14.04.2023, 08:59
3002
Қаншалықты бостан ел атанғанымызбен, ұлттық мүддеге келгенде әлі күнге исі қазақ баласының жанына түрпідей тиетін, арқасын аяздай қаритын мәселелер жеткілікті. Соның бірі, бәлкім, бірегейі – ел, жер атауларының қалпына келтірілмеуі. Әсіресе солтүстік өңірлерде кешегі патшалық Ресей, одан кейінгі кеңестік заманда қазақтың жер атаулары, бәрі орыстандырылды. Құдды ол өңірде қазақ халқы өмір сүрмеген кейіпке келтірілді.
Өкініштісі, тәуелсіздіктің алғашқы кезінде-ақ бұл үдеріс кері жүруі тиіс-тұғын. Бірақ олай болмады. Әлі күнге солтүстікте орыс атаулы елдімекендерден аяқ алып жүргісіз. Мәскеудің (Ресей) ызғарынан сескендік пе, қайсыбір жылдары жер-су аттарын ауыстыруға мораторий да жарияладық. Өз жерімізге өзіміз ие емес кейіп танытқандай болдық. Бұл бізге сын. Ал тарихқа көз салсақ, Орал тауының бер жағы, мұқым Ұбайра-Сұбайра (Сібір) түркі жұрты, қазақ руларының атақонысы-тын. Көне тарихқа үңілмей, бергі Көшім ханды еске алсақ та жетеді. Қазақ тарихын жетік білетін Мұхтар Мағауин мен Тұрсын Жұртбай сол Көшім хандығы патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлауын 100 жылға кейін шегерді дейді. Рас, Көшім от қарумен жарақтанған Патша жасақтарына тас қамал болып қарсы тұрды. Күресті. Алысты. Қырды. Қырылды. Жеңілді. Бірақ патшалық Ресейдің Қазақ жерімен Орталық Азияны жаулап алуын бір ғасырға шегерді. Тек Көшім хандығы тарих сахнасына сырылып түсіп қалған соң барып, орыс басқыншы жасақтары қазақ жерін отарлап, қамал-бекіністер салуға кіріскені белгілі. Соның бірі – Петропавл бекінісі. Қаланың іргесі 1752 жылы қаланды. 1841 жылы христиан әулиелері Петр мен Павелге арнап шіркеу соғылып, артынша, шаһарға Петропавл деген ат берілген. Рас, оған дейін бұл жер Қызылжар деген атауға ие еді. Көшпелі рулар тығыз қоныстанғандықтан, Қызылжар деген атпен жәрмеңке де өткізіп тұрғанға ұқсайды. Деректерге сүйенсек, «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген (1663-1763) ақын: «Көлденең көк Есілдің жарқабағын, әкеміз Қызылжар деп атап кеткен» деп жырға да қосқан. Осыдан-ақ Петропавлдың орны баяғыдан Қызылжар атанып келгенін көреміз. Мұндай мысалдарды тізе беруге де болар еді. Бірақ міндет емес. Өзге жұрт қалай айтса да, не десе де Қызылжар ежелден қазақтың атақонысы, алтын бесігі, мекені.
Кеңестік дәуірдің бас кезінде, яғни 1925 жылы «Правда» басылымы қаланың атауы Қызылжар деп өзгергенін жария етті. Онда шілденің 18 жұлдызында Ақмола губерниялық атқару комитетінің төралқасы Петропавлды ендігәрі Қызылжар деп атау туралы қаулы қабылдаған. Нақтыласақ, құжатта «Постановление Акмолинского губисполкома от 18 июля 1925 года о переименовании г.Петропавловска в г.Кзыл-Жар подтвердить и возбудить перед ВЦИК-ом ходатайство об утверждении этого переименования» деп жазылған.
Құжатты Қазақ республикасы орталық атқару комитеті бекіткен. Құжаттың түпнұсқасы Мәскеуге, көшірмесін Қызылжарға жіберген екен. Құжатта алаштың арда ұлы Санжар Асфендияровтың қолы тұр. Сол кезде Бүкілресей ОАК хатшысының орынбасары болып отырған, Алаш арысы Асфендияров басын өлімге тіге отырып, шаһардың қазақы атауы кері оралу ісіне араласқаны, қолын қойып құптағаны (бүгінгі билік осы биіктен көріне аларма екен?) көрініп тұр.
Алайда, қала атауының ғұмыры ұзаққа созылған жоқ. Сол жылы қазан айында қайтадан Петропавл деп аталды. Яғни шаш ал десе, бас алатын қызыл империяның қолшоқпары И.Голошекиннің Қазақстанға келуі қала атауын қайта өзгертуге себеп болды.
Белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин: «Қазақстан басшылығына патшаны өлтірген, қазақ халқын қолдан жасалған ашаршылықпен қырып салған И. Голощекиннің келуі ВЦИК пен жергілікті атқарушы органдардың шешімін өзгертті. Қазақтың байырғы Қызыл-Жар қаласы қайтадан Петропавл деген атқа ие болды. Қазір ескі қазақ қаласына өзінің тарихи атауын қайтаратын кез келді. Солтүстік Қазақстан облысы мен оның орталығын тиісінше – Қызылжар және Қызылжар қалалары деп қайта атау керек» дегенді айтады.
Көтеріліп отырған мәселе дұрыс. Тек халық емес, билік те осыған мүдделі болса дейміз. Мұның бәрін тізбелеп, қазбалап неге айтып отырмыз? Қазір осы өңірде ұйысып отырған славян жұртының кейбір шаласауатты белсенділерімен Ресейдің бәзбір саясаткерсымақтары марқұм Жириновский және Никонов, Федоров, Лимонов сияқтылар «Қазақстанның солтүстігі орыстың жері» дегенді қайталаумен келеді. Олардың үнін өшіру үшін не істеу керек? «Ештен кеш жақсы» дегендей Петропавл мен Павлодарға ежелгі тарихи атауын қайтару. Осының өзі-ақ «орыстың жері» деп, өрекпігендерге тойтарыс болмақ. Егер мұндай қадамға бармай, арқаны кеңге салып жүре берсек, тұтастыққа сына қағатын, елге іріткі салатын кешегі Петропавлдағы «Халық кеңесі» секілді ұйымдар құрылып, Қазақстаннан «тәуелсізбіз» дейтіндер көбейе бермек. Әрине, олардың бұл әрекетін қолдап, сырттан дем беретін, отқа май құятындар жетерлік.
Әгәрәки, Қазақстанның солтүстік өңірі сепаратизмнің ошағына айналып, екінші Донбасс болмасын десек, елдің теріскейіндегі қос қалаға тарихи атауларын қайтарып, өзге жұртқа «бұл қазақтың атамекені» дегенді жадына сіңіру қажет. Екінші бір мәселе, ішкі көші-қонды реттей отырып, оңтүстіктен солтүстікке көшетіндерге жағдай жасау. Мәселен, Ресейде табиғаты қатал солтүстік аймақтарға қоныс аударған, не болмаса жұмыс істеуге барғандарға айлықты бірнеше есе көбірек төлейді. Бізге де осы тәжірибені ескеру керек. Солтүстікке көшіп барғандар әбден сіңіп кеткенше жеңілдіктерді аямаған жөн. «Бұл мемлекет үшін үлкен шығын» деген уәж айтылмауы тиіс. Өйткені елдің, мемлекеттің қауіпсіздігіне жұмсалған қаржы шығынға жатпайды.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР