Тіл комитетінің тісі қышып бара жатса...

Қайнар ОЛЖАЙ

24.11.2020, 09:05

1166

Тіл комитеті бұдан былай қате жазған ақпарат құралдарына ма, жеке тұлғаларға ма, айып салатын болды деген қаңқу құлаққа жетті. Негізі, айып салу мәселесін біз бірнеше жыл бұрын-ақ көтергенбіз. Бірақ оны ақпарат құралдарынан бастау жөн емес.

Біріншіден, қатенің де қатесі бар. «Қыркүйек» пен «қыргүйек» сөзінің мынаусы дұрыс, анаусы қате дегенде нені басшылыққа алу керек? ХХ ғасыр бойы жазылған бұрынғы қолданыстағы бірінші нұсқаны ма, жоқ әлде ХХІ ғасырдың онжылдығынан кейін ат төбеліндей ғалымдар есікті жауып алып, өздері жазып шыққан жаңа сөздікті ме? Қазақ тілі ешкімнің меншігі емес. Бір топ адам «енді осылай жазылады» десе, алдымен оның себебі көпшілікке түсіндірілуі керек. Ерінбегеннің бәріне талқылату керек. Сонда ғана «қыргүйек» сияқты «жаңа» сөз мойындалады.

Негізі, мойындалмайды. Өйткені шығармаларында «қыркүйек» деп жазған Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтер тіріліп келіп, уәж айта алмайды. Бұл орайда, Сәбит Мұқанов қана аты мен атағын салып отырып «Ботагөз» деп жазуға рұқсат алған. Басқасына қатаң, ортақ бір ереже болған.

Демек, бұған дейінгі қолданыста болған «шекара» сөзін енді «шегара» деп жазамыз деген сияқты берідегі дүрлігісті тоқтату керек. ХХ ғасыр соңына дейін баспасөз бен әдебиетте қалай қолданылды, сол нұсқасымен қалсын. Оны өзгерту мен себебін дәлелдеу бітіспес даудан басқа ештеңе бермейді.

Тіл білімі институтына, сосын екінші министрлік жанындағы Тіл орталығына, терминком аталатын аты белгілі де, құрамы белгісіз құрылымға ХХІ ғасырдан бері ортамызға еніп жатқан сөздерді қалай қолдануды айқындау аз жүк емес. Солардың дұрысын тапсын, нақ шешімін шығарсын.

Қоғамды соған тоқтату – үлкен жұмыс. «Интернет» пен «ғаламтор» арасындағы таңдаудың өзі оңайға соқпайды. Мұнда тілді қолданушылардың пікірін ескермей болмайды. Бұл орайда, түпкілікті шешім табылса және әрбір ақпарат құралына таратылса, оны сақтаудың қиындығы жоқ. Сақтамағандарға содан кейін ғана айып салынсын.

Айып демекші, ол неге ақпарат құралдарынан басталуы керек? Тілге ең шұрайлы сөздерді енгізіп, бал жинаған арадай болып отырған осы ақпарат құралдарындағы жазушы, журналистер емес пе?! Баяғы «аялдама» мен «балмұздақты» ешбір ғалым ұсынған жоқ. Жазушы-аудармашы Іслам Жарылғаповтың тауып бергені. Тас құдай мүсінін «тұнжыр» деу – Мағауиннің табысы. Шерхан Мұртаза «Егемен» арқылы «ұшақ» сөзін енгізді. Берідегі «зейнеткер» сөзін айналымға қосуға өзіміз еңбектендік. Демек, ақпарат құралдарын жазалау емес, қолдау қажет шығар.

Ал Тіл комитетінің тісі қышып жатса, жазаға лайықтылар жеткілікті. Ерлердің тіз киімін «қорқақ еркек» деп жапсырмасына жазған ірі сауда орталықтарын алдымен жазалау керек. Ұшағындағы ойын бағдарламасында «Төбелескіш балық» деген ойынды «Телебөскіш балық» деп жазған «Эйр Астанаға» айып салсын, мықты болса! Мұндай мысалдарды журналист бауырлар күн сайын мың-мыңдап тауып береді. Тазалау ма, жазалау ма, қалай аталса да, бұл науқанды Ғабит Мүсірепов айтпақшы, міне, осы «Авгийдің ат қорасынан» баста.

Ал мынау – араның ұясынан ұдайы бал алып, рахатын көру орнына бір келгенде қиратып кетер аюдың әрекеті. Басқа сөзіміз жоқ. Біз «қыркүйек» деп классикалық жазушыларымыз, «шекара» деп классикалық ақындарымыз жазған ізбен жаза береміз. «Шекараны білмейді шекарадағы торғайлар!» Себебі бізге «қыргүйек» деп жазғызу үшін алдымен өзіміз бала кезден «қыркүйек» деп оқыған бүкіл кітапты өртесін. Оған дәттері бармаса, өнбес дауды қойсын.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл қазақ тілі мемлекеттік қызмет білім ақыл ана тілі лауазым мансап әлеумет

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 22.01.2021, 13:10
Қазақ қызы АҚШ президентінің протокол басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды
Сайт әкімшілігі 21.01.2021, 17:31
Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қатысты пікір білдірді
Б.БЕКСҰЛТАНОВ 21.01.2021, 16:02
Сайлау өтті, ары қарай не болмақ?
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 21.01.2021, 11:26
"Екіншінің" екпіні Едігедей болмады
Батыр ЖАСҰЛАН 21.01.2021, 09:32
Мамин мықты премьер ме?
Досым СӘТБАЕВ 20.01.2021, 09:26
Мамин не үшін әлі отыр?

Аңдатпа


  • Қазақ қызы АҚШ президентінің протокол басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды
    22.01.2021, 13:10
  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    21.01.2021, 13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30