17.03.2023, 05:28
1816
«Қарап тұрған Бүркітті,
Аиша келіп үркітті», –деп, әзілқой замандастары айтқан экспромт әлі есімізде. Сол айтпақшы, қаһарлы қыстан қажып шыққан қара халықтың көңіл күйін көтермесе де, басқа арнаға бұрып, саясаттың шоғымен жылытып, «сауапты» істен сырт қалдырмай, ауыр жүк арқалатып, сайлау науқанына жегіп жатыр. Түкке тұрғысыз деп қанша жерден қақсағанымызбен, қазақтардың сүйіп тамашалайтын қатынталас, байталас, дүниеталас түрік сериялдары –елімізде аяқталуға жақын қалған мандатталас бәйгесінің көлеңкесінде қалып қойды. Жақсылыққа жорудың жобасын да, жолын да, жөнін де таппай отырмыз.
Жиі-жиі сайлау өткізіп тұру сәнге айналды. Сайлау өткізіп, дауыс беру арқылы барлық мәселені шешіп, қойны-қонышы қойыртпаққа лық толы қоғамды тез арада тазартамыз деп тыраштанып жатқан тәріздіміз. Батпандап кірген кесел, мысқалдап болса да қайдан шыға қойсын. Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қорытындының өзгермей тұрғаны болмаса. «Жетімсайда» жұмыс істеп жарытпаған, бедел жинап, абырой таппаған аудан әкімін майданға түсіп сайланды дегеннен гөрі, «зымырантасығыштардың» көмегімен сенатор болды дегенге келіңкірейді. Сайлаудың осындай сиқын көріп не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Біздіңше, барлық мәселе, қандай сайлау болмасын саналы да сапалы, ұлтжанды, қолынан іс келетін, айтқанынан қайтпайтын қайраткер азаматтарды дұрыс таңдай білуде болып тұр ғой. Мәселені үйіп-төгіп айтатын емес, тас-тұйнақтай етіп шешетін адамға дауыс беру керек!
Үміткерлердің қатарында «Сен айтсаң, мен де айтамын, айым-қайым» деп, қосақ арасында шауып жүрген атаққұмар – малының есебі жоқ мансапқорлар көп. Ертеңгі сайлауда олардың жұлдызы биіктен жанатынына күмән жоқ. Сол шіркіндеріңіз – қоғамды ірітіп, шірітпесе, тазарта қояр ма екен?! Бұл – мойның жуан болса мақтан, жіңішке болса сақтан дегеннің кері ғой.
Сайлау – алып таразы тәрізді: бір басында нағыз азамат, екінші басында ақша тұрады. «Бай жақсы батырдан да, биліктен де, Әр істі ақша бұзар киліккенде» демекші, саналы азамат сан соғып, құм асайды да, ақша өз дегенін істейді. Бүгінгі сайлау науқаны да сол баяғы ескі сүрлеу, көне соқпақпен келе жатыр, өзгерген түгі жоқ.
Саяси партиялардың, мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттардың бағдарламаларына қарасаңыз бәрі керемет, қағаз жүзінде қатып тұр, кінәрат таппайсыз. Бәрінің қолдарында айтқандарын екі етпей, орындайтын сиқырлы таяқшалары бар сияқты: халықтың бірде-бір талап-тілегі тасада қалмайды; сан алуан саланың бойларына қан жүгіртеді; қордаланған көп мәселелерді оңтайлы шешіп, сөзбұйдаға салынбай, жоспарлы түрде, мүлтіксіз жүзеге асырады, т.б. Мүлтіксіз дегеннен шығады-ау, бірде Қожанасырдың достары: «Жасың болса келіп қалды, қашан үйленесің», – деп сұрапты. Сонда Қожекең көп ойланып жатпастан: «Өмірлік серік болатын қызды көп іздедім, ақыры, таптым-ау. Ол шынайы ақылды әйел: діни сауатты, сұлу, сыпайы, көркем мінезді. Бір сөзбен айтқанда, мүлтіксіз» депті. Достары шыдамсыздықпен: «Енді үйлендің бе, оған?!» – десе, Қожекең міз бақпастан: «Жоқ, ол да мүлтіксіз біреуді іздеп жүр екен», деген екен. Сол айтпақшы, халық «мүлтіксіз» бағдарламаларға әбден тойып біткен.
Сайлау науқаны кезінде қазақ баласы бөлініп те, бүлініп те жатады. Президент айтты екен деп айылын жимайды. Қан тамырларында эритроцит, лейкоцит, лимфоцит, т.б. қан түйіршіктерімен бірге рушылдық дерті де тоқтаусыз айналып жүреді. «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!» деп, руластарының «рухын» көтеріп, бірлікке шақырады. Рушылдық – рухани жарамыз сыздап, жай таптырмайды. Әшейінде, ырың-жырың болып жүретін, бірін-бірі өсектеп, күндеп күлетін, өкпеге қиса да, өлімге қимайтын ағайын – науқан кезінде жұдырықтай жұмылып, руласының сойылын соғып, ығына құлай кетеді. Тектіге төрден орын берудің орнына, «тентегін» тықпалап, төбеге шығаруға тырысып бағады. Тасбақаны таспен ұрса да жорға шықпайтынын біледі, бірақ жалған намыстың жетегінде жүргенді жөн көреді. Сайлаудан кейін де өмір бар-ау демейді. Осылайша, азаматтық сананың ақсап тұрған тұстарын сайлау деген шіркініңіз әшкерелеп жатады.
Сайлау – бөлініп жарылмайтын бүкілхалықтық іс. Кейбіреу сайлауға «гүл болмасаң, күл бол!» деп барады. Кейбіреу «отаныма шарапатым тисін» деп барады. Әр нәрсе ниетке байланысты ғой. Баяғы заманда бір кісі мешітте намазды қалай болса солай оқып жатыр екен. Мұны байқап қалған халифа Омар әлгі кісіге таяп келіп: «Ей, намазды оқысаң, түзу оқы!» деп қамшымен жон арқадан тартып жіберіпті. Ол болса, намазды қайтадан бастап, жап-жақсы оқып шығыпты. Халифа Омар: «Осы оқыған намазың жақсы ма, әлде бұрынғы намазың жақсы ма?» деп сұрапты. Әлгі адам: «Бұрынғы оқыған намазым жақсы еді» депті. «Неге?», – депті Халифа. Сонда: «Өйткені мен бірінші намазды Құдайдан қорыққаным үшін оқыдым. Екінші намазды сізден қорыққаным үшін оқыдым» деген жауап алған екен.
Сол айтпақшы, әркім өз жүрек қалауымен, туған елдің өсіп-өркендеуі үшін, ар-ұяттан аттамай, шапан-шаттыққа, сый-сияпатқа құрақ ұшпай, ел мүддесіне қызмет ететін қайраткер азаматтарға арқа сүйеп, сенім артсақ – Жаңа Қазақстанға деген сүйіспеншілігіміздің бір айқын көрінісі болар еді.
Бір француз оқымыстысы: «Тарихшыларды жазғандары үшін емес, жазбағандары үшін соттау керек» депті. Біздің айтайын дегенім – сайлау науқаны сценарийінде елдік келбетімізге көлеңке түсіріп жатқан тұстарымызды іліп әкеткенімізге ешкім жазғыра қоймас деген ойдамыз.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР