07.06.2022, 14:00
1701
Кеше еліміздің барлық аймақтарында ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша референдум болып өтті. Осы орайда Орал қаласынан Ақтөбе қаласына қонаққа келген 91 жастағы Қаршыға Шамаров есімді ақсақал: «Менің дауысым маңызды. Мен үшін бөгде біреудің шешім шығарғанын қаламаймын» деп, тұрғылықты мекенжайынан басқа облыс көлемінде дауыс беру үшін арнайы уақытша тіркеу куәлігімен дауыс берсе.
Қызылорда облысы Шиелі ауданы Жиделіарық ауылдық округінің ең үлкен тұрғыны болып 92 жастағы Сұлтанкүл Әлішева өз таңдауын жасаған. Ақ жаулықты әженің өз өтініші бойынша үйіне бюллетень жәшігін апарып, таңдау жасауына мүмкіндік тудырған аудан басшылығы әжеге сый-құрмет көрсетіп, референдумға қатысқаны үшін алғыс білдірді.
Бұл референдумның ең басты жаңалығы Астана қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде еліміздің ең басты зейнеткері Нұрсұлтан Назарбаев та осы шарада бой көрсетті. Өз кезінде шешімін таппаған талай түйткілдің түзелетіндігіне кәміл сенді ме, жоқ, бір адам болса да қарсылық дауысты көбейту үшін арнайы өзі бас болып келді ме, ол жағы беймәлім...
Ал елдің ертеңінен күтері жақсылық қана. Мейлі қонаққа келген қария болсын, мейлі елдің бұрынғы президенті болсын, бәрі елдің ертеңіне алаңдайды. Экс-елбасының уайымын қайдам, анау екі кейуананың мұңы – таза мұң ғой. Олар мына елде шынайы өзгеріс болып, немере-шөберелері заң әділет құрған мемлекетте өмір сүрсе деген ақ көңілдерімен сайлауға келді. Басқасын қойшы, елдің ертеңін ойлайтын осындай қарияларымыздың тілегі қабыл болса екен!
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР