Тәуелсіздік: ұтқанымыз бен ұтылғанымыз

Дос КӨШІМ

19.11.2021, 09:09

1347

     Соңы. Мақаланың басы мына жерде...

   Көппартиялық жүйе. 2012 жылы, жиырма бір жылдан (1) кейін ғана Қазақстанның парламенті үш саяси партияның өкілдерінен жасақталды. Бізден басқа бірде-бір республикада мұндай жағдай болған жоқ. Сөз жүзінде, әрине, бұл – көппартиялықтың белгісі, бірақ іс жүзінде биліктің сценарийімен жасалған «рөлдерге бөлу» ойыны – «көппартиялықтың бар екенін көрсету» ғана болатын. Содан бері тоғыз жыл өтті, әр партия өздерінің заң  жобаларын дайындап, қоғамның алдына жайып салып, қызу пікірталас арқылы біреуін өткізіп, ал енді біреуін өткізе алмағанын  көрген де, естіген де жоқпыз. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, «көппартиялық жүйенің ажырамас бөлігі – оппозициялық партияның» да бар екенін көрсету мақсатында Қ.Тоқаевтың бастамасымен «парламенттік оппозиция» деген заң да қабылданды, бірақ биліктің қолбаласына айналған партияларға «оппозициялық сипат» беру жобасын қоғам қабылдамады. Көппартиялық   институт – алдарына түрлі мақсат қоятын немесе салыстырмалы бағдарлама ұсынатын саяси топтардан құралады, ал бір ғана бағытта – билікте отырған топтың нұсқауымен жұмыс істейтін парламентте жүз партия отырса да, ешқашан көппартиялық жүйенің көрінісі болып табылмайды. Қазақстан билігі өзіндік  мақсаты   бар,  салыстырмалы   жобасы   бар, оппозициялық сипаты бар саяси топты сан түрлі тәсілдермен  қоғамдық аренаға жібермеді (басты тәсіл – тіркелу кезіндегі заңдық не бюрократиялық шектеулер).       Қысқасы, отыз   жыл   босқа   кетті, осы отыз жылда біз саясаткерлердің жаңа кагортасын шығара алмадық, түрлі саяси көзқарастың қоғам алдындағы бәсекелестігін, ашық жарысын көріп, солардың ішінен өзіміздің көзқарасымызға сай саяси топты қолдап, билікке әкеле алмадық.

Әділетті, ерікті сайлау жүйесі. 1994 жылға дейін азаматтар сайлау жүйесін толық түсіне қоймады, ал 94-ші жылдан кейін билік те етек-жеңін жиып, сайлау мәселесін өз қолдарынан шығармайтын болды. Қазақстандағы сайлау үдерісіне халықаралық қауымдастық та сан мәрте сын айтып, сайлау жүйесін жақсартуға арналған ұсыныстарын берді, бірақ олардың барлығы дерлік жүзеге аспады. 2000 жылдары құрылған Тәуелсіз бақылаушылар жүйесі күшейіп, сайлау комиссияларын тырп еткізбейтіндей деңгейге жеткенде орталық сайлау комиссиясы «электронды дауыс беруге» («АИС Сайлау») көшті де, аталмыш ұйым өзінің белсенділігін бәсеңдеткенде электронды дауыс беруді қайтадан алып тастады. Сол жылдары бақылаушыларға фото, бейне, аудио түсірілім жасауға рұқсат берілді, бірақ бірде-бір сот сол суреттер мен бейнежазбаларды дәлел ретінде қабылдамайтын болды. Сайлауды  бюджетке қарап отырған қызметкерлер: дәрігерлер, мұғалімдер мен оқытушылар т.б. жүргізетін болды. Сот орындары сайлау кезіндегі заңсыздықтар көрсетілген актілер мен арыздарды қарауды сол сайлау комиссиясының өзіне жіберетін тәжірибені енгізіп, сайлау кезіндегі заңсыздық жасағандарды сот арқылы жазалау мүмкін болмады. Осының нәтижесінде демократияның негізгі институттарының бірі – ерікті, әділетті сайлау жүйесі Қазақ елінде орнаған жоқ.    

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі. Өкінішке қарай, 1995 жылғы Конституцияда көрсетілген (89-бап), демократияның басты құрылымдарының бірі болып саналатын жергілікті өзін-өзі басқару институтын енгізу де жүзеге аспады. Ұмытпасам, 1997 жылдан бастап «Жергілікті өзін-өзі басқаруға» арналған 5-6 заң жобасы дайындалып, қызу талқылаулардан өтті, бірақ бірде-біреуі қабылданған жоқ. Біздің жоғарыдан төменге дейін бағыныштылық (вертикалды бағыныштылық) жүйесі төмендегі құрылымдарға толық билік беретін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесімен ешқандай ымыраға, үйлесімге келмейтіні анықталғаннан соң, 2007 жылы 89-бапқа өзгерістер енгізіліп, жергілікті өзін-өзі басқару институтына нүкте қойылды. Біз төменгі деңгейдегі әкімдерді сайлаумен ғана шектелетін сияқтымыз (2024 жылы ауылдық кеңестерді сайлау болады деген сыбыс шықты). Менің ойымша, жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізбеудің басты себебі сайлау урнасында сияқты. Билік жергілікті қауымға еркіндік берсек, сайлау урнасы уысымыздан шығып кетеді деп қорыққан сияқты. Қысқасы, отыз жылдың ішінде демократияның ең бір тиімді осы институты өмірімізге енген жоқ.

Сөз бостандығы. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақ халқында сөз бостандығы, тәуелсіз ой-пікіріңді айту, жеткізу, дәлелдеу  демократия дегенді білмей тұрғанда-ақ бар институт болатын. Тоталитарлық жүйе біздің осы дәстүрімізді толықтай жойып жіберді, сондықтан отыз жыл бойы ойымызды, сөзімізді ашық айтатын жағдайға жеттік пе деген сұрақ бәрімізді толғантатыны анық. Әрине, жылдан-жылға ой-пікірімізді ашық айту, бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігі қанат жайып келеді. Сонымен қатар әлеуметтік желінің әсерінен сөз бостандығын тоқтатуға болмайтынын байқаған билік тарапы жаңа бір тәсілдерге көшкен сыңайлы. Оның бірі – «айтатындарыңды айта беріңдер, бізге бәрібір» деген ұстаным (кейде «бәрін сынай беріңдер, тек елбасыға тиіспесеңдер болды» деген нұсқамен беріледі). Қысқасы, биліктің бағытына қарсы жазылған, айтылған сындар мен ұсыныстар сол айтылған жерде қалады, одан ешқандай нәтиже шықпайды, оларға жауап берілмейді, талқыға түспейді.

        Екінші тәсіл – техникалық шектеулер. Егер белгілі бір басшылардың іс-әрекетін негативті жағынан ашып көрсететін немесе халықтың ашу-ызасын туғызатын мақала, пікірлер жариялана қалса, сол мезетте «тұтқынға» түседі. Мұндай жағдай менің өзімде соңғы үш-төрт жылда бірнеше рет болды: бірде Алматы әкімі Байбек мырза туралы жазған ащы памфлетім «Абай.кз» сайтына шығып, оны жарты сағаттың ішінде бірнеше сайт көшіріп басқаны мұң екен, бір сәттің ішінде барлық сайттарда (оның ішінде «Абай.кз» те бар) сол мақала бұғатталып, ашылмады, 404-ке түсті. Ал өткен жолы Абзал Құспан екеуміздің Қуат Ахметов туралы жасаған мәлімдемеміз де жарты сағатта барлық сайттардан алынып тасталды. Ең қызығы, бұл екі мақаланың ішінде айтылған мәселелердің не ұлтаралық араздыққа, немесе жеке адамның ар-ожданына т.т. қатысты емес, жариялануға толық болатын жазбалар еді. Иә, жарияланды, бірақ содан соң бұғатталды. Қазақстан халықаралық «Репортеры без границ» ұйымының баспасөз еркіндігіне қатысты жасаған рейтингінде 180 елдің ішінде 155-орында тұр.  Бұл – отыз жыл ішіндегі Қазақ еліндегі сөз бостандығының нақты көрінісі. Қысқасы, сөз бостандығы бар, бірақ оның таралуы мемлекеттік бақылауда.     

         Айтпақшы, біз әділетті қоғамның басты шарты болып табылатын негізгі мәселені және таразының басын теңестіріп отыратын құралды – биліктің үш тармағының (заң шығарушы, атқарушы және сот) бір-бірінен тәуелсіз жұмыс істеуін де жүзеге асыра алмадық. Заң шығарушы орган атқарушы биліктің дайындаған заңдарын қабылдаудан аса алмайды, ал сот пен прокуратура жүйесі биліктің айтқанынан шыға алмайды.

                                                     * * *

        Осы отыз жылда қандай ұлттық (қазақ ұлтының мәселесі) мәселені шешіп, қандай ұлттық құндылықтарымызды тірілте алдық?  Ұлттық құндылықтарды орнына келтіру үшін, біріншіден, қазақты біріктіруіміз керек еді. Өкінішке қарай, осы   отыз   жылдың   ішінде   өзінің   ұлттық   мемлекетін   аяғынан   тұрғызатын қазақты   біріктіре   алмадық.   Біріктіру емес,   бөлектену,   бөлшектенуге   кеттік.   Алғашқы кезеңде   қазақ халқы діндік наным бойынша бөлшектенуге кірісті. Оның бірінші кезеңінде әлемдегі барлық діннің түрлеріне, оның сан түрлі секталарына, ата дінімізден айыратын миссионерлерге (Миссионерлік – бір Құдайды білмейтін халықтарға, тайпаларға өздерінің діндерін таратуға бағытталған іс-әрекет. Бұл кейде қылыш-мылтықпен, кейде үгіт-насихатпен жүргізіледі. Ал мыңдаған жыл бойы мұсылмандықты ұстанып келген Қазақ еліне келген миссионер – бізді ата дінімізден ажыратушы ғана) есікті айқара ашып бердік. Қысқасы,   қазақ   ұлтының   негізгі   дінін   секталармен   теңестірдік.   Осы   жоспарды   жүзеге асырғаннан соң, мұсылман дінінің өзін іштей бөлшектеуге кірістік.

        Басқа діндерге, секталарға кірмеген қазақтар «дәстүрлі исламды» (сонда бұрын қандай ислам ұстанып едік?) ұстанушы аталып, басқа бағытты таңдаушылар «салафиттік бағыт», «сопылық жол» т.т. деп, сан тарапқа салып жібердік. Біреулер «бұған біз кінәлі емеспіз, ол шеттен келген ағымдар» деуі мүмкін. Жоқ. Сопылық бағытқа мүмкіндік берген де, кейін оларды соттаған да – біздің билік. Кезінде құраниттерге жол ашып берген де – біздің мемлекет. Бұл біздің ақымақтығымыздың  нәтижесі ме, әлде билік тарапынан қазақтарды бөлу үшін кезең-кезеңмен жүргізілген арнайы бір жоспар ма, ол жағы белгісіз, бірақ дін арқылы қазақты біріктіруге мүмкіндік берілмеді. Осы отыз жылдың ішінде Грузия мемлекеті өзінің Конституциясына «негізгі дін» деген терминді де енгізді,  ал Украина соғысып жатып, Мәскеудің қол астындағы діни бағытын өзгертіп, байырғы дінін қайта жаңғыртып төрге шығарды. Айтпақшы, демократиялық елдердің бірі – Италия  Конституциясында «католицизм – мемлекеттік дін» есебінде бекітілген. Ал біз жеке мүфтият (бұрын Кеңес өкіметі кезінде Орта Азия және Қазақстан діни басқармасы болатынбыз) болғаннан аса алмадық. Бір сөзбен айтқанда, отаршылдыққа дейін бір дінді, бір бағытты   ұстанған халықты дін арқылы біріктіре алмадық. Бірақ кімге ренжиміз, егер 1992 жылы  дінге арналған   заңды   жазғандардың   99   пайызы   кезінде «Құдай жоқ» деп сайраған   атеист-коммунистер болса...

        Қазақ қоғамы тіл арқылы да бөліне бастады: «нағыз қазақтар» мен «шала қазақтардың» (бұл атауды шығарған да өзінің ана тілін білмейтіндер) қатарына «орыстанған қазақтар» қосылды. Қазір Алматы қаласының атауы-ақ бізді екіге бөліп тастайтын жағдайға жеттік. Үшіншіден,   қазақтар   саясат дегенді білмей жатып саяси бағытта бөліне бастады. Оппозицияны   жақтайтындар   бір жаққа, ал билікті жақтайтындар екінші жаққа шықты. Одан   қалды, соңғы уақытта «қытайшылдар»   мен   «қытайдан   басқа   жау   жоқ»   дейтіндер болып бөліндік. Оның ар жағында саяси топтардың аралары ажырап, «Ақ жол» мен «Нағыз ақ жол» өмірге келді. Осы «бөлінгенді бөрі жейді» деген, тоқтайық та деп едік, он жылдан кейін оралмандардың арасы «Атажұрт» пен  «Нағыз атажұрт» болып бөлінді. Саясат, саяси іс-әрекет  жайына қалды, адамдар көсемдердің аузына қарап, «анау жаман екен», «мынау нағыз батыр екен» деп тамсанумен жылдар өтіп жатыр. Бұған өз басым билікті ғана  кінәламаймын (биліктің кінәсі – мемлекеттік деңгейде ұлттық идеологияны жасақтамағаны). Бұл – осы отыз жылда   саяси-қоғамдық   өмірде біріге   алмаса   да,   бірін-бірі   жамандамау,   жау   болмау қажеттігін   мойындағысы   келмеген   өзіміз   ғана   кінәліміз.   Тағы бір көңіл   аударатын   мәселе   –   отыз   жылдың   ішінде   ұлттық   құндылықтарды жаңғырту   жолындағы   іс-әрекеттерді   жоспарлайтын,   жүзеге   асыратын,   идеологиялық насихат жұмыстарын   жүргізетін  жаңа бағыттағы ұлт зиялыларының легі өмірге келген жоқ.

          Бұрынғы «зиялы» деп саналатын ақын-жазушылар, әртістер, ғалымдар мен басқа да өнер иелері кеңестік психологиядан қалған «билікке бағыныштылық» қасиетінен арыла алмады, ал авторитарлық жүйе тәтті сөздермен, марапат пен арнайы стипендиялармен олардың билікке тәуелділігін одан әрі нықтай түсті. Сонымен, бұрынғы «Деді ғой Леонид Ильичтің өзі» деп ән шығарған жандар елбасы туралы жыр жазуға көшті. Бірді-екілі бас көтерген зиялы қауымның өкілдері қоғамнан шеттетілді де, басқалары күйбің тірліктің құлы болып, «алпыс жылдығыма қандай сый тартасыңдар» деп, билікке қол жайып кетті. Кейбіреулер компартия   басшыларынан   үлгі   алып,   екіжүзділіктің   жолына   түсті:   бұрындары «Алашорда»   қозғалысы   туралы   сыни   мақала   жазып,   оларды   іске   алғысыз   қылғандар тәуелсіздіктен соң, «Алаш арыстарым-ай!» деп, құлаш-құлаш зерттеу мақалалар мен кітаптар жаза   бастады.   Компартия    тарихынан   сабақ   берген   ғалымдар   бір   күннің   ішінде «Қазақстан тарихының» маманы болып шыға келсе, өмір бойы «Атеизмнен» дәріс беріп, Құдайдың   жоқ   екенін   ғылыми   түрде   дәлелдеген   білікті   мамандар   «Дін   тарихынан» лекция   оқуға   көшті.   Меніңше,   ұлтты   алға   бастайтын   зиялы   қауымның   отыз   жылдың ішінде  сол   қалпында  қалуы   –  ұлттың аза бастауының,   жарамсақ,  қорқақ,  жанбағысшыл болуының басты себебі. Айтпақшы, олар 90-жылдардың басындағы тәуелсіздік үшін   жүргізілген   қимыл-қозғалыстарда да  басқа   елдің   зиялылары  сияқты баррикаданың басында, халықтың арасында болмады, біздің   серкелеріміздің   басым   көпшілігі   ұлтшылдық  туы көтерілген жерді айналып өтіп, қашқақтап, «әліптің артын бағудан» жазбады. Тәуелсіздіктен кейін де «зиялы» деп аталатын жандар Толағайдың рөлін атқара алмады, билікті қолдаудан, мақтаудан аса алмады.

       Төртіншіден,  отыз жылдың ішінде қазақ тілін тірілтіп, қоғамның барлық саласында қызмет көрсететін мемлекеттің тіліне айналдыра алмадық. Билікті   де   түсінуге   болады,   олар өздерінің   отырған   бұтақтарын   өздері   кесе   алмайды   ғой.   Ертең  қазақ   тілі  орыс   тілінің деңгейіне   көтерілсе,   қазіргі   басшылықтың,   мемлекеттік   қызметкерлердің   80   пайызы жұмыссыз   қалады,   олардың   орыстілді   балаларының   90   пайызы   қолдарын   төбелеріне қойып  безіп  кетеді, ал Англия мен Швейцарияда   оқитын   немерелерінің 100 пайызы Қазақ елінде өмір сүре алмайтын жағдайға жетеді. Отыз жылда басқа елдер мемлекеттік тіл туралы заңдарын үш рет жаңартып үлгерсе (тілдік ахуал кем дегенде он жылда өзгеріп отырады), біз өткен ғасырда, Кеңес Одағы кезінде қабылдаған «Тілдер туралы» заңды қос қолдап құшақтап айырылмай отырмыз. Жақында «Қазтестті» өмірге енгізе алмағанымыздың 10 жылдығын тойлайтын шығармыз. Қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені үшін Отанынан кетуге мәжбүр болған Қуат Ахметов бауырымыздың мәселесі де Тәуелсіздіктің отыз жылдық тойына сай келген сияқты. Білмеймін, тәуелсіздіктің салтанатты жиынында Қуатқа мемлекеттік тілдің қорғаны болғаны үшін марапат бере ме, әлде...

        Ономастика мен кеңестік белгілерден арылу мәселесі. 90-жылдары тәуелсіздік қайтадан қолымызға тиген кезеңде барлық саяси-қоғамдық күштер «Отарсыздандыру бағдарламасын» қабылдау қажеттігін көтерген болатын. Екі ғасыр отаршылдық кезеңде метрополияның жоспарлы түрде жүргізген саясатының нәтижесінде мыңдаған елді мекеннің, жер-су, өзен-көлдердің т.б. атаулары өзгеріп, қазақ халқының ғасырлар бойы келе жатқан тарихи атаулары қолданыстан шығып қалған болатын. Одан қалған атаулар мен жаңа атауларды Кеңес өкіметі өздерінің идеологиялық саясатына сай беретін болды. Басқа республикалар осы отыз жылдың ішінде (көпшілігі алғашқы үш-төрт жылда) заң арқылы, мемлекеттік деңгейде «Кеңестік белгілерден арылу» бағдарламаларын қабылдай отырып, жойылып, өзгеріп кеткен атауларды орнына келтірсе, біз «Ленин», «Комсомол», «Коммунистіктен» бастап, «Пушкин», «Тургенов», «Гогольдерден» әлі де арыла алмай жүрміз. Отаршылдықтың маңдайымызға басқан қарғы таңбасы сияқты «Павлодар» мен «Петропавл» аттары тағы тұр. Ең қызығы, «идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды» өзгерту туралы мәселеге қарсылық жоқ, бірақ осы саяси тұрғыдан салиқалы жолды заңдастыруға парламент мүдделі емес сияқты. Соның салдарынан Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына Ленин атындағы жүздеген атаумен келдік. Егер қазір Қазақ елінде 400-ге жуық Ленин көшесі қасқайып тұрса, тәуелсіздіктің қаншалықты құны бар?

       Кеңестік заманнан қалған, идеологиялық мақсатпен өмірге келген белгілердің бір тобы – ескерткіштер. Біз отыз жылдың ішінде қазіргі Қазақ еліне, оның тарихына қатысы жоқ ескерткіштерді не істерімізді білмей, ойланып отырған елге айналдық. Мүмкін, «тарихымызға қатысы жоқ» деген сөздер шындыққа сай келмейтін де болар, бірақ бұл қазақ жеріне басқыншылықпен келген Ермактың не «социализм құрамыз» деп, қазақты аштыққа ұшыратқан, тілі мен дінінен айырған коммунистік партия көсемдерінің тас мүсіндері қазіргі Қазақ елінің төрінде тұратын бейнелер емес екені анық. Мемлекет бұл мәселеден үндемей құтылуда, сондықтан болу керек, 90-жылдарда Ермактың ескерткішін «азаттықтар» алып тастаса, Алматының іргесіндегі Калинин ескерткішінің мойнына сым темір салып, 2019 жылы «Желтоқсан ақиқаты» жұлып тастады. Әрине, бір жағынан, мұндай іс-әрекеттер мәселені шешудің радикалды жолы, бірақ, екінші жағынан, билік қозғалмаса, халықтың өзі-ақ қимылға көшетінінің нақты көрінісі. Тоталитарлық кезең басшыларының ескерткіштерін былай қойғанда, отаршылдық идеологиялық құралы («әлемдегі ең ұлы ақын, ұлы жазушы, ұлы ғалым орыс халқында, сол халықтың көлеңкесінде жүргендеріңе риза болыңдар» деген саясатпен қойылған) ретінде орнатылған жүздеген Пушкин, Гоголь, Чехов т.б. ескерткіштері мен атауларынан (кітапхана, мектеп т.т.)  тәуелсіз Қазақ елі әлі де арыла алмай жүр.

        Осы отыз жылдың ішінде елдегі ұлтаралық мәселені қалай шештік? Қазақстанда ұлттық, ұлтаралық мәселе Кеңес өкімет кезіндегі деңгейде қалды. Ол кезеңде де тұрмыстық ұлтшылдық болмаса, бір-бірімізді ұлтқа бөліп, «сен – орыс», «сен – қазақ» деп   алакөз   болмайтынбыз (Кеңес   өкіметі   басқа   тәсілдермен   патшалық   Ресейдің отаршылдық саясатын жалғастырды. Орыстандыру, қазақ жерін бөлшектеп, басқа республикаларға беру, экономиканы   шикізатқа   байлап   қою   т.б.   шеттетулер  осы   кеңестік   жүйеде   кең   етек алды). Бірақ тәуелсіздіктен кейін қазақтан басқа ұлт өкілдерінің көңілдерінде, жүрек түкпірінде  «енді  жағдайымыз не болады» деген  сұрақ пайда болғаны шындық. Бұл барлық республикаларда тәуелсіздік идеясы көтеріліп, Кеңес Одағының   күйреуі жақындаған   уақытта   жүргізілген   орыстық   идеологияның,   насихаттың   әсерінен   туған қауіпті құбылыс болатын. Ұлыдержавалық астамшылықтың күні біте бастағанын көрген орыстілді кеңестік топтар «осы уақытқа дейін басқа ұлттардың тілі мен дінін, мәдениетін құртып едік, енді олар егемендік алысымен сол табағымызды бізге тарта ма екен» деп қауіптенді. Меніңше, осы қауіптің салдарынан пайда болған фобия жергілікті ұлт (қазақ) пен басқа ұлттардың арасына сына болып түсті. Екіншіден, Кеңес Одағы кезінде «Бәріміз – бір елміз!» деген ұранмен жүрген елдің азаматтары тәуелсіздіктен соң Қазақ елінің азаматтары болып, өздерін екінші орынға түсіп қалғандай санады. Өкінішке қарай, олардың басым көпшілігі осы отыз жылдың ішінде «Мен Қазақ мемлекетінде, қазақ жерінде тұрамын, менің мемлекеттік тілім – қазақ тілі» деген деңгейге келген жоқ. Франция азаматы, қара нәсілді, араб ұлтының өкілі «мен – французбын» десе, ешкім таңғалмайды, ал Қазақ еліндегі өзге ұлт өкілі «мен – қазақпын» десе, қазақтар мәз болып масайрап, ал өзге ұлт өкілдері қабақтарын тыржитатын деңгейге жеттік. Бұл бөлектенудің негативті көрінісі – отыз жыл бойы тоқталмай келе жатқан қазақ пен басқа ұлт өкілдерінің арасындағы дүрдараздық пен қақтығыстар. 

       Тоқсаныншы жылдардың басында   Қазақ   елінде  де  сепаратизмнің   бас   көтеріп, кеңестік,  орыстық пиғылдағы топтардың, идеологтардың болғаны рас. Бірақ Қазақ елінде тұратын халықтың басым  көпшілігі  «бұл – Қазақ  елі, не кеңестік  кезеңді, не орыс тілінің бұрынғы үстемдігін аңсамай, осы халықпен бірге өмір сүруіміз керек те, немесе өзіміздің тарихи Отанымызға оралуымыз қажет» деген ойға келді. 1994 жылдары екінші таңдауды жасаған адамдардың   саны   600   мыңға   жетті.   Бұл  барлық   ұлт   өкілдерінің   саяси-азаматтық құқықтарын тең ұстай отырып (қазақ ұлтына ешқандай жеңілдік, артықшылық берілмейді), ұлттық құндылықтарымызды, оның ішінде тіл мәселесін тірілтіп алуға ең тиімді кезең болатын.  Біздің билік осы кезеңді пайдаланудан бас тартты. Тек қана заңымызда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген жазу пайда болды, ал іс жүзінде президенттен бастап, дүкеншіге дейін «бәріміз түсінетін орыс тілінде сөйлей берейік» дегенге көштік. Бұрынғы   коммунистік   номенклатурадан   құралған   Қазақстан   билігі   ұлтаралық   мәселені шешудің бұрынғы өздері білетін жасанды кеңестік моделінен басқа жолды таба алмады. Бұл  бәрімізді   мезі   қылған   (ал   ұлтаралық   дау-дамай   болғанда   тек   ашу-ызаны тудыратын) жасанды ұрандар, басқа ұлт өкілдерінен әкім, министр, сенатор тағайындау, барлық жерде орыс тілін қолдану, қазақ жерінде тұратын өзге ұлттың өнерін концерттерге қосу т.б. Бұл  жасанды интернационализмнің соңы өзге ұлт өкілдерін ҚР ассамблеясы арқылы парламентке депутат етіп сайлауды заңдастырумен аяқталды. Осы арқылы әлемде «өзге ұлт өкілдерін парламентке тек квота арқылы кіргізуіне қарағанда қазақтар басқаларды билікке жібермейтін, оларды шеттететін арам ойлы халық екен» деген пікір қалыптасты.

       Ұлттық идеологияның басты құралы болып табылатын ақпарат алаңы отыз жыл бойы Ресей мемлекетінің ойына келгенін жасайтын өз ауласына айналды. Бұл мәселені 90-жылдардан бастап ұлт зиялылары, саясаттанушылар т.б. айтып келеді, бірақ Ресей БАҚ-тарын шектеуге билік мүлдем құлықты емес.

       Байқайсыздар ма, «Қазақ   елі»  деген   автобус   «Тоталитаризм»   деген қара түнектен   шығып,   «Демократия» оазисіне бет түзеп, жолда «Авторитарлық жүйе» деген аялдамада   тоқтап   қалған сыңайлы. Мүмкін, жанармай таусылған шығар немесе машинаның бір тетігі сыр берді ме, ол жағы белгісіз. Ал, мүмкін, «Тоталитаризм» лагерінде тамаша жүргізуші болған шопыр әрі қарай апаратын жолды білмей, ешкіммен ақылдаспай, «бұл аялдама да   бұрынғы жүйеге ұқсас екен, халыққа жаман болса да, бізге қолайлы екен, осы жерде тұрақтай тұрайық» деп шешкен болар.

        Ең өкініштісі, осы айтылғандардың барлығы отыз жылдың ішінде сан рет көтеріліп, қажеттілігі дәлелденген мәселелер. Бірақ біздің Жоғарғы Кеңес, кейін парламент қабылдаған жүздеген заңдардың ішінде бұл «әттеген-айда» айтылған бірде-бірі заң ретінде қабылданбақ түгіл, заң жобасы есебінде талқыға да түспепті. Осы отыз жылдың ішінде «Кеңестік дәуірден қалған идеологиялық белгілерден арылу туралы», «Мемлекеттік тіл туралы», «Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың статусы туралы», «Шетелдік ақпарат құралдарының жұмысын реттеу (шектеу) туралы» т.б. заңдарды қабылдауға толық мүмкіндік бар болатын-ды. Бірақ біздің билікке бұл мәселелерден гөрі «Бірінші президент туралы» немесе «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» сияқты заңдарды қабылдау қажет болды.

     Қысқасы, бұл «әттеген-айлардың» жауабы анық, бір ғана сөйлеммен беруге болады: «демократия» деген ұғымды білмеген, тек қана марксизм-ленинизм университетін бітіріп шыққан адамдар билікте отырғанда  демократиялық қоғам ешқашан орнамайды; намаз оқымақ түгіл, тілдерін кәлимаға келтіре алмайтын, діннің жоқ екенін ғылыми түрде дәлелдеу мектебінен өткен атеист адамдар билікте отырғанда дініміз орнына келмейді; орыс мәдениетімен тәрбиеленіп, орыс тілімен көгерген, өздерінің ана тілінде сөйлеуден қашқақтайтын адамдар билікте отырғанда қазақ тілі мемлекеттік тіл деңгейіне ешқашан көтеріле алмайды. Бар пәле осында сияқты.

       Библияға көз салсаңыз, отыз жыл – тым қысқа мерзім. Мұса пайғамбар   құлдық психологиядан арылған жаңа ұрпақ өздері қалаған мемлекет орнату үшін Египеттің құлдығынан шыққан адамдардың барлығы өмірден өтсін деп, шөлде қырық жыл адасып жүрген дейді. Демек, тағы он жыл қалды.

           Отыз жылдығымыз жасасын!  

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жеңіс ТЕМІРХАН 03.12.2021, 08:49
Деміккен демократия: Қалай қазақыланамыз?
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 15:50
14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 10:05
Сауранда бірнеше жүк көліктері соқтығысты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 02.12.2021, 09:05
Тәуелсіздік күнін неге үреймен күтеміз?
Әділ АҚЫЛБАЙ 02.12.2021, 09:02
«Оператор РОП» халықтың «үнін өшірді»
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 08:26
30 жылдың қорытындысы: Қарағандылық археологтар қазақ даласының қандай құпияларын ашты

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00