Тағы сол үш партия және «дайын асқа тік қасық» ассамблея

Күлтегін БЕК

12.01.2021, 11:09

1672

       «Тойдың  болғанынан  боладысы  қызық»  дегендей,  көптен күткен  парламенттің мәжіліс   сайлауы да  өтті. Рас,  халық  Тоқаевтың  билігі кезінде алғаш  рет өтіп  тұрған  бұл  сайлаудан  үлкен  өзгерістер мен түбегейлі   бетбұрыстар күткен.  Алайда сол сенім ақталды  ма? Қайдам.  Мемлекет  үшін  ең  маңызды  саяси  дүрмекке  әу  баста   алты  партия ат  қосқан-ды.  Бірақ  Жалпыұлттық социал-демократиялық   партиясы   сайлау додасына  түспей  жатып оқшатайдан  түсіп  қалды. ЖСДП  тарапынан айтылған  уәж – «Сайлау  елге  ешқандай  өзгеріс  әкелмейді. Баяғы  ереже,  баяғы жағдай,  баяғы  партиялар».  ЖСДП көріпкелдік  жасады ма,  әлде алдын ала билік ескертті  ме, әйтеуір,  кешегі  өткен  сайлауда  мәжілісте  «баяғы  ереже, баяғы  жағдай»  қайталанды. Қысқасы, бұрыннан  отырған  үш  партия  жеңіске   жетті.   Сайлау  өте  сала  жарияланған  exit poll нәтижесі шықты, одан соң сәл ғана өзгеріспен ОСК сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады. Онда:

«Нұр Отан» – 71,09 пайыз

«Ақ жол» – 10,95 пайыз

Қазақстанның халық партиясы – 9,1 пайыз

«Ауыл» – 5,29 пайыз

«ADAL» – 3,57 пайыз дауыс алған.

       Демек, біраз  жұрт үміт еткен «Ауыл»  мен «Адал» 7  пайыздық  межеге  жете алмады.  Неге?  Бәлкім, электорат  қолдамады,  бәлкім, қолдауға  ие  болса да, билік  ол  партияларды  өзекке  тепті. Өйткені   осы  сайлау  қарсаңында екі  партия  құрамына  өзіндік  көзқарасы  бар  біраз жастар  барды. Солар  парламент орынтағына  ие  болған  соң,  «бүйректен  сирақ  шығарады»  деп  қорқасоқтады.  Одан да «үйренген  жау атыспаққа  жақсы»  дегендей,  коммунистерге сенім артылған болар. Айтпақшы, «коммунистер 9  пайыз  тұрмақ,   5  пайыз да  дауыс ала алған  жоқ, бәс тігемін»  деп  жүргендер де  бар.

       Бұл  айтқыштардың сөздерінде  жан  бар сияқты. «Қазақстан  халық  партиясына  дауыс бердік,  сенім артамыз»  дегенді  ешкімнен  естімедік,   қоғамның  нағыз  таразысы  болып отырған әлеуметтік  желілерден  де ондай  пікірлерді  оқымадық. Қысқасы,  бұл сайлаудың  қорытындысы  «баяғы  жартас – бір  жартас»  болып  қалмақ.  Неге дейсіз  ғой. 2012  жылғы   сайлауда да  осы  үш  партия   парламентке  өткен («Нұр Отан» партиясы – 83 орын; «Ақ жол» партиясы – 8 орын; Қазақстанның коммунистік халық партиясы – 7 орын; Қазақстан халқы ассамблеясы – 9 орын), ал  2016  жылғы  сайлауда билік  тағы  ескі сүрлеумен  жүруді  жөн көрді  («Нұр Отан» партиясы – 84 орын; «Ақ жол» партиясы – 7 орын; Қазақстанның коммунистік халық партиясы – 7 орын; Қазақстан халқы ассамблеясы – 9 орын). Ендігісі  мынау:  тағы сол  үш партия  және «дайын  асқа  тік  қасық»  болып отыратын  Қазақстан халқы ассамблеясы  үкілеп  қосатын 9 депутат. Сонда  өткен жылы  қабылданған   партиялар туралы  заң  қайда  қалды?!  Неге  саясат  сахнасына жаңа   партиялар шықпады? Сұрақ  көп. Жауап  жоқ. Демек,  парламент  үш  партиялық  жүйемен шектеліп  қалмақ. Яғни  баяғы  «ән», баяғы тірлік,  баяғы «ұйқы». Өзгерген  ештеңе  жоқ.  Сонда дейміз-ау,  миллиондар жұмсалған   сайлаудың  не  қажеті  болды екен?!  

         Айтпақшы, Қазақстанда  парламент сайлауы  болып  жатқан  күні  көрші  Қырғыз  елінде  де сайлау  өтті.  Мерзімінен  тыс  президенттік  сайлау  және басқару формасына қатысты референдум.Қырғыз  халқы президенттік  басқарылымды  қалады. Мемлекет  басшысы  болып Садыр  Жапаров сайланды. Адамға  бақ  қонайын десе,  таңғалуға  болмайды  екен.  2013 жылы «Құмтөр»  алтын кенішін  және Ыстықкөл  облысы басшысын  кепілге алғанына  байланысты істі  болып,  2017  жылы 10 жылға  сотталған  Жапаров қазан айындағы  мемлекеттік  төңкеріс кезінде  босап  шығып,   билікке  келген. Алдымен премьер-министр, одан кейін президент міндетін қоса атқарды.  Енді келіп  сайлауда  президенттік   тақты  иеленіп  отыр.  «Бақ  шаба  ма,  бап  шаба  ма»  деген  осы  болар. Дегенмен  Садыр Жапаровтың  биліктегі   мерзімі  қаншаға созылмақ? Белгісіз. Қырғыз  елінде президенттің   биліктегі  мерзімін Конституция  емес,  халықтың   аужайы,  көңіл күйі айқындайтынын  білсек,  Жапаров та  ұзаққа  бармасы  белгілі.

        Не  десек  те,  Орталық  Азияда жатқан  екі елде мемлекет  үшін  аса  маңызды  болатын  сайлау  өтті. Ал  оның  алдағы  уақытта нәтижесі  қандай  болмақ?   Оны уақыт  көрсетер.

Тегтер: сайлау саясат партия бірлік мәселе оппозиция ішкі саясат реформа

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:31
Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қатысты пікір білдірді
Б.БЕКСҰЛТАНОВ 16:02
Сайлау өтті, ары қарай не болмақ?
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 11:26
"Екіншінің" екпіні Едігедей болмады
Батыр ЖАСҰЛАН 09:32
Мамин мықты премьер ме?
Досым СӘТБАЕВ 20.01.2021, 09:26
Мамин не үшін әлі отыр?
Әділ КЕМЕҢГЕР 19.01.2021, 13:32
Жағымпаздық үшін қылмыстық жаза керек

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15