02.02.2023, 07:12
1358
2019 жылдың күзінде Тараз қаласындағы мектептердің бірінде оқушы қыздың зорланғаны туралы оқиға естеріңізде болар. 12 жасар бейкүнә жеткіншекті бұрын осындай қылмыспен сотты болған 38 жастағы ер адам мектеп ауласындағы дәретханада зорлап кеткен. Бұл сұмдық оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді.
Тіпті президент Қ.Тоқаевтың өзі бұл іске назар аударып, мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылған-ды. Сөйтіп, қызметіне кіріскеніне жарты жыл ғана өткеніне қарамастан, Қайрат Досаев өз өтініші бойынша лауазымынан кетуге мәжбүр болды.
Әрине, халықтың ашу-ызасын тудырған бұл оқиғаның қасіретін қала әкімі бірден түсінді. Жан-жүрегімен сезінді. Содан да болар еш ойланбастан арызын жазып берді. Сөйтіп, көп салалармен бірге, білім саласының да жағдайымен енді ғана танысып, сол мәселелерді шешуге бюджет қаржысын жоспарлап та үлгерместен, лауазымымен қош айтысты. Шынын айтқанда, бұған дейінгі әкімдердің жылдар бойы шешпей, тіптен назар да аудармаған мәселесіне жаңадан келген Қайрат Досаев кінәлі болып шыға келді. Тағы бір қызығы, білім саласының проблемасын, оның ішінде, мектептердегі дәретхана мәселесін айтып, дабыл қағып, әкімнің де, әлеуметтің де назарын аударуы тиіс қала әкімінің идеология және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін сақтап қалды. Иә, біраз жылдардан бері осы қызметті атқарып келе жатқан әкім орынбасарының бұл ауыс-түйістен аман қалғаны көпшілікті айран-асыр қылғаны анық.
Жасыратыны жоқ, осы оқиғадан кейін ғана әкімдер мектеп дәретханасы мәселесіне шұғыл түрде назар аудара бастады. Дегенмен де Қайрат Әскербекұлы: «Мен кінәлі емес едім, мен қызметке енді ғана келіп едім ғой» деп ақталып, шабылып жүрмеді. Жағдайды түсінді, жауапкершілікті сезінді. Президенттің шешіміне бірден бас иді. Жазасын алды. Жалпы, Қазақстан аумағында мұндай жан түршігерлік оқиғалардың түр-түрі орын алып жатыр. Бірақ билік осыған қатысты басшыларды жазалауда Тараздағыдай назар аудармады.
Арада бір ай өткенде, облыстың сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметов Досаевты Жамбыл облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы лауазымына тағайындады. Облыс басшысы осындай тәжірибелі, іскер маманнан айырылғысы келмегені анық. Осы тұста біздің елде лауазымды қызметке тағайындалатын кез келген адам ақ үйдегі емен есіктердің ар жағындағы талай тексерулерден, талай талқылаудан өтетінін айта кету керек. Президент пәрменімен қызметінен кеткен Досаевты басқармаға басшы қып тағайындауды бір адам ғана шеше салмағаны, яғни Досаевтың қайта қызметке оралуы – жоғарғы жақтың келісімімен, солардың мақұлдауымен ғана жүзеге асқаны анық.
Досаев облыстың Мемлекеттік бас инспекторы қызметін тура бір жарым жыл атқарды. Өңірдің жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев та Досаевтың іскерлігін жоғары бағалап, 2021 жылдың тамызында оны облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметіне ауыстырды.
Міне, қызық осы кезде басталды. Кейбір ақпарат құралдары «Тоқаев қызметінен босатқан Қайрат Досаев басқарма басшысы болып тағайындалды», деп таратқан жаңалықтың соңы қызу пікірталасқа ұласып, ақырында, президент бұл іске қайта араласып, Қайрат Әскербекұлы жаңа қызметін бір күн де атқармастан, қайтадан босады.
Бұл қалай сонда? Досаев «дәретхана дауы» бойынша қала әкімі қызметінен босатылып, жазаға тартылды емес пе? «Бір тойда екі жар жоқ» деген. Ендеше, ол неге тағы да сол себеппен қызметінен босап отыр? Ең қызығы, Досаев бір жарым жылдан бері облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметін ешқандай дау-дамайсыз, абыроймен атқарып келді ғой. Неге сол кезде шу болмады?! Оның басқарма басшысы болуына жоғарғы жақ келісім берді емес пе?! Енді екінші басқармаға ауысқанда, баяғы оқиға естеріне түсіп, қызметтен шеттеткені, шынын айту керек, адам күлерлік жағдай болды? Сонымен, Досаев қызметінен босатылды, сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та жаза арқалады.
Досаев бұл жолы да ақталып жатпады. Арыз да жазбады, ешкімді кінәламады… Тағы да тағдырына мойынсұнды. Бар болғаны – Мемлекет басшысына арнайы хат жазды. Онда да «Мен кінәсіз едім» деп өзеуреген жоқ.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 2021 жылдың 3 тамызында облыстық табиғи ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалып, Сіздің тапсырмаңыз бойынша бұл қызметтен босатылдым. Қалай болғанда да, ел президентінің құзыры мен облыс әкімінің саяси шешіміне айтар дауым жоқ. Алайда, өмірімнің үлкен бөлігін мемлекеттік қызметте өткізген мен үшін бұл өте ауыр болды. Отбасыма да ауыр тиіп отыр. Қоғамға адалдығым, мемлекет билігіне зор сенімім және азаматтық намысым үшін кеңпейілдік күтемін», – деп жазды Қайрат Досаев ел президентіне жолдаған хатында.
Бірақ билік кеңпейілділік танытпады. Қайрат Әскербекұлы тура бір жыл жұмыссыз жүрді.
Айтпақшы, ел президентіне әлеуметтік желі арқылы жазған Үндеуіне 2022 жылдың мамыр айында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі» мемлекеттік мекемесінен «Сіз басқарма басшысы қызметінен өз өтінішіңіз бойынша босағансыз. Бос вакансиялық конкурстарға қатысуға құқыңыз бар», деген сыңайда жауап хат келді. Сонда қалай, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Сізге лауазымды қызметке баруға болады, бәрі заңды» дейді де сол биліктің екінші бір тармағы «Сізді заңсыз тағайындаған» деп қызметінен босатып жібереді. Нағыз парадокс емес пе?! Бірақ жүрегі шайлығып қалды ма, Досаев мемлекеттік қызметке қайта келуге тәуекел етпеді.
О баста, еңбек жолын Алматыда инженер болып бастаған еді. 2022 жылдың тамыз айында «ҚазАвтоЖол» ЖШС-ның Жамбыл облыстық филиалының бас инженері болып жұмысқа тұрды. Яғни өз мамандығына қайта оралды.
Міне, содан бері де жарты жыл уақыт өтіпті. Бірақ қызық мұнымен бітпеді. Жақында тағы бір сайттарда «Президенттің пәрменімен қызметінен босатылған Досаев тағы қызметке барды» деген сыңайдағы ақпараттар жариялап еді, қайтадан алапат дауыл басталды. Қысқасы, бұл іске Астананың өзі араласып, ақырында, Қайрат Досаев тағы да қызметінен кету жөнінде арыз жазып беруіне тура келді. Міне, осылайша, Досаев бір іс бойынша үш мәрте жазаға тартылды. Үшінші мәрте қызметінен босатылды.
Енді өзіңіз ойлаңызшы, қала әкімінен, басқарма басшылығынан босатылуын ақылға сыйдырып көрейік. Ал енді «ҚазАвтоЖол» деген жеке мекеме емес пе?! Онда да бұл бірінші басшы емес, бас инженер қызметін атқарып жүрген. Сонда Досаев енді қайда барып жұмыс істеуі керек?! Ертең бір мекемеге күзетші болып тұрса да кінәлі боп шыға ма, қалай өзі?.. Бәлкім, Қайрат Әскербекұлы осы өмірге келгені үшін немесе осы өмірде жүргені үшін де кінәлі шығар? Оны жұмысынан айырғандардың соңғы әрекеттері еріксіз осындай ойға жетелейді. Неге жоғарыдағылар бұл істі ақылға салып қарамайды? Қашанғы ат төбеліндей топтың айтқаны бола береді? «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» деген біздің билік бұл істе тым асыра сілтеп жібергендерін түсіне ме, жоқ па?!
Досаев пара алып немесе қаржы жеп қойып, істі болған жоқ. Халық жұмысына риза болмай, қызметтен «кет те кет» деп ит қосып, қуып шыққан жоқ. Немесе жұмысын игере алмай, шаруасын шатқаяқтатып алған жоқ. Керісінше, Досаевты өңірдің азаматтары мен қарапайым халқы құрметтейді, сыйлайды. «Президент блогерсымақтардың жазбаларына сүйеніп, анық-қанығын зерттемей, шенеуніктерді жазалай берсе, онда мемлекеттік қызметте ешкім қалмайтын шығар» деген олар әлі күнге осы жағдайды дұрыс түсіне алмай жүр.
Қалай айтсақ та, «Дәретхана дауы» Қайрат Досаевтың бүкіл еңбек жолын қаралап, «Халық жауына» айналдырып жібергендей.
Сондықтан Қайрат Досаев ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен де әкемін, мен де қыз тәрбиелеп отырмын. Сондықтан мектеп дәретханасында болған сұмдық оқиға мен үшін де үлкен трагедияға айналды. Өкінішке қарай, Сізге жалған ақпараттар берілді. Сол жалған ақпараттардың нәтижесінде мен Сіздің пәрменіңізбен үш мәрте қызметімнен босатылдым. Әйтпесе, мектептегі жағдайға байланысты мені атқарып отырған жұмысымнан босата отырып, қызметімді төмендетіп, басқармаға жіберген болатын. Кейін одан да босатылдым. Дәл қазір менің жұмысымды, тәжірибемді оң бағаласа да ешқандай мекеме мені жұмысқа алғысы келмейді. Мен мемлекеттік мүдде жолында бар ақыл-ойымды, ерік-жігерімді, тәжірибемді, білімімді адалдықпен сарқа пайдаланатыныма жеке басыңызды сендіргім келеді», дейді Алматы облысы Қаратал ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Досаев.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР