Төл атауларымызды қайтаратын уақыт жетті

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

30.11.2021, 09:10

2094

Андреевка, Еленевка, Мариновка, Калиновка, Ивановка… Құлаққа түрпідей тиіп, тіліңіз келмей тұрса да, бұл атаулардың барлығы күнделікті қолданыстағы, өз еліміздегі ауыл атаулары. Отыз жылдан бері, басқа – басқа, осындай атаулардан арылуға «қолымыз тимей» келеді. Ең болмаса Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне осындай атауларды қазақыландырып, тарихи, төл атауларын қайтаруды құнттамай-ақ қойдық. Нәтижесінде шекараның арғы бетіндегілер жатып алып, әлгі жерлерімізді иемденіп, қит етсе «өз бидайымызды өзімізге қуырып беріп», атауына қарап-ақ иелік етуге тырысып қалуда. Бірақ сонда да, әлде жалтақтығымыз, бәлкім, жайбарақаттығымыз, етек-жеңімізді жинауға тырыспай отырмыз. Әйтпесе 30 жылдық мерейтойды пайдаланып, қала, аудан, көше, жер атауларын қазақыландырып, өзімізге-өзіміз сый жасасақ керемет болмас па еді?!

Ресми деректерге сенсек, Қостанайдағы көшелердің – 15, Қызылжардың – 12, Өскеменнің 18 пайызы ғана қазақшаланған көрінеді. Ең болмаса отыз жылда кеңес заманынан қалған атауларды өзгерту деңгейін 30 пайызға жеткізе алмағанымыз ұлтымызға сын емес пе?! Шын мәнінде бұл тәуелсіздік еліміздің ғана емес, тіліміздің, діліміздің, еркіндігіміздің, жеріміздің де тәуелсіздігі емес пе?! Ендеше еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл-аймақ оны неге сезіне алмауда? Отыз жылда да тәуелсіздік жетпеген талай ауыл-аудандарымыз, көшелеріміз бар екенін көз көріп отыр. Ендеше Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, кеңес атауларын ауыстыра алмай отырып, 30 жылдықты қай бетімізбен тойлаймыз?! Негізі, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ономастика саясатын екпіндетуге жақсы орай емес пе еді?!

Әсіресе солтүстік өңірдегі біраз жер кеңес заманынан бері қалған атауларды мұра етіп отыр. Тіпті бас қаламыздың іргесіндегі Ақмола облысының атаулары адам шошытады. Нұр-Сұлтан қаласы жақсы үрдісті өздерінен бастап, іргедегі облыс атауларын қазақыландырып бастаса  басқаларға үлгі болмас па еді?! Қостанай жақтағы Сосновый Бор,  Павлодардағы Иртыш,  Роща, астананың іргесінде Вячеславское водохранилище, шығыстағы Глубокое, Серебрянск, Рахмановские ключи секілді жер атауларының атауы алдымен әкімдеріне, сосын тұрғындарына үлкен сын. Шыны керек, әр қырат, сай, төбесіне ат қоятын қазақ сол жерлерге ат қоймады дегенге кім сенеді?

Бүгінде Қостанай облысының Федоров ауданына қарасты он шақты ауылдық округтің екеуі ғана қазақша атауға ие екен. Атап айтсақ: Қоржынкөл мен Қосарал ғана. Қалғаны Баннов, Воронеж, Федоров, Костряков, Ленин, Новошумный, Первомай, Пешков деп жалғасып кете береді. Сондықтан көлеңкеде қалған көне атауларын қайтарсақ әлдеқайда әділетті болар еді.

Осы орайда айта кетер жайт, шын мәнінде жер, аудан, көше атаулары   үлкен саясат. Еліміздің ес жиып, етек-жеңін жинап, жоғын түгендеп алғанын  аңғартады. Соңғы деректерге сүйенсек, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері 2500-ден аса атау өзгертілген. Оның ішінде 1107 білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау ұйымдары, 23 қала мен аудан атауы, 1361 елді мекен және 20 мыңға жуық көше атаулары қайта рәсімделген. Дегенмен әлі де болса  елімізде 300-ден астам көше әлі күнге дейін Ленин есімін иеленіп және Октябрь аталып тұрса, 250-ге жуық Совет көшелері самсап тұрғанын ескерсек, мәселенің маңызды екенін байқаймыз. Дәріптейін десек, өзімізде де тарихи тұлғалар мен атаулар жетерлік. Ендеше тарихымызды жаңғыртып, өткенімізді түгендеп, 30 жылдыққа ұялмай қарайтын кез жеткен секілді...

Тегтер: көше атауы қазақ тілі мемлекеттік тіл онамастика

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 18:50
Тоқаевтың тапсырмасына саботаж жасалды
Сайт әкімшілігі 17:22
Тоқаев ішкі істер министрінің орынбасарын тағайындады
Сайт әкімшілігі 16:26
Полиция «ӨКМ Операторы» топ-менеджерінің жұмбақ өліміне қатысты пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 14:43
Ертең Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысы өтеді
Сайт әкімшілігі 13:08
Оператор РОП-тың басқарушы директоры өзіне қол жұмсады
Әділ АҚЫЛБАЙ 12:29
Мәә!!! Не деген байлық?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48