Сенат ашаршылыққа арнап кітап шығарды

Қылыш СЛАМЖАН

02.06.2021, 09:12

3007

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бері аталып келеді. Бұрындары жекелеген қорлар мен қоғам белсенділері түрлі шаралар өткізіп, әр тарапта атап өтіп жүрсе, соңғы жылдары бұл тақырыпқа билік те көңіл аудара бастаған сыңайлы. Десе де, елдің дәл осы күнге, дәл осы тақырыпқа қатысты сұрағы аз емес. Соның бірі – ашаршылық құрбандары мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын екі бөлек қарастыру керек деген мәселе. Бұрын ресми түрде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп аталып келген 31 мамырға «ашаршылық» деген сөздің қосылғаны да кеше ғана.

«Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты үш томдық кітаптың тұсауының басқа емес, сенатта кесілгеніне қарап, екі түрлі үміт пайда болады. Біріншіден, хронологиялық жинаққа бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған құжаттар мен деректер енгізіліпті. Совет Одағы кезіндегі архивті ашу керек, ондағы шындықтар халыққа жетуі тиіс деген мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенімен, ондағы құпия деректерге көпшіліктің қолы жете бермейтін. Бұл кітаптың шығуы осы тоңды жібітудің басы шығар, бәлкім.

Екіншіден, үш томдық кітапта ашаршылық жайлы құжаттарға баса мән берілген. Ғалымдар мен зерттеушілер 1930-33 жылдардағы алапат аштықты геноцид деп есептегенімен, бұл сүреңсіз жылдар әлі күнге ресми түрде қазаққа КСРО тарапынан жасалған геноцид ретінде мойындалған жоқ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та бұл кітаптың шығуы 30 жылдық қарсаңында, президенттің тапсырмасы бойынша дайындалғанын айтты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ашаршылыққа мемлекет тарпапынан саяси баға беріліп қалар деген де ой келеді.

 Өзі бас болып зерттеушілерді ұйымдастырған, арнайы редакция алқасын бекіткен, қаржы бөлген сенат спикері бұл көптомдықты «ашаршылық кезеңінің хронологиясы деп айтуға толық негіз бар» деп бағалады. Одан бөлек, «әлі де болса ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар бар» екенін де айтты.

«Ашаршылықтың зардабы ұлтымыз үшін өте ауыр болды. Тіпті осы алапат қасіреттің салдарынан халықтың жартысына жуығынан айырылып қалдық. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында осы мәселеге арнайы тоқталғанын жақсы білесіздер. Президентіміз ашаршылықтың әлі күнге дейін жақ-жақты зерттелмей келе жатқанына және құрбандарының саны туралы ортақ пайымның жоқ екеніне назар аударды. Мұндағы құжаттар еліміздің орталық және өңірлік архивтерінен алынған. Басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған деректер де кітапқа енгізілді. Соның арқасында бұрын қолға түсіру қиын болып келген бірқатар тың мәліметтер мен құжаттар көпшілік үшін қолжетімді болып отыр», – деді ол.

Ақпан айында сенат осы тақырыпта дөңгелек үстел өткізген. Оның соңы да біраз әңгімеге арқау болып барып басылғаны есте. Сол отырысқа қатысқан тарихшылар мен ғалымдар архив материалдарының жабық екенін, іздегендеріне қол жете бермейтінін айтқан. Содан арада үш ай уақыт өткенде шыққан үш томдықты сол кезде айтылған мәселелердің бір нәтижесі деп есептеуге болады. Оның үстіне алдағы уақытта дәл осы тақырыпты зерттеушілерге мемлекеттік органдар тарапынан да қажетті қолдаулар көрсетілетіні айтылып қалды. Әшімбаев та «бұдан былай ашаршылық туралы архив материалдары көпшілік үшін қолжетімді болады» деп қалды.

Көптомдықта ашаршылықтың алғышарттарынан бастап, ақырғы трагедиясына дейінгі кезең – 1928-1934 жылдар аралығындағы құжаттар мен мәліметтер қамтылған. Кітаптың жауапты редакторы – ғалым, мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы. Ол бұл кітаптың шығуы ашаршылық тақырыбын жүйелеудің басы дейді. «Біз ашаршылықтың себептері мен трагедиялық салдары туралы бұрын жарияланған және осыған дейін еш жерде жарық көрмеген материалдарды салыстыра отырып талдау жүргіздік. Соның арқасында республикалық, өңірлік және шетелдердегі архивтерде сақталған деректердің ауқымды қорын жасақтадық. Бүгін жарық көріп отырған кітапты ашаршылық тақырыбыбойынша Қазақстанның бірыңғай және жүйелі базасын қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам деп қабылдауға болады».

Жиынға қатысқан ғалым, дәл осы тақырыпты көп зерттеген тарихшы Талас Омарбек бір сөзінде «ашаршылық жылдарындағы құрбандардың санын дөп басып айту қиын» деп қалды. Оны анықтау үшін әлі талай шаруа атқарылуға тиіс. Өйткені, тарихшының айтуынша, 1937 жылы бүкілхалықтық санақ жүргізгендер түгел атылып кеткен. Миллиондап саналатын адамды қырып тастаған Сталин санақ нәтижелерін жариялауға тыйым салыпты.

Ашаршылықтың басы кәмпескеден басталғаны белгілі. Жинақта осы кәмпескеге жөнсіз ілінген орта шаруалардың да орталыққа жазған арыз-шағымдары енгізіліпті. Тек орталық архив қана емес, шетел архивтерінен де біраз материал енгізілген бұл кітап қалың оқырманға жаңа жол тартты, нақты бағасын да енді алады.

Тегтер: құғын-сүргін репрессия. Карлаг тарих ашаршылық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 10.06.2021, 08:49
«Медаль алғыш» Мамин міз бақпай отыра бере ме?
Әділ КЕМЕҢГЕР 10.06.2021, 08:44
Біз бұларға қалай сенеміз?
Батыр ЖАСҰЛАН 08.06.2021, 08:45
Мәскеудің лас ойынына біз неге араласуымыз керек?
Әділ АҚЫЛБАЙ 04.06.2021, 08:57
Әй, «Самұрық-Қазына»! Халықтың ақшасын қашанға дейін шаша бересің?
Сайт әкімшілігі 04.06.2021, 08:44
Сең қозғалған секілді
Батыр ЖАСҰЛАН 03.06.2021, 09:02
Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02