«Сенім кредиті» таусылған Көлгінов отставкаға кете ме?

Айжан БҮРКІТБАЕВА

28.01.2021, 09:02

3048

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық соты елорда әкімдігі мәдениет басқармасының экс-бастығы Нұрлан Сыдықовты бес жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Жақын күндері үкім күшіне енбек.

                     Сыдықов қандай сыннан сүрінді?

Бас қаладағы шендіні тура жолдан тайдырған 10 млн теңгенің әлегі болатын. 2019 жылы елордаға қызмет ауыстырған Сыдықов мырза Наурыз мерекесін өткізуге арналған тендерді жеңіп алған компанияға әлімжеттік көрсеткен. Тендерге бөлінген қаржыдан өз үлесін талап еткен шенеуніктің осы кезде басы дауға іліккен еді. 2020 жылдың мамыр айында Сыдықовтың кабинетіне әлдебір әйел 10 млн теңге әкеліп берген. Сол күні кешкісін антикор қызметкерлері шендіні қамауға алған-ды. Жеті ай бойы тергеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде Н.Сыдықов жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтін болды.

Осы тұрғыда заңгер Арғын Сапарқұл Сыдықовтың жазадан оңай құтылғанын айтады. «ҚК 366-бабы бойынша жемқорлыққа жол берген немесе пара алған азамат 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы тиіс және жарты миллиард теңгеден аса айыппұл төлеуге міндетті. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының бұрынғы басшысына кесілген жаза жеңіл болып табылады. Себебі заңға сәйкес, өтелетін жазаның екі жылы еш себепсіз алынып тасталған. Тағылған айыппұл да жоқ. Сондай-ақ тендер жеңіп алған компанияны бопсалағанын ескеретін болсақ, Н.Сыдықовтың жазасы ауыр болуы керек еді», – дейді заңгер.

                  Елорда Есілов ісімен де есте қалды

Сыдықовтың сотталуы Нұр-Сұлтан қаласы басшылығының алғашқы айыпталуы емес. Бұған дейін Байқоңыр ауданының экс-әкімі Асқар Есілов ауданды абаттандыру бойынша субмердігерлік жұмыстарды алуға жәрдемдескені үшін пара ретінде  Iphone маркалы телефонының соңғы үлгісін алды деп қамауға алынған еді. Экс-әкім «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген күдікке де ілінген-ді.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басшысы Нұрлан Уранхаев пен оның сыбайластары «20 млн теңгені жымқырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған болатын.

Ал 2019 жылдың 20 мамыр күні президент Қ.Тоқаев үкімет мүшелерімен жемқорлық бойынша жиында: «Егер қол астындағы қызметшісі парамен ұсталса, мемлекеттік органдардың басшылары жұмыстан кетуге өтініш жазуы тиіс», – деген еді. Бұл сөз артынша, 10 желтоқсанда «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заңның мемлекеттік қызметкерлердің жауаптылығы мәселесі бойынша ережелеріне енгізілді. Демек, облыстық, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің орынбасары, тікелей бағынышты мемлекеттік қызметшілер парамен ұсталса, әкім отставкаға кетуі тиіс. Қол астындағы үш қызметкеріне жемқорлығы үшін жаза кесілсе де, Алтай Көлгінов тағынан таяр емес.

Байқоңыр ауданы әкімін сот кінәлі деп тапқанда, қала басшысы тілшінің отставка туралы тікелей сұрағына: «Бәрі заң бойынша болады. Заң не дейді, солай жасаймыз», – деп қысқа қайырды. Кейін Тоқаевтың қаулысы күшіне енгенмен,  заңнан да, Көлгіновтің қаламынан да хабар болмады.

Бұл туралы саясаттанушы Серік Ғабидолла Алтай Көлгіновтің президент тапсырмасына бағынбауы бірінші рет емес дейді. Айтуынша, өз дегенімен жүретін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі бүгінге дейін мемлекет басшысының сөзіне селт етпеген. «Нұр-Сұлтан қаласы – жемқорлықтың отаны. Әкімдік, мәдениет, сәулет басқармасынан бөлек, қалалық полиция департаментінде де жемқорлық өршіп тұр. Мысалы, 2019 жылы 42 полицей пара алғаны үшін жауапқа тартылған. Оны қадағалап, басшыларын орнынан алып жатқан бір адам жоқ. Бәрі ауыз жаласқан. «Қарға қарғаның көзін  шұқымайды» дейді ғой. Олар да солай. Ал басы даудан арылмай жүрген Көлгіновке берілген «сенім кредиті» әлдеқашан таусылды. Халық аурумен арпалысып жатқанда отшашу атып, арандаған әкімнің билігін сол кезде-ақ тоқтату керек еді. Тікелей әкімдікке бағынышты үш басқарманың басшысы жемқорлықпен сотталып жатыр. Ал басшылар «мыңқ» еткен де емес», – дейді саясаттанушы.

Нұрлан Сыдықовқа байланысты үкім күшіне енген беттен-ақ ел Алтай Көлгіновтен  үшінші рет, заңға сәйкес, отставкаға өтініш жазуын күтеді. Ал әкімнің өтінішін мақұлдау есебі мемлекет басшысының мәрттігіне қалдырылады. Басты сұрақ – бұл жолы Алтай Көлгінов әлгіндей арыз жаза ма?

Тегтер: әкім тағайындау кадр маман мәселесі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ КЕМЕҢГЕР 11:01
Қазақтан келін алған Раудың басы дауға қалды
Күлтегін БЕК 09:33
Айырқалпақтылардың «айрықша» президенті
Әділ АҚЫЛБАЙ 09:18
Байқа, билік, байқа, полиция! Ертең заңгерлер митингіге шығады
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 15:44
Жомарт Ертаев тағы 9 жылға сотталды
Нұрболат ӘЛДИБЕК 03.03.2021, 12:12
Жақсылықов жақсы әкім бола алмай отыр
Әділ АҚЫЛБАЙ 02.03.2021, 10:05
«Алтын Орда» кімді қиратпақ?

Аңдатпа


  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44
  • Буырқанған дауылда сыналған басылым
    25.02.2021, 13:12
  • «Жас Алаштан» басталған журналистік жол
    23.02.2021, 10:51