16.09.2023, 09:30
3369
12 қыркүйек күні Солтүстік Корея президенті (ресми түрде «Корей халық-демократиялық республикасы мемлекеттік кеңесінің төрағасы» деп аталады) Ресейге келіп, ертеңінде Амур облысындағы «Шығыс» космодромында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Ким Чен Ынның бұл Ресейге екінші сапары. Бірер күн бұрын Батыс ақпарат құралдары орыстардың қару-жарақ, оқ-дәрі сұрайтынын, кәрістерге сүңгуір қайық пен ғарышқа ұшатын спутник әзірлеуге көмектесетінін болжаған. Кездесудің алғашқы күнгі ақпаратына қарағанда, болжам шындыққа сәйкесіп тұр.
Құрыш сауытты пойыз
Ресейге 12 қыркүйек күні жеткен Ким Чен Ынды Ресейдің табиғи ресурстар министрі Александр Козлов елдің шығысындағы Хасан дейтін шағын қаладан күтіп алды. Баяу қозғалып келіп, баппен тоқтаған пойыздың нөмірі 5-вагоннан көп кешікпей маңдайы жарқырап, езуін әнтек жымитып, соңынан көмекшісін ертіп, диктатордың өзі де көрінді. Ресми сапар болғандықтан, халықаралық тәртіпке сай қызыл кілем төселіп, сарбаздар сап түзеді, әнұран да айтылды.
Ким Чен Ын мінген құрыш сауытты пойыз BBC агенттігінің хабарлауынша, 50 км/сағ. жылдамдықпен Пхеньяннан Владивостокқа дейін 1200 шақырым жолды 20 сағат жүрген. Бұған үш түрлі себеп бар дейді британиялық телеарна. Біріншіден, Ким Чен Ын жылдам пойызда теңселмеуге, алдындағы асы шайқалмауға тиіс. Екіншіден, құрыш сауытты пойыздың салмағы өте ауыр. Үшіншіден, Солтүстік Кореяның да, Ресейдің де теміржолдары Батыспен салыстыруға келмейді, яғни ескі сүрлеу Ұлыбритания пойыздары іспетті 300 км/сағ. жылдамдыққа жарамайды.
Ким Чен Ынның Ресейге сапары қарсаңында Reuters агенттігі 1991 жылы Солтүстік Кореядан қашып, оңтүстікке өткен дипломат, қазір Оңтүстік Корея Бірлік министрінің кеңесшісі Ко Ен Хваннан сұхбат алған. Сұхбатта, Ко Хван пойыздың ішін сипаттайды. Сөзінше, пойызда Кимнің жатын бөлмесі, жұмыс кабинеті, жиналыс өткізетін залы, жуынатын, ойнайтын, спортпен шұғылданатын, т.с.с. керек-жарақтың бәрі бар. Ол Ким Ир Сен (Ким Чен Ынның атасы – ред.) пойызға зеңбірек артып жүргенін, ал қазір Ким Чен Ынның өзі зенитті зымыран орнатып алғанын айтқан.
Ким Чен Ынның ұшағы да бар. Ұшақты әлем 2018 жылы Солтүстік Корея жетекшісінің Қытайға барған сапарында көрген. Бірақ 2019 жылы Ресейге жасаған алғашқы сапарында да ол дәл осы құрыш сауытты пойызынан түскен. Владивостокта кездесіп жатқан Путин мен Ким арасындағы ең қатты ұқсастықтың бірі де осы – құрыш сауытты пойыз. Бұған дейін зерттеуші журналистер Ресей президенті Владимир Путиннің де соңғы жылдары үнемі пойыз мінетінін анықтаған. Бұл ең алдымен – қауіпсіздік шарасы. «Досье» орталығының 2023 жылдың ақпан айында жариялаған зерттеуінде Путин пойызы кем дегенде 1 миллиард долларға бағаланатыны және оған арнап Мәскеуден Сочидегі, Валдай, Ново-Огарево резиденцияларына арнайы теміржол салынғаны, ол жолмен бөгде пойыздар жүрмейтіні айтылған.
Ата жолы
Солтүстік Корея басшылары Ресейге үнемі пойызбен сапарлайды. Елді 46 жыл билеген, Солтүстік Кореяның негізін қалаған Ким Ир Сен Совет одағына кемі он шақты рет келген. Кейбірі ашық түрде «ресми жүріс» ретінде айтылса, кейбірін одақ халқы көрмей, естімей де қалған. Соның бәрінде де қазіргі көсемнің атасы Совет жеріне қанат қағып аспанмен емес, жорғалап жермен жеткен.
Ким Чен Ынның әкесі, Солтүстік Кореяны 1994-2011 жылдар аралығында билеген Ким Чен Ир да Ресейге үш рет келіп-кеткен. Алғашқы сапары 2001 жылы 26 шілдеден 18 тамызға дейін созылған. Құрыш сауытты пойыз мінген ол алдымен Владивостокқа тоқтап, соңынан Мәскеуге дейін жеткен. Билікті енді ғана иемденген, қазіргідей емес, «демократ», «батысшыл» образында жүрген Путин оған да құшағын жайған. Бір жыл бұрын жазда өзі де Пхеньянға барып, қонақ боп қайтқан. Екінші рет Ким Чен Ир Владивостокта келесі 2002 жылдың тамызында төрт күн түнеп, Путинмен кезіккен. Ол оқиғаны екі тарап «бейресми сапар» деп атаған. Үшінші рет ол тағы да әйгілі құрыш сауыт пойызымен 2011 жылдың тамызында Ресейде бес күн жүрді. Сол кездегі президент Дмитрий Медведевпен Бурят жеріндегі әскери гарнизон аумағында жолығып, Ресейге қарызының 90 пайызына (шамамен 11 миллиард доллар – ред.) кешірім алған. Кейін еліне барған соң төрт ай өткенде дүние салып, билік баласы, қазіргі президент Ким Чен Ынға берілген. Ким Чен Ынға ата-бабасынан әбден тозып, арып-ашқан, санкция тұмшалап, тақыр кедейленген ел мұраға қалған. Санкция деректеріне мониторинг жүргізетін Castellium.Ai жаһандық база мәліметінше, қазір Ресей санкция ең көп салынған ел. Ал Солтүстік Корея тізімде Иран мен Сирияны алға жіберіп, төртінші боп тұр.
Мәскеуге – жұмысшы, Пхеньянға – ақша
Ұлыбританияның BBC агенттігі Ким Чен Ын сапарының астарында жасырын жатқан тағы бір маңызды мәселе туралы мақала жариялады. Агенттік Солтүстік Корея басшысы келерден бірнеше күн бұрын Ресей өндіріс және сауда министрлігінің жергілікті жүзге жуық ірі компанияға «Солтүстік Кореядан арзан жұмысы күші керек пе?» деп жолдаған хатын қолға түсірген. Кейін министрлік компанияларға «хаттағы сауалдың күші жойылғаны» туралы екінші хат жіберген.
BBC бұндай хаттың себебін – 2017 жылы шығарған қарарымен байланыстырады. Сол жылы Пхеньян баллистикалық зымыранды сынақтан өткізген соң ұйым әлем елдеріне Солтүстік Корея азаматтарын қара жұмысқа жалдауға тыйым салған және кемі 2019 жылға дейін бәрін елден шығарып жіберуді міндеттеген. Ол құжатқа Ресей де қосылып, мөрін қойған және елде жүрген 32 мың солтүстіккореялықты отанына қайтарған.
Шетелдегі мигранттардың ақшасы – Солтүстік Корея экономикасының негізгі локомотиві. Сыртта жүріп тапқан қаржысының жартысынан көбін теріскей кәрістері үкіметке беруге тиіс. «Берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» алатын үкіметтің айтқанына көнбеске шара жоқ. Тапқан азын-аулақ ақшаны отбасына қалдырып, қалғанын ортақ қазынаға өткізеді. БҰҰ дерегінше, азаматтарын шетелде де құлдыққа жегетін Ким Чен Ын билігінің 2017 жылға дейін жыл сайын мигранттардан өндіріп алатын қаржысы 500 миллион долларды құраған. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйенген The Guardian басылымы БҰҰ қарары шығардың алдында бұл көрсеткіш 2,3 миллиард долларға жуық болғанын жазған. «Осы қаржының 40%-ы Ресейде жұмыс істеген кәрістерге тиесілі еді» дейді BBC. Санкция құрсауындағы Солтүстік Кореяға бұл үлкен қаражат. Ким мен Путин кездесуде осы «құлдық схемасын» қайта жандандыруды ақылдасты ма, белгісіз. Анығында, арзан жұмыс күші Ресейге де керек. Әсіресе соғысып жатқан аумақта, Украина шығысында сарбаздарға окоп қазып беретін адам қажет екені ресейлік пропагандада жиі естіледі. Ақыны қымбат сұрайтын Орталық Азия мигранттарына қарағанда қолына қанша ұстатсаң да разы болатын теріскей кәрістері әлдеқайда тиімді екеніне орыс генералдарының ақылы жетеді.
Путин мен Ким не сөйлесті?
Путин мен Кимнің нақты қай жерде кездесетіні соңғы сәтке дейін айтылмады. Есесіне, әлем ақпарат құралдары екі диктатордың біріне-бірі қару-жарақ беруді ақылдасатынын болжады. Financial Times басылымы құпия дереккөзіне сілтеп, Ресей Солтүстік Кореядан жақын қашыққа ұшатын зымыран, танкіге қарсы қолданатын гранатомет, зеңбіректің оғын сұрап, оларға сүңгуір қайықты жетілдіру технологиясын ұсынуы мүмкін екенін жазды. Мұндай алыс-берісті АҚШ мемлекеттік департаменті де растады. Ақ үй кездесуді мұқият бақылайтынын, Пхеньян қару берсе тағы да қатаң санкция салынатынын ескертті.
Пойыз сүйреп, алыстан келген қонағын Путин бір түн демалдырып, ертеңінде Амур облысындағы «Шығыс» космодромында қарсы алды. Біріне-бірі күлімсіреп, жылы көріскен екі президенттің осы сәтте өзара тағы бір ұқсастығы байқалды. Әдетте Ресей оппозициялық ақпарат құралдары Путиннің бәкене бойлы екенін жиі әжуалайтын. Осы жолы теріскей кәрісі Ким Чен Ынмен қатар келе жатқанда екеуінің иығы бір деңгейде болды. Әдетте батыстағы көршісі, «Еуропаның соңғы диктаторы» деген бейресми атағы бар Александр Лукашенкомен құшақтасып амандасқанда мынау созылып, анау еңкейіп, журналистер ебедейсіз көрініске тап болатын. Бұл жолы ондай «қолайсыздық» тумады. Бойы мен ойы ұқсас екеу емен-жарқын сөйлесіп кетті.
Ресми кездесуде Ресей президенті оған «Шығыс» космодромын аралатты. Оның себебін Путин «Ресей Солтүстік Кореяның ғарышқа спутник ұшыру жобаларына көмектеспек» деп түсіндірді. Бұған дейін «кішкентай ракета адам» (АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ким Чен Ынды осылай атаған – ред. ) бірнеше рет спутник жіберіп, сәтсіздікке ұшыраған. Сондықтан ба, әйтеуір космодромда Путиннің көмекшілері көрсеткен ракеталардың макеті мен суреттеріне өте қызыға қарады. Кейін космодромға келетін қонақтарға арналған тілек дәптеріне Солтүстік Корея басшысы «Ғарышты алғаш бағындырған, мәңгі өлмейтін Ресей жасасын!» деп қолтаңба қалдырды.
Ким Чен Ын да «құр қол» келмепті. Бір қолымен орыстың баяғы импершіл ақ патшаларын дәріптейтін, екінші қолымен олардың көзін құртқан Совет үкіметін ардақтайтын, өзі де импершіл Ресей президентіне: «Сіздің империалистерге қарсы жүргізіп жатқан соғысыңызды қолдаймын», – деп салды. Ол сөз арасында «орыстардың тәуелсіздік пен қауіпсіздік үшін әлдебір үстем күштермен алысып жатқанын» атап өтті. Кімді меңзеп отырғаны айтпаса да түсінікті.
Ким де, Путин де келіссөзге ең жақын серіктерін ертіп апарған. Фотосуреттерде Кимнің жанында елдегі өте ықпалды екінші адам саналатын қарындасы Ким Ио Ченнің жүргені де көрініп қалды. Ал Путиннің ту сыртында сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен оның аттасы, қорғаныс министрі Сергей Шойгу тұрды.
Кездесудің ресми іс-шаралары осылай аяқталды. Бұдан соң Путиннің баспасөз қызметі екі президент санаулы серіктерін алып, өзгелердің көзінен тыс, жеке сөйлесуге кіріп кеткенін мәлімдеді. Көп өткен жоқ, екі сағатқа жетпей ресейлік ТАСС агенттігі Путин мен Кимнің бетпе-бет кездесуі соңына жеткенін хабарлады. Айта кетейік, Ким Чен Ынның Ресейде нақты қанша күн жүретіні де ресми айтылмады. 2019 жылы ол 4 күн қонақтаған.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР