Тақ біреу, үміткер екеу

Амангелді СЕЙІТХАН

14.09.2020, 19:17

419

Саяси дода деп Америкадағы Президент сайлауын айтыңыз. Екі партияның серкесіне ғана арналған алаң, Алайда ауқымы кең, тұтас ел араласып кететін шоу. Тап бір ел тағдыры емес, үміткерлердің ғана үлес салмағына баға берілетіндей. Тақ шіркін ыстық болатын көрінеді ғой. Мінгенінің түскісі келмейді. Міндетін орындап шықсын, мейлі. Қарсыласы құйысқаны көтеріліп, оны аударып тастаудың амал-шарғысын қарастырады. Ашуына тиеді. Тілдейді. Тіпті ол демократиясы гүлденген ел болса да. Мысалы, АҚШ Президенті Дональд Трамптың да биліктен әл-әзір кеткісі жоқ. Биылғы сайлаудан да үмітті. Жеңіп шығатынына шүбә келтірмейді. Сөзі мірдің оғындай.  Ісіне ендіҚұрама штаттардағы халық баға бере жатар. Баға дегенде, пікір қазір екіге жарылып тұр. Жанын салып қорғайтындар бар. Зарын айтып, қарғайтындар да бар. Трампқа тас лақтырғысы келетіндер босқындар. Мексикамен араға қамал салуға бекінген басшыны олар қалай мақтай қойсын. Қытай саудасына тұсау салғанын қолдайтындар Дональд мырзаға тағы төрт жыл тізгін беруге қарсы емес. Республикалықтардың өзі де бірде мақтайды. Келесі күні сынап жүр. Президент қазан айында коронавирусқа қарсы вакцина шығатынын айтып, жұрттан сүйінші сұрады. Алайда ду көтеріліп қолдаған электоратты байқамадық. Мамандар, маман болғанда да дәрігер-ғалымдар вакцинаны бұқара елге әбден зерттеп барып салған дұрыс дегенді алға тартады. Оған қыңатын Трамп па, «Негізі қандай да бір препаратты айналымға енгізу үшін ғалымдар үш-төрт жыл ізденеді екен. Бұл жолы бүкіл жобаға өзім жетекшілік етіп, айналасы бірнеше айда қолдануға болатындай етіп қойдық», — деп сөз сөйледі. Соны ести сала Демократиялық партияның серкесі Джо Байден де пікір білдіріпті. «Байыбына бармай тұрып жұртқа жаппай вакцина салу әбестік. Оны бәрі түсінеді. Өз басым Америка халқының күдікпен өмір сүргенін қаламаймын. Қолымнан келсе ертең ақ елдің бәріне зиянсыз вакцина егіп берер ем. Тіпті сайлауыңның бұл жерде қатысы шамалы. Трамп билігі елін коронавирустан сақтап қала алмады. Соған қорланам», — депті. Оған Трамп бұлқан-талған болып, «Бұлар не деген халық-ей, мені тап осы 3 қарашада өтетін сайлау алдында вакцина салдырып жіберуді жоспарлады депті. Қызық қой, қазір маған елдің амандығы керек. Байденіңіз, қасындағы Харисімен елден де, менен де кешірім сұрасын», -деп сәлем айтыпты.

  Қазір Америкада Байденге бүйрек бұрушылар көп. Әсіресе афроамерикандықтардың ықыласы солай ауып тұр. Оның бірнеше себебі де бар. Мысалы, Камала Харис факторы. Джо мырзаның вице-президент қызметін Камалаға ұсынуы оларға майдай жағады. Біріншіден Камала да афроамерикандық. Екіншіден, «Америка саясатындағы ақылды келіншек», —  деген мәртебесі бар. Екі күн бұрын ол Висконсин штатындағы Милуоки қаласының әуежайында Джейкоб Блейктің отбасы мүшелерімен кездесті. Ол да әрине ұпай әкелді. Бабалары бір кезде қара құрлықтан ауып келген жұрт риза болысты. Джейкобты ұстау кезінде полиция қару қолданып, жаралап еді ғой. Харис Блейктің өзімен де телефон арқылы тілдесіпті. Мамандығы заңгер, Калифорнияның бұрынғы Бас прокуроры. Қоғамда да беделді. Сенатор. Саяси салмағы талайға үлгі, сауаттылығы да кісі қызығарлықтай. Тап осы Камала үшін де елдегі  афроамерикандықтар Байден кандидатурасын қолдап тұр. Деморкраттар вице-президентікке Харисты таңдады дегенді естіп, Трамп та Ақ Үй ауласында әңгіме өрбітті. Алдымен байыппен бастап, байсалды кірісті. «Бұл көбіне жалған сөйлейтін кісі ғой. Өзі салықты көбейтуге құмар. Қарулы күштерге ақшаны аз бөлейік деген. Тіпті тақтатас мұнай өндірісін азайту жайында ұсыныс білдірді», — деді де қолындағы қағазын қоя салып, -«Анығында жексұрын адам. Өзі дөрекі, тәртібі де оңып тұрған жоқ. Байденнің оны таңдағанына қайран қаламын», — деп салды. «Қайранын қайдам, сайлаудың ойранын шығаратын осы келіншек болмасын»,- десті америкалық сарапшылар.

  Джо Байден  Харистің қандастарына көп үміт артады. Қолдауды да негізінен сол жақтан күтеді. Демократтардың қалың қолы да дем береді. Калифорния қарап қалмас. Өйткені тағы сол Харис қызмет еткен өлке. Жалғыз міні — жасының келіп қалғаны. Қазір 78-де. Портленд, Ричмонд, Нью-Йорктегі қақтығыстар да оның пайдасына шешілетін секілді. Трамп, «Менің әкімшілігім әлгі қалаларға салық есебінен құралатын бюджеттен қаржы қарастыруы дұрыс емес. Ішкі тәртібін түзей алмайтын қалалар енді өз күндерін өздері көрсін», — деп үндеу жариялағаны  жараланғандарға да, жаралағандарға да жақпай қалды. Қазір пандемиядан гөрі ұлттық қауіпсіздік, Америка біртұтастығына көп мән беруді дұрыс көрген АҚШ  Президентін, «Кейде артық кетіп қалады, -дескен өз партияластары да екі ойлы болып қалады. Тізгінді тартатын Трамп па. «Байденді қолдадым дегенше Қытай саудагерлеріне қайта жол аштым десеңші. Үркітсем де, қорқытсам да оларды тәртіпке шақырдым. Саудадағы бейбастыққа тоқтау салдым, бүкіл экономикаңды жұтып қоя жаздағанын көріп отырсыңдар. Енді олар да аянбайды. Аямайды да. Айдаһардың өңешінен табыласыңдар», — деп тұтас Америкаға құлаққағыс жасады. Және сөзінде шындық та бар. Бейжіңде мынау коронавирустың таралуына құныкер деп тануды ұсынғаны да, ДДСҰ-ға қаржы бермеймін деп қиғылық салғаны да серкелігінің көрінісі. Көп сөйлейді. Көп сөйлесе де дөп сөйлейді. Келіссөздерде де өз үстемдігін байқатып отырады. Кез келген мемлекеттің басшысын қол алысқанда өзіне тартып қалатыны да кездесуге келген әріптестерінің құтын қашырып, әлгілер қызарақтаған жүзін жасырып әлек болады. Тілшілермен тіресе кететіні, туиттерді тиімді пайдаланатыны да Трамп табиғатын тануға негіз.

  • Қазіргі Президенттің беделі керемет деуге келмейді, — дейді сол жақта білім алып жатқан магистрант Талғат Алман, — пандемия кезінде біраз ұпай жоғалтты. Кейбір өңірлерде жағдай шынымен қиындады. Қазір жұмыссыздық белең алып тұр. Дональд Трамп Американың біртұтастығы туралы көп айтады. Оның да өтіп жатқаны шамалы. Қайта-қайта ішкі қауіпсіздік төңірегінде ой өрбітеді. Тағы да атқан оғы далаға кеткендей әсер береді. Афроамерикандықтар тағдырына алаңдаушылық танытқан болады. Олар негізі Харисты қалап отыр. Ақылды әйел. АҚШ –тағы сайлауалды Poll-дар Байденнің бәсі биік дегенді байқатады. Бұрын ара-салмақ мүлде алшақтап кетіп еді, қазір Трамп сол он пайыздай қалып келе жатыр. Менің түсінігімде егер Мишел Обама үміткер атанғанда сөзсіз ұтатын еді. Бірақ ол кісі ұмтылмады. Трамптың сенгені ауылдық жердегі тұрғындар мен ақ нәсілділер. 46-шы Президент қос партияның атынан түскендердің бірі болатыны анық. Ал, 2024 жылы сайлау процесінде үлкен өзгеріс орын алатын секілді. Марк Цукерберг секілді жеке тұлғаның өтіп кетуі ғажап емес.

Бәрі мүмкін. Трамптың туын әрине ақ нәсілділер тұратын штаттар мейілінше биік ұстайды. Қазіргі Президенттің сөзі соларға өтімді. Олар да жергілікті нарықтың Қытай экономикасына жұмыс істеуін қаламайды. Босқын біткеннің елге ағылуына қарсы. Солардың үлес салмағы артып, қылмыс көбейіп кеткенін қапысыз түсінеді. Американың құтқарушысы Трамп шығар деген үміттен әлі арыла қойған жоқ. Бұл елде де үлкен саяси өзгерістер кезеңі таяп тұр. Қос палаталы Конгрестің де пәрмені азайып, беделі төмендеп келеді.

  Жетпіс сегіздегі Джо Байденді желпілдетіп додаға салу да қайбір керемет жетістік дейсіз. Трамптың да базардан қайтып келе жатқан кезі. Қарт Қожақты еске салатын екеудің бірі бәйгеден келеді. Америка жалындаған жастық шақты тағы төрт жыл күтуге мәжбүр...

  

            

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 18:41
Жерді шетелдіктерге жалға бермейміз - «Ауыл» партиясы
Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 16:11
Праймериздің әсері: 40 мыңнан астам азамат Nur Otan-ға кірді
Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 10:43
Nur Otan батыс өңірлеріне қатысты қандай уәде береді?
Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 09:48
Қазақстандық әуе компаниясы Ливияға қару-жарақ тасымалдады деп айыпталды
Сайт әкімшілігі 22.09.2020, 16:45
Nur Otan праймеризінде дауыс беруге 700 мыңға жуық адам тіркелді
Дос КӨШІМ 22.09.2020, 10:10
Бізге әкімдерді сайлау емес, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі керек

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27