Тәліптер теріс айналды

Астық нарығы ақсап тұр

Жарас КЕМЕЛЖАН

15.10.2021, 14:00

2691

Сенген тәліп сөзінен тайды. Өзекке теппейді деген өз-ағамның әлеуеті шамалы. Қытай нарығы екі жылдан бері жабық. Мұндайда Қазақстан үшін астық экспорты қай елдер болуы мүмкін?

Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстан билігі Ауғанстанға 6 млн тонна астық экспорттаймыз деп есеп берген. Бірақ тәліптердің тәртіпсіздігінен алтын дән нарығы тұралай бастады. Астық саудасы ауыл арасындағы қозы-лақ пен тайынша-торпақтың алыс-берісі емес. Оны Ақорда шешпесе, бұл орақ ұстаған ағайынның қолынан келетін шаруа болмай тұр. Бірақ мәселені билік әлі қолға алмай отырған сияқты. Шешпей жатыр ма, әлде шеше алмай отыр ма? Ол жағы анық емес.

Атызын ақтап, егініне орақ салып алған ағайын алты ай қыста алтын дәнді қамбада сақтап отыра алмайды. Оның экономикалық тиімсіз тұсы көп. Сондықтан мәселені өздері шешуге кіріскен. Алайда Ауғанстандағы бизнес серіктестерімен келісім жасасу қазіргі жағдайға байланысты қиындық тудыруда. Мәселен, бұған дейін Сарыарқаның сары алтынын қамбасынан күреп кететін ауған кәсіпкерлері саяси жағдайлардың кесірінен өз компанияларын Түркия сияқты жағдайы тұрақты елдерден ашып жатқан көрінеді. Оның үстіне Ауғанстандағы банк қызметі де бұрынғыдай қолжетімді болудан қалған. Бұл да астық саудасымен айналысатын кәсіпкерлер үшін қолбайлау.    

«Ауғанстан астық алмайтын болды» деп, «Ай қарап, жұлдыз санап» отыратын уақыт емес қазір. Шаруалар Ақордадан бидай экспортына баж салығы салынбауын талап етіп, нарықты жоғалтып алмауды сұрауда. Астық тасымалымен айналысатын Жеңіс Мұқановтың айтуынша, билік осындай қиын-қыстау шақта шаруалардың жүгін жеңілдетіп, Ресейден келетін бидай импортынан қосымша салықты алып тастаса, өз бидайымыз шетелге кедергісіз сатылса деген өтініш айтты. Бидай экспортымен айналысатын кәсіпкер сөзінің жаны бар. Мысалы, Ресейдің Алтай, Барнаул облыстарында биыл астық бітік. Ол жақта бидайдың 1 тоннасы 75-85 мың теңге ғана. Егер үкімет шетелге шығаратын бидайға баж салығын салса, біздің кәсіпкерлер Өзбекстан мен Ауғанстан нарығынан айырылып қалады. Ол елдердегі бостықты Ресей алып қояды. Қазақстан бидайы бәсекеге қабілетті болу үшін баж салығы болмауы керек. Жеңіс Мұқановтың қисынына сенсек, астықтың бәрін өзімізге қалдырсақ, ұн да, бидай да бірден арзандайды. Астықтың отанында алтын дәннің арзан болғаны жақсы. Солай болуы керек. Бірақ «ас атасы» арзан болса, қадірі қашады, аяқасты болады деген де түсінік бар. Бидай өзімізде қалса, шаруалар шығынды жаба алмай қалуы мүмкін. Мәселен, басқа емес, дизельдің бағасы күн сайын шарықтап барады.

Жасыратыны жоқ, астықты ел Қазақстан үшін бидайдан басқа бренд, отандық өнім деп, шетелге экспорттайтын тауар жоқ. Біз көлік өндірісінен Жапония мен Германиядан, Кореядан ешқашан аса алмаймыз. Төрт дөңгелегін салып, отандық өнім деп өзімізді-өзіміз алдап отырғанымызды шетел білмейді дейсіз бе? Шағын және орта бизнес өнімдерін шығарудан Қытай мен Түркия түгіл, көрші өзбектің қолына су құя алмаймыз. Төрт түлікті тегінен танитын көшпенді ұрпағы болғанымызбен, етті ұялмай шетелден сатып аламыз. Ет өндірісінде ешкім емеспіз. Сүт өнімдері Қырғызстан мен Беларусьтан келеді. Құрылыс тауарлары Ресейден шығады.

Біздің мақтанышымыз астық еді. Алтын дәннің отаны саналған мемлекетпіз. Біздің нарық Қытай, Ауғанстан, Өзбекстан болатын. Қытай күрішті қанша көп тұтынса, соңғы жылдары бидайға да аңсары ауған. Тіпті Қытай төрағасы Ши мемлекеттік телеарналарына берген сұхбатында: «Қазақстан бидайынан жасалған ұн өнімдері Қытай нарығында ең қымбат өнім саналады. Біз Қазақстан ұнынан жасалған тағамдарды тұтынамыз», – деген болатын. Сол кезде Қытай басшысының сөзін арғы беттен келген ағайындардан да сұрадық. Олар «Қытай нарығында Қазақстан өнімдерінің қаны жерге тамбайды» деген еді. Тіпті Үрімжі, Құлжа, Шәуешек сияқты кілең қазақтар тұратын қалаларда Қазақстанның тәтті өнімдері, ұн тағамдары өте жақсы сатылатынын, тіпті бренд өнім екенін айтқан.

Ал Өзбекстан ше? Қайбір жылы алатақиялы ағайын бізден бидай сатып алып, оны өздерінің диірмендерінде өңдеп, сыртқы нарыққа шығарып, бірнеше есе қымбатқа сатты. Сол кезде өзбектердің мұндай пысықтығына қызғаныш білдірген шенділер де болған. «Өзбекстан бізден бидайды арзан алып, одан ұн тартып, шетелге қымбатқа сатып жатыр. Енді өзбекке бидай бермейміз» дегендер болды. Сауданың заңы сол: біреу сатады, біреу пайда табады. Оған көнбедің бе – онда өзің өңдеп, өзің сат.  

Ауғанстан – Қазақстан бидайының үлкен нарығы. Былтыр ұн мен бидайды қосқанда, жалпы, 3 млн тонна астық сатқанбыз. Биылғы жоспар өткен жылғыдан екі есе көп еді. Ауыл шаруашылығы экс-министрі Балташ Тұрсымбаев Қазақстанның астық әлеуеті соншалық керемет емес екенін ашық айтып, үкіметтің не үшін өтірік есеп бергенін түсінбей отыр. Молшылық жылдардың өзінде шетелге 2,5 миллион тонна экспорттайтын Мамин үкіметі қалған 3,5-4 миллион тонна астықты қайдан алмақшы?

Айтпақшы, өткен аптада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілеріне сенім грамоталарын тапсырды. Сол рәсімде: «Ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде құны 2,5 миллион доллар болатын 5000 тонна бидай ұнын жеткізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Мұндай көмек аталған елге тұрақты түрде беріліп отырады», – деген болатын. Халықаралық саясатта Ауғанстан сияқты әлеуметтік әлеуеті нашар, саяси жағдайы тұрақсыз мемлекеттерге тегін көмек көрсетіп тұру барлық елдерде бар үрдіс. Бірақ мына жақтағы алажаздай дән егіп шаршаған шаруалардың мұңын кім ойлайды? Жаздай салған бидайын қытай мен тәліпке жеткізе алмаса, өзбек Ресейге қарап қопаңдаса, еткен еңбек, төккен терді кім ақтайды?   

Биыл қуаңшылық кесірінен солтүстікте өнім ойдағыдай болмапты. Қостанай шаруалары жылдағыдан екі есе аз өнім алғанын айтып отыр. Сондықтан диірмен иелері ұн өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге салынатын баж салығын көбейтуді сұрайды. Олардың уәжіне сенсек, баж салығы көбейсе, бидай өзімізде қалады. Ал баж салығын алып тастаса, алпауыт өндіріс орындары алтын дәнді шетел асырып сатады. Өзімізде ұн да, нан да бірден қымбаттап кетеді. Қазірдің өзінде нан мен ұн өнімдері 15 пайызға дейін өскен. Былтыр бидайдың 1 тоннасы 80 мың теңге болса, биыл 120 мыңға шарықтаған. Бидай бағасы өскелі диірмендердің де жұмысы азайған. Бұл арада бидай экспортымен айналысатын кәсіпкерлер мен диірмен иелері арасында қарама-қайшылық бар екенін ашық айтайық. Делдалдар баж салығы болмауын қалайды, ал диірмен қожайындары өздеріне келетін бидайдың көп болғанын сұрап отыр. Сырттай қарағанда екеуі де халықтың қамын ойлағандай көрінгенімен, екеуінікі де қалтаның қамы.  

Ұн өндірушілер кешенінің директоры Гран Халилулла «Атамекен бизнес» каналына берген сұхбатында: «Біз, ұн өндірушілер, тығырықтан шығу үшін бидайға баж салығын енгізуді сұраймыз. Ал ұн экспортына ешқандай кедергі болмауы тиіс. Бидайды өңдегенде 75 пайызы ұнға айналса, қалғаны мал мен құсқа азық болады. Елімізде ұн өндірісі кеміген сайын, мал азығы да азаяды. Айналып келгенде, ет, сүт, жұмыртқа қымбаттап кетеді» деп түсіндірді. Кім не десе де, бұл саудада қарашаның қамын ойлап отырған ешкім көрінбейді.  

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ АҚЫЛБАЙ 15:46
Назарбаев дұрыс істеді!
Сайт әкімшілігі 13:15
Тоқаев үкіметке жаңа кадрлар даярлау жөнінде тапсырма берді
Сайт әкімшілігі 11:35
Алматыда жылу жүйесі жарылып, Рысқұлов даңғылын қалың бу басып қалды
Еңлік АБАҒАН 09:16
Ырымшыл Бозымбаев һәм Баталовтан қалған аутсайдер облыс
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:15
Сталин өлтірді, Ақсақалов күресінге тастады
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:08
30 градус аяз болады

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14