«Сатқындық»: Соғысты қолдайтын экс-депутаттың артында кім тұр?

Батыр ЖАСҰЛАН

25.01.2023, 07:45

1466

Мәжіліс тараудан бір күн бұрын «Ақ жол» партиясының депутаты Азамат Әбілдаев бүйректен сирақ шығарды. Ол Ресейдің Украинаға ашқан соғысын қолдайтынын айтты. Қазақстанда ұлтшылдардың көбейіп кеткенін, ал мұның соңы жақсылыққа апармайтынын мәлім етті.

Бұл мәлімдеме ақжолдықтарға оңайға соққан жоқ. Осыған байланысты партияның Ұлттық кеңесі шақырылды. Әбілдаевтың мәселесі қатаң қаралды.

Оңай деймісің, парламент тараудан бір күн бұрын жасалған тентек депутаттың пікірі соңғы 15 жылдан бері мәжілістің мандатына ие болып келе жатқан ақжолдықтарға жасалған үлкен соққы іспетті болды.

Артынша, партия төрағасы Азат Перуашевтың төрағалығымен өткен жиында А.Әбілдаевтың айтқан сөздері сараланып, тиісті саяси баға берілді. Ұлттық кеңес мүшелері А.Әбілдаевтың сөздері «Ақ жол» партиясының позициясына қарама-қайшы екеніне, партиялық және депутаттық этиканы да бұзғанына баса назар аударды. Партияның ұлттық кеңесі А.Әбілдаевты «Ақ жол» демократиялық партиясынан шығару туралы шешім қабылдады. Әбілдаевтың депутаттық мандатын тоқтату туралы Орталық сайлау комиссиясына хат жолданды. Сонымен іс бітті, қу кетті. Бірақ одан ығатын Әбілдаев па? Ертеңіне-ақ Ресейдің сайттарының біріне сұхбат берді. Бұрынғы бұрынғы ма, бұл жолы Соловьевтің арнасына шығып, олтіптіашық кетті.

Әбілдаев «Ресей жоқ болса, Қазақстан көпке бармайтынын» айта келіп, «Қазақстанда  80 пайызға жуық адам орысша сөйлейтінін» тілге тиек еткен.

Ол Ресей блогеріне берген сұхбатында  «Қазақстандағы ұлтшылдарға  мүмкіндік берсе, олар елді соғысқа әкелетінін»  хабардар еткен. Сөйтіп, Украинадағы жағдайды меңзеген. Сонымен қатар, Қазақстанда ұлтшылдықтың қарқын алып бара жатқанын айтып, мұның арты жақсылыққа апармайтынына алаңдаған.

Ал шын мәнінде, өмірде солай ма?

Бұдан шығатын қорытынды не? Біз әлі орысқұлдық психологиядан арыла алмай келеміз. Сана тазармаса, осындай арандатушылық пікірлер орын ала береді. Отарсыздану процесі жүрмесе, әлі талай әбілдаевтар шығады. Қоғам қашан әбілдаевщинадан тазарады? Бұл енді мәңгілік сауалға айналмаса, дейміз. Ең үлкен қауіп – осы. Бұл жерде «Ақ жол» партиясы Ұлттық кеңесі мен басшылығының да кінәсі бар. Партия ішін осы уақытқа дейін осындай орысқұлдан тазартпаған. Нақты айтқанда, жанында қандай әріптесі жүргенін ешқайсысы білмеген және мән бермеген. Ақыры не болды? Мәжіліс сайлауы алдында «Ақ жолға» бүйірден соққы берілді. Басқа емес, өз депутаты соққы жасады. Қазақ біліп айтқан: «Іштен шыққан жау жаман» деген осы. «Алашшыл» болып жүрген «Ақ жолдың» ішінде «путиншіл депутат» бар екенін ешкім білмеген. Мұндай ресейшілдер  «Ақ жолдың» ғана емес, ертең «Аманаттың», тіпті, «Ауыл» партиясының арасынан шықпасына кім кепілдік бере алады?! Сондықтан барлық партиялар көршіге бүйрегі бұрылатындардан тазаруы қажет.

Орын алған оқыс оқиғаға байланысты кеше «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ұлтжанды азамат Қазыбек Иса «Антбұзар Абильдаев ұлтты сатып кетті» деп мәлімдеме жасады. Депутаты ресейшіл болып шыққасын, оның тегін де әдейі орысша жазған болуы керек. 

– Азамат Абильдаевтың айдын-күннің аманында жер астынан жік шыққандай, сайлау басталғанда сайтандай сап ете қалған сатқындығы нағыз арқадан сұғылған қанжар болды. Өйткені бұл жерде бір партияның ғана мәселесі емес, ұлт мүддесі, тәуелсіз қазақ елінің мүддесі қарақан бастың қараулық пиғылымен жеке есеп үшін сатылып кетіп тұр. Абильдаевпен көрші елдің арнайы қызметі арнайы айналысқан секілді. Украинада осындай орысшыл депутаттар ОПЗЖ атты бір блок құрған болатын, олардың мақсаты – басқыншылар келгенде, парламентті өздері қолға алып, Ресейге саяси қолдау көрсету еді. Мұндай қатердің басын сезген сәтте «Ақ жол» партиясы оны бір сәтте партиядан да, парламенттен де шығарып, ондай әрекеттерге жол бермейтінімізді айқын көрсеттік. Енді елімізге де, парламентке де, барлық партияларға Абильдаев синдромы сабақ болуға тиісті. Абильдаев ұлтшыл партияны ғана емес, ұлтты сатып кетті! – деді Қазыбек Иса.

Расын айту керек, қазір Әбілдаевтың әрекетіне қатысты әртүрлі болжамдар айтылуда. «Бұл алдағы сайлауда ақжолдықтарды мәжілістен ығыстыру, сөйтіп, олардың орнына жаңадан құрылған «Байтақ» пен «Республика» немесе «Ауыл» партиясының мүшелерін әкелу» деген де пікірлер айтылып жатыр. Әбілдаевтың соққысынан кейін алдағы мәжілісте «Ақ жолдың» мүшелері азаятын шығар» деген де жорамал бар. Уақыт көрсетер. Десек те, аяқ астынан Әбілдаевтың бүйректен сирақ шығаруының астарында не жатыр? Неге ол ресейшіл бола қалды? Бұл партияішілік араздық па, жоқ әлде мұның артында Кремль тұр ма? Қалай айтқанда да, қазір геосаяси жағдай шиеленісіп тұрған уақытта Мәскеу Қазақстаннан өз жақтастарын іздейтіні анық. Анығы, оларға орыстың мүддесін көздейтін қазақтілді қазақ керек. Әбілдаевтың әрекетінде осындай жымысқы саясат жатқан жоқ па екен?! Егер алдағы уақытта Әбілдаев саясатта қайтадан көріне бастаса, еріксіз осындай тұжырым жасауға болады.

Кеше Dalainside ақпарат агенттігі «Орыс әлемі» идеологиясын жүргізетін «Россотрудничество» ұйымы Қазақстанда Ресейді қолдайтын және орыс тілінің ықпалын сақтап қалуға ниетті азаматтардың басын қосып, олардың бастамашыл топ ретінде қозғалыс, не партия құру мүмкіндігін ойластыра бастады. Болашақ партияның нақты атауы бекітілмеді. Әзірге, Россотрудничествоға «Za наш дом – Казахстан!» атауы көбірек ұнап отыр» деген ақпарат таратты. Ал бұл қаншалықты шындық? Кремльдің жоспары, шын мәнінде, шындыққа айналса, онда Мәскеу міндетті түрде Әбілдаев сияқтыларды пайдалануы мүмкін.

Қазір Әбілдаевтың әрекетінен шошынғандар да, тіпті, оның пікірін ішінара қолдайтындар да бар. Оның пікірін «сатқындық» деп бағалап жатқандар да жетерлік. Ең өкініштісі, Әбілдаевтың көзқарасын теріске шығарып, ресми пікір айтқан бірде-бір билік өкілі болған жоқ. «Бұл Әбілдаевтың жеке көзқарасы» деп құтылып кетуге болатын шығар. Бірақ бұл өте қауіпті құбылыс. Әбілдаев сияқтыларға тезірек тойтарыс бермесе, болмайды. Көбейіп кетеді.

Қысқасы, билік пен мәжілісте ұлтжанды қазақтардың саны артпаса, қиын болайын деп тұр.

P/S: Жалпы, қазір еліміздегі мемлекеттік органдардың және басқа да мекелердің мемлекеттік тілде жұмыс істеуге көшетін уақыты келді.

Тегтер: Депутат мәжіліс саясат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:22
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары тағайындалды
Әділ АҚЫЛБАЙ 07:17
Ресей Путиннен қашан құтылады?
Сайт әкімшілігі 02.02.2023, 16:00
ОСК: Мәжіліс депутаттығына кандидат сайлауда 5%-дан аз дауыс жинаса, жарна қайтарылмайды
Сайт әкімшілігі 02.02.2023, 10:35
Болат Назарбаевтың компанияларына тиесілі жерлер мемлекетке қайтарылды: істің мән-жайы
Нұрболат ӘЛДИБЕК 02.02.2023, 07:12
Тағдырын «дәретхана дауы» талқандаған...
Сайт әкімшілігі 01.02.2023, 17:45
Әсет Матаев парламент сайлауына қатысады: "Біздің буын көптеген мәселелерді шеше алады"

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16