Спортшының тамағынан ақша жымқыру

Түркістандық  шенеуніктерге шығарылған үкіммен прокурорлар келісе ме?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

07.12.2021, 18:20

732

Түркістан облысындағы спорт мектептерінде тәрбиеленіп жатқан шәкірттерге бөлінген қаражат жымқырылған. Ертең ел намысын қорғайды деген жасөспірімдердің тамағынан ұрлаудың, жырымдаудың тым оңай болып кеткені адамның жағасын ұстатады.

 Өткен аптада облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарған Полат Қырықбаевтың соты аяқталды. Экс-басшының ісі сотқа «қызмет бабын пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған басшылық жасады»,  «өзіне сеніп тапсырылған аса ірі мөлшердегі мүлікті талан-таражға салды» деген айыптармен берілген болатын. Бұл баптар бойынша ол кемінде сегіз жылды арқалап кетер еді. Бірақ сот екі айыпты да «дәлелі жоқ» деп тапты. Алайда сот оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Осыдан кейін оны дереу босатып жіберді. Қарап тұрсаңыз, шым-шытырық, қым-қиғаш.

Бұл істің тым күрделі екені рас. Үкімнің өзі 100 беттен асады. Іс  биыл мамыр айында  облыстық қылмыстық істер жөніндегі сотқа түскен. 300-ден астам куәгерден жауап алынған. Қырықбаевпен бірге басқарманың екі бөлім басшысы және аға жаттықтырушы сотталды. Алдымен Қырықбаевқа тоқталайық.

Полат Қырықбаев – облыстық спорт басқармасының тізгінін 1999 жылдан бергі аралықта үш мәрте ұстаған азамат. Оның спорт саласында қаншалықты ықпалды адам екенін осыдан-ақ байқай беріңіз. Соңғы рет ол бұл қызметке 2019 жылдың қаңтарында тағайындалған.  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел уәкілдері оның соңына басқарма басшысының креслосына отыра салысымен түскен тәрізді. Мұның кездейсоқтық еместігі айтпаса да түсінікті. Осы қаңтар айынан бастап, желтоқсанға дейін ол құрды деген ұйымдасқан топ қазынаның жүз миллиондаған теңгесін талан-таражға салған көрінеді. Алайда бұл тек тергеушілердің тұжырымы.  

  Бір ғана фактіге кеңірек тоқталайық. Қырықбаев 2019 жылдың  қаңтар айында Б.Саттарханов атындағы Түркістан облыстық дарынды балалар  спорт мектеп-интернатында футболдан оқу-жаттығу жиынын өткізу жөнінде бұйрық шығарып, оны ұйымдастыруды аталған мектептің аға жаттықтырушы Ғ.Әшірбековке жүктеген. Жиынға қатысатын спортшылардың тамағына деп, Ғ.Әшірбековтің банк картасына 1 080 000 теңге аударылған. Ал Ғ.Әшірбеков ақшаны банктен шешіп алып, басқармадағы бөлім басшысы М.Пернебаев екеуі жымқырған. Осыдан кейін Ғ.Әшірбеков қаражаттың игерілгені жөніндегі құжаттарды басқармадағы жоспарлау-қаржыландыру бөлімінің басшысы Б.Оспановаға тапсырған. Қысқасы, Қырықбаев бұйрық шығарады, Әшірбеков ақшаны шешіп алып, Пернебаев екеуі жымқырады, ал Оспанова құжаттарды қабылдайды. Дәл осындай 19 факті анықталған. Әр оқу-жаттығу жиынына 1 миллион 80 мың теңгеден бөлінген. Шын мәнінде ешқандай оқу-жаттығу өтпеген.  Бас-аяғы 19 факті бойынша бөлім басшысы мен аға жаттықтырушының  жеген қаржысының көлемі 20 миллион теңгеден асады. Тергеу барысында жаттықтырушыларынан тамаққа ешқандай ақша алмағандарын, бірақ құжаттарға қол қойғанын жоғарыда аталған мектептің оқушылары да растаған. 

Пернебаев аудан, қалалық спорт мектептеріндегі спортшыларды оқу-жаттығу жиындарына алып келген жаттықтырушылардан да ақша алған. Ақша спортшылардың тамағына деп, жаттықтырушылардың есепшотына түседі. Олар бұл ақшаның жартысын (60 пайызына дейін)  Пернебаевтың қолына ұстатқан. Кейінірек жаттықтырушылар қаржының толық жаратылғаны жөнінде Оспановаға есеп беріп отырған. Бұл эпизод бойынша Пернебаевтың жымқырған ақшасы 25 миллион теңгеден асады. Наурыз айында спорт мектептері арасында спартакиада өтеді. Пернебаев жоғарыдағы жолмен спартакиадаға бөлінген бас-аяғы 19 миллион теңгеден астам қаражатты, ал желтоқсанда өткен  әкім кубогынан 1,5 миллион теңгені қалтаға басқан.

Осы жерде айта кетері, тергеу барысында осы қылмыстық іс бойынша жымқырылған шығынның көлемін тергеушілер 166 миллион теңге деп көрсеткен. Алайда сот «оның тек 67 миллион теңгесі дәлелденген» деп тапты. Пернебаев пен Әшірбеков шығындарды өтеп қойған болып шықты. Тіпті сот «1,6 миллион теңге артығымен төленген» деп, оны сотталушыларға қайтару туралы шешім қабылдады.

Енді ең бастысына, спортшылардың тамағына бөлінген қаржыларды жымқыруға Қырықбаевтың қаншалықты қатысы барына тоқталсақ. Сотқа оның ісі «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, оған басшылық жасады» деген айыппен түскенін жоғарыда келтірдік. Алайда соттың тұжырымына қарағанда, құзырлы органдардың бұл айыбы дәлелсіз. Бәрі болжамға негізделе берген. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің қаражатты өзара бөліскені немесе Пернебаевтың ақшаны Қырықбаевқа апарып бергені жөніндегі дәлелдер құрғақ ауыз сөздермен бекітілген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел уәкілдері  жасырын тергеу әрекеттерін де жүргізген. Дәлірегі, сотталушылардың телефон арқылы сөйлескен сөздері тыңдалған. Қырықбаевтың ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі екеніне  осы аудиожазбалар ұсынылғанға ұқсайды. Бірақ  сот бұл дәлелдердің бәрін заңсыз деп тапты. Соттың ұстанымына сенсек,  кейбір жасырын тергеу әрекеттеріне санкциялар заңға сәйкес алынбаған. Кейбірі түсініксіз. Кейбір аудиожазбаларға сарапшылар дұрыс қорытынды бермеген, талапқа сәйкес жүргізбеген. Айтпақшы, үкімге қарағанда, тергеу барысында кейбір айыптаушылар әртүрлі жауаптар берген көрінеді (судья нақты қандай жауаптар бергенін көрсетпеген). Бірақ сот барысында олар «Қырықбаевтың қатысы жоқ» дегеннен танбаған. Мұны енді әрқилы болжауға болады.

Нәтижесінде сот Пернебаев пен Әшірбековті «бөтеннің мүлкін талан-таражға салды» деген айып бойынша кінәлі деп тауып, екеуін де жеті жылға бас бостандығынан айырды. Әшірбековтің жазасы шартты деп есептеліп, сот залынан босатылды. Ал Қырықбаев пен Оспанованың әрекеттері «абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық» бабымен қайта сараланып,  Қырықбаевқа екі жылға, Оспановаға алты айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.  Қырықбаев былтырғы 26 қарашадан бастап, үкім оқылған биылғы 30 қарашаға дейін тергеу абақтысында қамауда, ал Оспанова үйқамақта болған. Олардың осы мерзімдері есептеліп, «жазалары өтеліп қойылды» деп табылды. Осымен қым-қиғаш сот аяқталды.

Пернебаевтың жаттықтырушылардан алған ақшаны жалғыз өзі жымқыруы мүмкін бе? Әрине, күдік көп. Бірақ күдік пен болжамның айғақ есебіне жатқызылмайтыны бесенеден белгілі. Соттың бұл төрелігіне тергеу амалдарын жүргізген ұлттық қауіпсіздік комитеті, осы істі сотқа берген прокурорлар келісе ме, әлде облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымдана ма? Іске нүкте қойылды деуге әлі ертерек.

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру. Олимпиада

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 18:50
Тоқаевтың тапсырмасына саботаж жасалды
Сайт әкімшілігі 17:22
Тоқаев ішкі істер министрінің орынбасарын тағайындады
Сайт әкімшілігі 16:26
Полиция «ӨКМ Операторы» топ-менеджерінің жұмбақ өліміне қатысты пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 14:43
Ертең Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысы өтеді
Сайт әкімшілігі 13:08
Оператор РОП-тың басқарушы директоры өзіне қол жұмсады
Әділ АҚЫЛБАЙ 12:29
Мәә!!! Не деген байлық?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48