Тараздық кәсіпкерлер Бас прокуратураға үндеу жасады

28.03.2019, 14:33

172

Жамбыл облысының бір топ кәсіпкері республиканың бас прокуроры Ғ.Нұрдәулетов мырзаның назарына ұжымдық үндеу жолдады. Үндеуге қол қойған алты құрылыс компаниясының басшысы жергілікті атқарушы билік органдарының кейбір іс-әрекеттеріне көңілі толмайтындарын ашық айтуда.Әрине, бүгінде құрылыста түрлі фирмалар қаптап, әрқайсысы тендер кезінде бақ сынап, бірінің жолы болып, екіншісі жеңіліп жататындықтан, бұл сала дау-дамайдан ешқашан арылған емес. Дегенмен жергілікті билік өкілдері қолдарынан келіп тұрғанда қонышынан басып, мемлекеттік сатып алу ісінде көз қысты, бармақ бастыға барып, өздеріне ыңғайлы фирмалардың шотын шабатыны да жасырын емес. Осы жағынан келгенде бұл үндеуге қол қойған құрылыс компаниясы басшыларының жанайқайын түсінуге болады. Талай жылдан бері құрылыс қазанында қайнап келе жатқан бұл компаниялар осынау саланың жұмысын бес саусағындай жақсы біледі ғой. Сондықтан олардың бұл ашынысы жай ғана қызғаныштан, тендер ісінде жолы болмай қалғандықтан ғана туындады деп айта алмайсың.Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов осы қызметіне кірісе салысымен көп ұзамай құрылыс саласына жауапты орынбасарын және тағы біраз уақыттан кейін құрылыс басқармасының басшысын ауыстырып тастағанын жұрт жақсы біледі. Өзінің орынбасары етіп Еркебұлан Дауылбаевты тағайындады. Оның өмірбаянына көз тастасаңыз, Асқар Исабекұлымен сонау Өзбекстанда елші болған кезінен бері, одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, ауыл шаруашылығы министрі болған кездерден бері бірге қызметтес боп келе жатқаны тайға таңба басқандай жазулы тұр. Яғни Асқар Мырзахметов жаңа орынбасары арқылы құрылыс саласын толық бақылауына алғаны анық. Бірақ алыстан үкілеп әкелген Дауылбаев дауды тіптен өршітіп жіберді. Міне, бір топ жамбылдық кәсіпкердің осынау үндеуі осы сөзіміздің бір дәлелі болса керек.«Елбасы Н.Назарбаев мемлекет дамуының басты бағыттарының бірі шағын және орта бизнеске қолдау көрсету деп айтқан болатын. Мемлекет басшысы осылай әрекет ету арқылы ел тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартып, жұмыспен қамтып, экономикалық гүлденуге қол жеткізуге болатынын айқындап берген еді. Ал кәсіпкерлердің құқын қорғау принципі олардың құқықтары мен міндеттерінің тең болуын заңдық жағынан бекітіп берумен ғана шектелмейді. Осы заңдылықтың іс-тәжірибе жүзінде іске асуы үшін нақты жағдай жасау қажет қой. Осыған байланысты Жамбыл облысындағы құрылыс саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер қауымдастығында мемлекеттік сатып алу жұмыстары барысында кемсітушілік пен алалаушылық пиғылы анық байқалып жүр», – деп ашынады жамбылдық кәсіпкерлер. «Біздің ойымызша, бұл әділетсіздік сатып алу жұмысын ұйымдастырушылар мен лауазымды тұлғалардың түрлі әрекеттерінен бастау алуда. Яғни тендер құжаттарынан кеткен кейбір кемшіліктер бір фирмалардың мемлекеттік сатып алу ісінен шеттеп қалуына алып келсе, дәл сондай кемшілік жіберген кейбір фирмалар ешқандай кедергісіз бәс саудаға қатысуда» дейді олар. Негізі, тендерлік құжаттардағы формалды түрдегі кемшіліктер сатып алу ісіне қатысушылардың біліктілігіне байланысты талаптар, яғни жұмыс тәжірибесіне байланысты орын алуда екен. Алайда қазіргі кезде құрылыс жұмыстары сан түрлі саланы қамтиды, көптеген жаңа кәсіптер пайда болуда. Осыдан кейін тендер ережесінде көрсетілген нормативтер мен тізбелерді өз уақытында түгендеп апару мүмкін емес. Содан болар, талап етілген жұмыс тәжірибесіне жатқызу үшін «ұқсас жұмыстар» мен «бұдан бұрын атқарылған жұмыстармен үйлесімді» деген терминдерді пайдалану әдетке айналған. Мысалға, №3013290-ОК1 конкурсының қорытындысы бойынша нақты жұмыс тәжірибесі бес жыл болғандықтан, біліктілік талаптарына сай келмеді деген себеппен «Казахдорстрой» ЖШС өтінімін үш лотта да қабылдамай тастаған. Ал шын мәнінде бұл фирманың сатып алу конкурстарындағы жұмыс тәжірибесі 10 жылды құрайды. Бір бұл емес, жұмыс тәжірибесіне қарап «лайықсыз тапсырыс беруші» деп танып, есептеу кезінде негізсіз төмен балл қойып, ақыр аяғында оның шеттетілуіне алып келетін жағдайлар көбейіп барады. «Біздің ойымызша, 3009322-2 конкурсы бойынша «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС өтінімін 15.03.2019 жылғы № 2842802 протокол қорытындысы бойынша 3001315-2 конкурсының «№18  балабақшасының күрделі жөндеуі», Тараз қаласындағы «Жастар» стадионын реконструкциялау (14.03.2019 жылғы №2837928 протокол қорытындысы), Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Түрксіб елді мекеніндегі 300 орындық орта мектептің құрылысы (15.03.2019 жылғы №2842791 протокол қорытындысы) бойынша Жамбыл облыстық әкімдігінің құрылыс басқармасы шартты жеңілдіктерді негізсіз төмендету арқылы өтінімдерді қабылдамай тастады» дейді жамбылдық кәсіпкерлер өз үндеулерінде.Дәл осылайша 2019 жылы Жамбыл облыстық әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Газ-сервис» ЖШС-нің, 3010986 конкурсы бойынша «13 елді мекенге газ құбырларын жүргізу құрылысы», 3011412-1 конкурсы бойынша «18 елді мекенге газ құбырларын жүргізу құрылысы», 3012650-1 конкурсы бойынша «15 елді мекенге газ құбырларын жүргізу құрылысы», 3012252-1 конкурсы бойынша «21 елді мекенге газ құбырларын жүргізу құрылысы» бойынша өтінімдерді қабылдамай тастаған.Жалпы алғанда, осылайша ойдан шығарылған заңдылық талаптарына сай, келмеді деген желеумен өтінімдерді кері қайтару жиі кездесуде. Мысалға, материалдық және еңбек ресурсы конкурс құжаттарындағы талаптарға сай, келмеді деген себеппен Жамбыл облыстық әкімдігінің құрылыс басқармасы «Айя-Сервис» ЖШС-нің 7 лот бойынша өтінімдерін кері қайтарған. Нақтырақ айтсақ, №3014655-2 конкурсы бойынша «Жамбыл облысындағы облыстық дәрежедегі көлік жолдарының орта жөндеуі», № 3021477-2 конкурсы бойынша 4 лотта «Аудандық дәрежедегі көлік жолдарының орта жөндеуі», №3023377-2 конкурсы бойынша 2 лотта « Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы орта мектептің кіреберісі мен көшесінің орта жөндеуі».Ал «Айя-Сервис» ЖШС 2018 жылдың 9 ақпанында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге құқық беретін І санатты №18002739 мемлекеттік лицензиясын алған. Және ол конкурс құжаттарына тігілген. Сондықтан конкурсты ұйымдастырушылардың «Айя-Сервис» ЖШС өтінішін кері қайтарған әрекеті ешқандай заң талабына сыймайды.Қазір бір көзден сатып алу ісіне өзгерістер енгендіктен, сатып алуға екі фирма жіберіледі. Оның біреуі конкурсты заңды өтті дегенді дәлелдеу үшін ғана тиісті құжаттармен қатысады, екіншісі тек жеңіп шығу үшін қатысады. Осылайша мемлекеттік сатып алу ісін қолдан ұйымдастыру әрекеті 3012516-1 конкурсы, «Жаңатас қаласындағы «ЕуроХимҚаратау» ЖШС-нің химиялық кешеніне жоғары қысымды газ құбырын жеткізу құрылысында орын алыпты. Бұл конкурстың құны 7 567 422 000 теңгені құрайды. Сөйтіп, «Санат-Тараз» ЖШС формалды түрде қатысып, тиісті құжаттары сай болмаса да, «StroyGazCompany» ЖШС жеңімпаз деп танылыпты. Бұдан бөлек, өздері о бастан іріктеген фирманың жеңіске жетуі үшін жүздеген миллион теңге төмен баға ұсынған фирмалардың өтінімін қабылдамай тастаған жағдайлар да кездескен. Мысалға, «Казахдорстрой» ЖШС-нің басындағы осыған ұқсас жағдайды айтуға болады.Жалпы алғанда, Асқар Мырзахметов бюджет қаржысын үнемдеуге құмар басшылардың санатына жатады. Қай қызметте жүрсе де, Асқар Исабекұлы алдымен түрлі қымбат жобалардың тиынына дейін есептеп, «құйрық-жалын» қысқартып тастайтыны бар. Былтыр ғана облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берген кезде бюджет қаржысын екі есеге дейін үнемдеудің жолдарын көрсетіп берген болатын. Ендеше, облыс әкімінің «командасы» дәл осы жолы тәспілерінен жаңылып, үнемдеуді ұмытып, қымбатқа ұрынуына не себеп болды? Бір ғана тендердің өзінен жүздеген миллион теңге төмен баға ұсынған, талап қойылған салада сан жылғы тәжірибесі, нақты жұмысшылары мен техникалық жабдықтары түгел фирманың мерейі үстем болмай, әлдеқайда қымбат баға ұсынған кешегісі бұлыңғырлау фирмалардың жолы болғанын қалай түсінуге болады? Онсыз да дотацияда отырған Жамбыл облысы үшін бұл миллиондаған теңгелер бір жыртықты жамауға жетер еді ғой. Тіпті болмағанда қоғамда «жыр» боп жатқан көпбалалы аналарды жарылқауға болар еді. Қалай айтсақ та, осынау мемлекеттік сатып алу ісінде көп ақша ұсынғанның ұтып шығуы біраз күдікті ойларға жетелейтіні анық. Үнемдеуді үнемі үгіттеп жүретін облыс басшысының үндеуіне мемлекеттік сатып алу ісін ұйымдастырушылардың пысқырып та қарамағанын қалай түсінуге болады?Қазақстан Республикасының бас прокуроры Ғ.Нұрдәулетов «Айя-Сервис» ЖШС директоры Ю.Капустина, «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС директоры Д.Жұмабаева, «АКМ  Групп» ЖШС директоры Ш.Үсенбаев, «Таразстрой-2004» ЖШС директоры М.Жүнісов, «Талас Құрылыс» ЖШС директоры Е.Нұрмашев, «ГазСервис» ЖШС директоры К.Аралбаевтар қол қойған үндеумен мұхият танысып, жоғарыдағы сұрақтарға нақты жауап табарына сенім білдіреді.Фото: yandex.by
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 18:50
Тоқаевтың тапсырмасына саботаж жасалды
Сайт әкімшілігі 17:22
Тоқаев ішкі істер министрінің орынбасарын тағайындады
Сайт әкімшілігі 16:26
Полиция «ӨКМ Операторы» топ-менеджерінің жұмбақ өліміне қатысты пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 14:43
Ертең Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысы өтеді
Сайт әкімшілігі 13:08
Оператор РОП-тың басқарушы директоры өзіне қол жұмсады
Әділ АҚЫЛБАЙ 12:29
Мәә!!! Не деген байлық?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48