Сапарбаевтың аяғы ауыр ма?

Нұрболат ӘЛДИБЕК

28.09.2021, 09:01

4509

       Әдетте әкімдердің жиынынан шашау шықпауы керек. Бәрі тап-тұйнақтай болуы тиіс. Ал алда-жалда облыс әкімі тұрғындарды қабылдай қалса, оның алдына кіретін адамдарды мың мәрте сүзгіден өткізіп, не мәселе айтады, қалай айтады, оның шешімі қалай – бәрі-бәрі алдын ала дайындалатыны жасырын емес. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды көбінесе онлайн қабылдайды. Онлайнды оңай көріп, арқаны кеңге салып алды ма, қайбір күні осы қабылдау кезінде Сапарбаевтың қол астындағылар оңбай опық жеді. Иә, күні кеше Сапарбаевтың қатысуымен өткен қоғамдық қабылдауға онлайн қосылған Тараз қаласының тұрғыны Әлішеров Қуанышбектің әкімнің көзін бақырайтып қойып өткір сын айтатынын айналасындағылар аңдамай қалды.

     Негізі, Қуанышбек ақсақал бұл жиынға өткен жылдың басында Тараз қаласының Тектұрмас аумағынан салынған «Әулиеата» ескерткіші төңірегінде әңгіме өрбітіп, оны алып тастау немесе өзгерту жөнінде айтатын болып барған сияқты. Сөз кезегі келгенде ол ұсынысын да айтқан. Дегенмен сол ескерткіш ашылғаннан кейін Қордайдағы қазақ-дүнген қақтығысы орын алғанын байланыстыра келе, сол уақыттан бері облыста түрлі келеңсіз жайттар үсті-үстіне болып жатқанын, ел ішінде облыс әкімі жайында түрлі-түрлі жағымсыз әңгімелер қаптап кеткенін айтады.

       Бердібек Мәшбекұлы Жамбылға үкіметтік комиссияны бастап келіп, артынша осы өңірге әкім болып тағайындалғанда қу тілділер оны «құдаша болып келіп, келін болып қалып қойды» деп әзілге бұрғаны ел есінде. Келін демекші, «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» дейтін мақалды сәл өзгертіп, «әкімнің аяғынан» деп айтар болсақ, расында, Сапарбаевтың Жамбыл жеріне басқан қадамы, яғни әкіміміздің аяғы ауыр болып тұр.

      Айталық, Жаңатастағы бес бүлдіршіннің өліміне әкелген өрт оқиғасынан күні кешегі Байзақтағы әскери қоймадағы жарылыс. Жыл басынан бері облыс аумағында кісі өлтіру бойынша қылмыстар саны күрт өскен, жол-көлік оқиғалары жиілеп, мұнда да қайтыс болғандар саны едәуір көбейген.

     Күні кеше облыс әкімі өңірде жол-көлік оқиғасының көбейіп кеткені туралы мәселені арнайы жиында майшаммен қарады. Жыл басынан бері Жамбыл облысында жол-көлік апаттарынан 133 адам қаза тапты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға артық. Ал түрлі дәрежедегі жарақат алғандардың саны 1000-нан асады. Бұл өткен жылға қарағанда 37 пайызға өскен. Осы жиын өтердің алдында ғана сол автожолдың бойында алты адам апаттан бақилық болды.

–  Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының бойында тек біздің облысымыз ғана орналаспаған. Алматы, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары да бар. Бірақ оларда жол-көлік оқиғалары біздегідей жиілемеген, – деп, облыс әкімінің өзі де бұл жағдайға таңданысын білдірді.

      «Б.Сапарбаевтың ел алдында есеп беріп тұрғанында Елтаңбаның құлағаны – Жаратқанның жіберген ескертуі еді. «Әулиеата» ескерткішін басқалай өзгертудің жолын қарастырмаса, өңірде келеңсіз оқиғалар жалғаса беруі мүмкін», – деді Қуанышбек ақсақал.

       Қария сөзін аяқтап, микрофоны өшірілген соң, Б.Сапарбаев жарылардай болып әрең шыдап отырды ма, кім білсін, «Оңбаған! Біреу айт деп әдейі жіберген ғой» деп күбір ете қалыпты. Әкімнің бұл сөзін онлайн қосылып отырғандар естімегенімен, Сапарбаевпен бір залда отырғандардың құлағы шалыпты.

       Біз Қуанышбек қарияның өзіне хабарласқанбыз. Әңгімеміз өте қысқа болды. «Бүгінгі қоғамдағы жағдайды оң тұрғыдан түсіндіріп беретін қариялар жоқтың қасы. «Дос жылатып айтады» демекші, Бердібек Мәшбекұлы замандасым болғаннан соң түсінеді ғой деп, жаным ашып айттым. Өздеріңізге белгілі, соңғы уақытта өңірімізде келеңсіз жағдайлар көбейіп кетті. Әкім менің «Әулиеата» ескерткіші жайында айтқандарыма көңіл аударса, жағдай да біршама тұрақталар ма еді?! Осы ойымды ашық айттым. Мен біреудің айтағымен жүретін адам емеспін», – деп түйіндеді сөзін.

      Әрине, Жамбыл облысында соңғы уақытта орын алған оқыс оқиғалар облыс әкімінің пәрменімен істелмегені анық. Бұл жағынан әкімді ешкім кінәлай алмаса керек. Бірақ соңғы екі-үш жылдың көлемінде Жамбыл жәкемнің есімімен аталатын облыстың неге жаман аты шыға берді? Мектеп оқушысын зорлаған әжетхана оқиғасы, Қордай қақтығысы, бес сәбидің өмірін жалмаған Жаңатастағы өрт, Байзақтағы жарылыс… Жамбыл облысында неге оқыс оқиғалар жиілеп кетті?

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жеңіс ТЕМІРХАН 03.12.2021, 08:49
Деміккен демократия: Қалай қазақыланамыз?
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 15:50
14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 10:05
Сауранда бірнеше жүк көліктері соқтығысты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 02.12.2021, 09:05
Тәуелсіздік күнін неге үреймен күтеміз?
Әділ АҚЫЛБАЙ 02.12.2021, 09:02
«Оператор РОП» халықтың «үнін өшірді»
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 08:26
30 жылдың қорытындысы: Қарағандылық археологтар қазақ даласының қандай құпияларын ашты

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00