Тарихқа айнала бастаған талаптар

Дос КӨШІМ

15.09.2020, 10:12

466

     Саяси-қоғамдық өмірде сан түрлі мәселе көтеріп, сол бастамалардың халыққа жетуіне күш салыппыз. Ол уақытта әлеуметтік желі жоқ болатын, ал бюджеттік бұқаралық ақпарат құралдары біздің бастамаларды жарияламайтын. Бірді-екілі оппозициялық партиялардың газеттері болды, бірақ, өкінішке қарай,  олар ұлттық мәселеге көңіл аудара бермейтін. Сондықтан кейбір бастамаларымыз халыққа толықтай жеткен жоқ. Соңғы уақыттағы білім саласындағы өзгерістерге, білім және ғылым министріне, оның жүргізуге ынталы болып отырған реформаларына байланысты әңгімелердің көбейген уақытында осыдан он бес жыл бұрынғы көтерген мәселе есіме түсті.

       Бұл хат алмасулар біздің сол кезеңдегі қайтпас қайсарлығымыз бен биліктің берілмес қырсықтығының куәсі сияқты. Себебі  осы ашық хат Бірғаным Әйтімовадан бастап, кешегі Ерлан Сағадиевке дейін жолданды. Министрдің креслосына отырған әрбір азамат білім саласы мен ұлттық саясат арасындағы осы мәселеден құлақдар болды. Кейбіреулері «Ұлт тағдырына» жауап жазса, енді біреулері дөңгелек үстелдерде осы хат жөнінде пікірлерін де айтты. Оларға рақметтен басқа айтарым жоқ. Жауаптарына емес, жауап бергендеріне ғана. Өкінішке қарай, олардың жауаптары бізде сақталмапты, алайда министрліктің жауабы «көтерген мәселелеріңіз дұрыс, біз жақын арада орыс әдебиетін алып тастаймыз. Оның орнына «әдебиет» деген атау енеді» дегенмен шектелетін.

     Содан бері он бес жыл өтіпті. Біздің талаптарымыз тарихқа айнала бастаған сияқты. Қазақ елінің мектептері әлі күнге дейін орыс әдебиетін оқиды. Бұның өрескелдігі, саяси жағынан қате екені, намысқа тиетіні (біз Ресейдің отарымыз ба?) т.б. былай тұрсын, балаларымыз әлем әдебиетінен қалыс қалуда. Билік осы он бес жыл бойы «қандай айла-тәсілдермен орыс әдебиетін сақтап қалсақ екен» деген мәселемен айналысқан сияқты. Біздің хатымыздағы нақты екі сұрақ жауапсыз қалды. Сол хатты бүгінгі министрге «Жас Алаш» арқылы жолдай отырып, дәлелді де түсінікті, нақты жауап күтеміз. 

      Қосымша: Хат мәтіні 2005 жылы жазылған.

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке!

    Құрметті Асхат Қанатұлы!

     Басында Ресей империясының, кейін тоталитарлық кезең деп аталатын, шын мәнінде ұлт саясатында ұлыорыстық империялық бағытты толық ұстанған Кеңес өкіметінің қол астындағы Қазақ елі өз тәуелсіздігін алғаннан кейін ұлттық, жеке мемлекеттік  идеологияны жүзеге асыруы шарт болатын. Өкінішке қарай, олай болмады. Соның бір дәлелі Қазақ елі мектептеріндегі «Орыс әдебиеті» пәнінің сақталуы болып табылады. Мектептердегі білім салаларын оқыту барлық елдерде ұқсас болса да, әрбір ел өзінің оқулықтарын шығарып, өзіндік оқу бағдарламасымен білім беретіні талассыз шындық. Осы шындық Қазақ елінде әлі де мойындалмай келе жатыр.

     Бүгіндері кеңес кезеңінен басталған және қазірге дейін мектеп бағдарламасынан түспей келе жатқан «Орыс әдебиеті» пәнінің жаңа Қазақ елінің жастарына қандай қажеттігі бар? Көрші бір ғана елдің әдебиетін жекелей бөліп алып оқытудың себебі неде? Өркениетті елдердің қатарына қосылуды мақсат еткен мемлекеттің оқушыларға көрші бір ғана елдің, бұрынғы метрополияның әдебиетін оқытуы не қоғамдағы өзгерісті мойындаудан бас тарту немесе орыс әдебиетін дүниедегі ең бір ерекше ұлы әдебиет деп танумен бірдей. Барлық халықтардың әдебиеті, дүниедегі барлық тілдер өз деңгейінде «ұлы» болып саналады. Біздің жастарымыздың тек Пушкин мен Лермонтовты, Толстой мен Тургеновты тануы дүниежүзіне терезе ашу болып табылмайды.

     Кеңес өкіметі тарағаннан соң құрылған тәуелсіз мемлекеттердің барлығы дерлік мектептің оқу бағдарламаларындағы «Орыс әдебиетінің» орнына «Әлем әдебиетін» енгізді. Олар Азия мен Африканың, Еуропа мен Американың, араб, қытай, жапон елдерінің әдебиетімен танысуда. Әлде  Маркес пен Тагор, Айни мен Айтматов, Джек Лондон мен Назым Хикметтер орыс қаламгерлерінен төмен болып санала ма? Әрине, метрополия болып отырған ресейлік көзқарас солай болады. Әрбір ұлт өзінің отар еліне барлық «асылдар» өздерінен шыққандай бағыт береді. Бірақ қазір біз егемен ел емеспіз бе? Егемендіктің басты көрсеткіші де осында жатыр деп білеміз.

     Сіздер әлем әдебиетіне бастарыңызды бұрмай, қазақ жерінде тұратын бір ғана диаспораның әдебиетін жеке оқыту арқылы қазақ ұлтына және оның болашағына орны толмас қиянат жасап жатырсыздар. Әлде Конституцияда «саны 20 пайыздан асатын диаспораның әдебиетін оқыту керек» деген бап бар ма?

     Айта кету керек, біз жүргізген зерттеулеріміздің нәтижесі бойынша орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиетін енгізуді диаспоралардың 56,3 пайызы қолдайды екен. Оның ішінде жастардың 64,1 пайызы біздің пікірімізді дұрыс деп санайды. Бұл сан да сізге ой салады деп білеміз.

      Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысы сізге осы пікірді жеткізе отырып, екі сұрақ жолдап, нақты жауап күтеді:

  1. Мектеп бағдарламасында осы күнге дейін «Орыс әдебиетінің» сақталып келе жатқанының қандай нақты себептері бар?
  1. Жақын арада Қазақ елінің мектептері «Әлем әдебиетіне» көше ме?

      Билік орындарының азаматтардың алдында түсінік беруі, өз көзқарастарының дұрыстығын дәлелдеуі демократияның басты принциптерінің бірі екенін ескерту артық деп ойлаймын.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 18:41
Жерді шетелдіктерге жалға бермейміз - «Ауыл» партиясы
Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 16:11
Праймериздің әсері: 40 мыңнан астам азамат Nur Otan-ға кірді
Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 10:43
Nur Otan батыс өңірлеріне қатысты қандай уәде береді?
Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 09:48
Қазақстандық әуе компаниясы Ливияға қару-жарақ тасымалдады деп айыпталды
Сайт әкімшілігі 22.09.2020, 16:45
Nur Otan праймеризінде дауыс беруге 700 мыңға жуық адам тіркелді
Дос КӨШІМ 22.09.2020, 10:10
Бізге әкімдерді сайлау емес, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі керек

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27