен абырой-беделі Маодан қалыса қоймайтын. Солардың бірі және бірегейі де Манжүрияны билеген, Қытай коммунистік париясы шығыс-солтүстік бюросының бірінші хатшысы, дала армиясының коммиссары, оталық үкіметтің орынбасар төрағасы Гао Гаң болатын. Ресми тарихи құжаттарда ол Сталиннің ерекше ықыласына бөленген, онымен тікелей тілдесе алатын партия ішінде жалғыз басшы саналған деседі. 1949 жылдың желтоқсан айында Мао ресми сапармен және Сталиннің 70 жастық мерей тойына Мәскеуге аттанады. Жол-жөнекей арнаулы поезд Манжуриядан өткенде Маоның көзіне тікендей қадалып, жүйкесін жұқартқаны барлық жерде тек Сталин мен Гао Гаңның суреттері қатар ілініпті де, Маоның өзіне орын қалмапты. Саясаттың заңы бойынша диктатор атаулы бұл қорлыққа төзбеуге тиіс. Алда жан алып-жан беретін саяси қырқыстың білтесі Маоның жүрегінде сол сәтте-ақ тұтаған болатын. Жағдайдың кейінгі дамуы қайшылықты одан бетер ушықтырып жіберді. 1952жылдың 1 қазанындағы мемлекет мерекесінің құрметіне арналған әскери паратта әскери қосындар мен қарапайым халық түгелдей «Гао Гаң жасасын!» деп ұрандатты. Бұл жағдай Маоның құлағына жеткенде, оның төзімі мүлде сарқылып біткен болатын. Ол енді гәры Гао Гаңға жеке патшалық құрғызбаймын деп шешті. Көп өтпей Гао Гаң Бейжіңге қызметке шақырылып, орталық үкімет жоспарлау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл Маоның оның көзін құртуға жасаған алғашқы қадамы еді. Гао Гаң орталыққа ауыстырылған соң билікке деген ынтызарлығы одан бетер асқына түсіп, өзіне жақтастар топтау арқылы Маоның айналасын тазартуға кірісті.

Оқырмандар бұл уақиғаның Дэн Сиопинмен қандай байланысы бар деп отырған болар? Енді соған келейік. Дэн Сиопин ол кезде ҚКП батыс-солтүстік бюросының бірінші хатшысы болатын. Гао Гаң Дэн Сиопинге де өзіне жақтас болуға қолқа салады. Әрине, партияның ұйымдық тәртібіне жат, астыртын тіл біріктіру арқылы партияны бөлшектеу әрекетінің қауіпті жағдайға беттеп бара жатқандығынан Мао мүлде бейхабар емес болатын. Ол өзіне шын берілген біреудің осы жағдайды әшкерелеуін сабырлықпен күтті. Дэн бірінші болып жағдайды Маоға баяндаған кезде Мао оған қайыра сұрақ қойып: «Нөсер жауынның алдында дауыл соғады емес пе, сеніңше дауыл қай жақтан соғатын сияқты?»-дейді. Бұл жерде Дэң төтесінен: «Дауыл алдымен сіздің айналаңыздағы Лиу Сияочи мен Жоу Ынлайға бағытталған», деуі керек еді. Бірақ ол екі ұштылау етіп: «Әркім өз орнында отырып, өз ісімен айналысса, құдайдың жөні ғой. Ал, өзінде жоққа тыраштанып, өзгенікіне қол созуды билік құмарлықтың сайтаны түртіп тұр деп бағалау керек-ау», деп жауап берді. «Билік құмарлық» — бұл барлық мәселенің жанды жері, шешімін табуға тиіс шырмалған түйіні болатын. Мао бұл жауапқа шын риза болды. Енді балыққа құрған ауды жинастырған жөн. Әрине, билікке таласқан топтардың екінші жағын қолдап, өзі қырына алған жауын басқаның қолымен жер жастандыру керек. Ол күндер де көп күттірген жоқ. 1954 жылдың ақпан айында шақырылған ҚКП жетінші кезекті орталық комитетінің төртінші пленумын Гао Гаңның саяси қарсыласы Лиу Сияочи басқарып ашып (Мао бұл жиналысқа әдейі қатысқан жоқ), Гао Гаң, Рау Суши қатарлыларды партияға қарсы, оны бөлшектеумен айналысқан қылмыстық топ деп жариялады. Шындап келгенде Гао Гаңдікі еңбегіме қарай мәнсабым болу керек деген пендешілік астамдық қана болатын. Мені қолдар, ойымды түсінер деген ниетпен әр-әркімге өз ойын жасырмай айтып, жақтаушылар іздегені де рас. Бірақ, партияны бөлшектеді, қылмыстық топ құрды деген қып-қызыл жала болатын. Ол тек саясаттың заңы бойынша біреудің күні бұрын құрған қақпанына айбайсызда түсіп қалды. Мәнсаптың шырқау биігінен шыңырауға құлаған Гао Гаң бұл әділетсіздік пен қорлыққа төзе алмады. Морт сынды. Сол жиналыста өз пистолетімен өзін шекеден атып тіл тартпай кетті.

 «Біреу өлмей, біреуге күн жоқ», «Екі қарға таласса, бір қарғаға жем түседі» — деп  данышпан қазақ бекер айтпаған екен. Осы пленумда Дэн Сиопин орталық комитеттің хатшысы, орталық комитет ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі болып сайланды.  Бір жылдан соң 17 адамнан тұратын  орталық комитет саяси бюросының мүшелігіне, одан бір жыл өткенде 6 адамнан құралған орталық комитет саяси бюросының тұрақты мүшелігіне және бас хатшылыққа сайланып, биліктің ұшар басынан ойып тұрып орын алды.  Және орталық комитеттің күнделікті шешімдерінің орындалуын бақылауды өз міндетіне алды.  Бұл қызметті ол 1966 жыл  Маодың қырына ілініп биліктен екінші рет құлағанға дейін табаны күректей он жыл атқарды.

            Лиу Сияочи мен Дэн Сиопин

Диктатор атаулының тағы бір әлсіз тұсы — жасы ұлғайған сайын жан дүниесі күдік-күмәнға толып, айналасынан жау іздей бастайтыны. Сол сияқты Мао Цзэдун да жетпістен асқан шағында аласұрып, қан-қасап қырғынды қайта бастады. Оны саясиландырып «Мәдениет зор төңкерісі» деп атады. Бұл жолғы зұлматтан зардап шекпеген осы елде бір де бір отбасы болған жоқ. Қарапайым халық өндірістің ойран болуынан аш-жалаңаштықтың азабын тартса, билеуші элита мен ұлттық интеллигенция түгелге жуық қуғын-сүргінге түсті. Атылды, асылды, азаптауға шыдамай өз-өзіне қол жұмсады. Мемлекет төрағасы, Маоның ізбасары саналатын Лиу Сияочи мен қызыл армия қосындарын өз қолдарымен құрған екі бірдей маршаль бастаған жүздеген ҚКП-ның жоғары шенді мансаптылары азаптап өлтірілді. ҚКП-ның ресми қортындыға сәйкес 1966 жылдың мамырында басталған «мәдениет төңкерісі» 1976 жылдың қазан айында ақырласқанға дейін жүз миллионнан аса адам қуғынға түсіп, екі миллион адам өлтірілген. Ал, зерттеуші ғалымдар ажал құшқандардың саны 7 миллион 730 мың болды деп есептейді. Қалай деген күнде де бір адамның билігі үшін миллиондаған адамның өмірін құрбандыққа шалу еш нәрсемен ақтап алуға болмайтын қанқұйлы қылмыс.

Осы жолы Маоның қаһарына ұшырап қудаланғандардың арасында Маоның бір кездері сенім артқан жақын серігі Дэн Сиопин де болды. Ол Маоның өз сөзімен айтқанда «Елді капитализм жолына бастаушы № 2  билеуші». Бұлайша ат қойып, айдар тағудың да өзіндік тарихи себебі бар болатын. Жоғарыда баяндағанымыздай 43 миллион адамның аштықтан қырылуына себепкер болған Маоның әпербақан саясаты халық шаруашылығын күйреу шегіне жеткізіп еді. Жұт жеті ағайынды дегендей, Кеңестер одағымен экономикалық қарым-қатынастың шорт үзілуімен қабаттасып қатарынан үш жылға созылған қағыршылық та ауыл шаруашылығына ауыр соққы болды. Саясат пен табиғаттың зардаптарын жою мақсатында Лиу Сияочи мен Дэн Сияопин салыстырмалы еркін экономикалық саясат жүргізген болатын. Халық шаруашылығы біртіндеп қалпына келіп, ел тірлігі де оңала бастаған. Мао да өз қателігін түсінген сияқты еді. Әрине, мұндай өнімді шаралар Лиу Сияочи мен Дэн Сиопиннің халық ішіндегі беделін айтарлық көтеріп жіберді. Олардың партия ішіндегі жақтастары да көбейе бастап еді. Бұл жағдай 1962 жылы 11 қаңтардан 7 ақпанға дейінгі уақытта Бейжіңде ашылған ҚКП орталық комитетінің кеңейтілген мәжілісінде айқын көрінді. Бұл мәжіліске ауданның бірінші хатшыларынан жоғары қарай барлық билік тармақтарынан 7000 адам қатысқан болатын. Сол себепті ҚХР тарихында «7000 адамдық мәжіліс» деген атаумен қалды. Мәжілісті бұрынғыдай партия төрағасы ретінде Мао Цзэдунның өзі басқарып ашты және көпшілікке еркін көсіліп сөйлеп, кемшіліктерді ашық айтуға үндеді. Мәжілісте баяндама жасаған ҚКП орталық комитеті төрағасының орынбасары, мемлекет төрағасы Лиу Сияочи өз баяндамасында «үш жылдық қиындық» ол 30% табиғаттан, 70% адам қолымен жасалды деп ашық мәлім деді. Ол адам кім? Әрине, атын атап, түсін түстемесе де найзаның ұшы төраға Мао Цзэдунға бағытталғанын жұрттың бәрі түсінді. Баяндаманың жұрт көңілінен шыққаны соншалық, делегаттар орындарынан тік тұрып ұзақ қол соқты. Осы қол соғу жеті жарым жылдан соң алып Қытайдағы №2 адам, мемлекет төрағасы Лиу Сияочидің еш бір сотсыз, сұрақсыз азаптап өтірілуіне себепкер болды. Төраға Мао өз ізбасарының беделі өзінен де биіктеп бара жатқанын өз көзімен көрді. Диктатордың заңы енді ондай адам жер басып жүрмеуі керек. Мао Цзэдун сонау соғыс жылдарының өзінде сенімсіз соғыс ашпайтын. Осы жолы да көзін құртып, көрге тықпай қоймаймын деп өзі жау санаған байырғы серіктерне майдан ашуға төрт жыл бойы мұқият дайындалды. «Мәдениет зор төңкерісі» — деп аталатын зұлмат соның туындысы болатын. Дэн Сиопин  Лиу Сияочидің халыққа пайдалы экономикалық бағыт-бағдарын табанды жүзеге асырғандығы үшін Маоның сенімінен айырылып қосақ арасында құрбандыққа шалынды.

(жалғасы бар...)

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 12:02
«Nur Otan» партиясы Жас депутаттар корпусын құрды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:45
Шпекбаев қызметінен кетіп, сыбайлас жемқорлыққа жаңа басшы келді
Дос КӨШІМ 16.04.2021, 09:40
Табанының бүрі жоқ Қазақстан парламенті
Сайт әкімшілігі 15.04.2021, 15:43
Жемқорлар да тірі жан
Елеусіз МҰРАТ 15.04.2021, 10:35
Қазыларымыз неге жиі қателеседі?
Батыр ЖАСҰЛАН 15.04.2021, 09:27
Ауыл әкімі: Көз алдау сайлау кімге керек?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24