Ресейдегі «күзгі асқыну» немесе оның «мәңгілік достарына» деген қамқорлығы

Шәріп ИШМҰХАМЕДОВ

14.09.2021, 07:50

761

      Жақында ғана бәріміз Ресейдің саясаткерлері, шенеуніктері, журналистері мен блогерлерінің Қырғызстан мен Қазақстандағы кішігірім жекелеген  оқиғалар мен тұрмыстық жайттарға ерекше назар аударғанының куәсі болдық. Оны «ақпараттық дауыл» немесе «жаңалықтар бомбасы» ретінде бағалауға болады. Мұндай материалдар жаңбырдан соң шыққан саңырауқұлақтай қаптап кетті.

       Ресейдің барлық орталық және электронды БАҚ-тары Қырғызстан мен Қазақстанда ұлтшылдық пен этникалық төзбеушіліктің өсуі туралы сюжеттер дайындап, жаңалықтардан тарата бастады, Олардың айтуынша, бұл Орталық Азияда үйреншікті құбылысқа айналуы мүмкін. «Тіпті қазірдің өзінде дабыл қақпасқа болмайды» деп өрекпіді.

       Мұндай бағдарламалар осы елдерде орыстілді азаматтардың қазақ немесе қырғыз тілдерін білмегені үшін үнемі қысымға ұшырап, құқықтарының бұзылып жатқанын айтып жар салды.  Қазақстан мен Қырғызстанның ақпараттық кеңістігінде ресейлік арналардың шектеусіз көрсетілуіне байланысты біз осындай жаңалықтар мен хабарлардың куәгері де, бақылаушысы да болдық.

      Әлбетте, бұл жаңалық алдымен Ресейдің өзіне арналды. Оны қала тұрғындарынан бастап, ауылдарының жұртшылығына дейін іздеп жүріп оқыды, көрді. Ал осыны ұйымдастырушылар «басқа жақтан» ақпарат іздеді. «Ұлтшылдық бар» деп ұлардай шулады. Оны көргендер Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік саясатын мойындамады. Ол жерде ұлтшылдық тұнып тұр деп бағамдады. Ресейдегі оппозициялық, бейтарап БАҚ-тың азғана бөлігі ресейлік депутаттар мен шенеуніктердің біздің елдердің ішкі істеріне назар аударуының себептерін объективті түрде талдауға мүмкіндік берді.

      Осыдан кейін Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы, Ресей либералды-демократиялық партиясы мен «Единая Россия» партиясының  Ресей мемлекеттік думасының депутаттары орыс тілі мен орыстілді азаматтардың құқықтарын қорғауда ерекше белсенділік таныта бастады. Ұлтшылдық жайында әңгіме қозғалғанда Владимир Жириновский алдына жан салмады. Ерекше көзге түскен де сол болды. Тіпті ол Ресейде жұмыс істейтін қырғыз азаматтарын елден шығарып тастауға шақырды. Қырғызша сөйлемегені үшін кассир қызға тап берген мас адамның қылығын да алға тартып, отқа май құя түсті. Тұрмыстық келеңсіздіктерге қатысты Ресей Федерациясының жетінші шақырылымы федералды жиналысы мемлекеттік думасының төрағасы, «Единая Россия» партиясының депутаты Вячеслав Володин да өз ойын білдіріп, Жириновскийді қолдап, Қырғызстан ұлтшылдарына тыйым салу шараларын қолдануға шақырды.

       Ресей Федерациясы Коммунистік партиясынан Ресей мемлекеттік думасының тағы бір депутаты, ТМД істері, Еуразиялық интеграция және отандастармен қарым-қатынас жөніндегі комитеттің төрағасы Леонид Калашников орыстілді халықты қорғау жұмыстары жеткілікті деңгейде жүріп жатыр деп есептейді. Ол осыған қатысты репатриация саясатымен қоса, Ресей президенті әкімшілігі мен үкіметінің саяси және экономикалық шараларды қабылдағанын айтты. Орталық Азия елдеріне объективті түрде қарайтын кез жетті. Егер ол жақтан орыстілділер кететін болса,  Ресеймен арадағы қарым-қатынастың арасына сызат түседі. Бұл жағдай байланысты нығайтпайды, керісінше, Орталық Азия елдеріндегі орыс тілі мен мәдениетінің сақталуын, оның таралуын төмендетеді. Бұл ең алдымен Ресейдің бүкіл аймақтағы геосаяси ықпалына теріс әсер етеді. Оның үстіне қоныс аударатындарды Ресейде ешкім құшақ жайып қарсы алғалы отырған жоқ. Ол сондай-ақ Ресейдің сырттан келгендердің бәрін тегіс қабылдай беретін «резеңке» еместігін  де еске салды.

        Соған қарамастан, мұндай мәлімдемелер Ресейде үсті-үстіне таратылып жатыр. Оның нәтижесі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін.

Ұлтшылдық, этникалық қақтығыстар, «ана тілінің қамқоршылар» немесе «бауырластарды» қысым мен зорлық-зомбылықтан қорғау сияқты тақырыптар қашанда өзектілігін жойған емес. Қазіргі кезде де күн тәртібінде тұр. Өйткені бұл әрқашан халық арасында жанашырлық, аяушылық сезімін тудыратыны баршаға аян. Қарапайым азаматтардың назарын жұмыссыздық, білім сапасының төмендеуі, демографиялық дағдарыс немесе экология сияқты кез келген қоғамның нақты мәселелерін көтеретін тақырыптарға аудару оңай. Алайда эфир уақытының әр секунды, интернет-медианың әр беті қомақты қаржыны талап ететініне қарамастан,  Ресей өзіндегі экономика, экология, өрт немесе демографияға қатысты күрделі де маңызды мәселелеріне назар аудармай, оның орнына басқа елдегі тұрмыстық оқиғаларға ерекше ден қоюды дағдыға айналдырып алды.

       Қарапайым ғана деректерді мысалға келтірсек. Биыл тамызда Қырғызстанда екі оқиға орын алды. Оның бірі – балалар төбелесі, екіншісінде мас адам алдында тұрған қызға калькуляторды лақтырып жіберген. Осы жағдай орыстілді азаматтарға жасалып жатқан шабуыл деп бағаланды. Ал шын мәнінде ол арадағы түсінбеушіліктен шыққан. Оның ұлтшылдыққа қатысы шамалы. Мұндай жағдай Қазақстанда да тіркелді. Осындай кезде блогерлердің белсенділігі артып кететіні белгілі. Ресейлік БАҚ дау-дамай іздейтіндерді «цифрлық ұлтшылдар» деп атап алған. Солардың қатарында Қуат Ахметов та бар. Ол  дүкен сатушысынан өзімен қазақша сөйлесуді талап еткен. Әлеуметтік желіде оны қолдаушылар да табыла кеткені белгілі. Оны қолдап пікір жазып, мұндай әрекеттерді қайталай бастады. Бұл оқиғалар әртүрлі сипатта болуы мүмкін. Бірақ іс жүзінде оның бәрі тәуелсіз елде Қырғызстан немесе Қазақстан азаматтары арасында шешілетін мәселе екенін ұмытпаған жөн. Ал оның Ресейге мүлде қатысы жоқ.

       Алайда, шындығында, адам құқықтарының қорғалуына қатысты қарама-қайшы деректер жеткілікті. Оны кез келген адам ғаламтордан таба алады. Мәселен, Ресейде жұмыс істейтін қырғыздардың құқықтары бұзылғаны соншалық – олар сол жерден мүгедек болып қайтып жатады. Теориялық тұрғыдан алғанда, ЕАЭО аясында еңбеккерлердің мүддесі қорғалуы тиіс.  Қазақстанда шамамен 3700 қазақ және 1100 орыс мектебі бар. 4 миллион  орыстілді азамат өз құқығын толық пайдаланып отыр. Ал Ресейдегі миллионға жетер-жетпес қазақ халқы үшін өз тілінде оқытатын білім ошақтары өте аз. Тіпті жоқтың қасы деуге болады.

       Азаматтардың тілдері мен құқықтарына қатысты жағдайды объективті түрде бағалау әрбір орыстілді Қазақстан мен Қырғызстан азаматының қорғалатынын және оның құқықтары сақталатынын көрсетеді. Осылайша Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, орыс тілі – елдің ресми тілі. Іс жүзінде қазақ тілімен бірдей тең қолданылады. Егер мемлекеттік билік органдарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге азамат келіп,  қажетті ақпаратты қазақша түсіндіруді сұраса, олар жауап беруге міндетті.

        Қазақстандағы ұлтшылдық деп аталған, ал шын мәнінде тұрмыстық  оқиғаларға жататын жайттарды талдай отырып, осының бәрін біздің елге  жасалған қарусыз шабуыл екенін байқау қиын емес. Оның қаупі анық көрініп тұрады. Ресейлік БАҚ-тың жаңалықтары мен хабарламаларында Қуат Ахметовтің және оған еліктеушілердің әрекеттеріне қатысты «тілдік рейдтер» термині жиі қолданылады. Бірақ Қазақстан жұртшылығы «тілдік рейдтер» терминінің бұдан бұрын Ресей Федерациясында «фашистік» Украинадағы жағдайды сипаттау үшін қолданылғанын біле бермейді. Бірақ Ресейдің елдің тәуелсіздігі мен егемендігін жақтай қоймағанынан хабардар. Сондай-ақ Ресейдің саясаты мен үгіт-насихатын да жақсы біледі.

       Әрине, Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты қазіргі Украинамен салыстыру қиын. ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО, Кеден одағы сияқты көптеген ортақ ұйымдар шеңберінде әлеуметтік-экономикалық, мәдени қарым-қатынас, мемлекетаралық келісімдер, үкіметтік деңгейдегі бауырластық, достық пен ынтымақтастық туралы келісімдер болған кезде оның аяқасты үзілуін елестете алмаймыз.  Дегенмен кейде оны амалсыз ойлануға әкелетін әрекеттер орын алып жатады.

        Ресейдің осы жаздағы Қырғызстан мен Қазақстанға деген аса қызығушылығы бекер емес. Яғни бұл әрекеттері тырнақ астынан кір іздеумен бірдей. Күнделікті кездесетін болмашы нәрселерді тонын аударып айқайлатып, дабыра қылып, соны жаңалық етуге құмар болып алды. Осының бәрі сайлауалды қитұртқы әрекеттер дегендер де табылып жатыр. Расында, биыл 19 қыркүйекте Ресейде мемлекеттік дума депутаттарының сайлауы өтеді. Яғни Ресей Федерациясының құрылтай субъектілерінің басшыларын сайлайды. Сонымен қатар 39 субъектінің депутаттары сайланады.  Сайлауға қоғамдық қызығушылық болу үшін қазір олар қолдан келген амалды жасап жатыр. Бұл да «Единая Россия» билік партиясы рейтингінің төмендеуі, жаңа сайлаушылардың назарын аудару қажеттілігі, бұрын өзге елдерде сәтсіз аяқталған ереуілдер мен шерулер (Украина, Сирия) сияқты террористер, батыстың зиянды әсері сияқты тақырыптар халықтың назарын аудартады. Ал ресейлік БАҚ-тың көрермен мен оқырман жинау үшін, яғни көп контингентке ие болу үшін осындай қитұртқы әркетке барып отырғаны баршаға аян.

  Қорытындылай келе, депутаттар мен Ресей шенеуніктерінің мұндай пікірлері мен мәлімдемелері жиі кездесетін жағдайға айналады деп нақты айта аламыз. Әлбетте, кез келген жағдайда тілі, нәсілі мен дініне  байланысты адамдар арасында болатын текетірестерді көптеп айтуға болады. Бірақ оның бәрі бірдей парламент пен жоғары лауазымды тұлғалардың талқылауына айнала бермейді. Қазақстан ғана емес, Ресеймен көршілес көптеген елдер ресейлік БАҚ пен «жалған патриоттардың» жіті назарына ілінді. Алдағы уақытта «күзгі асқынудың» тіпті белең алатын түрі бар. Өйткені бұл сайлау емес. Сондықтан көптің көкейінде жоғарыда аталған әрекеттер Ресей мемлекетіне деген «мәңгілік достық», «мызғымас бауырластық» деген ұғымдарға сызат түсіреді деген күмән басым.  

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:15
«Самұрық-қазына» қорының 2021 ж. І жартыжылдығындағы қаржылық көрсеткіштері
Сайт әкімшілігі 12:00
Тоқаев БҰҰ саммитінде қандай мәлімдеме жасады?
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 08:55
Жолдау ма, алдау ма?
Батыр ЖАСҰЛАН 03:09
«Қазақстанды екінші Украинаға айналдырғысы келеді»
Сайт әкімшілігі 23.09.2021, 18:54
Байбек: Жекелеген сайлауалды уәделер бойынша жыл соңына дейін орындалмай қалу қаупі бар
Мариям МАҚСАТ 23.09.2021, 14:30
Былапыт сөздермен былғанған шенеуніктер

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39