Тілді дамытуға бөлінген миллиондар өзін ақтай алды ма?

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

21.04.2021, 08:48

1012

Жалпы, қазақ тілі 30 жылдың ішінде мемлекеттік тіл тұғырына қона алды ма? Әр жылдары қазақ тілін үйрететін әдістемелердің түр-түрін жасап та болдық. Бюджеттен миллиардтаған қаржы да бөлінді. Салалық терминологиялық сөздіктер дайындауға да ақша құйдық. Мемлекеттік органдарға мемлекеттік тілді дамытуға арналған іс-шаралар өткізу, пропаганда жасау үшін деп берген қыруар қаражат та шашылды. Еліміздің саясаты қазақ тілін білген Қазақстандағы этнос өкілдері үшін мансаптық өсуді де жасап берді. Айтарлықтай іс атқарылған дерсің. Алайда бүгінгі нәтиже көңіл көншітерлік емес.  

Мемлекеттің тілі көбіне «формальность» үшін қолданылды десе, артық айтқандық емес. Барлық дерлік мекемеде ақпарат ең алдымен орыс тілінде дайындалады, ал қазақ тілінде қатесі өріп жүретін калька аудармалар соған қосарламаның ғана рөлін атқарып жүргендей. Кейде ол қосарламаның да маңызы шамалы боп қалады, орысша мәтін болса жеткілікті. Мәселен, екі қолға бір күрек іздеген адамдар үшін бос орындар (вакансиялар) сайттарында, әлеуметтік желідегі парақшалар мен каналдарда қай сала болсын орыстілді мамандарға сұраныс көп. Бұл нені көрсетеді? Біріншіден, қазақ тілінде білім алған азаматтардың құқығын шектейтінін және екіншіден, мемлекеттік тілді дамытуға жұмсалған қаражаттың далаға кеткенмен бірдей екенін байқауға болады. Сосын, қоғамда «қазақ жалқау» деген жаңсақ сөздер осындайдан келіп шығады. Ал енді есептейік, қазақ тілін дамыту үшін мемлекет қазынасынан қанша қаражат кетті және өзін ақтай алды ма?

         Мемлекеттік тіл саясатына 2005 жылы 133 миллион теңге бөлінсе, 2009 жылы бөлінген қаржы 5 миллиардқа жеткен. Ал 2015-20 жылдар аралығында мемлекеттік тілді үйретіп, тіл қолданысын дамытуға 400 млн теңгеден астам қаражат бөлініпті. Әр жылдары «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жұмыс істеп, соның негізінде республикалық, жергілікті бюджеттерден қомақты қаражат бөлініп келді. Ескере кететін жайт, бағдарлама аясында ақша қазақ тілін ғана емес, үш тілді (мемлекеттік, орыс, ағылшын), этностардың ана тілін үйренуіне бағытталған. Меже 2020 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 90 пайызға жеткізу еді.  

Тіл саясатын іске асырудың  мемлекеттік бағдарламасы енді 2020-25 жылдарға созылды. Бағдарлама бойынша 2019 жылы қазақ және өзге тілдерді дамытуға жалпы сомасы 933,6 миллион теңге жұмсалса, 2020 жылы бұл сома 719,4 миллион теңгеге дейін азайған екен. Дегенмен мүмкіндік болса, келесі жылы сома 1 млрд 41,2 млн теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Бірақ одан кейін 2022 және 2023 жылдары жыл сайын 850 миллион 671 мың теңгеден ғана бөліп отыру жоспарланған.

Әдетте тіл мамандары тілді қолданған кезде ғана ол өмір сүреді, сәйкесінше заман ағымына сай дамып отыратынын айтады. Өйтпесек оның ғылым тіліне айналуы да күмәнді. Талай жыл қақсап келе жатқан, қыруар қаражат бөлінген қазақ тілін қазақстандықтардың меңгеруге деген қызығушылығын оятып, ниетін туғыза алдық па?   

Ақыр аяғында тілді дамыту бөлімдері емес, жастардың қазақ тіліне деген қызығушылығын оятып отырған бүгінгінің Димаш Құдайберген, Ninеty one тобы сияқты таланттары. Ninеty one тобын қазақ қауымы алғашында қанша сынға алса да, олар мемлекеттік тілді әлемдік аренаға шығарып, жағымды әрі әдемі тіл ете алып жүр. Желілерге шыққан клиптарының астында жанкүйерлерінің: «Әннің мағынасын түсінгім келеді. Әттеген-ай, қазақ тілін білсем ғой», – деп, тіл білмегеніне өкініш білдірген пікірлері жетіп-артылады. Топ мүшесі Дулат Мұхамедқалиев «Неге?» бағдарламасында «қазақ тілінде жұмыс істеп жатқан бизнеске ақша бөлу керек» деген тұшымды ойын жеткізді.

Қазақша мультфильмдер шетелдік «Өрмекші-адам» (Человек-паук), «Бэтмен» сияқты анимациялармен сапасы, ойы жағынан бәсекеге түсе алмайды. Қазіргі заман талаптарына сәйкес келмейтінін айтады. Мультипликацияға келсек, әлі сол бұрынғы киіз үйдің, батырлардың заманында қалып қойғандаймыз. Дәл соның бәрін заманға сай қылып, басқаша ұсынуға болады» дейді ол. Демек, бар мәселе көбіне көзбояушылық үшін жасалғандай көрінетін тіл туралы іс-шаралар ұйымдастыруға келіп тірелмейді. Бәлкім, тілдің қолданыс аясын кеңейтудің жаңа тәсілдеріне көшетін кез келген шығар?         

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 09:18
Тілі 7-бапқа байланған ел
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.05.2021, 07:41
Билік транзиті болмады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 12.05.2021, 07:03
Ким қазақты қайтсін...
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 15:28
Өзін «ақпын» деп ресми тілде ақталған Жоламанова қазақ тілін менсінбей ме?!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 11:39
Мұхтар Түменбай: Бұл әзілдейтін нәрсе емес!
Сайт әкімшілігі 11.05.2021, 10:08
Риддердегі өрт: полиция тергеу бастады

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06