Сайлау: құрсау мен қорлау

Сайт әкімшілігі

12.01.2021, 09:24

1394

«Біз осыны күткенбіз!»

10 қаңтар – ел пікірін екі бөлген күн. Бұл күні сайлауға дауыс бергендердің таңдауы мен бойкот жариялағандардың наразылығы тоғысты. Ресми дерек бойынша сағат 20:00-ге дейін тізімге енгізілген сайлаушылардың 63,1 пайызы бес партияның ішінен өз таңдауын жасаған. Осы тұрғыда сайлауға дауыс бергендердің пікірін білмекке сайлау учаскелеріне бардық. Алайда дауыс берушілер бірен-саран екенін аңғардық. Оның ішінде көбінің таңдауы «ADAL» партиясына түссе, «Nur Otan» партиясын «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» және басқа да жобалары үшін қолдаймын дейтіндер де табылды. Дегенмен сайлауға дауыс беруден бас тартқандар қатары қалың. Сайлау өткен күні бір топ белсенділер «Сайлауға бойкот!», «Халықта таңдау жоқ!» деген ұранмен Республика алаңына наразылық шеруге шықты.

11 сағатқа созылған митинг.  Кім не ұтты?

Алматы қаласы 10 қаңтарды таңғы сағат 08:00-ден бастап көше торуылдаған патрульдік көліктермен қарсы алды. Ескі және Республика алаңын айнала қоршаған заң мен әкімшілік қызметкерлері өткен-кеткендерге күдікпен қарап, куәліктерін тексеруден бас алмады. Алаңның әр шетінде бір-екі адамнан ғана топтасып тұрған, сайлауға наразы тұрғындар шеру басталмас бұрын, қарсылықтарының себебін түсіндіріп өтпек болды.

Белсенді Ербол Кәрімнің айтуынша, депутаттыққа қылмысқа жол берген азаматша түсіп отыр дейді. Сайлауға қарсылық танытқанының  себебін осымен түсіндірді. «Қызылорда облысында волонтерлік етіп, депутаттыққа сайланып жатқан Айназарова Ақмарал жөнінде айтқым келеді. Қызылорда қаласында 2010 жылы рентгенге түсірген кезде әкемнің өкпесінде дақ бар болып шықты. Дәрігерлер бес жыл бойы әкемді туберкулез ауруханасына тіркемеді, емдемеді де. 2015 жылы әкем қайтыс болған соң, облыстық денсаулық сақтау бастығы Ақмарал Айназароваға бардым. «Оларға өзім жаза қолданамын» деп, бас дәрігерді басқа поликлиникаға ауыстырды, ешқандай жаза қолданбады. Адам өміріне бейжай қарайтын осындай адам депутаттыққа сайланайын деп отыр. Менің ешқандай оппозицияға қатысым жоқ. Бұл менің жеке азаматтық пікірім.Сондай-ақ біздің елде қазақты шеттетеді. Мысалы, Қытай азаматы «Royal Petrol» компаниясында оператор болып жұмыс істеп, 950 мың теңге алады, сонымен ауысымға түсетін қазақстандық азамат 220 мың теңге айлықты қанағат тұтады. Неге қытай азаматы біздің жерде тұрып, біздің азаматтардан көп ақша алуы керек? Билік қайда қарайды, осы?» – дейді белсенді.

Сағат 11:30 шамасында Қазақстан демократиялық партия мүшелері «30 жыл халықты алдаған билік кетсін!», «Жалған сайлауға қарсылық!» деп жазылған плакаттармен бейбіт митингіге шықты. Алайда полиция наразылық білдіруші топты Тәуелсіздік монументіне жеткізбей, бірден қоршауға алды. Ал «айтарым бар» деп келген қалған топты заң қызметкерлері алаңға кіргізбеді. Шеруге шыққандар екі жақтан наразылықтарын дауыстап жеткізді.

Белсенді Нұрлан Дәулетұлы ақ туын алып, алаңға шыққандардың басын полиция біріктірмей отырғанын айтады. Ол митингіге шығу себебін жылап тұрып жеткізді: «Елде болып жатқан жағдай экс-президенттің уәделерінің кесірі. Елде қытай қаптап кетті. Қытай еркегіңді құл, әйеліңді күң етеді. Онсыз да 70 жыл орыстың  отарында болдық. Сондықтан да, бауырлар, қазақтар, көтеріліңдер! Менің, мейлі, 10-15 жыл ғана өмірім қалды. Ал артта қалған ұрпақ не болмақ? Соны ойлайық! Ертең не болады? Ойласам көзіме жас келеді. Мен өзім үшін қорқып тұрғаным жоқ, балам үшін, немерем үшін қорқамын. Олардың болашағы не болмақ?! Сайлауға қатыспаймын! Дауыс бермеймін! Дауыс халықтыкі болу керек! Мен жылап тұрған жоқпын, халқым жылап тұр!»

Ал публицист-жазушы Т.Айтбайұлы кезінде Желтоқсан көтерілісіне байлығымыз тоналып, жеріміз сатылсын деп шықпағанын айтады. Сондықтан тәуелсіздік үшін сол кезде алаңға шыққан желтоқсаншылардың арманы аяқасты болғаны аянышты дейді. «Мен 1986 жылы осы алаңға шыққанмын. Ол кезде жер қайысқан қол едік. Сонда біз Қазақ елін қазақ билесе қарық боламыз деп ойлап едік. Арада 34 жыл өтті. Не өзгерді? Мына алаңда керемет ескерткіш бар еді. Ол ескерткіш мереке сайын Д.Қонаев шығып тұрып, елдің парадын қабылдайтын мінбер еді. «Желтоқсан көтерілісінен із қалмасын, қазақ жастары алаңға шықпасын, шықса 1986 жылдағыдай қырып-жоямыз». Бұл – биліктің 30 жылдан бергі саясаты. Мен желтоқсаншыларды аяймын. Ішім қан жылайды. Олардың қаны төгілгенінен ешқандай қайран болмады. Ататынын атты, соттайтынын соттады, асатынын асты! Шетінен ауру, шетінен сырқау! Арамыздан кетіп жатыр. Мына ашық аспан кім үшін? Бабаларымыз кең-байтақ жерді кім үшін алып қалды? Бүгінгі сайлау әділетсіз! Ешқандай баламасыз сайлау!» – дейді белсенді.

                                       ҚҰРСАУ

Өздерін «қала тұрғындарымыз» деп таныстырған топ сайлауға бойкот жариялағандарға қарсы шу шығарды. Айтуларынша, сайлау әділ өтеді және митинг ұйымдастырғаннан ештеңе шықпайтынын алға тартып, наразы топты қайтаруға тырысты. Сөздерінше, халықтың жағдайы жаман емес көрінеді. Наразы топқа басу айтқандардың ішінде әже атанар, зейнет жасындағы кісіден пікір сұрағанбыз. Алайда ол есімін айтудан бас тартты. «Мен ең бірінші ұлтқа, жасқа бөлуді доғаруды сұраймын! «Америка мен үшін не істеді деп емес, мен Америка үшін не істедім деп сұра», – деп Дж. Кеннеди айтқан. Міне, сендерге демократия! Жер көлемі бойынша 9-орындамыз. Мына жердегілер 35-40 жасқа жаңадан келгендер. Олар 90-жылдардағы аштықты көрген жоқ. Осы күнге шүкір деу керек», – дейді зейнеткер.

Наразылық шеру барысында полиция қарсылық білдіргендерге күш қолданып, көлікке тиеп әкетті. Арнайы жедел әрекет ету отряды шамамен 30-дан астам белсендіні қамады. Ал қоршаудағы бір топ белсенділерге азық-түлік тасуға тыйым салған заң қызметкерлері тіпті дәретханаға баруға да рұқсат бермей, әйелдер сол жерде дәрет сындыруға мәжбүр болды. Арнайы жасақталған отряд таңнан кешке дейін қытымыр қыста ас-сусыз наразы топты қоршаудан босатпады. Біздің билік 10 қаңтар күні халыққа әйгілі Ленинград блокадасының жаңа түрін тарту етті. «Фашистік биліктің көрінісін қайталап отыр» деп, жанайқайын жеткізген сайлауға қарсы топқа полиция жасағы аяушылық танытқан жоқ.

Республика алаңындағы митингішілерден бөлек, Сәтбаев пен Достық көшелерінің қиылысында сайлауға бойкот жариялаған «Оян, Қазақстан!» жастар қозғалысының белсенділерін арнайы жасақ қоршауға алып, 5-6 сағат бойы босатпады.

Түнгі сағат 21:30-ға дейін қоршауда тұрған белсенділер арасындағы аяғы ауыр келіншектің жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем көлігі алып кетті. Сондай-ақ 53 жастағы белсенді әйелдің қан қысымы түсіп, наразы топ дәрігер алдыруды талап етті.  

Он бір сағат бойы тік аяқта тұрған наразылық білдірушілер түн ауа босатылды. Белсенділер бұл әрекетті «фашистік биліктің қорлауы» екенін айтып, дәл осындай қатыгездікке дайын болғанын, сағаттап далада тұратынын біліп келгенін жеткізді. Алайда «биліктің кезекті қорлауы белсенділердің сағын сындырмайтынын» айтады, қатты шаршап-шалдыққан, жасыған емес, анық бекінген түр. «Бүгінгі сайлау – заңсыз! Біз оған мойынсынбаймыз. Парламентке келетін депутаттар – заңсыз депутаттар. Бұлар халықтың қалауымен депутат болған адамдар емес. Біз бұнымен тоқтамаймыз. Митингілер болашақта жалғасын табады. Қазақстанда монархиялық жүйенің орнауына жол бермейміз. Полиция бүгін бізді азаптағысы келді. Он сағаттан аса уақыт, қыстың көзі қырауда далада қозғалмай тұру деген оңай емес. Үш адамды жедел жәрдем алып кетті. Арамызда аяғы ауыр келіншектер, жас қыздар, үлкен әйелдер бар. Олардың ешқайсысына қараған жоқ. Заң қызметкерлері ұрып-соқты. Журналист Әсем Жакишеваның қабырғасы сынған. Осындай масқара, ұятты жағдайлар орын алып жатыр. Ешқандай адамның құқығы да, Конституция да сақталған жоқ. Тіпті адамдар қоршаудан шыға алмай, сол жерде дәрет сындыруға мәжбүр болды. Бұл енді нағыз «фашистік билік» ойлап тапқан қорлаудың жаңа түрі. Біз мұны күткенбіз», – деді белсенділердің бірі.

P.S. Алматы қаласынан бөлек, Орал қаласында да дәл осы күні әділетсіз сайлауға наразылық білдіруге келген 20-дан астам адамды полиция қызметкерлері орталық алаңнан ұстап әкетті. Сондай-ақ сайлау күні Шымкентте Ордабасы алаңы мен Орталық саябақ, Арбат пен «Қызғалдақ» бұрқағы қоршалған. Заң қызметкерлері белсенділерді наразылықтың соңғы нүктесі – «Шымкент плаза» сауда орталығынан ұстады. Ақтөбе қаласында да наразылыққа жиналмақ болған 10-нан аса азаматты полиция орталық стадионнан ұстап әкеткен. Ал Нұр-Сұлтан қаласында полиция тіпті Азия, Австралия, Американың ірі шөлейттерін жаяу жүгіріп өткен әйгілі марафоншы Марат Жыланбаевты көшеде жүрген жерінен қамауға алған.

Айтпақшы, президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау күні наразылық білдірушілерге «ешқандай  репрессиялық шаралар қолданылмайды» деген. Дүйім жұрттың алдында әжетін өтеуге мәжбүрлеу, қақаған суықта, 8 сағат бойы ас-сусыз, талып жығылғанша құрсауда ұстап тұруды репрессиялық шара емес, әшейін баланың ойыны деп есептей ме екен, әлде «еститін мемлекет» бастамасының авторы Алматыдағы жағдайды естімей қалды ма екен...

Тегтер: сайлау саясат партия бірлік мәселе оппозиция ішкі саясат реформа

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:31
Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қатысты пікір білдірді
Б.БЕКСҰЛТАНОВ 16:02
Сайлау өтті, ары қарай не болмақ?
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 11:26
"Екіншінің" екпіні Едігедей болмады
Батыр ЖАСҰЛАН 09:32
Мамин мықты премьер ме?
Досым СӘТБАЕВ 20.01.2021, 09:26
Мамин не үшін әлі отыр?
Әділ КЕМЕҢГЕР 19.01.2021, 13:32
Жағымпаздық үшін қылмыстық жаза керек

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15