Толғанай Үмбетәлиева: Элита мұрагер жайлы келісімге келмеді

30.12.2018, 17:18

118

Саясаттанушы, Орталықазиялық демократияны дамыту қорының жетекшісі Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА Денис Теннің өлімінен кейін ішкі істер министрі Қ.Қасымовты отставкаға кетіріп, құқық қорғау органдарын реформалау жөніндегі жұрт талабы қоғамда бұрқ-сарқ қайнап жатқан жүйеге қарсы жаппай наразылықты сыртқа шығарудың бір жолы дейді. Билік мәселені шешпесе, мұндай азаматтық қарсылық бірте-бірте саяси талаптар қойылатын наразылыққа ұласуы мүмкін. Сондай-ақ саясаттанушы Тоқаев «Келесі президенттік сайлауға Назарбаев қатыспауы мүмкін» деген мәлімдемені тегіннен-тегін айтқан жоқ, 2020 жылға дейін элита келісімге келіп, мұрагерге тоқтам жасай алса, Н.Назарбаев расымен сайлауға түспей қалуы ықтимал деп есептейді. Т.Үмбетәлиевамен арадағы әңгімеміз жастар мәселесі, құқық қорғау органдарының жай-күйі, азаматтық қоғам және билік транзиті төңірегінде өрбіді.

 ­­Мәселе жастарда ғана емес, бүкіл қоғамда

– Толғанай, қоғамды дүр сілкіндірген Денис Теннің қайғылы қазасынан кейін көпшілік ішкі істер министрі Қасымовтың отставкасын, құқық қорғау органдарының реформасын талап етті. Сөйте тұра, осы дүрмектің арасында жастарды бұралаң жолға түсуге, қылмыс жасауға итермелейтін себептер айтылмай, тасада қалып қойғандай көрінді. Өзіңіз жетекшілік ететін Қазақстандағы Фридрих Эберт қоры жастар мәселесін зерттеп, еңбек жариялағандықтан, өзіңізбен сұхбаттасуды жөн көрдік. Сіздің ойыңызша, Денис Тенге пышақ салды деген күдіктілер маргиналданған жастар ма, әлде кәдімгі қатардағы жастар ма?Кәдімгі қатардағы жастар деуге болмас. Зерттеуді алып қарайтын болсақ, еліміздегі жастар әртүрлі. Бізде батысшыл, дәстүрлі бағыттағы, кеңестік құндылықтарды дәріптейтін жастар бар. Мұның бәрі отбасында сіңірген құндылықтарға байланысты. Сондықтан жастарды қатардағы немесе қатардағы емес деп бөлуге болмайды.Жастар туралы айтқанда, көбіне-көп олардың білімі таяз, жұмысқа орналасуға мүмкіндігі жоқ екеніне назар аударған жөн. Бұл, әсіресе, ауылды жерлерде тұратын жастарға қатысты. Ауылдан қалаға жақсы өмір іздеп келетін жастардың барлығы дерлік өмірдегі орнын тауып кетпейді. Сөйтіп, білім-білігі, әлеуметтік капиталы жоқ болғандықтан, шарасыздыққа ұрынып, қылмыс жолына түседі. Сондықтан ауыл жастарына көбірек көңіл бөліп, жұмыс орындарын ашып, даму мүмкіндіктерін жасау керек. Сонда ол жастар қалаға ағылмай, өз ортасында қалар еді. Ал ондай ортада бәрі бірін-бірі танитындықтан, бақылау бар. Оның үстіне бұрыс әрекетке бармас бұрын «ел-жұрт не дейді?» деп ұятқа салады. Осылайша, білім-білігі жоқ жастардың қылмыс жолына түсуіне ауылдың өзі тосқауыл болар еді.Алайда ауыл әкімдерінің жастарға қатысты жұмысы сын көтермейді. Әкімдер ауыл, ауданды дамыту бағдарламаларын ұсынбайды, жоғары жақтан түскен ақшаны оңай жолмен игеріп үйренген: не жол жөндейді, немесе ойын-сауық орталықтарын салады. Мәселен, Жамбыл облысында, Таразда жасөспірімдердің ойын-сауық орталықтарынан басқа барар жер, басар тауы жоқ. Білім-білігін арттырып, өмірден өз жолын табуға септесетін даму орталықтары атымен жоқ. Жамбыл облысы фосфор тәрізді қазба байлықтарға бай болса да, дотацияға тәуелді. Кеңестік кезеңде аты дүркіреген фосфор зауытынан түк қалмаған, айлық алып күнелтіп отырған –  тек  мектеп пен бюджеттік мекемелер ғана. Оның өзінде шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Сондықтан ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту бағдарламаларын қолға алған жөн. Әйтпегенде екі қолға бір күрек таппаған жастар қалаға ағыла бермек, онда лайық жұмыс таппаған соң, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүретін қисық жолға түседі.Дегенмен бұл жерде жастар жазықты екен деп, оларға кінә артқым келмейді. Кінәні жастарға ысырғаннан гөрі аймақтағы жүйенің мәселесін көтерген орынды. Ауыл, аудандық әкімдіктегі шенеуніктердің білім деңгейі төмен, олар тек жемқорлық, бюджет қаржысын талан-таражға салуды ғана көксейді. Жеме-жемге келгенде, ауыл, аудан дамуы үшін түк бітіріп отырған жоқ. Сондықтан мәселенің түп төркінін жастардың өзінен емес, жүйеден көремін.­– Жастарға қатысты жүргізген зерттеулеріңізде осының арты жақсылыққа апармайды-ау дейтіндей үрейлі үрдіс байқалмады ма?– Зерттеу жастар үшін білім алу емес, бірінші кезекте диплом алу маңызды екенін көрсетті. Сонымен қатар білім алғаннан кейін жұмысқа орналаса алмаған жастар жеткілікті. Жастар жұмысқа орналасу үшін ата-анасын, өзге де туыс-туғандарын ара ағайындыққа салады. Бұл білім беру жүйесі нәтижесін бермейді деген сөз.Тағы бір үрей ұялататын нәрсе – жастар оңай жолмен олжа тапқысы келеді: бәрі бастық, шенеунік, бизнесмен болуды көздейді. Яғни 28 жастағы азаматтар қол жеткізе бермейтін қызметтерді көксейді. Осылайша мамандықтардың мәні, беделі төмендеп кеткен, жастар қандай да бір мамандықты өз қалауымен таңдамайды, ата-анасы таңдап берген оқуға түседі. Жастардың белгілі бір бөлігі 30-35 жасқа дейін ата-анасымен бірге тұрады. Мұның себебін сұрағанымызда, көп бөлігі оның нақты бір себебі жоқ деп жауап берді. Бұл ата-ананың қамқорлығынан арылып, алға ұмтылмайтын жастар бар екенін көрсетеді. Тіпті жастар дамуға, алға өрлеуге тырыспайды, өйткені бәрі тек тамыр-таныстықпен шешіледі деп есептейді. Демек, жастар өз бетімен білімін жетілдіріп, ізденіс жасағысы жоқ, сөйте тұра көп ақша табатын басшы болсам дейді. Ал өз ісімнің маманы болсам, алға бассам дегенді айтқандар жоққа тең.– Қазіргі қоғамның өзі жастарды осылай ойлауға жетелемей ме?Иә, бәріне жастардың өзін ғана кінәлауға болмас. Жастар – өзін өсірген қоғамның айнасы, сондықтан мәселе қоғамның өзіне келіп тіреледі. Бұл қоғамдағы құндылықтар жүйесі мен отбасының мәселесі. Ата-анасы үйде билік пен президентті сынағанымен, жеме-жемге келгенде, өздері дәл сол билік тәрізді әрекет етеді. Мұндай қарама-қайшылықты көріп өскен бала кейін соны айна-қатесіз қайталайды. Мәселен, биліктегі бүкіл элита жемқорлыққа белшеден батқан деп сөккен әке баласын оқуға түсіру үшін пара берсе, баласы да мәселені шешетін дұрыс шешім осы екен деп, дәл солай әрекет етеді. Сондықтан жастарға сондай құндылықтарды сіңірген қоғам жауапты.Авторитарлы мектеп пен отбасы қайткенде өзгереді?– Әлеуметтендірудің алғашқы институты – отбасы. Мемлекет осы институтқа көңіл бөлмегендіктен, осы жағдайға тап болған жоқпыз ба?Өз басым мемлекетке толықтай тәуелді болуға қарсымын. Бар жауапкершілікті тек мемлекетке жүктеген жерде, өз жауапкершілігімізден бас тартып, мәселені шешудің жолдарын іздемейміз. Совет кезеңін көргендер бәрін мемлекет шешеді деп үйренген. Меніңше, ендігі жерде қоғам, отбасы, жеке тұлға жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Отбасы бала тәрбиесіне жауапты болса, қоғам қандай құндылықтар мен мәдениетті қалыптастырудағы жауапкершілікті мойнына алғаны дұрыс.Мәселені шешу үшін мемлекетке қарайлап, өзімізді тәуелді етсек, мемлекеттің рөлін өзіміз қолдан асқақтатып, маңызды, құдіретті институт етеміз. Осыдан келіп шенеуніктер де кеудесін керіп, өздерін мықты санай бастайды. Тоқетері, қоғам мемлекеттің емес, өзінің ықпалын арттырып, жауапкершілікті өз мойнына алуы қажет.– Соңғы үрдістер қоғам мұны біртіндеп қолға ала бастағанын көрсетеді. Мәселен,  Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтармау мәселесінде жұрт тізе қосып, билікті қоғамдық пікірмен санасуға мәжбүр етті.–  Иә, дәл солай. Шын мәнінде, мемлекетті құдіретті, ықпалды етіп, билікті беретін өзіміз. Сол билікті тартып алып, өзіміз шешім қабылдайық. Баланы тәрбиелеу үшін мемлекеттің, мектептің қажеті жоқ. Мектеп –  білім беретін институт. Ал құндылықтар мен тәлім-тәрбиені отбасы береді. Бала қылмыс жолына түссе, демек, бұған ең алдымен отбасы мен қоғам жауапты.– Жастарды маңызды саяси процестерден шеттету маргинализацияға әкеп соқтырады деген пікірмен келісесіз бе?– Келісемін. Жастарға қолынан ештеңе келмейтін қолбала деп қарауға етіміз үйренген. Сөйтіп, жастарға саясатқа келу әлі ерте дегенге салып, олардың орнына шешім қабылдай бастаймыз. Бірақ жастар – өзіндік көзқарасы қалыптасқан, буыны бекіген толыққанды азаматтар. Бәлкім, олардың көзқарастары аға буынмен тоғыса бермейтін де шығар, бірақ жастар өзіндік ой-пікір ұстануға құқылы. Алайда бізде жастарды басқарып үйренген, олар аға буын немесе мемлекетке жағатын ұйымдарға мүше болуы шарт. Бірақ аға буынның жастарға өз пікірін таңып, олардың үніне құлақ аспауы керісінше, маргинализацияға әкеп соқтырады. Себебі жас буын өздерін бір қалыпқа түсіруге тырысқан аға буынның әрекетіне қарсыласады. Жастар өздері қалаған бағытта дамып, тәжірибе жинауы керек. Оған мүмкіндік берілмеген жерде, отыз жастағы жастан саясаткер болуды талап ету ақылға қонымсыз. Тіпті жастардың қылмыс жолына түсуі, бәлкім, біз қалыптастырған құндылықтар жүйесіне қарсылық көрсетудің бір амалы шығар.Мәселен, 60-жылдардың соңында Франциядағы жастар мектептегі тәртіпке, жүріп-тұру ережесіне, мектептегі жүйеге  қарсы бас көтерді. Француз қоғамыжастардың талаптарна құлақ асып, диалог орнатып, мектептегі ережелер жүйесін реформалады. Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, жастардың сол қарсылығына оң баға беріледі, себебі ол француз қоғамына өзгерістер әкелді. Сондықтан жастар қарсылығына мән берген жөн, себебі қазір көкейге қонымсыз болып көрінсе де, кейін ол оң, жағымды  өзгерістерге бастайды.– Ал қазір жастардың қарсылығы неден көрінеді?– Жастар ата-анасының көмегінсіз, ақша мен тамыр-таныссыз ештеңе бітіре алмайды, өз бетінше әрекет етуге қауқарсыз. Осыдан жастар қарсылығы туындайды. Ал енді әлеуметтік ортаны қараңызшы. Даму институттары бар ма? Соңғы 20 жылда бір жаңа кітапхана ашылды ма? Жоқ! Кішігірім театрлардың барына шүкір. Оның өзінде ол театрлар Алматыда ғана. Ал басқа аймақтар ше?  Аймақтарда жастарды интеллектуалды тұрғыдан дамытатын орта жоқ. Онда жұрт сауық-сайран құратын ойын-сауық орталықтары ғана салынып жатыр. Осыдан кейін адамдар білімі таяз деп жатып келіп ренжудің жөні жоқ.– Шын мәнінде, биліктің өзі үстіртін ойлап, мәселенің байыбына бара бермейтін адамдардың неғұрлым көп болуына мүдделі сияқты. Мұны айтып тұрғаным, Батыста, мәселен, Ұлыбританияда мектеп жасынан бастап оқыған дүниеге сыни көзқараспен қарап, еркін ойлауға тәрбиелейді. Қазақстандағы білім беру жүйесі, өкінішке қарай, ондай емес.­– Өйткені біздегі педагогика авторитарлы. Мұғалімдікі 100 пайыз дұрыс, оқушы соны ақиқат деп қабылдап, бас изеп отырса болғаны. Әсіресе, мектептегі білім жүйесі репрессивті. Қалыптасқан ережеден ауытқып кетсең болды, жазаланасың. Демек, мектеп еркіндік пен білім ордасы емес, ол репрессивті, авторитарлы орта. Ал Батыста білім беру жүйесінде оқушы мен мұғалім арасында әріптестік қарым-қатынас орнаған, ұстаз шәкіртіне ең алдымен жеке тұлға деп қарайды, көзқарасын құрметтейді. Бізде мұғалім мен мектеп басшылығы қарым-қатынасы да авторитаризмді елестетеді: мұғалім қолында тұрған еш нәрсе жоқ, бәрін директор өз бетінше шешеді.Адам құндылықтарын жоғары орынға қоятын еркін, демократиялы қоғам қалыптастырамыз десек, отбасы мен мектепті реттеуден бастау керек. Отбасында да авторитарлы жүйе орнаған, бәрін не әкесі, не шешесі шешеді, баланың пікірін сұрап жатқан ешкім жоқ, ол тап бір құқығы жоқ адамның күйін кешеді. Отбасы реформаланып, авторитарлы отбасынан әріптестік қарым-қатынас орнаған отбасыға айналып, бала пікірі ескерілуі тиіс. Мектеп тәрбие беруді емес, білім беруді басты орынға қойып, әріптестік қарым-қатынастағы педагогикаға көшкенде ғана жастар өзгереді. Сапалы жастар осындай ортадан шығады.– Отбасындағы жүйені реттеуге болар, бірақ білім беру жүйесін өзгерту мемлекет қолында емес пе?– Жоқ, білім беру жүйесі мемлекет саясатынан тыс, тәуелсіз болуы керек.– Бізде олай емес қой.– Олай емес, бірақ соған тырысу керек. Өзінің дербестігін, тәуелсіздігін талап ететін педагогтар қайда? Мемлекет саясатына тәуелді мектеп сол мемлекеттің саясатын жүргізетіні түсінікті. Баланың біліміне титтей әсер етпейтін мемлекеттік бағдарламалар, президент жолдаулары мектепте талқыланатыны сондықтан. Мектеп мемлекеттен тыс болғанда ғана өз саясатын жүргізе алады. Ал ол қандай саясат? Ол – ешқандай идеологиялық қоспасыз білім беру. Өйткені саясат өзгере береді, бүгін консерваторлар билікте отырса, ертең олардың орнын либералдар басуы мүмкін. Сонда мектеп те соған қарай өзгере бере ме?  Батыста ғылым, білім беру жүйесі мемлекеттен бөлінген, дербес институт деген заң бар. Мемлекет тек заң-ережені белгілейді. Бізде де солай болуы тиіс. Мемлекет мектепке жағдай жасап, керек-жарақпен қамтамасыз етумен шектелуі керек. 

Қасымовты қызметте енді көп ұстамайды

– Денис Теннің қайғылы қазасынан кейін әлеуметтік желідегі азаматтық қоғам ішкі істер министрлігінің реформасы мен министр Қ.Қасымовтың отставкасын талап етіп жатыр. Қайғылы қаза өзгерістерді талап етуге түрткі болған себеп қана, шын мәнінде халық наразылығының себептері тереңде жатыр деген тұжырыммен келісесіз бе?– Әртүрлі министрліктер, әкімдіктер, тіпті ауылдық жердегі жергілікті басқару органдарына халық күнде көмек сұрап бара бермейді, жылына бір рет баруы мүмкін. Ал полициямен халық күнде бетпе-бет келеді. Әр адамның полицияға ісі түскен және әркімнің полицияға бүккен қарсылығы бар. Халық бетімен кеткен полициядан шаршады. Полицияның өзімбілермендігі, бассыздығы,  бармақ басты көз қыстыға салуы, қысқасы, жауапқа тартылмайтынын біліп тайраңдауы оны жазалаушы органға айналдырып жіберді. Ең бастысы, адамды қылмыскерден қорғау орнына адамды қорлайтын қылмыскердің нақ өзіне айналды. Қоғамда наразылық біртіндеп жиналып, бір күні шығатын арнасын тауып, бұрқ ете қалады. Яғни қоғамда пісіп-жетілген қарсылықтың сыртқа шығуына белгілі бір себеп түрткі болатыны түсінікті. Бұған дейін ол себеп жер мәселесі болса, қазір ол –  құқық қорғау органдары. Тоқетері, полицияға деген қарсылық бар, бұл бір, екіншіден, елдегі жалпы ахуалға қарсы наразылық өршіп тұр.Меніңше, Қасымовты отставкаға кетіру мәселесі 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін көтерілуі керек еді. Өйткені Қасымов еңбекақысын талап етіп ереуілге шыққан мұнайшыларға қарсы айдың күні аманда полицияның оқ жаудыруына жол берді. Қасымов шын мәнінде өз ісінің маманы болса, осыдан кейін-ақ өз еркімен қызметінен кетер еді. Оның қызметкерлері сырттан жау шаппаған бейбіт күнде өз халқына қарсы оқ атты. Кейін Ақтөбедегі оқиғалар кезінде құқық қорғаушылар 15-16 жастағы балалардың көзін жойды. Қызығы, Қасымовтың өзі «күдіктілердің көздері жойылды» деді, яғни оларға тағылған кінә дәлелденбеді де.– Қасымовты отставкаға жібере ме?Қоғам ары қарай табандап талап етсе, жаңа жылға қарай қызметінен кетірер. Президент әр уақытта да шешімді өз бетінше қабылдайтынын көрсеткісі келеді, сондықтан қазір қоғам қысымымен Қасымовты кетірмеуі мүмкін. Бірақ шу басылған соң, отставкаға кетіреді деп ойлаймын.Жалпы, полицияға тоқталар болсақ, онда кімдерді жұмысқа алғанына қатысты сұрақ көп. Меніңше, құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасатын адам алдымен оқудан өтіп, заңдарды білетінін дәлелдеп, адамды құрметтеп үйренуі тиіс. Ал қазір білім-біліктілікті талап ететін жұмысқа қабылданбай қалғандар құқық қорғау органдарына жұмысқа барады. Себебі полиция боламыз деушілер білім-білігі болмаса да, бастысы, адамды қорлап кемсітетін бетпақ болса болды. Бұл ретте  құқық қорғау органдарының концепциясын өзгерту керек деп есептеймін.  Ол заңдылықты сақтайтын, ең бастысы, адамды қорғайтын институтқа айналуы тиіс.Тіпті элита өз мәселесін шешуге құқық қорғау органдарын пайдаланатын жағдайлар болған. Мәселен,  Ratel.kz сайтына келгенде, құқық қорғаушылар бүкіл заңды бұзып, журналистерді бір күн бойы бөлімшеде ұстады. Сонда бизнесмен Кәкімжановтың мүддесі неге журналистердің мүддесінен басым болуы тиіс? Әрі-беріден кейін онымен құқық қорғау органдары емес, сот айналысуы керек емес пе?! Полицияның бұған қандай қатысы бар?Түптеп келгенде, полицияның әрекет ету аясын тарылту керек. Қазақстан өзінің әскери концепциясында құқық қорғау органдары тек қорғаныс үшін ғана қажет екенін көрсеткен. Біз ешкімге шабуыл жасамайтын, президент айтқандай демократиялы ел болсақ, құқық қорғау орындары қазіргі мән-маңызға ие болмауы керек, полицейлердің саны қазіргідей көп болмауы тиіс. Десек те бізде кеңестік кезеңдегідей құқық қорғау органдарына арқа сүйейтін тоталитарлы жүйе әлі де жалғасып жатыр. Жалпы, құқық қорғау органдарының рөлі мен маңызына қарап, саяси жүйені бағалауға болады. Егер күштік құрылымдар ерекше маңызға ие болып, жазалаушы функциясын атқарса, демократия туралы сөз қозғаудың өзі артық.Тағы бір ескеретін нәрсе, құқық қорғау орындары биліктен тәуелсіз болуы шарт. Өйткені билікке әртүрлі топтар, күштер келуі мүмкін, бірақ құқық қорғау жүйесі тек азаматтардың мүддесін қорғауы тиіс.– Өкінішке қарай, бізде бәрі керісінше. Биліктің өзі құқық қорғау орындарына сүйенеді, тіпті халықтан полицейлер арқылы қорғанады.Иә, дәл солай. Өйткені биліктің өзге арқасүйері жоқ. Экономикалық жүйедегі реформалардың ешқайсысы аяғына дейін жетпей, күл-талқаны шықты. Мемлекеттің халық қолдауына ие болып, елдің сүйкімін жинайтындай бағдарламасы жоқ. Өйткені бүкіл жүйе жемқорлыққа батқан. Мемлекет байлықтың 50 пайызы халық арасында бөлінгенде ғана дамыған болып есептеледі. Ал бізде байлықтың 90 пайызы бір пайыз дәулеттілердің қолында шоғырланған. Демек, қалған 10 пайызы ғана халыққа тиесілі. Ондай кезде, әрине, ммелекеттің халық қолдауына ие бола алмайды. Еуропа мемлекеттерінде халықтың 90 пайызы байлықтың 60 пайызына ие, қалған бөлігі ірі компаниялар арасында бөліске салынған.– Жер митингілері мен құқық қорғау органдарына қарсы наразылық қазандағы буды шығарудың жолы дедіңіз. Қоғам ашу-ызасын әзірге осындай жолдармен шығарып жатыр, бірақ алдағы уақытта бұдан да үлкен жарылыс бұрқ ете қалуы мүмкін бе?–  Әбден мүмкін. Қазір азаматтық қарсылық жүріп жатыр, әзір «мына билікке тойдық, оны төңкерейік» дейтін саяси қарсылық жоқ. Бірақ мемлекет осы мәселелерді шешпесе, бұл ерте ме, кеш пе, саяси наразылыққа ұласады. Бір күні болмаса бір күні осы шешімдерді қабылдайтын кім деген сұрақ қылтияды. Ал шешім қабылдайтын элита. Демек, элита мемлекет қаржысын талан-таражға салуды қоймаса, оны кетіру керек деген мәселе көтерілмек. Халық бір күнде төңкеріс жасай алатын үлкен күш.

Қазақтілді және орыстілді топтардың мүддесі неге тоғыспайды?

– Үлкен күш дегеннен шығады, жақында шекараны заңсыз кесіп өтті делінген Сайрагүл Сауытбайдың соттан босап шығуы қазақтілді азаматтық қоғамның белсенділігін, қазақ тіліндегі қоғамдық пікірдің жеңісін көрсете ме? Себебі оны Қазақстанда қалдыру туралы талапты көбіне-көп әлеуметтік желідегі қазақтілді оқырмандар көтерді.Иә, жер митингілеріне де негізінен қазақтілді топ шықты. Сондықтан қазақ тілінде сөйлейтін топтың наразылық потенциалы байқалады. Өйткені басқа этникалық топтар президентке қарсы шықпайды. Қазақтілді жұрт өзін осы елдің иесіміз деп есептейтіндіктен, талап қояды.– Ал орыстілді топ ше?Орыстілді топ та наразылық білдіреді, бірақ олардың тақырыптары қазақтілділерден өзгеше. Мәселен, қазақтілді топ тіл, ұлт мүддесі, сыртқы саясаттағы Қазақстан мүддесі, Ресеймен, Қытаймен қарым-қатынас тәрізді тақырыптарды көтерсе, орыстілді топ құқық қорғау органдарын реформалауды айтып жүр. Сондықтан екі топты өзара салыстырып, мына топ ана топтан артық деуге болмас. Тіпті әр топтың өз тақырыбы болғаны, керісінше, жақсы. Ол біз әртүрлі екенімізді, қоғамда әртүрлі құндылықтар, әртүрлі мәдениет бар екенін көрсетеді. Өз басым осы әр алуандықты құптаймын.– Ал осы әртүрлі топтарды біріктіретін ортақ құндылық бар ма?Меніңше, еркіндік, адам өмірі, ар-намысы, адамгершілікке сүйенген заңдар, ашықтық тәрізді құндылықтар шығар. Бірақ өз басым бір халық болу үшін ортақ құндылықтар болуы керек деп санамаймын. Мәселен, мемлекетті дамыту идеясы болса, ол да жақсы құндылық. Қазақстанда тұратын әр адам біліміне, тіліне, ұлтына қарамастан еркін өмір сүруі де құндылық. Әртүрлі мүдделер бола тұра, бірін-бірі құрметтейтін қоғамда өмір сүру қызығырақ. Бірдей ойлап, бірдей жүріп-тұрудан гөрі әр алуандық, көпқырлы пікір орнаған қоғамда өмір сүрген қызығырақ.

Келісімге келмеген элита, модератор Отбасы және ережеге көнген «Жаңа Қазақстан»

– Енді билік транзиті тақырыбына көшсек. Өткенде Қасым-Жомарт Тоқаев BBC-дің HardTalk бағдарламасына берген сұхбатында келесі президенттік сайлау Н.Назарбаевсыз өтуі мүмкін екенін айтып қалды. Бұған қандай баға бересіз?Мұны саяси элита ішінде жүріп жатқан ойын деп бағалаймын. Элита осындай мәлімдемелер арқылы ахуалға әсер етуге тырысып жатыр. Тоқаев мәлімдеме жасап еді, артынша оны теріске шығарды, оған Ақпарат министрі үн қосты. Меніңше, бұл элита арасында келісім жоқ, күрес жүріп жатқанының айғағы. Егер бәрі бір ауыздан Тоқаевты қолдаса, онда президент расымен келесі сайлауға бармайды, мұрагер белгіленіп қойылды, элита топтары бір үміткерге тоқтады деп топшылауға болар еді. Бірақ қарама-қайшы пікірлер айтылғанына қарағанда, элита келісімге келген жоқ.Алайда Тоқаев өте сақ адам, ол әлгіндей салмақты мәлімдемені құр бекерге жасамайды.  Оның үстіне ол дербес саяси ойыншы емес, президенттің айтқанымен жүріп-тұратын тұлға. Сондықтан оның мәлімдемесі президентпен келісілген әрі осы жайт бәрін іркіп тұр. Президенттің әккі саяси ойыншы, саяси ойындарда көп-көрім тәжірибесі бар, сол себепті бұл мәлімдеме құр бекер айтылмағаны хақ. 2020 жылға дейін элита келісімге келе алса, президент сайлауға түспеуі мүмкін. Оған дейін әлі уақыт бар, бәлкім, президент осы мәселені шешу үшін әлгіндей мәлімдемені әдейі тастап қоюы мүмкін. Оның үстіне адамның жасы деген табиғи фактор дегенді ешкім сызып тастай алмайды. Демек, бұл мұрагерді анықтап, келісімге келетін шешуші кезең. Әрі қоғамдағы қарсылық көрсеткіші жоғары. Тіпті, Денис Теннің өлімінен кейін Қасымовты кетіру мәселесі тегіннен-тегін көтерілген жоқ, меніңше,  осы оңтайлы сәтті пайдаланып, Қасымовты кетіргісі келетін топ бар.– Элита келесі президент  сайлауына дейін келісімге келіп, бір мұрагерге тоқтайды деген қаншалықты мүмкін нәрсе?Оны болжау қиын. Дегенмен элита билікте қалғысы келсе, келісімге келуден басқа амалы жоқ. Әйтпегенде, басқа саяси күштер пайда болмақ. Мәселен, «Жаңа Қазақстан». Тіпті «Жаңа Қазақстан» президент әкімшілігімен келісіп құрылған дегеннің өзінде, олардың өз электораты бар.Меніңше, элита қазірдің өзінде транзитте кім қандай рөл атқарады, қандай өкілеттіліктерге ие болып, қандай саланы басқарады дегендей ойын ережесін талқылап жатқан сияқты. Өйткені президент кім болса да, ол бәрібір барлық элита топтарының мүддесін ескеруге міндетті. Егер элита салалар мен өкілеттілікті бөліп алып келісімге келсе, болашақ президент осы ережені белгілі бір уақытқа дейін, билігі күшейгенше ұстап тұруы керек.– Өкілеттіліктерді бөлу демекші, ҰҚК төрағасы К.Мәсімовтің өкілеттіліктері кеңейді. Соған қарап К.Мәсімов транзит кезеңінде элита арасын реттеп, келіссөз жүргізетін модератор болады деген болжаммен келісесіз бе?– Мәсімов ҰҚК-ны басқаратындықтан, көп нәрсе оған байланысты екені түсінікті. Алайда Бағлан Майлыбаевтың басындағы жағдай К.Мәсімов соншалықты мықты екенін көрсетпейді. Жоғары лауазымды шенеунік тұтқындалғанда бүкіл елдің алдында ол мемлекетке сатқындық жасапты деген мәлімдеме жасалды. Былай қарағанда, мемлекетке сатқындық ең қатал жазаланатын қылмыс. Десек те артынша Майлыбаев тек бес жылға сотталды, соған қарағанда Мәсімов соншалықты ықпалды, қауқарлы, салмақты тұлға емес. Сондықтан ол тек ҰҚК-ны басқарғандықтан, шексіз ықпалға ие демес едім. Оған салмақты рөл беріледі деп те айтпас едім. Меніңше, ара ағайынық рөліне одан гөрі салмақтырақ, сенімге көбірек ие тұлғалар бар. – Мысалы, кімдер?– Ол Отбасы өкілдері болуы мүмкін. Олар бұл орынға көбірек лайықты деп тұрғаным жоқ, олар анағұрлым ықпалды дегенді меңзеп тұрмын. Бұл ретте Дариға Назарбаева ғана емес, Отбасында осы рөлді ойнай алатын өзге тұлғалар жетерлік.–  Жоғарыда «Жаңа Қазақстан» форумы туралы айтып қалдыңыз. Олар сайлауалды науқаны кезінде емес, өліара тыныштықта жоқ жерден неліктен пайда болды?– Сырт көзге олар жоқ жерден шыға келгендей көрінгенімен, білуімше, олардың арасында партия құру жөніндегі ойлар бұрыннан талқыланып жүр. Тіпті Facebook-тегі партия құру туралы идеялар айтылған. Өйткені Әміржан Қосанов партиясыз қалды, Серікжан Мәмбетәлиннің де өзіндік амбициясы бар. Ал қазір саяси ортада партиясыз ештеңе істей алмайсың, саяси процестерге қатысу үшін партияң болуы шарт. Парламент, мәслихат сайлауына партиясыз қатыса алмайсың. Қазір партия ретінде тіркелу қиын, бұдан бөлек олардың өздері де ұйым жабылып қалмауы үшін, өздері қамауға алынбауы аса сақ түрде әрекет етті. Осылайша билік белгілеген ойын ережесіне көндігуге мәжбүр болды. Десек те билікке ашық қарсы шықпаса да, ойларын айтып, қолдарынан келгенше әрекет етіп жүр. Әйтеуір саяси күш ретінде танылып, келеді. Алайда бір қызығы, форумға әрқилы бағыттағы тұлғалар кірген, ақыр соңында партия құрса, ол қандай бағыттағы партия болады, бағдарламасы қандай болмақ, осы жағы сұрақ тудырады.– Транзит кезеңінде «Жаңа Қазақстан» белгілі бір рөл ойнай ала ма?– Ойнай алады. Себебі оларға құлақ асатын халық бар, әсіресе, олардың пікірі Facebook аудиториясы үшін маңызды. Сондықтан транзит кезеңінде оларды пайдалануы мүмкін, бірақ олар қазір сол ойын ережесіне келіскенімен, Х сағатында өз ойынын ойнауы мүмкін. Бірақ олар үшін сол уақытта не маңызды, өзгебіреудің ойынын ойнап, саяси алаңда қалу ма, әлде өз ойынын іске қосу ма? Саяси ойында жеңіске жету үшін элита ұсынған ойынды емес, өз ойыныңды ойнауың керек.Тоқетері, «Жаңа Қазақстанды» үлкен сынақ күтіп тұр. Олар маңызды саяси кезеңде өзара келісімге келіп, диалог орната ала ма, қалай әрекет етеді, сол жағы қызық.– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Елнұр Бақытқызы

Фото: azattyq.org
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 12:02
«Nur Otan» партиясы Жас депутаттар корпусын құрды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:45
Шпекбаев қызметінен кетіп, сыбайлас жемқорлыққа жаңа басшы келді
Дос КӨШІМ 16.04.2021, 09:40
Табанының бүрі жоқ Қазақстан парламенті
Сайт әкімшілігі 15.04.2021, 15:43
Жемқорлар да тірі жан
Елеусіз МҰРАТ 15.04.2021, 10:35
Қазыларымыз неге жиі қателеседі?
Батыр ЖАСҰЛАН 15.04.2021, 09:27
Ауыл әкімі: Көз алдау сайлау кімге керек?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24