Сауэр мемлекеттік саясатқа қарсы ма?!

Батыр ЖАСҰЛАН

20.07.2021, 09:18

2573

Агроолигарх  Иван Сауэр солтүстік  өңірге қазақтардың көшіп баруына өзінің қарсылығын білдірді.

      «Баз біреулер Түркістан облысынан Солтүстік Қазақстанға халықты көшіру туралы бағдарламаны ойлап тауыпты. Ал мұның не керегі бар? Қандай мақсатпен халықты солтүстікке алып барады? Проблема болуы үшін бе? Одан да оңтүстік  аймақтарда сол тұрғындар үшін неге жұмыс орындарын ашпасқа?»

       «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы агроөндірістік кешені комитетінің төрағасы Иван Сауэр Қазақстанның орталық телеарналарының біріне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеме жасады. Әрине, «бұл Сауэрдің өз пікірі» деп қолдай кетушілер табылып қалар. Бірақ агроолигархтың айтып отырғаны қаншалықты дұрыс?

       Бұл бағдарлама экс-президент  Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылғаны белгілі. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында «басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігі» туралы айтқаны белгілі. Бұл бастаманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдады. 2020 жылдың қазан айында Қасым-Жомарт Тоқаев  оңтүстіктен солтүстікке, яғни  ел ішіндегі миграцияның тиімділігін атап көрсетіп, көшетін отбасыларға берілетін жәрдемақыны 70 АЕК-ке дейін көбейтуді тапсырды.

     «Ел ішіндегі миграциялық үдерістерді реттеу ісінің тиімділігін арттыра түсу қажет. Бұл ең алдымен азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты. Осы мәселе Ұлттық кеңесте бірнеше рет көтерілді. Оны кешенді түрде шешу үшін: біріншіден, электронды еңбек биржасының базасында бірыңғай ақпараттық ресурс: enbek.kz құру керек. Көшіп барушылар мемлекеттің көрсететін қолдауы жөніндегі барлық ақпаратты тікелей әрі жедел алу қажет. Екіншіден, көшуге қатысты мәселелерді оңайлатқан жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасауға тиіс. Жақында мен жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болдым. Бұл өңір демографиялық өсімі ең баяу аймақтың бірі болғанымен, қоныс аударушыларды тарту жағынан жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Аймақта көшіп келушілерге арналған жаңа тұрғын үйлер салынуда. Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Мигранттарды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есеге, яғни 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын. Үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында.

        Расында да, қазіргі уақытта, әсіресе оңтүстік аймақтарда халықтың тығыз орналасуына байланысты солтүстікке көшіру жұмыстары қарқын ала бастағаны белгілі. Атап айтар болсақ,  солтүстік аймақтарға  2017-19 жылдар аралығында  5119 отбасы немесе 18 379 адам, оның ішінде 2019 жылдың 10 айында 2266 отбасы немесе 8168 адам қоныс аударған. Көшіп келгендердің жалпы саны 3037 отбасы – еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушылар болса, 2082 отбасы – шетелден көшіп келген оралмандар.  Ал 2020 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 5800 адам солтүстікке қоныс аударған.

       Ал мемлекет арнайы бағдарлама қабылдап, жұмыс процесін реттеу үшін жасалынып жатқан көші-қон жұмысына олигарх Иван Сауэр неге қарсы? Осы уақытқа дейін биліктен Қазақстанның Еңбек Ері, «Парасат», «Отан», «Достық», «Шапағат» секілді орден-медальдарын түгел алып, омырауына қадаған Сауэр  қазақтың солтүстікке көшіп келуін неге қаламайды? Себеп біреу ғана: ол өзінің иемденіп алған мыңдаған гектар жерін қызғанады. Сауэр мемлекеттің қабылданып қойған, жүзеге асып жатқан бағдарламасына ғана емес, шын мәнінде Назарбаев және Тоқаевтың бастамаларын да көзге ілмей, оған ашық түрде қарсылығын танытып отыр.  Бір басында «Родина» агрофирмасының директоры, «Қазақстан ет одағы» қауымдастығы басқармасының төрағасы, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның тәуелсіз директоры, «Казагроинновация» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы агроөндірістік кешені комитетінің төрағасы секілді  көз сүрінетін атағы бар белгілі олигархтың мемлекет мақсатты түрде қабылдаған бағдарламаға қарсы шығуын қалай түсінуге болады? Бұл асқандық па, жоқ әлде қазақ халқын басынғандық па? 

       Профессор, запастағы полковник  деген шені мен ғылыми дәрежесі де бар Сауэр  1994 жылы Қазақстанда ең алғаш рет Ақмола облысындағы «Родина»  совхозын жекешелендіріп алғаны белгілі. Енді, міне, шылқып байып алған соң, Назарбаев бастап, Тоқаев қостаған жүйелі түрде жүзеге асып жатқан  мемлекеттің, үкіметтің бағдарламасына қарсы шығып отыр.

       Сонау 2014 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бұл бағдарлама соңғы жылдары тіпті қарқын ала бастады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осыған байланысты арнайы зерттеу жүргізгені де белгілі. Зерттеу нәтижесіне сенсек, 2050 жылға қарай Қазақстанның солтүстігіндегі халық саны 1 миллионға дейін қысқарады. Ал оңтүстікте халық 5 миллионға дейін көбейеді. Сондықтан  үкіметпен келісіліп, еңбекпен қамту бағдарламасы аясында еліміздің оңтүстік өңіріндегі тұрғындарды солтүстік аймаққа көшіру туралы шешім қабылданды. Ол үшін арнайы облыстар да белгіленді. Ал Сауэр солтүстікке қазақтың келуін жақтырмайды. Ал мұның себебі неде?

     – Иван Сауэр Қазақстанның  оңтүстігіндегі тұрғындардың солтүстікке көшуіне неге қарсы? Өйткені латифундизм солтүстік аймақта күшіне мінген. Совхоздың бұрынғы қызыл директорлары жүздеген, мыңдаған гектар жерлерді иемденіп, жыл сайын мемлекеттен миллиардтаған теңге субсидия алып отыр. Оларға оңтүстік тұрғындарының солтүстікке келгені қажет емес. Халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы еліміздің ұлттық қауіпсіздігі үшін қажет. Сондықтан да «Серпін» және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Егер «Атамекен» агрокомитетінің төрағасы Иван Сауэр маңызды болып саналатын мемлекеттің саясатымен келіспесе, онда отставкаға кетуі тиіс, – дейді қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан.

       Дұрыс пайым. 1990 жылдың басында пилоттық жоба делініп, артынан бүкіл совхоздың жерін жекешелендіріп алған Сауэр сияқтылар, әрине, оңтүстіктің шаруақор қазағын өз аймағына жолатқысы келмейді. Мәселенің түп-төркіні осында жатыр. Ал «Сауэр айтты екен» деп, қазақ көші тоқтап қалмайды. Солтүстікті қазақыландыру  ұлттық идеологияның өзегі. Қазақтың шұрайлы  жерін иемденіп, байыған  олигарх осыны жете түсінуі тиіс.

Тегтер: ауыл шаруашылығы егістік пестицидтер қор қойма мал шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 09:03
Қылмыстық істердің 68 пайызы электронды форматта қаралды
Сайт әкімшілігі 08:54
«Құрметті олигархтар» қазақ спортын құртыпты
Еркежан АРЫН 03.08.2021, 16:50
Қазақстан – Еуроодақ: сот саласындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейі
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:42
Азаматхан Әміртай: ҚазҰУ-дағы дау: студенттер жатақханасыз қалмақ па?
ІІМ ӨҚД бастығы А.Саданов 03.08.2021, 09:14
Түрмеден хат: Тұрғынбаевтың жауабы қысқа болды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:32
Түркиядағы өрт: террористік ұйым жауапкершілікті өз мойнына алды

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58