Сайлау өтті. Сенім бар ма?

Батыр ЖАСҰЛАН

27.07.2021, 08:57

1233

Кеше жексенбі күні ауыл халқы өз әкімдерін сайлады. Нақты айтар болсақ, 730 елді мекенде «кішкентай акимчиктер» қызмет басына келді. 1847 сайлау учаскесі халықтың сайлауға белсенді қатысқаны туралы қуана жоғары жаққа есеп берді.

        Соңғы жеті жылдан бері аттан да, тақтан да түспей, шырайлы шығысты басқарып келе жатқан Даниал Ахметовтің облысы республика бойынша көш бастады. Онда сайланатын ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала мен кент тұрғындарының 90,9 пайызы өз таңдауын жасап, әкімдерін сайлап алды. Ал басқа аймақтағы жағдай қандай, халықтың белсенділігін жоғары бағалауға бола ма?

         Ақмола облысында – 75,5; Ақтөбе облысында – 79; Алматы облысында – 66,5; Атырау облысында – 74,4; Шығыс Қазақстан облысында – 90,9; Жамбыл облысында – 90,7; Батыс Қазақстан облысында – 81,4; Қарағанды облысында – 75,8; Қостанай облысында – 84,4; Қызылорда облысында – 83,6; Маңғыстау облысында – 82,4; Павлодар облысында – 76,9; Солтүстік Қазақстан облысында – 87,1; Түркістан облысында 77,1 пайыз сайлаушылар өз таңдауын жасаған. Жоғары көрсеткіш пе? Өте жоғары. Алайда «нұрботтың» сарапшылары жақтап та, мақтап та жазып жатқан бұл сайлау  демократиялық тұрғыда халықтың саяси белсенділігін арттыра ма? Халық сайлаған әкімдер енді өз ауылының тұрғындарына не істей алады? Мәселенің маңыздысы осында жатыр. Алайда пікірлер әртүрлі. «Ауыл халқы өзінің конституциялық құқын пайдаланып, өз таңдауын жасады. Енді ауыл өзгеше өмір сүреді» деп малақайын аспанға атып жатқандар да бар. «Халық сайлаған, бірақ бүгінгі сіресіп қалған жүйеге тәуелді әкім кімге керек?» деп, күмәнмен қарап жатқан екінші тараптар да жетерлік.

— Елімізде, тіпті, Орталық Азияда алғаш рет өтіп отырғандықтан, аталмыш тәжірибе мінсіз болмаған да шығар, ол жайлы нақтырақ бақылаушылар есеп бере жатар. Бірақ халықтың өзін-өзі басқару жүйесін дамыту тұрғысынан бүгін тарихқа енетін күн болды десек, артық айтпағандық. Айналып келгенде, халықтық билік деген ұғымды білдіретін демократияның басты құндылығы осында емес пе –  сырттан біреу тағайындамай, өзі сенген, лайық деп тапқан менеджерді халықтың өзі сайлауы. Осылайша жүре-бара демократиялық дәстүр, белсенді азаматтық қоғам қалыптаспақ. Ал енді «түк шықпайды, бәрі бекер, бойкот, қоғам әлі дайын емес» деп отыра берсе, әрине, түк шықпайды, – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.

— Қазақстандағы ең абыройсыз лауазым ауылдың сайланған әкімі болады. Халықтың мандатын алды, проблема шаш етектен, жұрттың бәрі таниды, қажет десе, есігін теуіп кіреді. Ал өзі жоғарыдағы әкімге тәуелді, қолында соқыр тиыны да, билігі де жоқ, – дейді сарапшы  Мұхтар Сеңгірбай.

        Бірақ айта кететін бір нәрсе бар: «бояушы, бояушы дегенге, сақалын да бояптының» кері келіп тұр. Сарапшымыз деп жүрген кейбіреулер тіпті асыра сілтеп жіберді. Өте ыңғайсыз нәрсе. Билікке жағымпаздық деген жақсы нәрсе емес. Кейбіреулерінің пікірі тіпті сорақы. «Дос сүйсініп, дұшпан күйінген, белсенділігі жоғары, сауатты сайлау өтіп жатыр, ағайын! Әкімін сайламайтын Орталық Азия елдері бізге қызыға да, қызғана да қарап отыр. Өзімізден де сайлауға қарсылар өз пікірін фейсбукта жазып, айтып-айтып тастап жатқан плюрализмге толы, қызықты сайлау процесі өтуде. Бастысы – ел тыныш. Жұрт аман. Демократия деген осы емес пе?» – дейді кейінгі кезде  елімізде бір оқиға өтсе, билікті мақтай жөнелетін бір саясаттанушы. Пікіріне күлкің келеді. Оқуға ұят екен.

         Рас, ауыл әкімінің орынтағына таласқандар өте көп болды. 1847 учаскедегі 730 орынға  2297 үміткерден келді. 1419 адам өзін-өзі ұсынса, 878 адам саяси партиялар атынан тіркелді. Белсенділік бар. Бірақ әлі бюджеті жоқ, халық сайлаған ауыл әкімінің ертеңгі жағдайы қалай болады? Ауылдастарының алдында берген уәделерінің бәрі де орындала ма? Кейбіреулер «енді халық сайлаған ауыл әкімінің саяси салмағы арта түседі, әкім енді халықтың мұңын жоқтап, күйін күйттеп, қордаланған мәселені жоғары жаққа толыққанды жеткізіп отырады» деп жатыр. Сайланған тұлғаның қаншалықты «халықтық әкім» боларын уақыт көрсетер. Бірақ 30 жыл қалыптасқан қатаң жүйе сайланған әкімді тани ма, бағалай ма  және мойындай ала ма? Мәселенің күрмеуі де осында жатыр.

         Мейлі, халық таңдауын жасады дейік, алайда бүгінгі жүйеде өмір сүріп отырғандықтан, әкім бәрібір пікірін еркін айта алмайды, мәселені толық шеше алмайды. Жүйеге бағынышты. Аудан, облыс әкімінен аса алмайды.

Демек, бұдан шығатын қорытынды не? «Халық сайлады»  деп айтуға ғана жақсы. Анығы, сайлау өткенмен, сенім жоқ. Өйткені Мұхтар Сеңгірбай айтқандай, бұл «ауылының проблемасы шаш етектен, Қазақстандағы ең абыройсыз лауазым» болайын деп тұр.

Тақырыпқа тұздық

                                       Шаң басқан үстел

      Халық сайлаған ауыл әкімі кабинетінен атып шығып, хатшы қызға дүрсе қоя береді:

– Менің үстелімнің үстіндегі шаңды неге сүртесің?

– Не болып қалды, ағай?

– Онда өте бір маңызды телефон жазылған болатын, – депті.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:00
Nur Otan өз депутаттарының игі істерімен бөлісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:33
«Көзір» күйді: Маминнің тағы бір өтірігі ашылды
Алып АРСЛАН 08:28
«...Аузы жаман елді былғайды»
Сайт әкімшілігі 17.09.2021, 16:00
"Бізге үлкен ойындар қажет емес". Тоқаев ШЫҰ саммитінде не айтты?
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 17.09.2021, 14:00
Цой қайда қарап отыр?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 16.09.2021, 15:00
Байахметов баспанасы жоқ әкімді енді байқады

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39