Тілі 7-бапқа байланған ел

Батыр ЖАСҰЛАН

13.05.2021, 09:18

1916

      Жақында ғана кеңсесінде тінту жүргізіліп, 10 мыңдоллар ақшасы тәркіленген Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жоламанова баспасөз конференциясын өткізіп, өзінің ақтығын дәлелдеумен әлек болып жатыр. Әрине, мәселенің ақ-қарасын сот орындары анықтай жатар. Бірақ біздің әңгімеміз басқа, яғни мемлекеттік тілге байланысты.

       Өзіне қатысты істің бәрі жұмыстан шеттету мақсатында жасалынып жатқанын айтқан Жоламанова мемлекеттік тіл – қазақ тіліне мүлдем жоқ болып шықты. Бір-екі қазақ журналисінің қойған сұрағына ана тілінде емес, Ресей тілінде жауап берді. Өзінің ақ екенін мүмкіндігі жетсе дәлелдей жатар. Бірақ біздің көкейімізде мәңгілік сұраққа айналған бір ой қалып кетті. Ол неге өзінің ана тілінде сөйлей алмайды, әлде Ата заңымызда атап көрсетілген мемлекеттік тілді менсінбей ме? Жалпы, Жоламанова ісқағаздарын қай тілде жүргізеді? Негізі, судьяның міндеті, шынтуайтына келгенде, «қос тіл – қос қанатым» болуы керек емес пе?  Жоқ әлде «мен қазақ тілін білмеймін» деп, алдына келген талап арыз, шағымдарды тек қана орыс тілінде қабылдай ма? Қалай айтқанда да, сотта отырған судьяның қазақ тіліне құрметі өте жоғары болу керек.

     Қазір мемлекеттік қызметтегі шенеуніктерге бір нәрсе қалыпты дағдыға айналып кетті: біздің атқамінерлер  сөздің басын амандықпен бастайды да, ары қарай Ресей тілінде сайрай жөнеледі. Жалпы, тәуелсіздігін тойламаққа бекініп жатқан Қазақстан билігі 30 жылдың ішінде өз тіліне мәртебе бере алмады. Бергісі де келмейді. Қазіргі жүргізіліп жатқан саясаттан байқалғаны – және оған құлықты да емес. Өйткені билік – орысқұл, жалтақ. Ал жалтақ ел ешқашан саясатын ашық, айқын және өткір жүргізе алмайды. Анау солтүстіктегі көршіге үнемі алаңдап отырады. Басқа еш нәрсе емес. Жалпы, тарихқа қарасақ, дүниежүзінде өз тілінде сөйлемейтін және сөйлегісі келмейтін жалғыз ел Қазақстан болып тұр. Оған кім кінәлі? Халықты жазғырудың еш қажеті жоқ.

         Негізінен, мемлекетті қазақыландыруға билік мүдделі емес. Оған себеп жалтақтық болса, екіншіден, Ата заңдағы «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген керексіз бап бар кесірін және кедергісін келтіріп тұр. Былайша айтқанда, 7-баптың екінші тармағы Қазақстанда ана тілінің мәртебе алуына кедергі. Осыдан 30 жыл бұрын орыс этносының үлесі басым болып тұрғанда қабылданып кеткен, қазақ басшыларының қамсыз жасалған қадамынан бүгін бүтіндей бір ұлт зардап шегіп отыр. Сондықтан әсіресе лауазымда отырған атқамінерлердің бәріне мемлекеттік тілді білу және  сөйлеу керегін міндеттейтін кез келді. Егер бұл мәселені бүгін қолға алмасақ, ертеңгі ұрпақ тілсіз қалады.

      Енді дерекке назар аударайық, бүгінде әлемде шамамен 6700 тіл бар. Қазіргі таңда екі аптада сол тілдің біреуі жойылып отыр. Осы ғасырдың соңында негізгі тілдер ғана қалып, дүниежүзіндегі тілдердің 90 пайызы өліге айналады екен. Еуропаның өзінде 123 тілдің 9-ына қауіп төніп тұр, 26-сы шала-жансар, 38-і тіпті мешел күйде көрінеді. Солтүстік Шығыс Азияда 47 тілдің 6-уы ғана әртүрлі қыспаққа төтеп бере алатын халде, 20-сы әлсіз, 21-і шала-жансар жағдайда деген болжам бар. Міне, жан шошытарлық дерек пен болжам.

       Егер өз ұлты ана тілінде сөйлемей, көрініс осылай жалғаса беретін болса, қазақтың тілі де әлжуаз күйге түседі. Ал тілді осындай күйге түсіріп отырғандар, ақиқатына келгенде, тілі орысша шыққан қаракөздер. Ең жаманы – олар ана тіліңнің өркен жаюына қасарыса отырып қарсыласады. «Қазақ тілін үйренуге арнаулы методикалық құралдар жоқтығын» алға тартады. Ниет болмаған жерде сылтау  осылай көбейе береді. Әйтпесе...

Қазақстанның экс-президенті  «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін»,  «15 жылда аюға да тіл үйретуге болады»,«Қазір қазақ тіліне қарсы келетін Қазақстанда бір адам жоқ. Сондықтан басты мәселе – біздің өзімізде, қазақтарда. Қолға алып, осы ана тілімізді жетілдіру қажет»,«Қай тілде сауал қойылса, сол тілде жауап берілуі керек» деген жоқ па?! Бұдан артық қалай айтылуы керек еді?! Өкінішке қарай, тілі орысша шыққандар экс-президенттің сөзін  қаперіне де ілген жоқ.

       «Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Мемлекеттік тіл ұлтаралық байланыс тіліне айналуы қажет. Мемлекеттік тілді білу Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді азғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы»деген сөз бар. Ең бастысы, ниет  болу керек», – дейді мемлекет басшысы Тоқаев.  Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан түйін сөз өзге тілде сөйлейтін қазақтарға сабақ болуы тиіс қой.

        Өкінішке қарай, дүниежүзінде өз тілінде сөйлемейтін ел – Қазақстан ғана. Қазір 310 тіл «өлі тіл» ретінде танылып отыр. Демек, әрқашан да тіл үшін күрес жалғаса беруі керек. Бірақ әлемде «өліні» тірі тілге айналдырған елдер де бар. Мысалы, еврейлер. Иврит тілін қажетті қолданысқа айналдыру үшін 1889 жылы лексиколог Элиэзер Бен Иуда әріптестерімен бірге иврит тілі комитетін құрды. Бұл комитет кейін ұлттық академияға айналды. Сөйтіп, өз тіліне жан берді. Қазір елге келген әрбір адам еврей тілін білуге міндетті.

Ал біз өз елімізде отырып, 30 жылдан бері ана тіліміздің тағдыр-талайы туралы күңіренеміз де отырамыз.

       Қазақша жауап бермей, Ресей тілінде сайрай жөнелген жоғарыдағы судьядан гөрі маған қазақтың тілінде еркін сөйлейтін «Берегиня» орыс этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Елизавета Седышеваның  мына бір сөзі қымбат. «Мен осындай қасиетті елде дүниеге келдім. Басымнан сипаған ізгі ниетті жандар ақ тілегін маған осы тілде ғана жеткізді. Қазақтың құнарлы тіліне  қанып өстім. Достарымды да қазақ ортасынан таптым. Осы жерде туып, осы жердің азаматы болғандықтан, мен үшін тілді білмеу – ардың ісі. Өйткені болашақ –қазақтың тілінде. Мемлекеттік тілді білу – борыш емес, міндет». Өнеге алатын сөз. Міне,  қазақтың құнарлы тілін бойына сіңірген орыстың сары қызы осылай дейді.

      Ал біз кімге өкпелейміз? Ананың тілін байлап қойған Ата заңдағы 7-бапқа ма, орысша сөйлейтін және оны мәртебе көретін өзіміздің қаракөздерге ме, жоқ әлде жалтақтап отырған билікке ме?!.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батыр ЖАСҰЛАН 10.06.2021, 08:49
«Медаль алғыш» Мамин міз бақпай отыра бере ме?
Әділ КЕМЕҢГЕР 10.06.2021, 08:44
Біз бұларға қалай сенеміз?
Батыр ЖАСҰЛАН 08.06.2021, 08:45
Мәскеудің лас ойынына біз неге араласуымыз керек?
Әділ АҚЫЛБАЙ 04.06.2021, 08:57
Әй, «Самұрық-Қазына»! Халықтың ақшасын қашанға дейін шаша бересің?
Сайт әкімшілігі 04.06.2021, 08:44
Сең қозғалған секілді
Батыр ЖАСҰЛАН 03.06.2021, 09:02
Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02