Табанының бүрі жоқ Қазақстан парламенті

Дос КӨШІМ

16.04.2021, 09:40

2899

        Менің пайымдауымша, адамның да, қоғамның да, биліктің де екі түрі болады. Біреуі өзінің пікірін, көзқарасын ашық айтып, сол көзқарасына негізделген таңдауын жасап, сол таңдауын қорғап, дәлелдеп, ал егер кейін сол көзқарас қате болып шықса, сол қателігін мойындап, керек болса кешірім сұрап, өзінің сол уақыттағы қателескен себебін жеткізуге тырысады. Екіншілері жоғарыдан берілген нұсқауды өзінің позициясы ретінде ұстанып, бастықтың айтқанын жанын сала қорғап, қателігін ешқашан мойындамай, болмай бара жатса «заман сондай болды ғой» деп ыржиып, ертең түк болмағандай отыра береді. Адамдардың осындай «бұлжытпай орындаушы, көзсіз қолдаушы» болғаны атқарушы билік үшін, мүмкін, қажет те болар, ал «халық қалаулылары» аталатын, жоғарыдағы бір адамның айтқанына бас шұлғи бермеу үшін арнайы сайлау арқылы билікке келетін парламент өкілдерінің көзсіз қолдаушы болуы қоғам үшін аса қауіпті құбылыс. Мұндай парламенті бар мемлекеттің болашағы жоқ.

        Президенттің бастамасымен жерді шетелдіктерге жалға бермеу туралы мәселе қойылғанда, шынымды айтсам, Қ.Тоқаев мырзаға жаным ашып кетті. Себебі, біріншіден, 2015 жылы 2 қарашада ауылшаруашылық жерлерін сату, ұзақ мерзімге шетелдіктерге жалға беру мәселесі парламентте талқылауға түсіп, заңға өзгеріс енгізіліп, халықты алаңға шығарған шешім қабылданғанда сол жерде осы – бүгінгі үш партияның өкілдері отырған болатын. Солар талқылап, дәлелдеп, жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесін сол үш партияның өкілдері шешкен болатын. (Оған депутаттардың қаншасы қолдап дауыс бергені, олардың аты-жөндері журналистік зерттеу жүргізілгеннен кейін жарыққа шығатын болар. Мені қызықтыратын мәселе – сол уақыттағы айтылған дәлелдер және сол депутаттардың қаншасының осы мәселеге қарсы шыққаны, қарсы дауыс бергені...)

         Өз басым сол жылдардан бері ешқандай өзгеріске түспеген, жаңа саяси күш келмеген, бұрынғы партиялық фракциялардың мұрты бұзылмай, сол күйі отырған парламент те екі оттың ортасында қалған деп ойлаймын.  «Ердің екі сөйлегені – өлгені» деген ұстанымды ту етіп, бұрынғы шешімдерін дұрыс деп тапса (өздерінің шешімдерін «дұрыс емес» деп айту – ақымақтықтың белгісі), сол уақыттағы дәлелдерін қайталап, президенттің ұсынысына балта шабу керек те немесе екісөзді (кешіріңіздер, байқамай «екіжүзді» деп жаза жаздадым) болып, президенттің бастамасын қолдап, алғашқы оқылымда-ақ көздерін жұмып өткізулері керек. Үшінші жолы – «сол уақытта кнопканы байқамай басып қалыппын» деп, өздерінің халық алдындағы қызметтерін дұрыс атқармағандықтарын мойындау, оның арғы жағы, егер нағыз азамат болса, парламенттен кету туралы өтініш беру.

       Төртінші жол да бар. Ол – «Мен сол уақытта жерді шетелдіктерге жалға беру керек деген  ойымда, позициямда қалдым, бірақ партиялық тәртіпті сақтап, сол партияның шешімімен өзімнің қолдамайтын мәселеме қолдап дауыс беруге тура келеді» деп, өкілдік органда жеке пікірдің болмайтынын ашық айтулары керек. Әрине, содан бері парламенттің құрамында өзгерістер болды, сондықтан қазіргі депутаттардың құлақтарын басып отыруын сұраймын. Қысқасы, президенттің осы бастамасы парламент тарапынан қарсылыққа ұшырай ма деген күдігім расталмады. Олардың қаншасының қарсы болғанын білмеймін, бірақ толықтыру бірінші оқылымда өтті.

        Бұл жерде мені дұрыс түсінулеріңізді сұраймын: мен де президенттің бұл бастамасын қолдаймын. Айырмашылығы біреу-ақ: мен бұл бастаманы 2016 жылдан бері қолдаймын, ал президент 2021 жылдан бері қолдайды. Бұл шындап келгенде президенттің емес, қазақ халқының бастамасы (осы жерде президент мырза өзінің ұсынысын «Халықтың қарсылығын, Макс пен Аян сияқты азаматтардың ұсыныстарын қолдай отырып...» деп бастағанда қатып кетер еді). Мені алаңдатып отырған – табанының бүрі жоқ қазақ парламенті. Саясатта «Ақымақ достардан ақылды жауың артық» деген сөз бар. Мен адамдарды менің көзқарасымды көзін жұмып қолдағаны үшін емес, өзінің көзқарасын берік ұстанғаны үшін сыйлаймын. Коммунистік партиямен, коммунистік идеологиямен ашық күрессем де, «мен коммуниспін, сол көзқараста қалдым» деген адамды, кеше компартияның мүшесі болып, бүгін «Нұр Отан» немесе «Ақ жол» болып жүргендерден жоғары қоямын. Ал билікке бару үшін өздерінің  азаматтық, саяси көзқарасын өзгерткендер олардан да төмен тұрады. Қысқасы, парламент менің сынағымнан өте алмады.

        Айтпақшы, президенттің бастамасына қарсы шығуы мүмкін екінші бір топ атқарушы билік өкілдері болатын. Бірінші жер комиссиясының отырысында біз солармен пікір таластырудан шаршадық. Әр отырыста облыс басшысы жинаған ығай мен сығайлар «шетелдіктерге жерді жалға бермесек  инвестицияны қалай тартамыз» деп, бізді «жерге қарататын». Бір ғана мысал:  Азаттық радиосының журналисі «Қазақстандағы ауылшаруашылық жерлерін жалға беруден соншалықты қауіп-қатер болмаса, елдің бірнеше қаласында не себепті қарсылық шерулері өтіп жатыр?» деп сұрақ қояды. Бұған ұлттық экономика министрлігінің өкілі Самат Сәрсенов: «… Бұл жерде нағыз жермен жұмыс істеп, соны пайдаланып жүрген адамдар жағынан мұндай сұрақ туындаған жоқ. Бұл енді басқа бір түсінбеушілік жағынан, басқа да бір ағымдардың арасынан өтіп жатқан мәселе деп ойлаймын. Өйткені жермен жұмыс істеп жүрген шаруалардың кез келгенімен осылай пікір алысып көрсеңіз, мұндай сұрақ туындамайды», – деп жауап береді (Азаттық радиосы, 4 мамыр, 2016 жыл. «Билік өкілі: «Бос жатқан 100 миллион гектар жер бар»). Меніңше, жақсы жауап. «Жерді шетелдіктерге жалға бермеу керек» деген бастама көтерген Қасым-Жомарт ағамыз, шынында да, «жермен нағыз жұмыс істеп жүрген» адам емес. Бірақ екінші жер комиссиясының отырысында ол кісінің бастамасын бүгінгі атқарушы биліктің бірде-бір  өкілі «түсінбеушілік» немесе «басқа да бір ағымдардың арасынан өтіп жатқан мәселе» деп бағалап жатқан жоқ.

          Ойланайық. «Басшының айтқаны – Алланың сөзі» деп қабылдайтын парламентті, атқарушы билікті қалай дұрыстаймыз? Оларға бәрібір. Президент ауысады, екінші басшы тағы да бір бастама көтереді. Оны тағы да жабыла мақтайды, жабыла қолдайды. Бұл қалпымызбен пікір алуандығына кепілдік берілетін демократиялық қоғамға жете аламыз ба? Меніңше, оларды екісөзді қылмаудың бір ғана жолы бар: ол – егер президенттің бастамасы парламенттен қолдау алса, қоғамды дүр сілкіндіріп, халықты көшеге шығарған шешімді қабылдаған адамдарды (соған дауыс берген депутаттарды) жауапқа тарту. Ең болмаса қатаң сөгіс беру. Жауапкершілік болмаған жерде бұл фарс тағы да үзбей қайталана береді.   

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 09:18
Тілі 7-бапқа байланған ел
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.05.2021, 07:41
Билік транзиті болмады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 12.05.2021, 07:03
Ким қазақты қайтсін...
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 15:28
Өзін «ақпын» деп ресми тілде ақталған Жоламанова қазақ тілін менсінбей ме?!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 11:39
Мұхтар Түменбай: Бұл әзілдейтін нәрсе емес!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 10:08
Риддердегі өрт: полиция тергеу бастады

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06