Салпыншаққа қызықпайтын сана қалыптасса

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

22.06.2022, 15:28

2880

Өткен аптада Тоқаевтың сөзі де, өзі де көп талқыға түсті. Солардың ішінде менің назарымды аударғаны мемлекет басшысының президенттік өкілеттілігі аяқталғанша, отандық және шетелдік наградаларды қабылдамау туралы шешімі болды. Мұны мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай да растады.

Әдетте, Назарбаевтың басқа елдерге сапары кезінде сол елдердің құрметі ретінде марапатталып жататынын байқайтын едік. «Мемлекет басшысы оған көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты. Бірақ ол президенттік өкілеттілігі аяқталғанша, отандық және шетелдік наградаларды қабылдамауды шешті. Дәл осы себепке байланысты жақында Бішкек қаласына жасаған сапары барысында қырғыздың жоғары наградасы – I дәрежелі «Манас» орденінен де бас тартқан болатын», – деп жазды Ербол Еділов өзінің телеграм каналында.

Одан соңғы Ресей сапарында да Тоқаевтың Александр Невский орденінен бас тартқаны белгілі болды. Осындайда еске түседі, тарихи деректерде Оспан батырды да Сталин кезінде өз жағына тартуға тырысып, қауіпсіздік министрлігі барлау қызметінің басшысы генерал Ланфанг, кеңесшісі Греднев, Ішкі Істер министрінің кеңесшісі генерал Пахомов пен Моңғолиядағы Совет елшісі Ивановтарға батырмен байланысуды тапсырған. Осындай мақсатпен олар Оспан мен Моңғол елінің басшысы Чойбалсанды 1944 жылғы қазан айының 5-і күні шекара маңында арнайы жолықтырады. Кездесуде Кремльдің агенттері Моңғолияның атынан Оспанға біраз қару-жарақ беріп, ең жоғарғы награда «Қызыл Ту» орденін қолына ұстатады. Алтын секілді салмақты нәрсені олай-бұлай ұстап көрген батыр: – Мынаны біздің жақта теңге дейді, мұны қатындар шылауышына тағады, мен жылтырақ тағатын қатын емеспін, – деп пеш түбінде тезек көсеп отырған әйелге: –Мә, Бәтіш қарағым, мынаны сен ала ғой, – деп лақтырып жіберіпті.

Келесі жылы көтерілісшілер Алтай аймағын гоминданнан азат етіп, Үш аймақ үкіметі құрылады. Осы үкіметтің басшысы генерал-лейтенант Ысқақбек Мононов та Алтайға келіп, Ошыңға сол кездің ең жоғарғы атағы «Азаттық» орденін береді. Батыр тағы да мырс етіп күліп: «Теңге-моншақты біздің елде тек қыз-келіншектер тағады» деп оны да әйеліне лақтыра салыпты, деген әңгіме бар.

Жасырып қайтейік, соңғы жылдары елімізде сол бір салпыншаққа ерекше құмарлық байқалған болатын. Тіпті, атақтар мен салпыншақтар сатыла келе, елімізде кім көрінген, ақшасы бардың барлығы атақты бола бастағанын да несін жасырайық. Бүгінгі күні тергеуде отырған Мейіржан Төребаевтың өзі де, әйелі де Алматы қаласы әкімдігінен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталуы көпшіліктің наразылығын туғызған болатын. Сол кезде-ақ пирамида құру ісінде көзге түскен блогердің марапатталуына қоғам қарсылық білдірген еді. Сондай-ақ ұстаздардың да атақтарды оңды-солды сатып алу арқылы, атаққа ұмтылуы министрлік деңгейіне дейін көтерілген болатын. Сәйкесінше, мемлекеттік деңгейде салмағы жоқ сан түрлі марапаттар да тым көбейіп кетті.

Осы орайда, айта кетер жайт, саясаттанушы Асхат Қасенғали «Моңғолияда 2000 қодасы бар шопанға «Еңбек Ері» атағы беріліпті. Ол 16 жасынан қодас бағып, бүгінде оның саны 2 мыңнан асқан екен. 52 жыл бойы осы кәсіппен айналысып келеді екен. Билік ауыл шаруашылығына қосқан үлесін жоғары бағалапты. Бізде 30 жылдықты тойлағанда, бір шопан, диқан бар ма жоғары атақ алған?» – деп әлеуметтік желіде сауал жолдаған болатын. Расында да шын лайықтардан гөрі, ақшалылар жағалайтын атақтың елімізде қадірі кетіп ақ қалды.

Осындайда мемлекет басшысының әрекеті үлгі болып, бүкіл қоғам саны көп, сапасы жоқ атақтардан бас тартса, талай ақша үнемдер едік. Үнем демекші, биыл Қорғаныс министрлігі 17 млн теңгеге алтын жалатылған төсбелгі соқтыруға тапсырыс берген. Нақтырақ айтсақ, Қорғаныс министрлігінің 65235 әскери бөлімі ашық конкурс тәсілі арқылы KADESI жеке кәсіпкерлігімен 5 мың дана естелік белгіні 17 млн 597 мың теңгеге жасатуға келісімшартқа отырғаны мемлекеттік сату порталы арқылы белгілі болған еді.

Мемлекет басшысының марапаттан бас тартуы – халыққа да үлгі болса шіркін, талай қаржыны да үнемдер едік, бейберекет таратылатын атақтың да қадірі артар еді-ау.

Айтпақшы, Тоқаевтың шешімі басқалардың шамына да тиіп кеткен секілді. Тоқаев Ресейден қайтқан соң, Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Тоқаевты Ресейге сапары кезінде марапаттау жоспарланбағанын айтты. Осындай мәлімдемені Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Эрбол Сұлтанбаев та айтқан көрінеді. «Алмай кетті» дегеннен гөрі, солай айту ыңғайлы болып та тұрған шығар. Мейлі ғой, президенттің марапатқа қызықпауы қуантып тұр. Енді салпыншаққа қызықпайтын санасы сау, халқы бақытты, тұрмысы жайлы қоғам құруға ықпал етсе, нұр үстіне нұр болар еді...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркенұр ҚОНЫСБАЙ 26.05.2023, 09:13
Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
Сайт әкімшілігі 25.05.2023, 15:00
Министр оқу жылы неге ұзарғанын түсіндірді
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ 25.05.2023, 09:15
Оралов жауап бермейді, «тапсырма» береді
Қанат ТІЛЕУХАН 23.05.2023, 09:40
Қуанышалинмен қоштасу
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 23.05.2023, 09:08
Аюпов тұтылды, ал Әбдірахымов... Құттықтайды!
Сайт әкімшілігі 22.05.2023, 17:00
Қырғызстанның әскери прокуратурасы Күдебаевтың шекарадан заңсыз өтуіне қатысты қылмыстық іс қозғады

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31