Сағынтаев Маминнен Шымбұлақты сұрап жүр

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

27.07.2021, 08:53

4586

       Өткен аптада Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев үкіметбасы Асқар Маминге хат жазды. Премьерге жазған үшбу хатында Сағынтаев «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының жерлерін ерекше қорғалатын аумақтар қатарынан шығарып, Алматы қаласының резервтік жерлеріне беруді сұрапты. Қала әкімінің пайымдауынша, шаһардың туризмін дамыту мақсатында  Шымбұлақ  учаскелерін әкімдіктің резервіне алу қажет-ақ болып тұр екен. Аталмыш жайтты шешу үшін Сағынтаев үкімет басшысына «жағдайды ескеріп,  осы мәселені экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы комиссияның қарауына беруді сұраймын» депті.

        Жалпы, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты 2007 жылы экология министрлігінің қаулысы бойынша  49 жылға жалға берілген болатын. Аталмыш министрлік ерекше қорғалған аймақтарды жалға беру арқылы экотуризмге  жаңашылдық енгізбекші болған. Сол тұста  министрлік өкілдері: «Егер  учаскені бір жылға жалға берсек, оған ешкім қомақты ақша салмайды. Заң бойынша – 49 жыл. Одан қорықпау керек. Ең алдымен сервистік қызметтің сапасын жақсартуды ойластыру керек. Онсыз бізге туристер келмейді», – деген болатын.  

        Алайда министрлік осылай дегенмен,  Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаев Шымбұлақты жалға бергендерден қайтарып алуды жөн көріп отыр. Тіпті бұл мәселе бойынша қазір Алматыдағы  мамандандырылған ауданаралық сот азаматтық істі қарауды бастап та кетті. Сонда қала әкімінің бұл әрекеті нені меңзейді?! Министрлік жалға беріп, оны әкімдік қайта алып алғанынан Алматының туризмі күрт дамып, гүлденіп кете ме?!  

       Экологтар мен қоғам белсенділерінің пайымдауынша,  «елдегі ерекше қорғалған аумақтарды, парктерді жалға беру немесе әкімдіктің резервтегі жерлерінің қатарына енгізу стратегиялық қателік, бұл – табиғатты қанау.  Бұған қатысты  «Жас Алашқа» пікір білдірген заңгер Тұрсын Елемесов былай дейді:

     – Біз заманауи туризмді дамытамыз деп, Көкжайлаудың табиғи бейнесін құрттық, Шымбұлақ пен Медеуге шеттен келгендер таңдай қағып, таңғалатын еді. Оның бойын да құрылыс, кафе, ойын-сауық орындарымен «көмкердік». Көктөбенің төбесіне дейінгі табиғаты көркем жерді бай-манаптар сатып алып, ірі-ірі коттедждерді қаздай тізіп салып тастады. Бутаковка шатқалын да солай істедік. Бұдан дамыған туризм жоқ. Жер заңсыз сатылды, қалталылар байыды. Қарапайым халық  дым пайда көрген жоқ.

         Заңгердің айтуынша, шетелде мұндай әрекеттерге мүлде жол берілмейді. «Біз халықаралық талаптарды, халықаралық конвенциялардағы келісімшарттарды сақтауымыз керек.  «Ғаламдық экологиялық қор» деген бар. Ерекше қорғалатын экологиялық аумақтар болады. Осы халықаралық талаптарға сай, Қазақстан конвенцияға қол қойған ел ретінде қорықтарды, ұлттық парктерді, Шымбұлақ, Медеу тәрізді ерекше қорғалған аумақтарды көзінің қарашығындай сақтауы тиіс», – дейді заңгер.

        Мамандардың айтуынша, қазір бірқатар елдер еш жасандылықсыз табиғатқа қатты қызығады және содан мемлекеттік бюджетке айрықша табыс енгізеді. Мәселен, АҚШ тек қана табиғи туризм саласынан жылына 488 млрд доллар пайда көреді екен. Іргеміздегі Ресей 17,9 млрд доллар пайда тапса, Қытай – 224 млрд, Жапония 106 млрд доллар пайданы қалтасына басады. Ал біздің туризмнен көретін жылдық пайдамыз 1 млрд долларға да жетпейді.   Бұған себеп – «туризмді дамытамыз»  деп жүргендердің дені алдымен өз қалталарының қамын ойлап, тіпті араларында осы саладан миллиардтап пайда көріп жатса да, бюджетке салық төлеуден   қашқақтайтындар бар. Мысалы, бізде Көкжайлау, Шымбұлақ, Іле Алатауы паркіндегі жерлерді «адам айтса нанғысыз өзгертемін» деп жүрген   инвестор – Александр Гужавин деген бар. Гужавиннің есімі офшордағы компанияға иелік ететінін әшкере еткен «Панама құжаттарында»  да жарияланған. Ауқатты инвестор. Бірақ осы Гужавин 2010 жылдан бері бюджетке 6 110 461 теңге, ал 2015 жылдан бері небәрі 1 миллион теңге ғана салық төлеген.

       Ал енді Сағынтаевқа келсек, Алматы қаласы әкімінің лауазымына келгелі бері ол тау туризмін жандандыру туралы жиі айтады. Әкімнің айтуынша, таудағы туризмді қауіпсіз ету мақсатында қазірдің өзінде 1000 шақырымнан астам тау маршруттары цифрланған. Шымбұлақты ерекше ықыласпен жақсы көретінін Сағынтаев үнемі қаузайды. Тіпті әкім бір сөзінде толқып тұрып, Шымбұлақ курортына отбасымен демалуға барған кездегі оқиғасымен де бөліскен-ді. Әкімнің айтуынша, оның немересі алматылық таулардың әдемілігіне таңдай қағып, оған  Шымбұлақты сақтап қалуды қатты тапсырыпты. Сағынтаев Алматы туризмі  ЖІӨ-дегі үлесін 6 пайызға дейін арттыра алатынына сенімді. Бұл ретте әкім: «Өткен жылы 1 млн-нан астам адам Алматыға келді. Сонымен қатар туристердің жалпы санының 44 пайызы біздің қаланы таңдады», – дейді.

   Бұдан бөлек, қала әкімі Алматының алдағы бес жылда дамуы үшін 2 млрд доллардан астам қаражат қажет болатынын да қоса айтып жүр. Әкімнің айтуынша, оның арманы – Алматыны әлем бойынша өмір сапасы үздік қалалардың рейтингіне енгізу.

 Рейтинг демекші, осы жолы Қазақстанның «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы белсенділікке қатысты 17 өңір басшысының рейтингін жариялады. Өкініштісі, сол рейтингте Алматының әкімі ең соңғы орындардың біріне жайғасты. Белсенділігін арттыра алмай, сылбыр әкім атанған ол, мүмкін, Шымбұлақтың жерлерін Алматы әкімдігінің резервіне алса, шапшаң қимылдап, түрлі «креатив» жобаларды жүзеге асырар. Әйтеуір, сол жобалардың қызығын халық көріп, ел игілігіне жараса етті.  

   Жалпы, біздің халық бүгінде табиғат күрт бұзылып, осал мінез танытса, «шенеуніктердің ниетінен, тәйірі, арты жақсы болсын» дегенді де жиі айтып қалып жүр. Біз де өз тарапымыздан Шымбұлаққа қатысты шенеуніктердің ниеті түзу, бастамалардың арты жақсы әрі нәтижелі болғанын қалаймыз.

Тегтер: Шымбұлақ экология Іле Алатауы ұлттық парк жоба тендер лот

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:00
Nur Otan өз депутаттарының игі істерімен бөлісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:33
«Көзір» күйді: Маминнің тағы бір өтірігі ашылды
Алып АРСЛАН 08:28
«...Аузы жаман елді былғайды»
Сайт әкімшілігі 17.09.2021, 16:00
"Бізге үлкен ойындар қажет емес". Тоқаев ШЫҰ саммитінде не айтты?
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 17.09.2021, 14:00
Цой қайда қарап отыр?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 16.09.2021, 15:00
Байахметов баспанасы жоқ әкімді енді байқады

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39